Шардарада той өтті ұлан асыр
2019 ж. 30 қараша
3645
0
Бір кездері «Шалқадан жатқан Шардараның» (М.Мақатаев) бүгіндері тебіреніп, тербеліп, шабыттанып жатқан жайы бар. Ресми түрде «Шардара» атауын иеленіп, жеке аудан болғанына жарты ғасырдан асқан шежірелі өлкенің масаттанатындай, мақтанатындай орны бар. Өйткені, ауданның құрылғанына 55 жыл толса, аудан орталығының Абай селосынан Шардара қаласына, шағалалы шаһарға көшірілгеніне 50 жыл толып отыр.
Қазақ халқы: «Елу жылда – ел жаңа» деп бекер айтпаса керек. Осыдан 50-60 жыл бұрын осы өңірде Бүкілодақтық екпінді құрылыс деп танылған Шардара су қоймасын салу қолға алынды. Аталған су қоймасының салынуы өз алдына бір тарих. Су қоймасының іргетасы 1958 жылдары қаланып, 1964-1965 жылдары агрегаттар іске қосылды. Нәтижесінде сыйымдылығы 5,7 млрд. текше метр болатын жасанды теңіз айдыны пайда болды. Аудан тұрғындары ғана емес, көрші Өзбекстанның бірнеше аудандарына электр энергиясы берілді.
Ендігі жерде осыншама мол суды ауыл шаруашылығы саласына тиімді пайдалану мәселесі күн тәртібіне шықты. Осы орайда Қызылқұм тыңын игеру науқаны басталды. Аудан көлемінде 1965 жылы ең алғаш күріш өндіруге негізделген «Восход» кеңшары (қазіргі Қоссейіт ауылдық округі) бой көтерді. Іле-шала «Октябрьдің 50 жылдығы», «Комсомол», «Қазақстан», «Целинный», «Қызылқұм», «Ақ алтын», «Қаз. ССР 60 жылдығы», «Достық», «Жиделі», «Жаушықұм» кеңшарлары құрылып, бірі күріш өндірумен, енді бірі мақта егісімен, жеміс-жидек өндірумен шұғылданды. Аудан орталығында кеңшар құрылыстарына қажетті бұйымдар шығаратын «Құрылыс материалдары комбинаты», «Жөндеу механикалық зауыты», бүкіл аудандағы автотехникаларды топтастырған «Автотранспорт паркі», бірнеше мың адамды қамтитын ондаған жылжымалы механикалық колонналар аудан экономикасын көтеру үшін аянбай еңбек етті. Келер ұрпақтың болашағы үшін әрбір кеңшарда мектеп, балабақша, мәдениет үйлері, кітапхана, спорттық алаңдар бой көтеріп, бұл салада да ауқымды жұмыстар атқарылды. Осындай еселі еңбектің нәтижесінде жерлестеріміз «Кеңестер Одағының Батыры», «Социалистік Еңбек Ері», «Халық қаһарманы», «Даңқ» орденінің толық кавалері, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің мүшесі, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты болып, біздің ғана емес күллі елдің мақтанышына айналды. Уақытпен санаспай тер төккен күрішшілердің өндірген өнімдері «Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне» қойылып, Кеңестер Одағына үлгі болды. Күрішшілер мен шопандар ерен еңбектің нәтижесінде «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Октябрь Революциясы», тағы басқа да орден-медальдарды кеуделеріне тақты.
Аға буын ардагерлердің салып кеткен сара жолын бүгінгі ұрпақ лайықты жалғастырып келеді. Қазіргі таңда Шардара қаласы мен 10 ауылдық округте 23 ұлттан құралған 80 мыңға жуық халық тату-тәтті тіршілік етуде.
