Байлығынан айырылған ел құл болады
2019 ж. 26 қазан
3281
2
Жақында «Қазақ үні» ұлттық порталында «Ақ жол» партиясының жекешелендірілген нысандардың меншік үлесін еңбек ұжымдарына беруді талап еткен мәлімдемесі жарық көрді. Елімізде әбден ұмытыла бастаған аса маңызды мәселенің қайта көтерілуі өте орынды болғанымен, халықтың бойындағы енді жазыла бастаған жараны тырнап, қайта ашып жібергендей болды. Бұлай деп айтуға толық негіз бар. Өйткені, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде жүргізілген жаппай жекешелендіру науқаны салдарынан бүкіл байлығынан айрылған халықтың жүрегінде жара қалмады деп кім айта алады?..
Ойымыз түсінікті болуы үшін алдымен жарияланған мәлімдеге мұқият назар аударалық. Жекешелендірілген нысандардың меншік үлесін еңбек ұжымдарына беру туралы Мәжілістің пленарлық отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминге жолдаған сауалында Азат Перуашев айтты. Ол «Ақ жол» партиясының әрқашан нарықтық реформа мен мемлекеттік нысандарды жекешелендіру арқылы экономикадағы оның үлесін азайтуға жақтасып келе жатқанын атап өтті.
Алайда, жергілікті жерлердегі жекешелендірудің бір топ адамның мүддесіне кетіп жатқанын, әсіресе жаңа қожайындардың нысандарды кейінгі төлем шартымен сатып алуы, сол арқылы мемлекеттік төлемді мемлекет ақшасымен жүргізуі белең алғанын ашық айтты.
«Ақ жол» фракциясы осы саладағы жемқорлықтың алдын алу үшін 2014 жылдан бері 5 депутаттық сауал жолдаған болатын. Енді осындай жағдай Алматы қаласындағы Балалар тіс емханасы жөнінде болып отыр. Баспасөзден белгілі болғандай нысан жоғарыда аталған әдіспен, яғни бөліп төлеу арқылы жүзеге асырылған. Клиникаға бюджеттен жылына 260 млн. тг. түсіп тұрса, жекешелендіруге дейін клиниканың шотында 170 млн. тг. болған. Ал, тендер жеңімпазының алғашқы және кепілдік сомасы 92 млн. тг. Яғни, бұл сома нысанның шотындағы қаражаттан екі есе аз деген сөз! Бұдан кейінгі де төлемдер «инвесторсымақтың» емес, клиниканың бюджетінен төленетіні сөзсіз.
Қала жұртшылығының наразылығына қарамастан, сот жекешелендіру ережелерге сәйкес сатылды деген шешім шығарған. Яғни, басты мәселе осы ережелердің өзінде деген сөз, себебі мұндай «жекешелендіру» мысалдарын «Ақ жол» партиясы 2014, 2017, 2018 жылдары да келтірген», – деді партия жетекшісі. Осыған байланысты, «Ақ жол» партиясы Алматыдағы балалар тіс емханасын жекешелендіру ісін заң шеңберінде ғана емес, мемлекеттік қызмет этика талаптарына сай екендігін тексеруді, екіншіден еңбек ұжымдарының мүддесін қорғай отырып, жекешелендіру талаптарына өзгеріс енгізу мүмкіндігін зерттеуді ұсынды. Аталмыш шешімдер, яғни «Халық капитализмі» мыңдаған азаматтарға еңбекақы беріп қана қоймай, жұмыс орындарынан дивиденд алып, оны басқаруға атсалысуға жәрдемдесіп, жұмысшы халықтың әл-ауқатын жақсартатыны сөзсіз», – деді партия жетекшісі Азат Перуашев.
Тәуелсіздік алған жылдардың басында «жаппай жекешелендіру» деген желеумен қарапайым халық үлкен үміт артқан науқанның қызу жүргізілгені есімізде. Сол кездер біздегі экономикалық саясат қандай бағытқа негізделгенін түсіне қоймаған бұқара оған имандай үйіріліп, байлы-бақуатты өмірдің табалдырығын аттайтындай болған-ды. Ата-бабаларымыз бен әке-ағаларымыздың жүздеген жылдар бойғы еңбегінің арқасында құрылған ірі өндіріс ошақтары, қазба байлыққа мол кен орындарын және өзге де материалдық құндылығы бар салаларды жекешелендіру үшін үкімет кепілдігімен «Инвестициялық жекешелендіру купондары» таратылып, оның алдағы уақытта әрбір тұрғынға мол пайда әкеледі деп сендірген билік басындағылар қиял-ғажайып жұмақ өмірді орнатуға уәде еткен-ді. Өңінде түгіл түсінде көрмеген капитализм атты жүйенің иісін де сезбейтін, оның қатыгез заңдылықтарынан хабары жоқ қарапайым халық дәп осылай әлемдегі теңдесі болып көрмеген ең ірі алаяқтардың арбауына қалай түскендерін білмей қалды. Бұрынғы одақ кезіндегі экономикалық байланыстар үзіліп, жұмыссыз қалып, ішерге тамақ, киерге киім таппай қиналған қара халықтың қиялына қанат бітірген купондарды сол кезде құрылған жүзден аса инвестициялық жекешелендіру қорлары бірімен-бірі бәсекеге түсіп, жұрттан жинап алуға жанталаса кірісті. Оның ішінде мұнай және енді ғана басталған бизнес саласының пысықайлары өзгелерден оза шапты.Сөйлегенде тілдерінен май тамған жылпостардың уәдеге толы жылы сөзі жұртты бірден арбап алған-ды.
