Елдікке тірек болған егемендік
2019 ж. 14 желтоқсан
2735
0
«Аттың жалында, атанның қомында» дүниеге келіп, тірлік кешкен қазақ сынды уақыт пен кеңістікті бағындыра білген халық жер жүзінде кемде-кем шығар. Көшпенділердің тарыдай шашылған ұрпағы көк теңіз асып, құрылықтарды көктей өтіп, жазиралы өңірлер мен өлкелерді уысында ұстады, ұлттар мен ұлыстарды танып-білді. Кеңестік империяның «темір торына» түскен қазақ осындай еркіндігінен ұзақ уақыт қол үзіп қалды. Шет жұрттарға тек билікке «сенімді» өкілдер ғана жіберілді. Ал, білімге ұмтылған жастардың оқу іздеп, өзге мемлекеттерге баруына, ел көріп, жер көруіне тосқауыл қойылды, тіпті шетел тілдеріндегі оқулықтарды, газет-журналдарды пайдалануға тиым салынды, осылайша шынайы ақпаратқа жасанды жолдармен кедергі келтірген кеңестік билік сол арқылы халқымыздың өскелең ұрпағын мәңгүрттендіру саясатын ұстанды.
Міне, алыстан орағытып, өзгелерді өшіруді көздеген осынау зымиян пиғыл, сұм саясат еркіндікті аңсаған халқымыздың ғасырлар бойы қан төгіп қорғаған, көксеген тәуелсіздігін тізгіндеп келді. Кеңестік құрсау қирап, ондаған ұлттарды уысында ұстаған одақ ыдырап, оның құрамындағы республикалар өз егемендігіне қол жеткізді. Соның бірі – біздің Қазақ елі болатын. Енді ішкі және сыртқы саяси, экономикалық, құқықтық еркіндік алған еліміз өз алдына, өз таңдауымен жаңа қоғам құруға мүмкіндік алды. Ол да оңайға соқпады, бұрынғы одақ бойынша шет шығармас үшін бір-біріне байлап тастаған қарым-қатынастар үзіліп, түрлі экономикалық қиындықтар алдымыздан шықты. Соған қарамастан, сыртқы саясатты басты назарға алып, Біріккен Ұлттар Ұйымы 1992 жылы Қазақстанды тәуелсіз ел ретінде таныды. Сөйтіп Қазақстан шет елдермен саяси-дипломатиялық, экономикалық байланыстар орната бастады. Бүгінгі өмір сан-салалы, соның бәрінің тізгінін тең ұстап қатар дамыту керек болды. Әрбір салада атқарылған істерді толықтай тізіп шықпай-ақ, бұл байланыстар сонымен қатар білім мен ғылым саласындағы қарым-қатынастарды да алдымен қамтығанын айтқымыз келеді.
Дербес мемлекет ретінде оң солымызды енді ғана танып жатқан 1993 жылдың соңына таман Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалды. Алдында айтқанымыздай, бұл бұрынғы одақтас республикалар арасындағы шаруашылық, мәдени, ғылыми тағы да басқа байланыстар шорт кесіліп, жуан жіңішкерген, ал жіңішке үзілуге шақ тұрған қилы кезең болғаны белгілі. Басқаны былай қойғанда, төл валютамыз да енгізілмеген-тін. Естеріңізге «Болашақ» халықаралық стипендиясы туралы Елбасы Жарлығы 1993 жылдың 5 қарашасында жарияланғанын, ал теңге туралы Жарлық сол жылдың 15 қарашасында ғана жарық көргенін сала кеткіміз келіп отыр. Сөйтіп егеменді еліміздің тарихында 1994 жылы бір топ қазақстандық студент тұңғыш рет шетелдік жоғары оқу орындарына жіберілді. Әділін айтуымыз керек, талантты да талапты жастарға қамқорлық жасаған, мұндай бағдарламаны сол кезде бұрынғы он бес одақтас республика ішінен тек Қазақстан ғана бірінші болып қабылдады. Ал, сол республикалардың кейбірінің жағдайы сол кезеңде Қазақстаннан әлдеқайда ілгері болатын. Біз мұны мемлекетіміздің жастарға деген қамқорлығы, елдің болашағына деген көрегендік саясаты деп түсінгеніміз дұрыс. Өйткені елдің ертеңі, мемлекетіміздің болашақ тағдыры сол бүгінгі жастардың қолында болары анық. Сондықтан қуатты мемлекет боламын деген ел алдымен жастарына сапалы білім, саналы тәрбие беруге міндетті. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Біздің еліміз осы қағиданы тәуелсіздіктің алғашқы күнінен-ақ берік ұстанып келеді.
