Барымта бар, қарымта қайда?
2019 ж. 25 қараша
4314
0
Қылмыс атаулыны әлемдегі кез келген елден кездестіруге болады, соның ішінде дамыған мемлекеттерде де. Мәселе соның көлемі мен оған қарсы күрестің пәрменділігінде болса керек. Өзгелерді қайтеміз, қылмыс саны жағынан біз ешкімнен қалыс қалып қойған жоқпыз, оны мойындауымыз керек. Қоғамдағы заң бұзушылықтың саны өссе немесе азаймаса онымен жүргізілген күрестің де нәтижесіз болғаны. Ашығын айтсақ, қылмыспен пәрменді күрес көрсеткіші жағынан бізге мақтануға әлі ертерек сияқты...
Айталық, 2017 жылы Қазақстанда 316,4 мың қылмыс жасалыпты. Егер кейбір мәліметтерге жүгінсек, 2011 жылдан бастап елдегі қылмыстардың еселеп өсе бастағанын аңғаруға болады. Мәселен, 2010 жылы Қазақстанда 100 мыңнан сәл асатын қылмыс жасалса, 2011 жылы ол көрсеткіш 200 мыңға, 2012 жылы 300 мыңға жетіп, 2013-2015 жылдары 300 мыңнан да асып түскен. Ресми орындар «Елімізде соңғы жылдары қылмыс азайды!» деп есеп беріп жатқанмен жағдай түбегейлі түзеліп кетті деп айту қиын. Рас, пайыздық көрсеткіштердің біраз түзелгені байқалады. Әсіресе, түрлі қылмыстардың ішінде ұрлық-қарлық кең етек алған. Сарапшылар мен қоғам қайраткерлері ұрлықтың көбейгенін әлеуметтік-тұрмыстық жағдаймен тікелей байланыстырады. Оған қарсы дау айту да қиын, ешкім анадан ұры болып туылмайды. «Көп жорғалаған жыланның да аяғы көрінеді» демекші, түбінде қылмысы үшін ұсталып, жазаланатынын олар да біледі. Бірақ, тұрмыс тауқіметі соған мәжбүрлейтінін көзіміз көріп жүр.
Енді бүгінгі ұсынып отырған тақырыбымызға орай әңгімемізді тарқатып көрелік. Алдымен «Барымта» деген ұғымның басын ашып алайық. Барымта — қазақ халқының тұрмысында ерте замандарда қалыптасқан ұғым. Бастапқы кезде адамдар мен рулар арасындағы кек қайтаруды құн төлеумен алмастырған. Егер де кінәлі жақ әр түрлі себептермен белгіленген құн мөлшерін өтей алмаса, немесе бұлтарса ақсақалдар алқасының, билер сотының кесімімен барымта жасауға, яғни, оның өрістегі малын айдап алып кетуге рұқсат етілген. Егер барымта шектеулі мөлшерден артық жасалса, онда жапа шеккен жақ қарымта қайтарған. Екі жақтың дауы біткен кезде барымталанған мал, мүлік түгелдей есепке алынған. Барымта дала қоғамындағы заңдылық пен реттілікті сақтаудың бірден-бір құралы болған. Қазақ елі 18 ғасырдың соңында Ресейдің қол астына қарап, отарлық өктемдіктің күшеюіне, дала халқын билеп-төстеудің жаңа құқықтық тетіктері енгізілуіне орай, көптеген әдет-ғұрып қағидалары өзінің бастапқы мән-мағынасын жоғалтты. Барымта жасаушылар мал ұрлау мен талан-тараж, шапқыншылық ретінде бағаланып айыпталды. Сөйтіп барымта өзінің бастапқы мағынасын өзгертіп, ұрлық, қарақшылық деген ұғымға ауысып кеткен. Демек, бүгінгі біздің заңдарымыз бойынша біреуде есеңіз кеткен күннің өзінде оның затын тартып алып, малын айдап кету қылмыс. Яғни, барымтаның қарымтасын қайтару құзіреті қазір тек қана құқық қорғау орындарына берілген деп білуіміз қажет. Ол үшін өзара дауларды шешетін арнаулы сот орындары бар. Ал, сот біздің тәжірибемізде кездесетіндей әділетсіз шешім шығарып жатса ол өз алдына жеке әңгіме.
Мал ұрлығы жайындағы әңгімені алда келе жатқан қақаған қыс қарсаңында көтеруіміздің де өзіндік себебі бар. Өйткені мал ұрлау дәп осы кезде қарқын алатынын көпшілік жақсы біледі. Қалалықтар ұмыта бастағанмен ауылдарымызда, әсіресе солтүстік өңірлерде «соғым науқаны» басталатыны белгілі. Бір жылқыны соғымға жығып алып келесі жазға дейін алаңсыз өмір сүруге болады. Қақаған қыста оның қазы-қартасы, жал-жаясы таптырмайтын тағам, адамның бойына қуат беріп, түрлі тұмау мен суықтардан қорғайды. Сондықтан, оған деген сұраныс көбейетіні түсінікті. Осыны пайдаланған ұрылар малға қасқырша шабады. Екіншіден, бұл кезде жаз бойы қоңданған малдың күй де жоғары, сойып сатса базарда бірден өтіп кетеді.
