Марат Қоғамов - Қылмыстық процесс қағидаттары бұзылғанда - процесс заңсыз деп саналып, шешiмдердiң күші жойылады
2020 ж. 19 қаңтар
8054
1
ҚР қылмыстық-процесстік кодексінің авторы Ислам Әбішев ісі туралы айтты
Заң ғылымының докторы, профессор, ҚР ЖҒА академигі, Қазақстанның құрметті заңгері, «Құрмет» орденінің иегері Марат Қоғамов, ғылыми қызығушылық саласы: қылмыстық процесс, қылмыстық-процестік құқық, адвокат М.Ескараевтың қорғауындағы тұлғаларға қатысты нақты қылмыстық іс бойынша туындаған ҚПК жекелеген нормаларын түсіндіру бойынша адвокаттық сұрауын қарап, Қазақстан Республикасының 2014 жылғы ҚПК нормаларын талдау негізінде, оның нормаларының дәл мәні мен мақсатын қойылған сұрақтар бойынша түсініктеме берді.
№ 1 даулы мәселе:
2018 жылдың 21 желтоқсанында А.Шаймерденов И.Әбішев пен С.Тукиевті төмендегі жағдайда пара алғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін жүгінді:
- 2014 жылы директоры А.Шаймерденов болып табылатын «СМП-610» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен, жалпы сомасы 7,7 млрд теңге құрайтын Преснов топтық су құбырын қайта құруға бағытталған мердігерлік жұмысқа мемлекеттік сатып алу шартын жасау үшін 1 000 000 АҚШ доллары;
- 2018 жылы меншік иесі Төлегенов, директоры куә Малгаджаров болып табылатын «Қазбайлық Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен, жалпы сомасы 5,7 млрд теңге құрайтын Соколов топтық су құбыры бойынша жұмысқа мердігерлік шарт жасау үшін 250 000 000 теңге (айыптау тарабының версиясы бойынша 250 млн.теңгенің 190 млн.теңгесі А.Шаймерденов үшін арналған).
Сондай-ақ, айыптау вериясы бойынша жасырын тергеу әрекеттері кезінде А.Шаймерденов И.Әбішевтің қонақ үй бөлмесінде тұрғаны үшін 85000 теңге ақысын пара ретінде төлеген.
1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің лауазымды тұлғалары қанша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне (СТБТ) тіркеуі тиіс болды?
Тұлғаның арызының мазмұнына орай, СДТБТ-де үш қылмыстық іс тіркелуге жатады.
Себебі ҚПК 179 бабының 1 бөліміне сәйкес, Қылмыстық құқық бұзушылық туралы арыздың, хабардың Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелуі сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуы болып табылады. ҚПҚ 185 бабының 1 бөліміне сай, қылмыстық қудалау органы дайындалып жатқан, жасалған не жасалып жатқан кез келген қылмыстық құқық бұзушылық туралы арызды, хабарды қабылдауға және тiркеуге мiндетті. Арыз иесіне қылмыстық құқық бұзушылық туралы қабылданған арыздың немесе хабардың тіркелгені туралы құжат беріледі. Яғни, азамат мәлімдеген әр қылмыс белгіленген тәртіп бойынша СДТБТ тіркелуге тиіс. Жалпы, СДТБТ енгізу тәртбі Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының «Қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арызды, хабарды немесе баянатты қабылдау және тіркеу, сондай-ақ Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімін жүргізу қағидалары бекіту туралы» 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 89 бұйрығымен реттелген. Бұл Қағиданың жекелеген ережелерін келтірейік. СДТБТ-нде және АЕК-нда тіркеу кезінде уәкілетті адам тіркеуге негіз болған қағаз құжатқа (арызға, хабарламаға, баянатқа және т.б.) тіркеу мөртаңбасын қояды. Органның тіркеу мөртаңбаларында атауы, тіркеу күні, АЕК немесе СДТБТ тіркеу нөмірі, лауазымды адамның лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты және қолы болады (Қағиданың 19-тармағы). Қылмыстық құқық бұзушылық туралы ақпаратты тіркеу осы Қағиданың 11-қосымшасына сәйкес "СДТБТ-де тіркеу" Е-1 нысанында (бұдан әрі – Е-1 нысаны) толтыру арқылы жүзеге асырылады, оны сақтағаннан кейін қылмыстық өндіріске автоматты түрде тіркеу нөмірі беріледі. Адвокаттық сұрауға қатысты айтарым, Қағиданың 26 тармағында қылмыстық әрекеттер түрлі болғанымен, тіркеуге бір нысан