Шардара туралы сөз қозғағанда аймақтың рухани-мәдени өміріне ерекше тоқталуға болады. Бұл ретте шағалалы өңірдің атын облыс пен республика көлеміне танытып жүрген мәдениет және спорт саласының майталмандары аз емес. «Қара бауыр қасқалдақ» әнімен айдай әлемге танылған марқұм сазгер Лесбек Аманов, кезінде мұхиттың арғы жағындағы Куба еліне гастрольдік сапармен барып, Шардараның атын асқақтатып қайтқан күміс көмей, жезтаңдай әнші Бейсенбек Бибосыновтай өнерпаз ұлдарын аудан халқы мәңгі ұмытпайды. 2006 жылы өткен Шәмші әндерінің Халықаралық байқауының гран-при иегері Айнұр Керімбекова, Американың Голливуд қаласында өткен байқауда бес бірдей алтын медальді жеңіп алған бұлбұл дауысты Мөлдір Бақытжанқызы, республикалық бірнеше ән байқауының жүлдегері Асқар Жайлаубаев секілді ән әлемінің жарық жұлдыздарын шардаралықтар орынды мақтаныш тұтады.
Шардарадан шығып, шартарапқа танылған таланттар да аз емес. Еcімі елге белгілі ақын, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, С.Есенин атындағы «Алтын күз» орденінің Қазақстандағы тұңғыш иегері, «Қазақ үні» газетінің президенті, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса, өмірден ерте кеткен дарынды ақын, мәдениеттанушы, ғалым Әмірхан Балқыбек, танымал ақын, Гамбург университетінің құрметті профессоры Бауыржан Қарабеков, Қазақстан Жазушылар Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, бірнеше әдеби сыйлықтың иегері, талантты ақын Әлібек Шегебай, елде жүргенімен жырсүйер қауымға етене танылып қалған ақын Қасқыр Серікбаев, Нұрғали Ыбырайым, Сәбит Лаханов, Ұлмекен Лесбек, жыршы-термешілер – Тәшман Шекеров, Әбдіғаппар Айдаров, Аманғали Ниязов, Сәкен Бегманов, Қанат Дауылбаев, әнші-сазгерлер – Әкім Мұсақұлов, Нұрлан Адамбеков, Тұрлан Әшімов, Құрманғазы Ибрагимов, Ахмет Молдағұлов, Ізбасар Кеңесов, сонымен бірге Мұрат Қоңырбаев, Асқар Мәуленов, Болдығыз Мырзағұлова, Фарида Батырқұлова, Эльмира Шонаева, Бақберген Омаров есімді өнер иелерін жерлестері ерекше құрмет тұтады.
Бүгінде шағалалы Шардараны әлем таниды десек артық айтқандық болмас. Қалай танымасын, қазіргі таңда Шардараның байлығы деп саналатын балығын Еуропа мен әлемнің бірқатар елдері кеңінен тұтынып жүр.
Ал спорты ше? Даңқты палуан Арман Қарсыбаев негізін қалаған армрестлинг спортының сарбаздары әлемдік аренада жоғары орынды иеленіп келе жатқанын мақтанышпен айтуға болады. Шардаралық қол күресшілердің арасынан бүгінгі таңға дейін 34 әлем чемпионы шыққан болса, кеше ғана Румыния мемлекетінде өткен әлем чемпионатынан тағы да 14 алтын медальды иеленіп келді. Сонымен аудандағы әлем чемпиондарының саны 48-ге жетіп отыр! Басқа да спорт түрлерін қосқанда 56 шардаралық спортшы әлем чемпионы атағына ие.
Алғашқы кездерде негізі күріш өндірумен шұғылданған шаруалар 1990 жылдардан бастап мақта дақылын өсірумен түпкілікті айналыса бастады. «Ақ ұлпа» өндірушілер бұл жұмыста да жеміссіз емес. Ауданымыз бірнеше рет мақта өндіруден облыс чемпионы атанды.
Осылайша шаруасы шалқыған Шардара ауданының 55 жылдығын лайықты атап өту үшін аудан әкімі Қайрат Жолдыбай арнайы іс-шара бекітіпті. Іс-шара жоспарына сәйкес 55 жылдықтың құрметіне орай ауданда 55 игілікті іс-шара жоспары жасалып, ол шаралар толығымен жүзеге асты. Негізгі мереке 23 қараша күні аталып өтті.
