Досжан Әміров: Мемлекеттік тілді меңгеру - еліміздің әрбір азаматының міндеті
2019 ж. 19 қазан
5000
2
1989 жылғы 22 қыркүйекте Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің сессиясында Тіл туралы заң қабылданып, оның 1 –бабында «Қазақ тілі Қазақ ССР-інің мемлекеттік тілі болып табылады» деп көрсетілген еді. Бұның өзі кеңес заманында отбасы, ошақ қасына ығыстырылған ана тіліміздің дәрежесін көтеруге жасалған маңызды қадам болатын. Әрине, алғашқы қабылданған Тіл туралы заңда көптеген олқылықтар болды, дегенмен, соның өзінде бұл заң қазақ тілінің дәрежесін көтеруге өз деңгейінде игі ықпалын тигізгені анық.
Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін 1995 жылдың 30 тамызында қабылданған жаңа Конституциясында қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып бекітіліп, ана тіліміздің заң негізіндегі дәрежесі Ата заңымыз арқылы нақты көрініс тапты. 1997 жылы 11 шілдеде қабылданған Қазақстан Республикасының«Тіл туралы» Заңы Конституцияда көрініс тапқан ана тіліміздің мемлекеттік дәрежесін нақтылай түсті.
«Қазақстан Республикасының тіл туралы» Заңының 4-бөлігінде, «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi - қазақ тiлi. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу және Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» деп аталып көрсетілген.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты 2012 жылдың 14-ші желтоқсанындағы Жолдауында: «Тілге деген көзқарас, шындап келгенде елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бей-жай қарамайық. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз» - делінген.
Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығында: "Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек» деп атап көрсетілді.
Он жыл мерзімге арналған бұл бағдарламаның басты мақсаты - Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясаты болып табылады.
Жоғарыда айтылған заң нормаларына сай, мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлетті және атқарушы органдар мемлекеттік тілді дамытуға барлық жағдай жасауға міндетті.
Тіл саясатына байланысты ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан - 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарылып келеді. Біздің міндетіміз 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтардың саны кемінде 95 пайызды құрауы тиіс» деп нақты атап көрсеткен болатын.
Осылайша, мемлекттік мәртебе алған қазақ тілін өз дәрежесіне көтеру үшін қажетті барлық заңдық негіздер жасалды десек те, іс жүзінде бүгінгі таңда өңіріміздегі мемлекеттік тілдің жағдайы сын көтермейтіні жасырын емес.
Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі. Қазақ халқының біртуар тұлғасы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп айтқандай, өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек. Біздің басты міндетіміз - тілдің болашағын ойлайтын ұрпақты тәрбиелеп, қасиетті тілімізді ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп қалдыру.
Құзырлы органдардың берген статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, Ақмлола облысындағы бала-бақшалардың жалпы саны – 614 болса, соның ішінде бүлдіршіндердің 63,3 пайызы ғана қазақ топтарына барады екен.
Өңіріміздегі мектептердің жалпы саны – 560, соның ішінде екі тілде оқытатын мектептер – 217 болса, орыс мектептері – 184, ал қазақ мектептері – 159. Осы мектептерде оқып, қазақ тілінде білім алатын оқушылардың саны 48 пайызды ғана құрайды. Орта білім беретін мекемелер (колледждер) саны – 33 болса, соның ішінде екі тілде оқытатын - 26, орыс тілінде - 5, ал қазақ тілінде оқытатын колледждердің саны бар болғаны – 2 ғана екен. Яғни жасөспірімдердің тек 29,1 пайызы ғана өз ана тілінде білім алуда. Бүгінгі жастар еліміздің ертеңі десек, қазіргі күні жастарымыздың 50 пайыздан астамы шет тілде білім алуы бізді әрине қынжылтады.
Жоғарыдағы статистикалық мәліметтер жақын арада өңірімізде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айқындап берген тіл саясатының әлі де шешілмей отырған тұстары бар екенін көрсетеді.