толтырылып, бір құқық бұзушылық ретінде ескеріледі, - дейді. Бұл сұрауда күдікті тұлғаға қатысты дербес қылмыстық құқық бұзушылықтар, яғни ҚПК пен Қағидаға сай бір қылмыстық істе біріктірілуі тиіс дербес қылмыстық істер туралы әңгіме болып отыр. ҚПК 43 бабының 1 бөліміне сай, ... бiрнеше қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға қатысты істер, бiр iс жүргiзуге бiрiктiрілуi мүмкiн. ҚПК-ң бұл талаптарын көзге ілмеу қылмыстық процестің басты қағидаттарын - Сот, прокурор, тергеуші, анықтау органы және анықтаушы қылмыстық істер бойынша іс жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Кодекс, осы Кодекстің 1-бабында көрсетілген өзге де нормативтік құқықтық актілер талаптарын дәлме-дәл сақтауға міндеттейтін заңдылықты өрескел бұзу болып табылады (ҚПК 10-бап). ҚПК 9 бабының 2 бөліміне сай, Қылмыстық процестің қағидаттарын бұзу оның сипаты мен елеулі болуына қарай процестік әрекетті немесе шешімді заңсыз деп тануға, осындай iс жүргiзу барысында шығарылған шешiмдердiң күшін жоюға не осы тұрғыда жиналған материалдарды дәлелдемелік күшi жоқ деп немесе іс бойынша болып өткен іс жүргізуді жарамсыз деп тануға әкеп соғады.
2. Қылмыстық іс материалдарына сүйене отырып, А.Шаймерденов көрсеткен жағдайлардың қайсысы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілгені жайлы қортынды жасауға болады ма?
ҚПК 180 бабының 1 бөлігіне сай, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыруға себеп болған кезде анықтаушы, анықтау органы, тергеу бөлімінің бастығы, тергеуші, прокурор өз құзыреті шегінде және осы Кодексте белгіленген тәртіппен өз қаулысымен қылмыстық істі іс жүргізуге қабылдайды. Басқаша айтқанда, арызданушының күдікті тұлғаға қатысты арызында көрсетілген қай факты бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын, қылмыстық істің материалдарында болуы тиіс және ол туралы тізімде көрсетілген қаулының негізінде ғана айтуға болады. Қылмыстық істі өндіріске қабылданғаны туралы қаулы түріндегі бұндай шешім қылмыстық істе бар, бірақ оның мазмұнында арызданушының күдікті тұлғаға қатысты арызында көрсетілген пара алудың қай эпизоды бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғаны анық көрсетілмеген. Бұған қоса, қаулыда ҚПК 180, 198 баптарының талаптарын көзге ілмей, қабылданып жатқан шешімнің мәні мен негізі ашылмаған. Ол туралы сипаттама-түрткі бөлімінде «өзге мәліметтер құпиялыққа орай жария қылынбайды» деп жазылғаны - бұл актының формасы мен мазмұнына қойылатын қылмыстық-процестік заңның талаптарына сай келмейді.
3. Қылмыстық істің материалдарында И.Әбішев пен С.Түкиевке тағылған айыптар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғаны туралы қандай да бір процестік шешім бар ма?
ҚПК 296 бабының 1 бөлігіне сай, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам осы Кодекстің 295-бабының талаптарын орындай отырып, күдіктіге және оның қорғаушысына айыптаулар тізімін қоспағанда, тігіліп, нөмірленіп, іс парақтарының тізімдемесіне енгізіліп, байланып және тергеу органының мөрімен куәландырылып қойылуға тиіс қылмыстық істің барлық материалдарын ұсынады Талданып жатқан қылмыстық іс, әр томында қылмыстық істің нақты томының материалдарының тізімі бар, 30 томнан тұрады. Алайда, қылмыстық істің барлық томдарының тізімін зерттеу барысында, 2018-2019 жылдардағы пара алушылық эпизодтары бойынша қылмыстық істерді қабылдау жайлы қаулы бұл қылмыстық істің томдарынан табылмады. Бұл аталған эпизодтар бойынша қылмыстық істерді сотқа дейінгі тергеу-тексеру заңсыз басталғанын және бұл істерді бір қылмыстық өндіріске біріктіру қағидасы өрескел бұзылғанын көрсетеді.
4. Егер үшінші сұрағымыздың жауабы - «жоқ» болса, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің нормалары бойынша қылмыстық процесс органы, соның ішінде сот қандай шешім қабылдауы тиіс?
