ЖАСТАР ЖЫЛЫНДА ЖАСТАРҒА ЖАНАШЫРЛЫҚ ЖАСАП ЖАРЫЛҚАДЫҚ ПА?
2019 ж. 06 қараша
3119
0
Кеше Парламент Мәжілісінде болған кезекті «Үкімет сағатында» Елбасы жариялаған Жастар жылының алғашқы қорытындыларын қарадық.
Шынын айтсақ, Тұңғыш Президентіміздің Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде Үкіметке берген тапсырмаларының орындалу барысы көңіл көншітерліктей болмай шықты. Осы жөнінде депутаттар өткір сын мен орынды ұсыныстар айтты.
Мәселен, биылғы жылы жас мамандарға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 3 мың пәтер беру көзделген. Бұл мақсатқа ел қазынасынан 21,6 миллиард теңге бөлінді. Қазіргі уақытта әкімдіктер 7 тұрғын үйдің, яғни небәрі 330 пәтердің құрылысын жүргізуде. Қалған 2 мың 670 пәтерді қайталама нарықтан сатып алу жоспарланған. Қаржы да, сұраныс та бар. Алайда, бүгінге дейін жұмыс істейтін жастардың ешқайсысы баспанаға қол жеткізген жоқ. Үкімет өкілдері әркімнің босағасын сағалап жүрген іні-қарындастарымыздың қолдары жалға берілетін баспанаға қараша-желтоқсан айларында жетеді деген уәде берді.
Үкімет «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге баратын жас мамандарға біржолғы жәрдемақы мөлшерін 70 айлық есептік көрсеткіштен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру туралы тапсырманы да толық орындамаған. Қажетті қаулыны мамыр айының соңында әрең қабылдап, мәселені жергілікті бюджеттер есебінен шешуді облыстық әкімдіктерге тапсырған. Алайда, облыстық әкімдіктердің көпшілігі бұл қаулыны орындауға қажетті қаржыны әлі тауып берген жоқ. Елбасының «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына енгізілген мамандықтар тізбесін кеңейту жөніндегі тапсырмасы да созбаққа салынып отыр. Ал аудандық әкімдіктер мен ауылдық округтерге қазір 600-дей бас және жетекші мамандар жетіспейді.
Үстіміздегі жылы 15 мың жас кәсіпкердің мемлекеттік грант алып, өз ісін ашуы жоспарланған еді. Қазірге дейін олардың 8 мыңдайы ғана осындай қолдау көрген.
Ұзын сөздің қысқасы, Үкіметтің Жастар жылында алға қойылған міндеттерді жүзеге асырудағы іс-қимылы сылбыр. Осыған орай, біз Үкіметтің жанынан мемлекеттік жастар саясатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия құру қажет деп тауып, тиісті ұсыныс жасадық. Өйткені, Жастар жылын өткізуге жауапты уәкілетті орган – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өзге мемлекеттік органдардың басшыларын «кілемге шақырып, шаңдарын қағатындай» құдіреті жоқтығы анық.
Кәрібай Мұсырман, Фейсбук парақшасынан