Алдау-арбаудан бейхабар бұқара өздері таңдаған, өздері сенім артқан қорларға купондарын тапсырды. Кейбір деректерге сүйенсек, бұл «науқанға» республикамыз бойынша 11 миллионнан астам адам қатысып, купондарын жаңадан құрылған жекешелендіру қорларының қоржынына өз қолдарымен апарып салып берген екен. Қалғандары белгілі себептермен оның құндылығын түсінбегендіктен мән бермей өздерінде қалдырған немесе оның қайда қалғанын да білмейді. Бір қарағанда соңғылары дұрыс істеген секілді, өйткені сол купондардан бәрібір ешкім көк тиын пайда көрген жоқ. Нәтижесінде айналдырған бір жылдың ішінде бір жарым мыңнан аса акционерлік қоғамдар құрылып, халық шаруашылығының бұрыннан қалыптасып қалған нысандары мен басқа да байлық көздерін өз меншігіне қаратып алды. Ал жекелеген билік басындағы кейбір лауазымдылар купонсыз-ақ, талапайға түсіп әуре болмай-ақ жіліктің майлы басын ұстап қалды.
Аз да болса пайдадан дәмеленіп, купон мәселесін көтергендерге «Енді сәл шыдасаңыздар бәрі болады, қор жиналмай жатыр» деп уақыт созған алаяқ акционерлік қоғамдар ақырында құйрығын да ұстатпай кетті. Халық салған купондарды қаржылай қайтарудан қашқан қорлар неше түрлі қулықтарды ойлап тапты. Сол кезде жекелеген біреулерге мол пайда әкелген, біздің үкіметіміз қабылдаған «Банкроттық туралы» заңды пайдаланып, алаяқтар қоржындарының түбін көрсетіп құтылды. Ал біразы бастапқы атын өзгертіп, ай-күннің аманында жұртты адастырып кетті. Осының бәрін көзімен көріп отырған үкіметтегілер халықтың жанайқайына құлақтарын бітеп алып үнсіз қалды. Соған қарағанда жаңағы купондарды жинап алған қорлардың қоржынында өздерінің де мол үлесі болғанға қатты ұқсайды. Яғни бұл науқан алдынала есептеліп, мақсатты түрде жүргізілді деуге болады. Олай болмаса қолында билігі бар үкімет бүтін бір мемлекеттің барлық байлығын жөнсіз иемденіп, миллиондаған адамдардың ауызын аңқитып кеткен алаяқ акционерлік қорларға «халықты қорламаңдар» деп бір ауыз сөз айтар еді ғой. Жоқ, ондай сөзді естімедік. Сөйтіп мемлекеттің, яғни халық өз еңбегімен жылдар бойы жинаған мүлік пен байлық санаулы алаяқтарға бұйырды.
Қазақ көнтерлі, кешірімшіл халық қой. Бұл жолы да оттасып-соттаспай, үнсіз қалды. «Алса өз адамдарымыз алды ғой. Ертең байығанда бәрімізге қарайласар» деген ішкі сенімі болғаны да рас. Қайран қазағым-ай, бұның соңы қайда апарып соғарын сезген де жоқ. Өзі асырап, қарнын қампитқан күшігі ертеңінде өзін қабарын біліп пе? Өз қолынан байлыққа кенелткендер ақырында өздерін құлға айналдыратынын ойлап па? Қарапайым халықтың үлесін үптеп кеткендер кейін қиын жағдайда қалған қандастарына пысқырып та қарамайтын болды. Шетелден қымбат сарайлар сатып алып, арам жолмен тапқан байлығын жат елдің мүддесіне жаратып жатыр. Бір кезде өздерін адам еткен, қазір қарамағында жалданып жұмыс істеп жатқан қарапайым адамдарға тым болмаса өмір сүруге лайықты еңбекақы беруге қаражатын қимайтындардан не үміт, не қайыр? Араны ашылғандар адамгершіліктің қандай ұғым екенін әлдеқашан ұмытқан.
Қазақстандағы «Инвестициялық жекешелендіру купондары» тарихында сол уақыттағы белгілі бизнесмен Болат Әбілов иелігіндегі «Бутя капитал» ғана азын-аулақ болса да купон төлемін қайтарған болды. Онда да Болат Әбілов саясатқа араласып, оппозиция жағына шығуына байланысты құқық қорғау орындарының қудалануына түсіп мәжбүрлеген соң ғана. Үкімет пен құқық қорғау орындары қалған алаяқтарға назар да аударған жоқ.