20 қараша күні «Шардара жайлы әндер мен сазгер Лесбек Амановтың әндерін орындаудан» облыстық байқау өткізілді. Байқау барысында шежірелі өлке жайлы жаңа әндердің дүниеге келгеніне куә болыстық. 22 қарашада осы шараға орай облыстық ғылыми конференция ұйымдастырылды. Конференцияда ғалымдар өңірдің тарихы, жер-су атаулары жайлы кеңінен мағлұматтар айтты. Шараны Қазақстан Жазушылар Одағы Түркістан облыстық филиалының директоры, ақын, жерлесіміз Ә.Шегебай жүргізді. 23 қарашаға белгіленген Шардараның 55 жылдық мерейтойы жоғары дәрежеде өтті.
Тойға келген қонақтар ең алдымен «Абай алаңындағы» «Шежіре» ауылында болып, аудан тарихымен танысты. 1940-1970 жылдары шығарылған ретрокөліктер көрмесін қызыға тамашалаушылардың қатары қалың болды. Тарихи жәдігер бұйымдар көрмесі де өткен күндерді есімізге салып тұрды. Шардаралық шаруалар ұйымдастырған «Алтын күз» жәрмеңкесінде олар өз өнімдерін тұтынушыларға арзан бағада ұсынып жатты. Ал ұлттық киім киген 55 келіннің мерекеге келген ел ағаларына иіліп сәлем салып, ізет көрсетуі өте әсерлі болды. Келіндердің келі түйіп, ұршық иірген өнері әсіресе жас ұрпаққа үлгі-өнеге болды деп айта аламыз.
Мәдениет сарайында тойға жиналған қауымды аудан әкімі Қайрат Жолдыбай, бір кездері ауданды басқарған Қауысбек Тұрысбековтің ұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Зауытбек Тұрысбеков, облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев, ақын, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі, «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иесі, «Қазақ үні» газетінің басшысы Қазыбек Иса өңір тұрғындары мен қонақтарды мерейлі мерекелерімен құттықтап, тарту-таралғыларын ұсынды. Шардара өңірінде туризмді дамыту барысы жайлы «Анталияда су бар, құм жоқ. Дубайда құм бар, су жоқ. Шардарада соның екеуі де бар» деген Қ.Исаның сөзіне алып-қосарымыз жоқ. Ізгі құттықтаулар соңында ауданның өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан еңбек ардагерлеріне, құрметті қонақтарға, тағы бірнеше азаматтарға сый-сияпат жасалып, «Шардараға 55 жыл» мерекелік медальдары табыс етілді.
Аудан мерейтойы жоғары дәрежеде өтіп, бұл күні үлкен концерт ұйымдастырылды. Концерттік бағдарламада еліміздің өнер жұлдыздары – Досымжан Таңатаров, Сенбек Жұмағалиев, Жалғас Кеңесов, Мәдина Сәдуақасовалармен қатар жерлестеріміз – облыстық опера және балет театрының әншісі Қайрат Құлыншақов, республикалық ән байқауларының лауреаты Асқар Жайлаубаев, әнші-сазгер Ахмет Молдағұлов, Бақберген Омаров және аудандық балалар саз мектебінің ұлт аспаптар оркестрі ән шырқап, тыңдармандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Мұнан соң мерейлі шара «Жастар» мейрамханасында жалғасын тапты. Мерекелік дастарқан басында аудан әкімі Қ.Жолдыбай биылғы жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласында үздік нәтижелерге қол жеткізген ауыл әкімдіктеріне, жеке кәсіпкерлерге Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар тарту етті. Сонымен бірге отандасқандарына 55 жыл толған ата-апаларымызға сыйлық бергені тартымды көрінді. Аудандық мәслихат хатшысы Б.Мүтәлиев те құттықтау сөз сөйлеп, бір топ азаматтарға жоғарыда аталған мерекелік медальдарды табыстады. Ақын Қ.Иса осы шара барысында өнер майталманы, әнші Сенбек Жұмағалиев пен жерлес ақынымыз Қасқыр Серікбаевқа «Қазақ хандығының 550 жылдығы» медалін табыс етті. Осы күні түс ауа аудандық Мәдениет сарайында ҚР Мәдениет қайраткері, сазгер, жерлесіміз Жалғас Кеңесовтің «Туған жерге тағзым» атты жеке шығармашылық концерті өткізілсе, №16 колледжде «Сән әлеміне саяхат» тақырыбымен ұлттық киім және ұлттық қолөнер бұйымдарының байқауы ұйымдастырылды. Кешке қарай «Алты алаш» алаңында «Шардара – шаттық мекенім» атты өнер жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылып, соңы отшашуларға ұласты.