Біздің елімізде мал ұрлағандарға қолданылатын жаза әлі жеңіл болып отыр. Ал, оның салдары салмақты. Онсыз да әлеуметтік жағынан қорғалмаған ауыл тұрғындары қолында бар, күн көріп отырған санаулы ғана малынан айырылса тақыр кедейге айналып, бала-шағасы аш қалатыны белгілі. Сондықтан қылмыстың бұл түріне заңды әлдеқайда қатайту қажет.
ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті басшысының орынбасары Сағат Мадиевтің жақындағы мәлімдемесіне қарағанда соңғы бес жылда еліміз бойынша мал ұрлығы 8 мыңнан 3,7 мыңға дейін төмендепті. «Криминогендік жағдайға жасалған талдау көрсеткендей, соңғы бес жылда республика бойынша мал ұрлығының фактісі 8 мыңнан 3,7 мыңға дейін немесе 60 пайызға төмендегені байқалады. Жалпы ұрлық қылмыстары ішінде мал ұрлығының үлесі 3,5 пайыз шамасында», – деді С.Мадиев. Таратылған мәліметтер бойынша, 2015 жылы – 19 535, 2016 жылы – 25 432, 2017 жылы – 20 059, 2018 жылы – 15 400, ал 2019 жылы 10 942 мал басы ұрланған. Жалпы саны жүз мыңға жуықтайды. Бұл тым көп, бірнеше ауданның,тіпті кейбір облыстың қолда бар мал санына жетеғабыл. Қабылданған шаралардың арқасында соңғы 5 жылда мал ұрлығы үшін 11 мың қылмыскер ұсталыпты. Қазіргі уақытта 3 387 мал ұрысы полицияның тізімінде тұр. Пайыздық жағынан бұл бағыттағы ұрлық азайғанмен, әлі де қауіпті аймақта тұрғанымызды көрсетеді.
Біз негізінен аграрлық ел болып саналамыз, оның ішінде мал шаруашылығы қашанда алдыңғы орында тұрған. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы мал санын өсіріп, жоғары білімі болмаса да оның тұқымын асылдандыра білген. Сондықтан да оларды қазір «Ұлы дала академиктері» деп заңды атап жүрміз. Жасыратыны жоқ, біз қазір тым болмаса сол деңгейге жете алмай жатырмыз. Толассыз жүргізілген «реформалардың» салдарынан елдегі мал басының саны күрт азайды. 1990 жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда, 2014 жылы ірі қараның саны 59 пайызға, қой мен ешкі саны 49 пайызға, құс 57 пайызға азайған. Одан бергі бес жылда осы олқылықтарды толтырып тастадық деп те айта алмаймыз Бір кездері одақ қорына жылына 330 мың тонна ет жіберіп отырған Қазақстанның кешегі әлемдік даңқы бүгінде келмеске кеткенін байқаймыз. Кейінгі кезде Ресейге жылына 60 мың тонна ет сатамыз деген ұран пайда болғаны белгілі. Оның орындалғаны немесе орындалмағаны белгісіз. Тіпті ол біз үшін маңызды емес, керек болса орыстар малды өздері өсіріп алсын, біз оған міндетті емеспіз. Ең бастысы – біз өзіміз жылына кем дегенде 200 мың тонна етті Австралия, Аргентина, Канада сияқты алыс шетелдерден импорттайды екенбіз. Сондағы сатып алатын еттің сапасы сын көтермейді. Өйткені олар «стратегиялық запастан» алынған. Арнайы мамандардың сараптамасы бойынша 20-30 жыл қатырылып сақталып бар құнарлығын жоғалтқан өнімдер. Біз оның арзан бағасына қызығамыз. Демек өзіміздің тұрғындардың денсаулығы бізді тіпті де алаңдатпайды деген сөз. Ал, Қазақстаннның ет өнімдеріне деген сұраныс өте жоғары. Себебі, біздің еттердің сапасы мен құнарлығы өзгелерге қарағанда анағұрлым жақсы. Сондықтан, Ресей, Қытай және Өзбекстан сияқты елдер оны сатып алуға қашан да дайын. Сонда біз өзгелерге құнарлы, сапалы өнімді сатып, өзіміз түк пайдасы жоқ етті тұтынып жатырмыз ғой. Өз таза өнімдерімізді қымбатқа сатып, өзгелердің арзан, сапасыз өнімін пайдаланғаннан не ұтамыз? Ештеңе. Керісінше адамдарымыздың денсаулығын құртып, оны емдеуге он, жүз есе шығын шығарамыз. Одан да таза өнімдерді өзіміз пайдаланып халықтың денсаулығын сақтап қалмаймыз ба?! Әрі-беріден соң, сол шетелге ет сатып табылған ақшалар жолай ұрланып жатқаны да жасырын емес.