Міне, содан бері ширек ғасырдан аса уақыт өтті. Ел көріп, жер таныған қазақтың сол кездегі білім қуған өрімдей жастары бүгінде мемлекетіміздің жан-жақты дамуына үлестерін қосып, түрлі салалар бойынша өз ісінің білікті мамандары болып отыр. Соған қарап, бағдарламаға жұмсалған мемлекет пен халық қаржысы босқа кетпеді деуге болады, қайтарымын көріп жатырмыз. Жастарымыз АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Ресей, Австралия, Австрия, Венгрия, Дания, Жаңа Зеландия, Жапония, Израиль, Испания, Италия, Канада, Қытай, Малайзия, Нидерланд, Норвегия, Оңтүстік Корея, Польша, Сингапур, Финляндия, Франция, Чехия, Швейцария сияқты озық мәздениетті, өркениетті елдерде білім алды. Бұл орайда «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін басым бағыттар ретінде елді индустриалдық-инновациялық дамыту стратегиясы, білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, денсаулық сақтау саласын реформалау, ғарыш қызметіне қатысты жоспарлау, ауылдық аумақтарды қайта жандандыру, мәдениет саласын өркендету, тұрғын үй құрылысын шұғыл жолға қою, «электронды үкіметті» қалыптастыру, көлік қатынастары сынды стратегиялық құжаттарда көрсетілген экономиканың белгілі бір салаларындағы білікті мамандарға қажеттілік ескерілді. 2008 жылдан бастап ғылыми және педагогикалық қызметкерлерге ғылыми тағылымдамадан өтуге мүмкіндік берілді, сондай-ақ ауыл жастары, мемлекеттік қызметкерлер, ғылыми және педагогикалық қызметкерлер үшін академиялық бағдарламаларда оқу үшін квоталар енгізілді. 2012 жылдан бастап меншіктің кез келген нысанындағы ұйымдардың ғылыми, педагогикалық, медициналық және инженерлік-техникалық қызметкерлеріне кәсіптік тағылымдамадан 1 айдан 12 айға дейін өту мүмкіндігі берілді.
Осы жолдардың авторы да ғылыми-педагогикалық қызметкерлерге арналған тағылымдама бағдарламасы бойынша 2012-2013 оқу жылында Польша Републикасының іргелі жоғары оқу орындарының бірі – Адам Мицеквич атындағы Познань университетінде тәлім алған еді. Енді осы білім ордасы жөнінде аз-кем мәлімет бере кетейін. Бұл университет солтүстік-батыс Польшадағы ежелгі де ең ірі мемлекеттік оқу орны болып табылады. Оның тарихы бұдан 500 жыл бұрын епископ Ян Любранский негізін салған Любран академиясының мирасымен ұштасып жатыр. Ал, қазіргі заманғы үлгіге сәйкес университет 1919 жылы қайта құрылған. Университеттің 15 факультетінде бүгінде 47 мыңнан астам студент білім алуда. Поляк жастарының 85 пайызынан астамы бір немесе екі шет тілін, соның ішінде ағылшын тілін жетік біледі. Шетел тілдерін оқыту Адам Мицкевич университетінде жақсы жолға қойылған. Оқу орнында ағылшын тілін жастармен қатар егде тартқан кісілер де ықыласпен оқып-үйренуде. Оқу орнындағы түркітану зерттеулерінің негізін белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Хенрик Янковский қалаған. Университет өзінің жүз жылдық мерейтойын биыл 2019 жылы атап өтті. Қалтасы жұқа студент Еуропа мемлекеттерінің көпшілігіне ұшақпен 2 сағат ішінде жететін, Берлин мен Варшаваның дәл ортасында орналасқан білім қуған талапкер үшін өте жайлы Познань қаласы Еуропадағы ең беделді ғылым мен білім ордасының бір болып отыр.