Қылмыстық істе қылмыстық істі өндіріске алу туралы қаулы (сотқа дейінге тергеп-тексеру органының тергеушісін анықтау туралы процестік шешім) жоқ болса (10-бап), бұндай тергеу-тексеруді қылмыстық-процестік заң жарамсыз деп табады, іс бойынша жиналған нақты деректер дәлелдемелер ретiнде пайдалануға жол берiлмейдi деп танылуға тиiс (ҚПК 112-бабы). Нақты деректер, егер олар осы Кодекстiң талаптары бұзыла отырып алынса, алынған нақты деректердiң анықтығына сотқа дейінгі тергеп-тексеру немесе істі сотта қарау кезiнде процеске қатысушыларды заңмен кепiлдiк берiлген құқықтарынан айыру немесе құқықтарына қысым көрсету арқылы немесе қылмыстық процестiң өзге де ережелерiн бұзу арқылы ықпал етсе немесе ықпал етуі мүмкiн болса, оның iшiнде: Бұған қоса, аталған процестік актінің істе жоқтығы деректердің: а) қылмыстық процеске қатысатын адамға өз құқықтары мен міндеттері жөнінде түсiндiрмеу, толық немесе дұрыс түсiндiрмеу салдарынан туындаған оның жаңылысуын пайдалану арқылы; б) осы қылмыстық iс бойынша iс жүргiзудi жүзеге асыруға құқығы жоқ адамның процестік әрекетті жүргiзуiне байланысты; в) қарсылық білдірілуге жататын адамның процестік әрекетке қатысуына байланысты; г) процестік әрекетті жүргiзу тәртiбiн елеулі түрде бұзу арқылы алынғанын білдіруі мүмкін (ҚПК 112 бабының 1 бөлігін қараңыз). ҚПК 112 бабының 1 бөлігінде көрсетілген бұзушылықпен алынған нақты деректер қылмыстық істі тергеу барысында бұзушылықтар орын алғанының, оған жол бергендердің кінәсінің дәлелі ретінде қолданыла алады. Осылайша, ҚПК-ң мазмұны жоғарыда келтірілген 9 бабының 2 бөлігі негізінде, бұндай қылмыстық іс сотқа дейін және сот барысында тоқтатылуға жатады.
№2 даулы мәселе:
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жазған 21.12.2018 жылғы арызында А.Шаймерденов И.Әбішев пен С.Түкиевті қылмыстық құқықбұзушылық жасаған тұлғалар ретінде тікелей көрсетеді. 2018 жылдың 22 желтоқсанында куә ретінде жауапталу барысында А.Шаймерденов И.Әбішев пен С.Түкиевті қылмыстық құқықбұзушылық жасаған тұлғалар ретінде тікелей көрсетеді. 2018 жылдың 24 желтоқсанында тергеуші Д.Бахытов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Жедел Департаментіне Әбішев, Түкиев, Мәкішевке қылмыс жасауға дайындалып жатқан тұлғалар ретінде ЖТӘ-1,2 қажеттілігі туралы тапсырма береді. Тергеуші Д.Бахытов 2018 жылдың 24 желтоқсаны күні ҚР ҚПК 45 бабы 7 бөлімі 1 тармағы негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің мерзімін үзді. 2019 жылдың 10 қаңтары мен 2019 жылдың 20 ақпаны күндері де осындай шешімдер қабылданды. Алайда, осы процестік шешімдер бойынша СТБТ базасының статистикалық карточкалары толтырылмаған. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарманың мәліметтеріне сай, СТБТ базасында сотқа дейінгі тергеп-тексеру 2018 жылдың 24 желтоқсаны күні тоқтап, 2019 жылдың 11 наурызы күні қайта жалғасқан.
5. Тергеуші Бахытов Д. жоғары айтылған жағдайларда 2018 жылдың 24 желтоқсанында, ҚР ҚПК 45 бабы 7 бөлімі 1 тармағы негізінде, яғни қылмысты жасаған адамдардың анықталмауы себепті, 2019 жылдың 19 қаңтарында, 2019 жылдың 20 ақпанында сотқа дейінгі тергеп-тексерудің мерзімін тоқтату туралы процестік шешімдер қабылдауға құқылы ма?
- Сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдерінің үзілу шарттары, негіздері, реті мен тәртібі ҚПК 45 бабының 7-9 бөлімдерімен реттеледі: Қылмыстық істің мән-жайына (тұлғаның арызы, куәнің жауабы, жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу) үңілсек, тергеуші қылмысты жасаған күдікті тұлғалдарды анықтай тұра, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді үзуге құқығы жоқ болды. Әсіресе, ҚПК 45 бабының 1 бөлімі, яғни қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам анықталмағанын негізге алып үзуге құқығы жоқ еді. Бұған қоса, арызданушының өзі қылмыстық іс бойынша пара беру бойынша күдікті тұлға ретінде танылуы тиіс еді (2014 жылдың эпизоды). Сондай-ақ, тергеуші ҚПК 45 бабының 7-бөлімімен қарастырылған негізге сай, сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдерін үзудің барлық оқиғалары бойынша СДТБТ шешім қабылдау нысаны адам нысанын толтырумен, осы адамға қатысты шешім қабылдағаннан кейін толтыруға міндетті еді (жоғарыда аталған Қағиданың 36, 39 тармақтары). Қылмыстық іс бойынша (тергеп-тексерудің мерзімін үзу туралы), сондай-ақ, ЖТӘЖ жүргізу бойынша үш ұқсас шешімді қабылдай отырып тергеушінің, шын мәнінде, арызданушы, соның ішінде ол куә болып отырып та көрсеткендей, не қылмысты жасаған тұлғалармен куә ретінде (бұл заңсыз) не қылмыстық істе белгіленген тәртіппен рәсімделмеген күдікті тұлғалар ретінде жұмыс жасағаны күмән тудырмайды. ҚПК 112 бабының 3 бөлігінде қылмыстық істе бұндай жағдайға жол берілмейтіні туралы айтылған: «Күдіктінің одан куә ретiнде алдын ала жауап алу барысында берген айғақтары дәлелдемелер ретiнде таныла алмайды және оларды оның жұбайына (зайыбына) және жақын туыстарына қарсы қолдануға, сондай-ақ күдіктіні айыптау негiзiне жатқызуға болмайды». Тұтастай алғанда, бұл қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдерінің, оқтын-оқтын және қылмыстық-процестік заңды бұза отырып үзілуі, бұл тергеп-тексерудің процестік формасына – тұрақсыздық, ретсіздік тән екенін және тұлғаларға таңылып отырған қылмыстардың мән-жайын дәлелдеу процесінің әлсіздігін көрсетеді. Тергеп-тексеру сапасында бұндай белгілерді бар екені, ең әуелі, тергеушінің ҚПК 45 бабының 7 бөлімінің 1 тармағын негізге алған сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдерін үзу туралы шешімдері заңсыз екенін көрсетеді.
6. Егер бесінші сұрағымыздың жауабы - «жоқ» болса, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 192 бабымен қарастырылған сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімі қашан аяқталған?
ҚПК 192 бабының 2 бөлігіне сай, сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімі арыз бен хабарды Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркеген кезден бастап қылмыстық іс айыптау актісімен немесе істі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселені қарау үшін сотқа беру туралы қаулымен прокурорға жіберілген күнге дейін не іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы шығарылған күнге дейін есептеледі. Анықтау істері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру бір айдан және алдын ала тергеу істері бойынша екі айдан аспауға тиіс. Біздің мәселеде, қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдерінің заңсыз және оқтын-оқтын үзілуін ескерсек, бұл тергеп-тексеру 2019 жылдың 21 ақпанынан қалмай аяқталуы тиіс еді.
№ 3 даулы мәселе:
А.Шаймерденовтың С.Түкиевке пара беруі 2019 жылдың 10 қаңтары (1,5 млн.тенге) мен 20 ақпанында (8,5 млн.тенге), А.Шаймерденовтың К.Шындаулетовке (50 млн теңгенің 49 миллионы - муляж) пара беруі 2019 жылдың 14 наурызында орын алды. - 2019 жылдың 10 қаңтарында 1,5 млн теңге беруді жеделуәкіл Ж.Исмагулов жүзеге асырып, ақша сомасын қарап-тексеру мен табыстау хаттамасын толтырды. Тергеуші Д.Бахытовтың процестік әрекет жасау туралы тапсырмасы қылмыстық іс материалдарында жоқ; - 2019 жылдың 20 ақпанында 8,5 млн теңге беруді Жедел Департаменттің басшысының орынбасары Жармаков жүзеге асырып, ақша сомасын қарап-тексеру мен табыстау хаттамасын толтырды. Тергеуші Д.Бахытовтың процестік әрекет жасау туралы тапсырмасы қылмыстық іс материалдарында жоқ; - 2019 жылдың 11 наурызында 50 млн теңге беруді де Жармаков жүзеге асырып, ақша сомасын қарап-тексеру мен табыстау хаттамасын толтырды. Жармаков – Жедел тергеу тобының (ЖТТ) мүшесі емес, ЖТТ басшысы А.Агибаевтың процестік әрекет жасау туралы тапсырмасы қылмыстық іс материалдарында жоқ.
