АЛЫПТЫҢ АНАСЫ - ХАЛЫҚТЫҢ АНАСЫ
2019 ж. 21 желтоқсан
5725
3
“Алып – анадан” деп халық бекер айтпаған. Қалың қазақ үшін “күндіз отырмай, түнде ұйықтамай”, Алаш үшін ат үстінде жүрген, Тұранға тұлға боларлық Иманғали ағамыздай ардақты қайраткерді туған асыл анамыз - ардақты Ділда апамыз дүниеден озыпты деген суық хабарды естідік. Жай-жапсарын Талғат Теменов ағамызға хабарласып білдік.
Иманғалидай саңлақ саясаткер, ұлттық қайраткерді аға тұтқанымызбен, алып туған апамызды көруге жазбапты. Бірақ қолынан дәм татпасақ та, ұлағатынан нәр таттық! Ол кісі өз өмірінен алып жазған "Айналайындарым менің" кітабының шуағына бөленіп, рухани қуатын сезінгенбіз. 2015 жылы болар, қазақтың талантты ақыны Әлібек Шегебайдың тәлім мен тәрбиеге, өсиет пен өнегеге толы осы ұлағат кітабын оқып риза болғанынан жазған «Аналық» атты өлеңін "Қазақ үні" газеті/сайтына жариялағанбыз. Әлібек әдемі жазыпты, бар анаға арналғандай бағалы жыр екен! Сонда Ділда анамыздың ешнәрсені қалыс қалдырмайтын қарапайымдылығы мен аналық даналығына қайран қалғанбыз. Ол кісіге талай ақ тілек айтылып жатқан шығар, бірақ біздің сол бір жариялаған жырымызға арнайы Аналық алғысын жазып жібергеніне қатты риза болғанбыз.
Неге екені белгісіз, Имекеңнің анасы қайтыс болып, аңырып қалған Ерді, ағылып жатқан Елді көріп, "Құнанбай" көркем фильміндегі өз заманының дара тұлғасы Құнанбайға анасының дүниеден өткенін өз бәсекелесі Барақ сұлтанның жеткізген жері есіме түсе берді... Кино режиссері, Имекеңнің досы, өнер тарланы Досхан ағамызға да, киносценарий авторы, талассыз талант Таласбек Әсемқұл ағамызға да риза болатынымыз осы сәт... Иә, Имекең ел бірлігін көрсететін ерекше ұлт қайраткерлерінің бірегейі! Ешқандай мансап, лауазымда болмаса да, нартұлғалардың нарқы жоғары бола береді!
Осы таяуда ғана мен Имекеңнің пайғамбар жасына толуына байланысты жазған мақаламда "Парасаткер" деген сөзді қолдандым. Имекеңнің өз тұлғасына арналып ағылған сөз басқа, бұл тұңғыш қолданылған сөздің өзі әлеуметтік желіде біраз әңгіме арқауына айналды... Кейбір күмән келтіріп жатқандар менің бүкіл елдің аузында жүрген "Орысқұл" деген сөздің авторы, алғаш қолданушысы екенімді қайдан білсін....
Құнанбай дегеннен шығады, Абайдың 150 жылдығындағы Иманғалидың қағазға қарамай, тереңнен толғап, қияға самғап сөйлеген толғауы тоқсан сөзіне толқыған ел қатты риза болғаны бар еді. Әрине, риза болады, анау Алаштың көсемдерін айтпағанда, арысы Сұлтанбек Қожанұлыдан, Темірбек Жүргеновтен, Ілияс Омаровтан, кешегі Өзбекәлі Жәнібектерден кейін елдің бейілі ауып өзін көретін, мейірі қанып сөзін тыңдайтын ұлт қайраткері Имекең болғасын... Сонда ел: "Имаштың Абайды білетін жөні бар. Оның анасының аты – Ділдә» дегенін Аман Сейтхан бауырымыздың жазғаны да бар еді. Ділда деген ардақты есім естілсе , өзіміздің ұлы анамыз, алғашқы кітабымды арнаған Ділда (Ділдайым) әжеміз де еске түседі...
АЛЫПТЫҢ АНАСЫ - ХАЛЫҚТЫҢ АНАСЫ деп босқа айтып жатқанымыз жоқ. Ол үшін бір сәт әлеуметтік желіге назар аударсаңыз, Имекеңнің анасының қазасына арналып айтылған көңіл айтулар толқынына қарап-ақ көз жеткізесіз...
Ділда анамыз бақытты, өйткені Алланың қалауымен ұлағатты өмірінде тоқсанға таяу жасап, ұлының ел басқарып, үкімет тізгіндегенін көріп кетті. Өзінің дара перзентіне деген аналық махаббатынан бөлек, Ел-Анасының да ұлына ерекше ықыласын сезіп кетті! Енді сол Ел аман болсын! Иманғали аға, берік болыңыз! Алла анамызды алдынан жарылқасын! Алды пейіш, арты кеніш еткей. Ұрпақтарына ұзақ ғұмыр бергей. Иманы саламат болсын!
"Қазақ үні" ұжымы атынан,
Қазыбек ИСА