Сәбит Лаханов
Түркістан облысы
Шардара ауданы
Қазыбек ИСА, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, Халықаралық
Сергей Есенин атындағы сыйлық – «Алтын Күз» орденінің иегері:
ШАҒЫЛДЫ ДА, ШАҒАЛАЛЫ ШАРДАРА
Ассалаумағалейкум, ағайын! Бүгін мынау шалқыған Шардараның төсінде дүбірлеген той болып отыр. Шардара ауданының 55 жылдығы, аудан орталығының осы Шардара қаласына ауысқанының 50 жылдығымен сіздерді құттықтаймын. Бұл жерге мен екі миссиямен келіп отырмын. Біріншісі – ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевтің Шардараның 55 жылдық мерейтойына арнайы құттықтау хатын алып келіп отырмын.
Екіншісі – Шардараның төл перзенті ретінде өзімнің жүрекжарды жырымды оқып, ақ тілегімді айтып, өздеріңізді құттықтау.
Бүгінгі мерейтойда ретро автомобильдер көрмесі мен қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлерінің барлығының көрініс тауып отырғаны көңілімізге зор қуаныш сыйлағаны рас. Тойымыз тойға ұласа берсін!
Мен енді хатты оқып қана кете салатын әкім емеспін, ақынмын. Оны жақсы білесіздер. Сондықтан, туған жердің төрінде кеңінен көсілгім келіп отыр. Өздеріңіз білетіндей, ҚР Президенті Қ-Ж.Тоқаевтың қатысуымен өткен Ұлттық Кеңес отырысында жасаған баяндамамда Конституциядағы 7-баптың 2-тармағын, яғни орыс тілінінің ресми тіл мәртебесін алып тастау туралы мәселе көтердім. Сонымен қатар, осы жиын барысында Ұлытаудағы Жошы хан кесенесі туралы да бірқатар маңызды ұсыныстарды ортаға салдым. Өйткені, мемлекет басшысы Қ-Ж.Тоқаевтың: «Шыңғыс ханның ұлы Жошы ханның Қазақстандағы Ұлытау өңірінде жатқандығын ешкім білмейді. Соны әлемге танытып, туризм орталығына айналдыру керек» деген сөзін атап өттім. Жошы ханды әлемге таныту керек болса, 2023 жылы Жошы ханның біздің Ұлытауда хан болып таққа отырғанына 800 жыл толады. Сол 800 жылдықты мемлекеттік деңгейде тойлау туралы ұсыныс тастадым.Ондай тарихи жерлер біздің Шардарамызда аз ба,? Ұзынатамыз бар, Сүткентіміз, Жаушықұмымыз, Қоссейітіміз, Әжемсеңгіріміз бар. Сонымен қатар, Шардара, Ақтөбе қалалары бар теңіздің астында қалған. Былтыр мен бір келгенімде жазып кеткен едім, мынау Шардараның табиғаты Анталиядан кем емес деп. Себебі, елдің бәрі қазір Дубайға барады. Дубайда құм болғанмен, теңіз жоқ. Теңіздің бәрі жасанды. Анталияға барады. Анталияда ғажап теңіз болғанмен, құм жоқ. Ал бізде шағылды Шардара теңізі, Қызыр аралған Қызылдың құмы бар. Осындай тамаша табиғатты Жаратқан Иеміздің өзі үйлестірген. Мұндай тамаша табиғат әлемнің ешбір мемлекетінде жоқ. Сіздер осындай жердің тумасы болғандарыңыз үшін де мақтаныңыздар. Шардараны болашақ туризмнің ордасы ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуы керек. Мұны мен Шардара ауданының тізгінін ұстаған Қайрат Жолдыбайұлы бауырыма, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев мырзаға осы мәселе назарларыңызда болсын деп арнайы айтып отырмын. Өйткені, қазір туризм – табыстың кілті. Көптеген елдерді біз білеміз тек ғана туризммен өмір сүріп отырған. Сондықтан, Шардараның осындай үлкен ресурсын пайдалануымыз керек деп ойлаймын.