Сондықтан атқарушы билік осы кемшіліктерді жою үшін нақты іс шаралар жасауы тиіс. Өңірімізде мемлекеттік тілдің қолдану аясы неге төмен? Қоғамда мемлекеттік тілдің қолдану аясы бүгінгі күні қолданыстағы заңдар талабына сай болуы үшін нендей іс шаралар атқару керек? Өткен кезеңдермен салыстырғанда ілгерілеушілік бар ма? -деген сұрақтарға жауап беру үшін жыл сайын мониторинг өткізіп, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін нақты жоспарлар құрып, оны іске асыру бағытындағы нақтылы іс шаралар атқаруымыз керек.
Облыс соттарына түсіп жатқан қылмыстық, әкімшілік істер мен құжаттар, талап-арыздардың басым көпшілігі орыс тілінде келетінін атап өткен артық болмас. Осының салдарынан мемлекеттік тілде қаралған сот істерінің көрсеткіші өте төмен.
Статистикалық деректерге сәйкес, 2018 жылы облыс соттарына мемлекеттік мекемелерден барлығы - 4 731 талап-арыз түссе, соның ішінде мемлекеттік тілде -2 228 (47,1%), 2019 жылдың 8 айында барлығы - 2004 талап-арыз түсіп, соның ішінде мемлекеттік тілде бар болғаны -607 (30,3%); яғни өткен жылға қарағанда 16,8% төмендеп кеткен.
Егер тарата айтар болсақ, 2019 жылдың 8 айында:
-әкімдіктен келіп түскен талап-арыздардың жалпы саны –467, соның ішінде мемлекеттік тілде –293, пайыздық көрсеткіші 62,7 пайыз;
- тілдерді дамыту басқармасынан – түскен 6 талап-арыздың бәрі орыс тілінде;
- білім басқармасынан-159, соның ішінде мемлекеттік тілде - 4 талап арыз, пайыздық көрсеткіші 2,5 пайыз;
- денсаулық сақтау басқармасынан түскен 116 талап арыздың бәрі орыс тілінде;
- мемлекеттік кірістер департаментінен -434 талап-арыз, соның ішінде мемлекеттік тілде -170 талап-арыз, пайыздық көрсеткіші 39,2 пайыз;
- әділетдепартаментінен-26 талап-арыз, соның ішінде мемлекеттік тілде бар болғаны –1 талап арыз, пайыздық көрсеткіші 3,8 пайыз;
- ішкі істероргандарынан-118 талап-арыз бен іс түскен, соның ішінде мемлекеттік тілде –3 немесе 2,5 пайыз;
- прокуратурадан-24, соның ішінде мемлекеттік тілде – 5 талап арыз, пайыздық көрсеткіші 20,8 пайыз;
- қылмыстық-атқару органдарынан түскен 27 талап-арыз түгел орыс тілінде.
Осы арада мына жайды айта кеткім келеді: талап-арыздар қай тілде түссе, сот сол тілде істі жүргізеді. Қазақ тіліндегі сот қарайтын істер санының мардымсыздығы осыдан болып отыр.
Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік кодексінің 30-бабының талаптары негізінде Қазақстан Республикасында қылмыстық сот iсiн жүргiзу қазақ тілінде жүргiзiледi, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған кезде басқа тiлдер қолданылады деп нақты көрсетілген.
2019 жылдың 8 айында Ақмола облысының соттарында барлығы – 4887 қылмыстық іс пен материалдар қаралса, соның 1789-ы қазақ ұлттарының қатысуымен болған, ал қазақ тілінде қаралған істер саны 292, пайызға шаққанда 6 пайыз ғана. Сот ісін қараған тараптар қазақ бола тұра, іс орыс тілінде жүргізіледі. Өйткені тергеу амалдарын жүргізетін тұлғалар, күдіктілерден, олардың орыс тілін білетінділігі туралы бір жапырақ арыз алады да, тергеу амалдарын әрі қарай жүргізу тілін орыс тіліне ауыстыра салады. Өкінішке орай, күдіктілердің мемлекеттік тілді білу деңгейі, олардың тергеу амалдарын мемлекеттік тілде жүргізуге байланысты ойлары тергеушілермен анықталмай қалады.