Бір қызығы, халық қалаулылары болып саналатын, бұқараға бүйрегі бұрып тұруға тиісті түрлі деңгейдегі депутаттар да бұл маңызды мәселеге мән бермеді. Ортақ байлықтан өз үлестерін алуға тиісті қалың көпшіліктің құр қалғанын олар көріп отырса да көрмеген кейіп танытты. Әділін айтайық, қазір қоғамның ата жауына айналдырып алған коммунистердің өкілі болса да Мәжіліс депутаты Владислав Косарев бұл мәселені бір кезде көтергенмен ештеңе өндіре алмады. Жалғыздың үні шықпасы белгілі, оны үкімет құлағына да қыстырған жоқ.
Бір қарағанда нарық заңына сәйкес бұл науқан дұрыс ұйымдастырылғандай көрінуі мүмкін. Әрине, барлық талаптар мен заңдылықтар қатаң сақталғанда дәп бүгінгідей жағдай қалыптаспас та еді. Әлемдегі дамыған елдердің тәжірибесін ескеріп, купонды акцияға айналдырып, белгілі бір кәсіпорынның акционеріне айналдырғанда біздің еліміздің әрбір тұрғыны ұжым табысының белгілі бір дәрежедегі иесі болар еді. Үкімет кәсіпорындардан акционерлік қоғам ұйымдастырып, түскен табысты компанияның өркендеуіне жұмсауды талап етіп, оған бақылау жасамады. Керісінше, «Банкроттық туралы» заң қабылдап, алаяқтарға даңғыл жол ашып берді. Биліктің бұл әрекетін кешірілмес күнә, тіпті халыққа қарсы жасалған қастандық деп бағлауға болады.
Үкімет ендігі жерде жекешелендіру купоны мәселесін қайта қарап, халық алдындағы бір кездегі үйіп-төккен уәделерін орындай ма деген сұрақ та анда-санда қойылып қалатыны бар. Бірақ оған сенім аз. «Акционерлік қоғамдар» туралы 2003 жылғы 13 мамырдағы ҚР заңына енгізілген өзгерістер бойынша инвестициялық жекешелендіру қорлары толыққанды акционер ретінде жұмыс істеу құқығына ие болғаны баршаға мәлім. Заңның «Жай акциялар бойынша дивидендтер» деп аталынған 23-бабы бойынша қоғамның жарғысында осындай төлем көзделген, акционерлердің жалпы жиналысының шешімімен ғана жүзеге асырылуға тиісті. Кәсіпорынды жүз пайыз жекеменшігіне айналдырып алғандар енді жиналыс ашып жұмысшыларына дивиденд береді дегенге есі дұрыс адам сене ме? Заң купондары салымшыларының құқықтарын қорғайтындай көрінгенмен адамның күлкісін тудырады. Бұл заңнан гөрі көзбояшылыққа көбірек ұқсайды. «Заң қабылдадық, бізде кінә жоқ» - деп айтуға арналған желеу ғана. Купондарды дер кезінде акцияға айналдырмағаннан кейін бұл заңның енді кімге керегі бар? Қарапайым адамдар қай кәсіпорынның үлескері болып отыр? Ондай жақсылық бізде атымен жоқ. Көзбояушылық деп отырғанымыз да сондықтан. Үкіметтің бұл қимылын басқаша бағалау мүмкін емес.
Міне, халықтың ішіндегі бітеу жараға айналған біздегі жекешелендірудің қысқаша тарихы осындай. Одан кейін де бірнеше рет жекешелендіру өткені белгілі. Одан халық бірдеңе аламын деп мүлдем дәмеленген емес. Өйткені жекешелендіруге ақшалы шетелдіктер шақырылды. Қалталы байлармен қатардағы адамдардың үзеңгі қағыстыра алмайтыны айтпаса да түсінікті.Қарапайым халық ата-баларынан мұра боп қалған байлығынан айырылды, енді оны жан-жақтан анталаған шет елдіктер иемденіп жатыр. Жерінен айырылған ел жетім, байлығынан айырылған ұлт құл болады. Оған көзіміз жете бастады.
Нарыққа кіретін болған соң сол кезде барлық байлықты тұрғындарға тең бөлу керек еді. Етін жеп болған соң сүйекті бөліске салу санаға сиымсыз нәрсе. Олай болса, барлық жағдайды қайта басынан бастау қажет. Қолдан жасалған миллионерлер мен миллиардерлер бар қаржысы мен байлықтарын ортаға салсын. Бірақ, оған енді биліктің де күші жетпейді. Ашығын айтсақ, ондай таза ниет оларда жоқ, болған да емес...
Зейнолла АБАЖАНОВ
qazaquni.kz