Кеше осында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шардараның өмірін 5 жылға ұзартқан Есенбай Бейсенбиев ағамызға зор рахмет. Шардараның өмірі туралы өте әсерлі әңгіме айтқан Қыстау Ілесов ағамызға да алғысымыз зор. Сонда Қыстау ағамыз менің «Шардара» атты өлеңімді жатқа оқығанына риза болдым. Шардараның шаттық пен шапағатты күндерінде шабытымыз шалқи берсін!
Ұлтым деген ұлдар Ұлы көшке ерсін,
Шардара бұл – өлкеміз ғой өскен шын.
Елу бес жыл дегеніміз – екі бес,
Бәріміздің өміріміз бес болсын!
Құрметпен, Азат ПЕРУАШЕВ, «Ақ жол» партиясы төрағасы,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
ҚҰМСТАННАН ГҮЛСТАНҒА АЙНАЛҒАН ӨЛКЕ
Түркістан облысы, Шардара ауданы әкімі Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ мырзаға Қадірлі Қайрат Жолдыбайұлы «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы мен парламенттегі фракциясы атынан сіздерді биылғы Түркістан облысы Шардара ауданының құрылғанына 55 жыл, аудан орталығының Абай ауылынан Шардара қаласына көшірілгеніне 50 жыл толуымен құттықтаймыз! Түгел түркіге қасиетті Түркістан өңірінде, Қызыр аралаған Қызылқұмда, сұлу Сырдың жағасында, Шардараның сайын даласында орналасқан тарихи ауданның 55 жылдығы еліміз үшін де ерекше маңызды мерейтой екені анық. Талай тарлан ақындардың айшықты жырларына арқау болған Шардараның аты елімізге жақсы белгілі. Кезінде өркениет бесігі атанған Сыр бойындағы гүлденген қалалардың бірі болған Шардара сан ғасырдан соң қайта түледі. Шардарадан шығып, шартарапқа танылған шайырлар жырлағандай, Құмстаннан Гүлстанға айналды. Кезінде 1958 жылы Шардара су қоймасының салынуы Бүкілодақтық екпінді құрылыс атанып, бүкіл Кеңес одағынан түрлі ұлт өкілдері келіп, еңбек еткенін жақсы білеміз. Шағыл құм мен шағалалы теңіздің әдемі үйлескен ажары Анталиядан кем емес Шардараның туризмдік болашағы жарқын екеніне сенеміз. Ал Шардараның балығы мен қарбызы ел өнімдерінің ішінде брендтік мәнге ие екенін айта кетуге тиіспіз. Шардара ауданында «Ақ жол» партиясының филиалы мен қалың тілеулестеріміз бар екенін жақсы білеміз. Олар ауданның қоғамдық-саяси өміріне өз үлестерін қосып жүр. Қадірлі Қайрат Жолдыбайұлы! Шардаралықтардың өмірі Шардарадай шалқыған табысты және бақ-береке мен шат-мерекелі бола берсін дейміз. Алдарыңыздан әрдайым Ақ жол ашылсын деп тілейміз!
