Қасым-Жомарт Тоқаев: Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керек
2019 ж. 21 қазан
3659
0
Қасым-Жомарт Тоқаев Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға жаңа латын әліпбиін жетілдіру жөнінде тапсырма берді. Бұл туралы ҚР Президенті өзінің Twitter-дегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.
«Әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтады. Бірақ қарпімізде әлі де олқылықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керек. Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұловаға тиісті тапсырма бердім. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр», - деп жазды Мемлекет басшысы.
Еске сала кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Ұлттық Кеңестің алғашқы отырысында белгілі ақын Қазыбек Иса Латын әліпбиінің кемшіліктері туралы айтқан болатын.
- Еліміз үшін стратегиялық маңызы зор мақсат, Рухани тәуелсіздігіміздің бастауы -Латын әліпбиіне де көзіміз үйреніп, көңіліміз сеніп келе жатыр. Бірақ бір-екі түзетуді айтпай кетуге болмайды. Біріншіден, соңғы акутты нұсқада І әрпінің бас әрпі жоғалып кеткен – И әрпі екеуін де бір І таңбамен белгілеген, - деп атап өтті Қазыбек Иса.
Сонымен қатар, «Қазақтың І әрпін қайтарып, екі диграфтан құтқарыңыздар!» - деген қазақ жазушылары мен ғалым, зиялыларының Ашық хаты да «Қазақ үні» газетінде былтыр жарияланған болатын.