Менің өз басым тағылымдамадан өткен университеттің маңдайалды факультеттерінің бірі саяси ғылымдар және журналистика факультеті болып есептеледі. Мұнда аты айтып тұрғандай журналистика, саясаттану, халықаралық қатынастар мамандықтары бойынша білікті мамандар даярлайды. Бакалавриат, магистратура, докторантура сияқты бөлімдерде төрт мыңдай студент білім алуда, 90-нан астам оқытушы, соның ішінде 31 доктор мен профессор жұмыс істейді. Сондай-ақ, өзге факультеттерден, Познаньның өзге жоғары оқу орындарынан ғалымдар мен кәсіптік орта өкілдері сабақ беруге шақырылады. Практиктер арасында белгілі журналистер, жарнама агентіктерінің мамандары мен баспасөз хатшылары жетерлік. Факультет қазіргі үлгімен салынған жаңа да кең ғимаратта орналасқан. Мұнда соңғы техникамен жарақтандырылған студенттік телерадиостудия жұмыс істейді, бұл жерде студенттер өздерінің аудио және тележазбаларын монтаждайды. Студия тілек білдірушілерге сабақтан кейін камера мен диктофон бере алады. Оқу ғимаратында бай кітапхана бар, мұндағы кітап қоры 28000 дана. Кітаптарды есепке алу электрондық тәсілмен жүргізіледі. Студенттер залдағы тұрақты компьютерлерді, сондай-ақ өз ноутбуктерін пайдалана алады. Мұнда өзге шет ел тілдерінде, соның ішінде қазақ тілінде де кітаптар мен газет-журналдар бар. Факультет 28 шет елдік оқу орындарымен байланыс орнатқан. Айта кету керек, бүгінгі күні біздің елімізде де осы деңгейлес жоғары оқу орындары қалыптасып, жұмыс істеп жатыр. Солардың бірі – биыл халықаралық рейтингте жоғары орынға ие болған Әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университеті.
Білім мен ғылым саласында халықаралық тәжірибе алмасу әдісі өте тиімді және пайдасы мол. Өйткені, өзгелердің ұтымды тәжірибесін үйрену ешқашан артықшылық етпейді. Польшаға тұғырлы тұлға, мезгілсіз қазасы қабырғамызды қайыстырып кеткен ардақты азамат Жұмабек Кенжалин және елімізге танымал Сапарбай Парманқұлов, АнарТөлеухан, Кәкен Қамзин сынды белгілі қаламгерлеріміз келіп, елдің қалаларымен және кәсіпорындарымен, университеттің жетістіктерімен танысып қайтты. Сондай-ақ Познань университетінің проректоры, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Тадеуш Валлас мырза бастаған бір топ журналист-ғалымдар Алматыға қарымта сапармен келіп, салиқалы ғылыми бас қосуларға қатысып, тәжірибе алмасты. Делегация қаламыздың бірқатар жоғары оқу орындарында болып, оқытушы-профессорлар құрамымен және студенттермен жүздесті. Сөйтіп, екі ел ғалымдары мен қаламгерлері арасындағы баянды байланыстарға негіз қаланып, күні бүгінге дейін жалғасып келеді.
Бүгінде стипендиаттарды неғұрлым сапалы даярлауды қамтамасыз ету үшін шетелдік жоғары оқу орындарына қойылатын талаптар күшейтілді. Бұл орайда білім ошағы ретінде ұсынылатын жоғары оқу орындарының саны Times Higher Education, QS World University Ranking Academic Ranking of World сынды әлемдік рейтингілерінде көрініс тапқан жоғарғы деңгейдегі қуатты ғылыми базасы мен зерттеу университеттері бар таңдап алынды. Осы арқылы бағдарламаның мәні мен маңызын, қайтарымын арттыру көзделіп отыр.
Бүгінгі күні білім саласына аз қаржы бөлініп жатқан жоқ. Егемендіктің арқасында бұрынғыдай орталыққа, Мәскеуге жалтақтамай жастарға білім беруге баса назар аударылып келеді. Білікті мамандарды даярлау арқылы еліміздің экономикасын еселеуге, мемлекетіміздің күш-қуатын арттыруға болатынына көз жеткізіп отырмыз. Өткен жылды біз «Жастар жылы» деп атап, оларға барынша қолдау көрсеттік. Олардың алдында тұрған білім алу, жұмыспен қамтылу, баспаналы болу сияқты бірқатар мәселелері толықтай болмаса да шешімін тапты. Ол алдағы уақытта да тұрақты түрде мемлекет назарында болуға тиісті. Бұл туралы жақында өткен жастармен кездесу барысында ҚР Президенті Қасым-Жомар Тоқаев атап көрсеткен болатын.
Жеті өлкені шолып, жеті жұрттың тілін білген, егемендіктің қадірін жете түсінген қазақтың бүгінгі талантты ұрпағының басты мақсаты елдік туын асқақтата отырып, болашаққа буындарға табыс ету. Бұл мерейлі міндет абыроймен орындалады деп сенеміз.
Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ,
Әл-Фараби атындағы
қазақ Ұлттық университетінің профессоры
qazaquni.kz