Дайрабай МАМАШҰЛЫ, «Маңғыстау-Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі:
МЫҚТЫЛАРДЫҢ МЕКЕНІ
Ғасырдан астам тариxы бар өлкенің бүгінде аты шартарапқа мәлім. Балығы брендіне айналса, спортшылары, соның ішінде армстрелинг Шардараның «паспорты» іспетті. Шетелдіктер Шардара туралы біліп қана қоймай, ол кіл мықтылардың мекені екенін мойындап та үлгерді. Міне, біз де осындай жерде туып-өскенімізді мақтан тұтамыз. Ал, енді той туралы ой толғар болсам, Шардара ауданының 55 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде өтті. Әсіресе, ризығын еңбектен іздеген, жер емген диxандардың ала жаздай еткен еңбегін екшер уақытта, яғни «Алтын күз» мерекесімен қатар тойланған мерейтой көпшілікке шат-шадыман көңіл-күй сыйлады. Жерлестеріміздің биік еңсесіне қарап бір марқайып қалдық. Қазіргі таңда Шардара ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайының қарқынды дамып келе жатқанына куә болдық. Кешегі той соның бір көрінісі десек те болады.
Нұркен АСАНОВ, Швейцариялық «Евразия Групп» АҚ-ның тең құрылтайшысы:
ЖАСАЙ БЕР, ШАҒАЛАЛЫ ШАРДАРАМ!
Қызылдың құмымен ерекшеленетін кіндік қаным тамған жер, шағалалы Шардарамыздың 55 жылдық мерейтойының куәсі болып қайттық. Шардараға еңбегі сіңген, туған елім десе бір бүйрегі бұрып тұратын алдыңғы буын ел ағаларымен әңгіме дүкен құрып, түрлі естеліктерін тыңдап, есте қаларлық әсерлі де, мағыналы уақыт өткіздік. Жас та болса бас болып жүрген аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы зор құрметпен қарсы алып, келген әрбір қонақтың көңілінен шығып, қарашаңырақтың ыстық ықыласын көрсетті. Өз басым туған жердің ауасын жұтып, халықтың хал-жағдайымен танысып, емен жарқын әңгіме дүкен құрып, бойыма күш-жігер жинап қайтқандаймын. Шардараның атаулы мерекесіне арнайы шақырылған соң, көзді жұмып, ойланбастан тартып кеттім. Әйтпесе, күйбең тіршілік бітпейді ғой...
Қазақ деген қонағын құшақ жая қарсы алатын ақ көңіл, кең пейілді халықтың ұрпағы емеспіз бе? Шат-шадыман көңіл-күйдегі жерлестерімнің қуана қарсы алғаны көңілге шаттық нұрын ұялатып, туған елге, туған жерге деген ыстық сезімімізді одан сайын асқақтата түскендей.
«Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйенерге жарар ол» демекші, перзентім деп ақ пейілін танытып, төсімізге «Шардараға 55 жыл» медалін тағып, иығымызға зерлі шапан жауып, зор құрмет көрсетіп жатқан ағайынға айтар алғысым шексіз.
Ұлы Абай атамыз айтпақшы, «Өзің үшін өмір сүрсең, оттаған хайуанның бірі боласың, Адамзат үшін өмір сүрсең, Аллахтың сүйген құлы боласың» демекші ел үшін еңбек ету әрбіріміздің азаматтық борышымыз деп білемін. Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Ауыл – ел бесігі», «Туған жерге тағзым» атты бастамаларын қолдап, туған жеріңнің түлеуіне үлес қосу да абыройлы міндет.
qazaquni.kz
- Ахмет Молдағұлов
- Нұрғали Ыбырайым
- «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса
- Ізбасар Кеңесов
- Асқар Мәуленов
- Шардара ауданы 55 жыл
- Болдығыз Мырзағұлова
- Қасқыр Серікбаев
- Әмірхан Балқыбек
- Ұлмекен Лесбек
- Фарида Батырқұлова
- жыршы-термешілер – Тәшман Шекеров
- сәбит лаханов
- Аат Перуашев
- Аманғали Ниязов
- Қанат Дауылбаев
- Дайрабай Мамашұлы
- Сәкен Бегманов
- Нұркен Асанов
- Әбдіғаппар Айдаров
- Бауыржан Қарабек
- Бақберген Омаров
- Нұрлан Адамбеков
- Тұрлан Әшімов
- Эльмира Шонаева
- Құрманғазы Ибрагимов