7. 2019 жылдың 10 қаңтар, 20 ақпан, 11 наурыз күнгі қарап-тексеру, табыстау хаттамалары – тергеу әрекеттері ме, әлде жасырын тергеу әрекеттері ме?
- Егер тек заңға ғана жүгінсек, ақшаны қарап-тексеру және табыстау, қылмыстық іс бойынша орын алған біртұтас процестік әрекет ретінде, тергеу әрекеті ретінде де, жасырын тергеу әрекеті ретінде де заңда қарастырылмаған, бұны ҚПК да реттемейді және бұны тексеріп, көз жеткізу қиындық туғызбайды. Тергеу әрекеттерінің түр, мазмұн, тәртібін ҚПК 26-29, 31-35 тараулары, ал жасырын тергеу әрекеттерінің түр, мазмұн, тәртібін ҚПК 30-тарауы реттейді. Алайда бұнда да қарастырылып жатқан әрекет реттелмеген. Бұл әрекет Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 15 қыркүйектегі «Жедел-iздестiру қызметi туралы» Заңы үшін де беймәлім (11 бап) ҚПК 219 бабына сай қарап-тесксерудің мақсаты - қылмыстық құқық бұзушылықтың iздерiн және өзге де материалдық объектiлердi табу және анықтау, оқиғаның жағдайын анықтау және iс үшiн маңызы бар мән-жайларды айқындау. Осы мақсатта сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жергілікті жердi, үй-жайларды, нәрселерді, құжаттарды, тiрi адамдарды, мәйiттердi, жануарларды қарап-тексеруді жүргізеді. Осы қарап-тексерудің нысандарының тізімінде ақшаның жоқ екенін атап өтейік. Сірә, бұл ҚПК нормаларында ескерілмеген бір ағаттық болса керек. Тұтастай алғанда пара алуды рәсімдеу тізбегінде ақшаны қарап-тексеру практикада бар, тергеу аясындағы қарап-тексерудің бір түрі ретінде қарастырыла алады, сондай-ақ пара алып жатқан тұлғаны әшкерелеудің алғышарты бола алады.
8. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жедел қызметкерлері Ж.Исмагулов пен Жармаков осы аталған іс бойынша 2019 жылдың 10 қаңтар, 20 ақпан, 11 наурыз күнгі қарап-тексеру, табыстау түріндегі тергеу әрекеттерін тергеушілердің тапсырмасынсыз жүргізуге процестік құқығы бар ма?
Қылмыстық істің фабуласына қарасаң, оның тергеуімен тиісті қылмыстық қудалау органының тергеушілері мен жедел қызметкерлері кірген жедел тергеу тобы айналысқан. Сотқа дейінгі тексеру-тергеудің бұндай «бригадалық» заңмен қарастырылған және реттелген (ҚПК 194-195 баптары). Алайда, тіпті осындай процестік құрамда да, алдын ала тергеу міндетті болған іс бойынша анықтау органы - тергеу, жасырын тергеу әрекеті, іздеу шараларын тек қана тергеушінің не жедел тергеу тобының басшысының тапсырмасымен жүргізе алатыны туралы жалпы процестік қағида бар. (ҚПК 195-196 баптары). Бұл қағида ҚПК 60 бабының 9 бөлігінде егжей-тегжейлірек көрсетілген: Тергеушiнің өзі тергеп-тексеретін iстер бойынша анықтау органдарының тергеп-тексерілiп жатқан iске қатысты жедел есепке алу істерімен және жасырын тергеу әрекеттерінің материалдарымен танысуға, оларды осы Кодексте белгіленген тәртіппен осы іске қосып тігу үшін талап етіп алдыруға, анықтау органдарына орындау үшiн мiндеттi, iздестiру, тергеу және жасырын тергеу әрекеттерiн жүргiзу туралы тапсырмалар мен нұсқаулар беруге және олардан тергеу әрекеттерiн жүргiзуге жәрдемдесудi талап етуге құқығы бар.
Осыған орай, қылмыстық істі өндірісіне алған тергеушінің тиісті тұлғаларға ақшаны қарап-тексеру және табыстауға тапсырмасының жоқтығы, осы әрекеттің өзі мен оның нәтижелерінің қылмыстық іс бойынша дәлелдік күші жоқ деп тануға әкеледі.
