Мемлекет басшысы Дубайда өтетін «EXPO-2020» көрмесіне дайындық барысымен танысты
2020 ж. 29 қаңтар
1861
0
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Дубайдағы «EXPO-2020» халықаралық көрмесінде салынатын Қазақстан павильоны таныстырылды, - деп хабарлайды Ақорда.
Жаһандық іс-шара 2020 жылдың 20 қазаны мен 2021 жылдың 10 сәуірі аралығында «Ақыл-ойды ұштастыру – болашақты қалыптастыру» деген тақырыппен өтеді.
«EXPO-2020» көрмесін дамыту жөніндегі басқарушы директор Ахмед әл-Хатибтің айтуынша, көрмеге 20 миллионнан астам адам келеді деп жоспарлануда.
Қазақстан павильоны Біріккен Араб Әмірліктерінің негізгі павильонына жақын жердегі «Мүмкіндіктер» деп аталатын кластерде орналасады. Ұлттық экспозиция бірнеше бөліктерге бөлінген. Онда өңіріміздің әлемде алатын орны, еліміздің туристік әлеуеті, тарихы, мәдениеті және астанасы туралы ақпарат беріледі. Сонымен қатар көрмеге келушілер Қазақстанның экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктері жөнінде мәлімет ала алады. Интерактивті шоудың соңында павильон қонақтарына жасанды интеллектінің адамзат болашағына әсері туралы айтылады.