Парламентаризм - демократияның басты белгісі
2020 ж. 25 қаңтар
2632
0
Халықаралық қауымдастықтың пайымдауынша демократиясы дамыған, парламенттік бағыттағы мемлекет дегеніміз – көпшілікке ортақ, әрбір адамның мүддесі ескерілетін қоғам болу керек. Демократия ата-бабаларымыздан мұра болып жеткен бар байлықты қолында билігі барлар мүшелеп бөліп ала қоятын біздегі жекешелендіру сияқты меншіктеуге жатпайтын ұғым. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, демократия қоғамның барлық топтарының қатысуымен құрылатын жүйе. Яғни көпшіліктің ортақ таңдауын, бұлжымас мақсатын білдіруге және оны қорғауға тиісті. Бұл қоғамда парламент мемлекетті басқару органы рөлін атқаруға міндетті.
Бүгінгі күні дүниежүзінің 190 елінде парламенттік құрылымдар бар. Оның жетпісінде қос палаталы, қалғандарында бір палаталы парламент жұмыс істейді. Олардың екеуінің де басты ұстанымы – қоғамның түрлі көзқарастағы топтарын біріктіру болып табылады. Қысқасы, әлемдік ортақ тұжырым бойынша демократия – парламентке өз өкілдерін сайлау арқылы қоғамды тікелей халықтың өзінің басқаруы. Бұл демократия деген ұғымның әлем бойынша қалыптасқан бұлжымас қағидасы.
Осы бір күнделікті айтылып жүрген таптауырын тақырыпқа тереңірек үңілуге жақында «Ақ жол» партиясының «Парламенттік оппозиция туралы» ҚР Заңына өзгертулер енгізу жайындағы мәлімдеген жобасы түрткі болды. Алматы қаласында көпшіліктің назарына ұсынылып, жобаны талқылауға белгілі саясаткерлер, ғалымдар, БАҚ өкілдері мен қала тұрғындары қатысып өздерінің оң пікірлерін білдірді. Біздің Парламенттегі саны жағынан аз болғанмен өзін белсенді партия ретінде танытып жүрген ақжолдықтардың алғашқы болып үн қатқанын ерекше атап өтуіміз керек. Айта кетелік, осыған ұқсас жобаны партия бұрындар сонау 2013 жылдары ұсынған болатын. Бірақ ол кезде жоғары жақта бастаманы ешкім қолдай қойған жоқ-ты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламенттегі оппозиция мәртебесін анықтау туралы тапсырмасы осыған оң ықпал енткені айтпаса да түсінікті. Өйткені, бізде президенттік басқару жүйесі қалыптасқан. Президент айтпаса ешқандай партия өздігінен саяси ұйғарымдарын айта алмайды. Біздің Парламенттегі қалған партиялар (егер оларды партия деп есептеуге болса) осы күнге дейін ләм-мим деп ауыз ашқан жоқ. Бұл жерде биліктің «Нұр Отан» партиясының үнсіз отыруын әбден түсінуге болады, өйткені оларға ешқандай өзгерістің қажеті жоқ, онсыз да Парламентте олардың басым көпшілік екені белгілі. Сондықтан оларда «демократия» дегеніңіз жетіп артылады, дауысқа салса кез келген мәселені кем дегенде 80 пайыздық басымдықпен өздерінің қалауынша шеше салады. Сол себепті «парламенттегі оппозиция» деген ұғымның өзі «Нұр Отанның» құлағына түрпідей тиері сөзсіз. Әрине, олардың орнында басқа партия болса да дәп осылай етері күмәнсіз, бәрінің де басты мақсаты билікке ие болу болып табылады.
Қалың оқырмандарымызға түсінікті болу үшін, алдымен өзіміз айтып жүргендей, біздің демократиялық қоғамдағы Парламентке қысқаша тоқтала кетейік. Қазіргі Қазастан Республикасы Парламенті Сенат пен Мәжілістен тұрады. Сенат депутаттарының өкілеттілігі — 6 жыл, Мәжіліс депутаттарының өкілеттілігі — 5 жыл. Сенатқа әр облыстан, республикалық маңызы бар қалалар мен Қазақстан Республикасы астанасынан екі өкілден, барлығы 48 депутат сайланады. Сенатқа 15 депутатты Президенттің тікелей өзі тағайындайды. Мәжіліс — 107 депутаттан тұрады. Оның ішінде 9 депутатты Қазақстан халық Ассамблеясы сайлайды.
Сонымен «Ақ жол» партиясы ұсынған 18 баптан және оның ондаған тармақтарынан тұратын жобада қандай мәселелер көтерілді? Соның ең басты дегендеріне ғана тоқталайық. «Ақ жол» партиясының талабы мынандай –Парламенттік оппозицияны құрайтын саяси партиялар:
- Өз депутаттарын Мәжілісі төрағасы мен тұрақты комитеттері төрағаларының орынбасарының лауазымына кандидатура ұсынуға;
- ҚР әлеуметтік және экономикалық блок министрлерінің орынбасарларының лауазымына тағайындау үшін кандидатуралар ұсынуға;
- ҚР республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасын және мүшелерін ұсынуға;
- Парламенттік тыңдаулар мен парламенттік тергеулерге бастамашылық жасауға және жүргізуге;
- Кез келген мемлекеттік комиссиялардың және орталық мемлекеттік органдардың жанындағы сараптамалық кеңестердің құрамына енуге;
- Мемлекеттік органдардан өз міндеттерін тиісті түрде орындауға қажетті кез келген ақпарат алуға;
- Қызметтік міндеттерін орындаумен байланысқан мәселелер бойынша барлық лауазымды тұлғаларға және барлық нысандарға еркін кіруге;
- Парламенттің біріккен, Мәжілістің пленарлық, тұрақты комитеттердің, жұмыс топтарының отырыстарында, парламенттік тыңдауларда және өзге іс-шараларда депутаттық фракцияның талабы бойынша оның өкіліне кепілді сөз сөйлеуге;
- Республикалық бюджет қаражатынан партиялар қызметін қаржыландыруға;
- Мемлекеттік ақпараттық тапсырыс шеңберінде мемлекеттік және мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарында өз қызметін көрсетуге;
- Республикалық бюджеттен бөлінген парламенттік лимит шеңберінде партияның әлеуметтік бағдарламаларын қаржыландыруға;
- Мемлекеттік органдардың парламенттік оппозиция депутаттары жолдаған депутаттық сауалдарға жауаптар әзірлеу кезінде сауалда баяндалған ұстанымды қорғау үшін олардың жұмысына қатысуға;
- Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес өзге құқықтарын жүзеге асыруға құқылы.