№ 4 даулы мәселе:
И.А.Әбішев пен С.Түкиевке «қорқытып алу жолымен» деген квалификациялық белгісі бар айып тағылды. Іс бойынша ешкім жәбірленуші болып танылған жоқ.
9. Тұлғаны «қорқытып алу жолымен» деген квалификациялық белгісі бар пара алғаны туралы қылмыстық жауапкершілікке тартқан кезде, қылмыстық қудалау органы пара берушіні іс бойынша жәбірленуші деп тануға міндетті ме?
- Осы орайда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 27 қарашадағы № 8 «Кейбір сыбайлас жемқорлық қылмыстарды қарау практикасы туралы» нормативтік қаулысындағы «параны қорқытып алу»-ға қатысты түсіндіруді келтіргенді жөн деп таптым: «Қорқытып алу адамның пара берушінің немесе олардың атынан ол өкілдік етіп отырған тұлғалардың заңды мүдделеріне залал келтіруі мүмкін әрекеттерді жасаймын деп қорқытып пара талап етуін не құқықпен қорғалатын мүдделер үшін зиянды салдарын болдырмау мақсатында оны пара беруге мәжбүр болатындай жағдайға қасақана қоюды білдіреді. Егер параны берген адамда осы қатердің төнуінен іс жүзінде сақтануға негіз болса, параны алған адамның аталған қатерді жүзеге асыру мүмкіндігінің болған-болмағанына қарамастан, кінәлі адамның әрекеттері ҚК-нің 366-бабы үшінші бөлігінің 1) тармағы бойынша (қорқытып алу жолымен пара алу) саралануға тиіс. Қылмыс субъектісінің келісімімен немесе нұсқауы бойынша қорқытып алуды пара алушы болып табылмайтын басқа адам жүзеге асырған жағдайда да пара алуды осы жолмен саралаған жөн» (11-тармақ). Бұндай қылмыстық істерде пара беруші қылмыстан жәбір көруші болып санала ма, жоқ па, осыған келейік. Әдетте саналмайды, себебі оның өзі – пара беру деген қылмыстың дербес құрамының субъектісі (ҚПК 367 бабы). Пара нысанасы болып табылатын және заттай дәлелдемелер болып танылған алынған ақша мен басқа да құндылықтар мемлекет кірісіне аударылуға жатады. Қылмыстық процесті жүргізуші органның өтінішхаты бойынша басқа адам берген пара нысанасы тиесілігі бойынша қайтарылуға жатады. Егер пара нысанасы табылмаса, онда сот оның құнын негізсіз сатылып алынған мүлік ретінде мемлекет кірісіне өндіреді не тиесілігіне қарай басқа адамға береді. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарды жасаудың нәтижесінде алынған мүлік және (немесе) заңсыз алынған көрсетілетін қызметтердің құны мемлекет кірісіне алынуға жатады. Тиісті шешімді қылмыстық істі қараған сот қабылдайды және оны үкімнің қарар бөлігінде көрсетеді, - дейді жоғарыдааталған нормативтік қаулының 29-тармағы. Пара берушінің процестік мәртебесі туралы тура жауап, өкінішке орай, ҚР Жоғары Сотының жоғарыда аталған нормативтік қаулысында жоқ. Аталған құқықтык актінің, бұндай істер бойынша пара берушінің қылмыстан жәбір көруші ретінде танылатыны туралы ештеңе көрсетілмеген 27, 29-30 тармақтарына жүгінсе жеткілікті. Бұл құқықтык актінің 27-тармағында ғана былай деп аталып өткен: Қылмыстық процесті жүргізуші орган ҚК-нің 366, 367-баптарының ескертпелеріне сәйкес, егер ҚК-нің 366-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген адамның тарапынан параны қорқытып алу оған қатысты орын алса не осы адам пара беру туралы құқық қорғау немесе арнайы мемлекеттік органға өз еркімен хабарласа, пара берген адамның қылмыстық жауаптылықтан босатылатынын ескергені дұрыс. Сөйте тұра, пара берушіні жәбірленуші ретінде тану – даулы мәселе. Бірінші. Егер тұлға өзінен параны қорқыту алғысы келетіні туралы пара бергенге дейін хабарласа және бұл пара алушыны ұстауға себептессе, онда оны ҚПК 71 бабымен қарастырылған бүкіл құқықтық салдарлармен қоса жәбірленуші деп тану керек. Сірә, ҚР Жоғары Сотының жоғарыда аталған нормативтік қаулысының «Қылмыстық сот ісін жүргізу барысында мәлімделген азаматтық талап қоюлар ҚПК-нің 20-тарауына сәйкес шешілуге жатады. Осы ретте сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыспен келтірілген зиянның мүліктік қана емес, сонымен бірге моральдық зиян да болатынын да ескерген жөн», -деген 30-тармағында осы жайт ескерілсе керек, Екінші. Тұлғаға қатысты параны қорқытып алу орын алып қойған болса не параны қорқытып алғаны туралы параны бергеннен кейін мәлімдесе, ол - бұл қылмыстан жәбір көруші ретінде таныла алмайды.
