Азат Перуашев: Министрліктердің кемшілігі үшін ауыл субсидиядан айрылмауы тиіс
2019 ж. 16 қазан
3001
11
Қазір ел ішінде аты жиі аталып жүрген партиялардың бірі – «Ақ Жол». Мәжілісте жеті депутаты бар бұл партияның жетекшісі Азат Перуашев өткенде Қазақстанның Ауыл шаруашылық министрлігін сотқа беретінін айтқан еді. Ауыл-аймақта кәсіп қылған ағайынға министрлік субсидия төлемеді деп айыптай сөйлеп, шаруа жұрттың Үкіметтен алашағы барын айтқан. Іс ақыры Бас прокуратураның құлағына жеткен...
Біз бүгін Мәжіліс депутаты, фракция жетекшісі Азат Тұрлыбекұлын сөзге тарттық. Парламентте көтерілген Ауыл шаруашылық министрлігінің мәселесі мен ел-жұрттың қызу талқысындағы кейбір тақырыптарға қатысты бір-екі ауыз пікірін білдік, - деп хабарлайды abai.kz.
- Азат Тұрлыбекұлы, Сіз өткенде Ауыл шаруашылық министрлігін сотқа беремін дедіңіз. Ауыл еңбеккерлеріне, соның ішінде ауыл-аймақта кәсіппен шұғылданып жатқан жұртқа министрлік субсидия төлемей отыр дедіңіз... Әуелі осы жайлы тарқатып айтып беріңізші?
- Негізі бұл мәселені біз әуелі биыл наурызда айттық. Министрліктің ауылшаруашылық саласындағы өндірушілер алдындағы борышы бар. 37 миллиард теңге көлемінде қарыз әлі өтелмеген. Бұл ауылдағы кәсіппен айналысып отырған жұрттың субсидиясының ақшасы. Қолдан жасалған сылтаумен министрлік оны қайтадан бюджетке енгізбеді. Сол себептен бұл мәселені «Ақ жол» партиясының атынан қайта көтеруге мәжбүр болдым. Және де сол ақшаны төлеуді талап еттім. Егер министрлік оны мойындамаса сотқа дейін баратынымды ашық айттым. Қаржы министрлігінің түсініктемесі бойынша ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер аталған субсидияның тиімділігін есептеп беруі керек еді. Бірақ оның тиімділігі біраз жыл бұрын есептеліп қойған. Оны Қаржы министрлігі қабылдаған. Солай бола тұра олардың неліктен бұл мәселеге қарсы шығып отырғаны мен үшін беймәлім. «Ақ жолдың» пікірінше, олардың арасындағы келіспеушілік үшін ауыл азаматтары зардап шекпеуі тиіс.
- Сіз Ауыл шаруашылық министрлігінің ісін «лохотрон» деп, министрлік шаруаларды «лақтырып» кетті дедіңіз...
- Бұл парламенттік термин болмаса да, маған оны сол жерде айтуға тура келді. Шынымды айтайын, басқа теңеу таппадым. Алдын ала бұл сөзім үшін әріптестерімнен кешірім де сұрадым.
Иә, «лохотронның» нақ өзі. Бізге осыдан бірнеше жыл бұрын жаңағы бағдарламаны бекіткенде бәрі дұрыс болады деген. Енді жеме-жемге келгенде оны қайта қарау керек дейді.
Бүкіл Қазақстан бойынша жүздеген, тіпті мыңдаған шаруалар мемлекетке сенім артып, бар ақшаларын салып, несие алғанда (ол үшін барлық бюрократияның тозағынан өтіп) – не себепті мемлекеттік органдар ұйқыдан енді оянғандай бас тартып отыр? Қалай болса да мемлекет өзіне алған жауапкершілікті енді орындауы керек деп санаймын.
- Өзіңіз «Ақ жол» кәсіпкерлікті қолдаушы партия деп жиі айтып жүрсіз. Десе де, сол жолы сіз «Үкімет кәсіпкерлерді емес, бос жүргендерге көмек көрсетіп әлек» деп сөйледіңіз. Қазіргі елдегі жағдайды жақсы білесіз. Сіздің бұл сөзіңіз «әлеуметтік көмек масылдықты қолдау» деп жүргендермдің сөзімен үндес деп есептемейсіз бе?
- Жоқ. Мен Үкімет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек алушыларға көрсетіліп жатқан жұмыстарды қолдаймын. Дұрыс. Атаулы әлеуметтік көмек берілуі керек. Тіпті сол бюджетті талқылау барысында мен осы мақсатқа бөлінген қаржыны көбейтуді ұсындым. Бұлар - біздің азаматтарымыз, біз оларды қолдауымыз керек. Қазіргі қиын кезеңде олардың аяғынан тұрып, кедейлік пен қайыршылықты жеңуіне қол ұшын созуымыз керек. Әсіресе көпбалалы аналар мен мүгедектер назардан тыс қалмауы қажет.