Бас прокуратураның өткен жылдардағы мәліметтеріне қарағанда, елімізде 2015-2017 жылдар аралығында мал ұрлығына қатысты 21802 дерек тіркелген және олардың тек 38,4 пайызы ғана ашылған. Сотқа жіберілген қылмыстық істер – 14 пайыз ғана. Жәбірленушілерге келген зиян көлемі 3,5 миллиард теңгеден асып кеткен. Бұл көрсеткіштің көлеңкесінде қаншама еңбек, қаншама бейнет, қаншама шығын мен күйзеліс жатқаны айтпаса да белгілі. Бір малды бағып өсіру үшін кемінде екі жыл уақыт керек. Соншама еңбек бір күнде еш болады. Бұл баукеспе ұрылар мен қарақшы, барымташылардың малмен жан баққан шаруаларды әбден басынғанын көрсетеді емес пе, бұған кім кінәлі? Барымтаға қарсы қарымта қолданатын құқық қорғау орындары қайда қарап отыр? Штаты жыртылып айрылатын құқық қорғаушылардан келер пайда шамалы болып отырғанын, тіпті олар ұрылармен жең ұшынан жаласқаны туралы тұрғындар жиі айтады. Жергілікті жерден көмек болмаған соң Бас проурорға дейін арыз айтатындар да жетерлік. Бір ғана мысал ретінде Бас прокурор блогына Қарағанды аймағынан жазған Аюхан Қуанбайұлының № 28054 санымен тіркелген арызын алайық. Арызда жергілікті құқық қорғау орындары тұрғындардың талабына немқұрайды қарайтыны айтылған. Жоғалған жылқыларын өздері іздеп тауып алса да, сол малдарды сатып алдық деген 3-4 адам белгілі болса да істі одан әрі зерттемеген. Ұрлыққа куә болғандардан жауап алып, барымташыларды іздестіру жұмыстарын жүргізбегені айтылған. Әрине, жергілікті жердегі шенділерден күдер үзгендер амалының жоғынан Бас прокурорға шағымданады. Енді осы сұраққа бас прокуратурадан қандай жауап берілгенін толықтай келтірейік. «Құрметті блогты пайдаланушы! Сұрағыңызды блогқа орналастыру кезінде Пайдаланушының келісім шарттарын сақтамауыңызға байланысты Сіздің сұрағыңыз шешусіз қалдырылды. Назар аударыңыз: қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша, сондай-ақ тексеру жүргізу, прокурорлық ықпал ету шараларын қолдану, заң нормаларын түсіндіру туралы өтініштер, «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабын сақтай отырып, Қазақстан Республикасының прокуратура органдарына арнайы әкеліп тапсыру, поштамен жолдау, облыстық халыққа қызмет көрсету орталықтары немесе www.115.kz электронды порталы арқылы жолданады. Прокуратура органдарының www.115.kz электронды порталына өтініш жіберу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығынан (ХҚКО) электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алу қажет». Бұл жауапқа қарап нені аңғаруға болады. Бізде қағазбастылық әлі де қалмаған. Бұған көптеген мысалдар келтіруге болады.Әрине, ауыл тұрғындары бүгінгі техника жетістіктерін толық игере қоғам жоқ. Олай болса Бас прокуратура «Бұл істі жіті тексеріңдер!» деп аймақтағыларға тапсырма бере салуына болар еді ғой. Жоқ, міндетті түрде маңызсыз ережелерді талап етіп, жәбірленушіні апталап жүгіртіп қою керек. Біздегі заң орындауышыларының сиқы осындай. Одан кейін қылмыс қайтіп көбеймесін?
Сенаттың жалпы отырысында өткен жылы депутат Владимир Волков ел аумағында ұрлық қылмыстарына тосқауыл қоюдың қосымша шараларын қабылдауды сұрап, Үкімет басшысына сауал жолдағанын білеміз. Бас прокуратураның мәліметінше былтыр 8 айда елімізде 202 мың қылмыс пен қылмыстық әрекеттер тіркеліпті. Оның ішінде тек ұрлықтың өзі 120 мыңға жеткен. «Бұл тіркелген барлық қылмыстардың 60 пайызға жуығын қамтиды. Ауыл тұрғыны үшін жылқысыз, ірі қара малсыз немесе түйесіз қалу қандай қиындықтар тудыратынын жақсы түсінесіздер», – деген В. Волков ұрлықпен күрес бойынша қосымша заңнамалық, ұйымдастырушылық, профилактикалық, түсіндіру және басқа да шараларды қабылдауды талап етті.
Заң жағынан кемістік көріп отырған жоқпыз. Құдайға шүкір, бізде не көп, заң көп. Мәселе соның нақты орындалмауында. Сондықтан ауылдарда тұрмыс тауқіметін көріп жатқан тұрғындарымыз «Барымта бар, қарымта қайда?» деп талап етуге құқылы.
Зейнолла АБАЖАНОВ
qazaquni.kz