№ 5 даулы мәселе:
250 000 000 теңге, оның 60 000 000 теңгесі И.А.Әбішевке, ал 190 000 000 теңгесі арызданушы А.Шаймерденовке арналған пара алу айыбы бойынша «Қазбайлық Астана» ЖШС меншік иесі мен басшысы мемлекеттік сатып алу шартын жасау үшін параның талап етілген сомасын бермегені анықталды. А.Шаймерденов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің, ішінара өзінің ақшасын берген.
10. А.Шаймерденов 2018 жылдың қазанының ортасынан 2019 жылдың 14 наурызы бойы қылмыстық істе қандай процесстік мәртебеде болды?
- Бұл тұлғаның процестік мәртебесін тек қылмыстық істің материалдары арқылы ғана анықтауға болады. Бұл жерде оның процестік мәртебесі – арызданушы, куә, пара беруші, пара беру бойынша делдал болып өзгеруі мүмкіндігі сөзсіз. Бұл сұраққа дұрыс жауапты, оның қылмыстық істе пайда болуы мен түрлі тұлғаларға пара беруінің бүкіл жай-жапсарын зерттеген соң ғана, беруге болады. Бұл сұрақтың шешімін табу – қылмыстың істі қарап жатқан соттың құзыреті мен өкілетінде. ҚПК 53 бабының 6 бөліміне сай, заңда көзделген жағдайларда, судьяның қаралып жатқан істер бойынша, жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін және жасырын тергеу іс-қимылдарын ұйымдастыру, нақты жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шаралары және жасырын тергеу іс-қимылдары, ақпарат көздері мен оларды алу тәсілдері туралы жария етуге жатпайтын мәліметтерді қоспағанда, анықтау органдарының қаралып жатқан іске қатысты жедел есепке алу істерін, қарсы барлау қызметінің және жасырын тергеу іс-қимылдарының материалдарын талап етіп алдыруға және олармен танысуға құқығы бар. Бұған қоса, сот қылмыстық істі қарау барысында прокурорға нақты қылмыстық іс бойынша жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шараларын жүргізудің заңдылығын, сондай-ақ жасырын тергеу әрекеттерін жүргізудің заңдылығын тексеруді тапсыра алады (Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 30 маусымдағы «Прокуратура туралы» Заңы).
11. Оны бұл эпизод бойынша пара беруші деп тануға болады ма, не оны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерлері ЖТӘ-10 жүргізу аясында пара берушінің қылмыскерлік рөлін ойнаған тұлға ретінде пайдалануы мүмкін бе?
Бірінші. Қылмыстық істің жай-жапсарларына қарағанда, кезінде арызданушы пара беруші болған, бұл оның әртүрлі жылдары күдікті тұлғаларға пара беру фактілері жайлы қылмыстық қудалаушы органға берген арызынан белгілі, және бұл жайтқа белгілі бір уақытқа дейін тергеу-тексеру жүргізілмеген және сотта талқыланбаған. Әрі қарай, бұл қылмыстық іс бойынша оқиғаның дамуына қарай, оны пара беру бойынша делдал қатарына да жатқызуға болады.. Екінші. Арызданушының (2018 жылы) 2019 жылы өзінің ат салысуымен жүзеге асырылған жедел есептегі істің фигуранты болуы екіталай. Себебі ол, тап осы өзінің арызы бойынша, заңсыз басталған қылмыстық істе - күдікті тұлға емес, куә болды. Үшінші. Параны беру бойынша күдікті - арызданушының қатысуымен өздері зәру нәтиежеге деген бұндай «ұмтылысы» - күдікті тұлғалардың одан қорқытып пара алу мотивациясына негізді күмән туғызады.
12. Егер пара берушімен пара талап етілген тұлға, пара берушінің талабын орындамаса, ал пара алушы мен пара берушінің арасындағы делдал қылмыстық қудалау органына арыз жазып, құқыққорғау қызметінің нұсқауымен бұл органның және ішінара өзінің ақшасын пара ретінде берсе, бұл әрекеттер құқыққорғау қызметінің лауазымды тұлғаларының пара алуға айдап салу әрекеттері болып табылмайды ма?
