Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстанның экономикасы табанды өсімді сақтап қалады
2019 ж. 26 қыркүйек
2651
13
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясы аясында жоспарланған барлық екіжақты кездесулерден кейін Тұрақты даму мәселелері жөнінде жоғары деңгейдегі Форумға қатысты. Мемлекет басшысы шараға қатысушы спикерлер арасынан бірінші болып сөз алды, - деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты. Қасым-Жомарт Тоқаев өз баяндамасында 2030 жылға дейінгі тұрақты даму мақсаттары - адамзатқа әлеуметтік, технологиялық және экономикалық жетістіктердің игілігі баршаға ортақ болатын кемел келешекке жетудің нақты жол картасын ұсыну екенін атап өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жөнінен артта қалып бара жатқанына алаңдаушылық білдіретінін мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені шешу үшін алдағы он жылдықта тиісті нәтижеге қол жеткізу мақсатында нақты шешім қабылдау қажеттігін айтты.
- Өз елімнің саяси, экономикалық, әлеуметтік және экологиялық саясатының 2030 жылға дейінгі тұрақты даму міндеттемелеріне толықтай сәйкес келетінін айта аламын. Әлемдік нарықтың әралуандығына қарамастан Қазақстанның экономикасы табанды өсімді сақтап қалады, - деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның тұрақты экономикалық өсімге, инклюзивті қоғам құруға, таза экологияны сақтауға және тиімді әрі есеп беретін институттар құруға қол жеткізе алатынына сенім білдірді.
Мемлекет басшысы осы міндеттерді жүзеге асыру аясында, халықтың үніне құлақ асатын мемлекет құру тұжырымдамасының қолға алынғаны туралы айтты. Оның басты міндеті - үкімет пен халық арасындағы диалогты қамтамасыз ету.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы білім жүйесін жаңғыртудың, жасыл және цифрлы экономиканы және қарқынды түрде инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығына баса назар аударды. Оның айтуынша, бұл бағыттар жалпы адамзаттың өркендеуі мен экономикалық жетістіктерге жетудің қуатты қозғаушы күші болмақ.
Қазақстан Президенті біздің елдің тәжірибесінде Тұрақты даму мақсаттарының 80% Қазақстанның стратегиялық бағдарламаларында көрсетілгенін атап өтті.
- 2018 жылы Қазақстан БҰҰ институттарымен өзара тығыз іс-қимыл жасай отырып, Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ететін "институционалдық архитектура" енгізді, оның ішінде Басқарушы кеңес те бар. Тұрақты даму мақсаттары жөнінен өткен алғашқы форум 2019 жылғы Астана экономикалық формуының негізгі іс-шарасына айналды. Биыл шілде айында біз алғаш рет ерікті түрде, Қазақстанның жетістіктері мен шешілмеген мәселелері және алдағы он жылдықта жасалуы тиіс мүмкіндіктер бойынша ұлттық шолу жасадық, - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Тұрақты даму мақсаттарының, жалпы планетаның келбетін қалыптастыратын өзара байланысын ескерте отырып, жекелеген санаттардың немесе елдердің жетістігіне қанағат тұтып қарап отыруға болмайтынын айтты.
Бұл мәселеде Мемлекет басшысы Қазақстанның Тұрақты даму мақсаттарын аймақтық және халықаралық деңгейде белсенді жүзеге асырып жатқанына тоқталды. Осы орайда, Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар шараны іске асыруды ұсынды.
Мемлекет басшысының айтуынша, біріншіден, Тұрақты даму мақсаттарына бөлінетін қаржы ресурстарының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету қажет.
Екіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымының шөлейттену, жасыл желекті қалпына келтіру, эрозия, тұздану, сондай-ақ әлеуметтік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін шешуге бағытталған мақсаттарының маңыздылығын атап өтті. Ол жақын болашақта ИЫҰ-на мүше 57 мемлекеттің барлығы осы бастамаға қосылатынына сенім білдірді. Тағы бір пәрменді шара ретінде Президент Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстан үшін Тұрақты даму орталығын құруды атап өтті. Оның айтуынша, бұл Тұрақты даму мақсаттарын тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар, басқа да Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстанда жүзеге асыруды жеделдететін еді.