Менің айтқаным, біз кез келген мәселенің салдарымен емес, себебімен күресуіміз қажет. Ауыл-аймақтарда шағын кәсіп бастап жатқан ағайынға қолдау керек. Бұл жаңағы жұмыссыздықты жоятын қадамдардың бірі. Жұмыссыздықпен күреске қазір қанша қыруар қаржы бағытталып жатыр. Ал сол шығындардың нәтижесі қалай болды? Соның есебі бар ма? Шын есебі жария болса, масқараның көкесі сонда болады. Сол қаражат осында ауылға, ауыл шаруашылығына, сонымен қоса субсидияларға жұмсалуы керек. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны өскен деп жатыр, өткенде. Оның да себебін осыдан іздеуіміз керек.
- Әлгінде осы мәселені Бас прокуратура қарайтын болды деген ақпарат шықты...
- Ауылшаруашылық министрлігі ауылдық шаруашылық кәсіпкерлеріне субсидияны бермек түгілі, әуелі тоқтатқан екен. Сол себепті келесі күні бизнесті қорғау форумында мен бұл мәселені Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтің өзіне тікелей айттым. Негізінен Бас прокуратура қай мәселені болмасын жаппай азаматтардың мүддесіне қатысы болса ғана қолға алуы мүмкін. Бұл жерде бүкіл ауыл кәсіпкерлерінің мүддесі тұр емес пе!?
Бас прокурор біздің сұрауымызды тыңдап, өзінің орынбасары Болат Дембаевқа тапсырма берді. Шаруа және фермерлік шаруашылықтарға уәде етілген субсидиялардың төленбеуін енді Бас прокуратура қарайтын болады. Біз аталған мәселеде әуелгі алған бетімізден қайтпаймыз. «Ақ жол» партиясы қазір ауылдағы кәсіпкерлерден субсидияға байланысты шағымдар жинап, тиісті құжаттар дайындап жатыр. Сондай-ақ, біз бұл мәселені көтергеннен кейін вице-премьер Әлихан Смайыловтың тапсырмасымен Қаржы министрлігінің жанынан арнайы жұмыс тобы құрылатынын, оған депутаттар да енетінін естідім. Нәтижесі қалай боларын көрелік.
- Қазір Астанада бұрынғы ҚР Ауыл шаруашылығының Су ресурстары комитетінің басшысы Ислам Әбішевтің соты өтіп жатыр. Бұл іс те қазір әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқаны белгілі. Бір тобы Әбішевті жақтаса, енді бірлеулері керісінше. Осы қызу дискуссиялардың арасында «Ақ жолдың» аты аталып қалды...
- Мен бұл кісімен жақын араласпасам да, оның кәсіби біліктілігінен хабардармын. Оның мемлекетшілдігі жайлы көп естігенмін. Мысалы, су бағдарламасын іске асыру барысында бұл кісі оны орындап қана қоймай, халықтың бір триллионға жуық қаржысын үнемдегенінен де хабарымыз бар. Сондықтан мен ол кісіге тек амандық пен жақсылық тілеймін. Ал қазіргі дау бойынша біз тек әділ сотты талап етеміз. Тіпті мәселе тек Ислам Әбішевте емес, бүкіл сот жүйесінде. Себебі әділ сот мәселесі – еліміздегі ең көкейтесті мәселелердің бірі.
Сосын ол кісі партиямыздың мүшесі емес, саяси проблемалар көтерген жоқ. Сондықтан осы сот процесіне партияны араластырып, саясиландырудың қажеті жоқ деп есептеймін. Ал кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екендігіне баға беру, бір топты қолдау немесе қарсы шығу біздің партияның құзырындағы шаруа емес. Әйтеуір адалдық, сабырлық, адамгершілік болсын.
Әбішевті қолдаушылардың арасында партиямыздың басшыларының бірі Қазыбек Иса жүргенін білемін. Бұл жерде Қазыбек ағамыз партияның атынан емес, жеке өзінің азаматтық көзқарасы бойынша араша түсуде. Және оған оның толық құқығы бар. Өз пікірін білдіру үшін сөз бостандығы деген конституциялық ұғым бар. Оны қолдану үшін, меніңше, кез келген азаматқа ешқандай қосымша рұқсат керек жоқ. Бұл құқықты не партия, не басқа ұйым шектей алмайды. Ал, Қазекең, мықты журналист ретінде сөз бостандығының не екенін жақсы біледі және өзінің сөзіне жауап беруге қабілеті бар азамат.
- Күні кеше ғана Ресей президенті Владимир Путин ТМД аясында ортақ ақша енгізу мәселесін тағы көтерді. Бұл бірінші рет болып отырған жоқ. Біз кездері Белоруссия мен Қырғызстан президенттері де ортақ ақшаны қолдаған еді...
- Бұл 2010 жылдан бері айтылып келе жатқан әңгіме ғой. Ортақ валюта дегенді көбіне ресейлік ақпарат насихаттап жүр. Мен бұған қатысты да өз пікірімді айтқанмын. Теңге – Тәуелсіздігіміздің басты белгілерінің бірі. Теңгеден айрылу – Тәуелсіз қаржы саясатына күмән келтіру деген сөз. Әрине
мен бұған қарсымын. Бұл менің ғана емес, «Ақ жол» партиясының да ұстанымы.
- Қысқа-нұсқа сұхбатыңыз үшін рахмет!
- Сіздерге де рахмет!
Abai.kz