Коммерциялық құрылымның меншік иесі мен басшысы мемлекеттік сатып алу шартын жасау үшін параға қатысудан бас тартса, талап етілген ақша сомасын күдікті тұлғаларға беру үшін арызданушыға бермеген болса, осыдан соң енді қылмыстық қудалау органына және ішінара арызданушыға тиесілі бұл ақшаны беруі - параға айдап салу болып бағалана алатыны еш күмән туғызбайды. Жоғарыда келтірілген 2015 жылғы нормативтік қаулысында Жоғары Соттың бұған қатысы ұстанымы анық білдірілген: «Қылмыстық қудалау органдарының ҚК-нің 366-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген адамды қылмыстық қудалау органдарының араласуынсыз пара алу ниеті туындамайтынын және қылмыстың жасалмағанын айғақтайтын мән-жайлар болған кезде пара нысанасын алуға көндірудің нәтижесінде келісім алынған кезде оған пара беруден тұратын арандатушылық-айдап салушылық әрекеттері өзіне қатысты осы әрекет жүзеге асырылған адам жасаған әрекеттің қылмыстылығын жояды. (24-тармақ). ҚК-нің 417-бабының екінші бөлігі бойынша парақорлыққа арандату үшін жауаптылық ҚК-нің 366-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген адамға пара нысанасын беруге әрекеттенген адамның ол адамның параны алуға келісімінің жоқ екенін көрінеу біле тұра өзінің әрекетінің қылмыс жасаудың немесе бопсалаудың дәлелдемелерін жасанды түрде қалыптастыру мақсатында жүзеге асырған жағдайда ғана туындайды. Парақорлыққа арандату ҚК-нің 366-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген адамның білмегеніне не оның пара нысанасын қабылдаудан бас тартқанына қарамастан, мүлік беру әрекетінен не мүліктік сипаттағы қызметтер көрсетілген сәттен бастап аяқталған қылмыс деп есептеледі» (25-тармақ).
Қысқаша қортындылар:
Сот пен процестің тараптарымен бірлесе отырып, заңның және тұлғаның мүддесі үшін, тұтастай алғанда, қорғаудың күш-әлеуетін бұл қылмыстық іс бойынша дәлелдеу процесінің келесі шешуші бағыттарына жұмылдыруға кеңес беремін.
Бірінші. Қылмыстық іс бойынша арызданушымен жұмыс, соның ішінде ол қатысқан бүкіл қылмыстық істердегі - куә болсын, жәбірленуші болсын, пара беруші болсын, белгілі бір тұлғаларға пара беруде делдал болсын, процестік мәртебесін дәл анықтау. Және, әрине, оның парақорларды қылмыс үстінде ұстауға деген мотиві мен қатысын анықтау. Бұл оның осы қылмыстық іске шын қатысын анықтауда өзекті болып табылады.
Екінші. Пара беруде сыбайлас болудан бас тартқан және пара алушыларға делдал (арызданушы) арқылы талап етілген ақша сомасын бермеген жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің лауазымды тұлғаларымен жұмыс істің жай-жапсарын ерекше жете зерттеуді талап етеді. ЖШС лауазымды тұлғалары неге бұлай істеді, мердігерлікке ие болу үшін пара беру қажет болды ма; бұл жағдайда делдал, қылмыстық қудалау органы өзін қалай ұстады, оқиғаның әрі қарай қалай дамыды?
Үшінші. Жоғарыда айтылғанды дамыту мақсатында, делдалдың (арызданушының) күмәнді жағдайларда күдікті тұлғаларға пара (ақша) беруді жалғастыруына не түрткі болғанын анықтау қажет.
Төртінші. Сотталушылармен де көп жұмыс жүргізіп, мыналарды анықтау қажет: - олардың ЖШС лауазымды тұлғаларымен, пара алғанға дейінгі, байланысының мән-жайы, , - бұлардың нақты қайсысы пара алу қажеттілігіне бастамашы болды, - парақорлық процесінің дамуында арызданушының рөлі, - сотталушылардың арызданушымен қарым-қатынасының тереңдігі.
Бесінші. Қылмыстық қудалау органының бүкіл процестік, тергеу және жасырын тергеу әрекеттерінің заңдылығы мен негізділігін; олардың не үшін және қалай жүргізілгені мен рәсімделгенін, олардың өндірісі кезінде процестік форма сақталғанын зертеу де үлкен маңызға ие.
Марат Коғамов,
Заң ғылымының докторы, профессор, ҚР ЖҒА академигі