Осы тұрғыда талап арыз берген мемлекеттік мекеме басшылары мен тергеу органдарының басшыларымен тергеушілердің мемлекеттік тілге деген жанашырлықтары болғанда, аталған азаматтық, қылмыстық істермен материалдардың көпшілігін бабадан балаға мұра боп қалған баға жетпес қазақ тілінде, яғни мемлекеттік тілде жүргізуге болар еді.
Біздің өңіріміздегі халықтың 51% қазақ ұлты бола тұра, облыс соттарымен мемлекеттік тілде қаралып жатқан барлық істер мен материалдардың пайыздық көрсеткіші өте төмен болып отыр. Тарата айтар болсақ: 2016 жылы – 1,5 пайыз, 2017 жылы – 3,4 пайыз, 2018 жылы - 3,8 пайыз, 2019 жылдың 8 айында –3,8 пайыз.
Бүгінгі күні Ақмола облыстық сотымен мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және нақты шаралар қабылдау үшін мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдарының басшыларына арнайы хаттар жолданып, дөңгелек үстел шаралары ұйымдастырылуда.
Алайда, жоғарыда келтірілген статистикалық мәліметтерден көріп отырғандарыңыздай, бүгінгі күнге дейін көңіл толатындай өзгеріс жоқ. Оның үстіне мемлекеттік мекемелерден түскен талап арыздар көрсеткіші былтырмен салыстырғанда едәуір төмендеп кеткені байқалады.
Қасиетті қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, одан әрі дамыту әр қазақстандықтың парызы, әрбір мекеме басшылары өз тарапынан, басқаруындағы қызметкерлерден іс-құжаттарының мемлекеттік тілде жүргізілуін талап етіп отырса, мекеме қызметкерлерінің де қазақ тіліне деген жанашырлықтарын оятып, қазақ тілінің мәртебесін өркендетуге болады деп ойлаймын.
Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде қастерлеп, үйрену – Қазақстанның барша азаматтарының парызы. Осы ретте, облысымыздың әр бір мемлекеттік мекеме басшылары, құзырына сәйкес талап арыздарды және басқа да іс-қағаздарды сотқа тек қана мемлекеттік тілде жолдануына ықпал етсе, мемлекеттік тілдің дамуына қосқан зор үлес болар еді.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін сөзден, нақты іске көшер уақыт келді. Сондықтан облыс әкімдігінің ішкі саясат бөлімі қазақ тілі шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілуі үшін нақты іс шаралар атқаруы керек деп есептеймін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үстіміздегі жылғы халыққа жолдауында айтқанындай, қазақ тілі ұлтаралық қатынас тілі болуы керек.
Мемлекеттік тілдің мәртебесі бүгінгідей тілдерге, оның ішінде мемлекеттік тілге арналған үлкенді-кішілі жиындарда тек мінбеден ғана айтылып қана қоймай, күнделікті өмірде нақты іс-шаралармен көтерілуі керек.
Сөзімнің соңын Елбасының ана тілі туралы айтқан мынадай көрікті ойымен аяқтағым келеді: «Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен?! Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйтқысы болған-оның ғажайып тілі».
Ендеше қасиетті тіліміздің, Ата заңымыз айқындап берген мәртебесін асқақтату - Қазақстан Республикасының әрбір азаматының азаматтық парызы. Осы парызымыз мойнымызда қарыз болып қалмау үшін перзенттік борышымызға адал болайық, ағайын!
Досжан Әміров,
Ақмола облыстық сотының төрағасы
qazaquni.kz