Атышулы оқиғалар: 2019-жыл несімен есте қалды?
2019 ж. 29 желтоқсан
2969
1
Міне, енді үш күннен кейін 2019 жыл да аяқталады. Биылғы жыл Қазақстан үшін табысты да, жемісті жыл ғана емес, сонымен қатар, түрлі апаттар мен оқиғалар орын алған ауыр жыл болды.
"Қазақ үні" ақпарат агенттігі 2019 жылды қорытындылап, жылдың ең атышулы оқиғаларын тізбектеп шығуды жөн көрді.
1. Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін тоқтатты
30 жыл ел басқарған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз өкілеттігін тоқтатуы туралы шешімі жылдың ең басты оқиғасы десе де болады. Президент қызметінен кеткенімен Назарбаев қазіргі уақытта Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы лауазымын атқарып отыр.
2. Президент сайлауы
2019 жылдың 9 маусымында Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Осыған дейін Н. Назарбаевтың өз өкілеттігін тоқтатуына байланысты уақыта Мемлекет басшысының функциясы атқарған сол кездегі Сенат төрағасы Қасым-Жомат Тоқаев сайлауда жеңіске жетті. Сонымен қатар, бұл сайлауда алғаш рет әйел адам президенттікке кандидат ретінде тіркелген. Ол - "Ақ жол" партиясының мүшесі, ҚР Мәжіліс депутаты Дания Еспаева.
3. Астана қаласының атауы Нұр-Сұлтан болып өзгерді
Халық Наурыз мерекесін тойлап жатқан кезде тағы бір ел күтпеген жаңалық болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Астана қаласының атауы Нұр-Сұлтан деп өзгертілді. Наурыздың 20 күні Парламент палаталарының бірлескен отырысында бұл ұсынысты айтқан Мемлекет басшысының ұсынысы да көп ұзамай іске асырылып, елорда атауы өзгеріп шыға келді.
4. Арыс апаты
24 маусым күні таңертең Қазақстанның Түркістан облысына қарасты Арыс қаласында ірі апат болды. Қаладағы №44856 әскери бөлімшенің оқ-дәрі сақтайтын қоймасында өрт шығып, артынан қоймадағы қару-жарақ түгел жарыла бастаған. Түркістан облысының Білім басқармасы хабарлағандай, Арыс қаласы мен ауылдарда 40 мектеп (18399 бала), 50 мектепке дейінгі ұйымдар жұмыс атқарған (5071 бала). Қауіпті аймақта 13 мектеп (11377 бала), 6 мемлекеттік және 23 жекеменшік балабақша (3278 бала) орналасқан. Балалардың барлығы қауіпсіз жерге көшірілді. Шымкент және Түркістан қалалары, Сарыағаш, Қазығұрт, Ордабасы, Шардара, Отырар аудандарында уақытша қоныстар ашылды. Барлығы 48 эвакуация орталығына жалпы саны 3860 адам, оның ішінде 0-18 жастағы 914 бала жеткізілген. Арыс қаласы бүгінгі таңда толық қалпына келтірілген. Барлық зардап шеккендерге материалдық шығын берілді.
5. Тірідей өртеніп кеткен 5 сәби
Ақпан айында елді дүрліктірген тағы бір оқиға елордада жеке тұрғын үйде өрт шығып, бір отбасының 5 бірдей баласы тірідей өртеніп кетті. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қоғам тарапынан аналар мәселесі жиі көтереліе бастады. Көпбалалы аналар көшеге шығып, митингтер ұйымдастырды. Осының салдарынан Бақытжан Сағынтаев басқарған Үкімет отставкаға кеткен болатын.
6. "Жынымды келтірмеңдерші!.."
Ұлттық экономика вице-министрі қызметін атқарған Серік Жұманғариннің тілшіге берген жауабы қоғамда қызу пікірталастар тудырды. Шағын және орта бизнес көрмесі кезінде журналистің коммуналдық тариф туралы сұрақ қойғаны шамына тисе керек, "Жынымды келтірмеңдері!" деп жауап берген Жұманғарин елдің сынына қалды.
7. Кредиттік амнистия
2019 жылдың 26 маусымында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халық әлжуаз топтары үшін кредиттік амнистия жасау керектігін айтты. Бұл үшін бюджеттен 110 млрд теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде 300 мың теңгеге дейін банк алдында берешегі барлардың кредиттері өтелді.
8. "Көкжайлау" мәсілесі
Алматыдағы экологтар мен қоғам белсенділерінің наразылығын тудырған "Көкжайлау" жобасына қатысты мәселеде Мемлекет басшысы соңғы нүктені қойды. Президент Көкжайлау бөктерінде тау-шаңғы курортын салуға тыйым салды.
9. Ұлттық кеңестің құрылуы
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Оған танымал қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, заңгерлер, саясаткерлер мен белсенділер енді. Ұлттық кеңестің осыған дейін екі отырысы өтті. Бірінші отырыста Мемлекеттік тіл, жер, көші-қон, саяси реформа секілді күрделі мәселелер көтерілсе, Кеңестің екінші отырысында Президент сол мәселелерге қатысты шешімдерін жария етті.
10. Иманғали Тасмағамбетов зейнеткерлікке шықты
Қазақстандағы ең танымал саясаткер Иманғали Тасмағамбетов Президенттің өкімімен зейнет жасына толуына байланысты ҚР Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі қызметінен босатылды. Мемлекет басшысының жарлығы Ақорда сайтында жарияланды.
11. Ұшақ апаты
Желтоқсанның 27-күні таңертең Алматыдан Нұр-Сұлтанға бет алған "Бэк эйр" ұшағы апатқа ұшырады. Апаттар 15 адам қаза тапты. Мемлекет басшысының үкімімен 28 желтоқсан жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.