Дулат Исабеков: Бұл форум қаламгерлерге ештеңе де бермейді
2019 ж. 04 қыркүйек
3599
0
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласына Азия елдерінің қаламгерлері бас қосқан І форум өтеді. Форум басталар алдында жазушы Дулат Исабековтің бүгінгі форум қазақ қаламгерлеріне не беретіндігі туралы пікірін сұраған едік, - деп жазды baq.kz тілшісі.
«Форум десе, жиналыс десе, елдің көкейінде «Бұл жиын не береді?» деген сұрақ тұрады. Мұндай форумдар қаламгерлерге ештеңе де бермейді. Бірақ, жазушылардың басы қосылып, әркім өз елдеріндегі әдебиетке қатысты мәселелері мен жетістіктерін, ағымдарын айтады. Солардың барлығын тыңдап, өзіміз де қорытынды жасаймыз. Бүгін келіп жатқан қаламгерлердің көбісінің шығармаларымен сырттай таныс болғанмен бетпе-бет жүздесіп, пікірлескен емеспіз. Бүгін соған мүмкіндік туып тұр», - деді жазушы.
Сондай-ақ, 1973 жылы да осы іспеттес Азия-Африка қаламгерлерінің басқосуы болғанын айтты.
«1973 жылы Азия-Африка қаламгерлерінің жиыны болған. Ол әлі күнге дейін біздің есімізде. «Әлемде былай екен ғой, мына идеяны олар мына тәсілмен жеткізіп жатыр екен ғой. Біз бір орнымызда тұрып қалған екенбіз-ау», - деген сынды біздің жазушылар арасында қозғалыс болған. «Келіссөз столына отырмағаннан, келіссөз столына отырған жақсы» деген қытайдың мақалы бар. Сондықтан мұндай форумдардың болмағанынан болғаны дұрыс. Біз мінберде ғана емес, жеке-жеке кездесіп те пікірлесеміз, тәжірибие алмасамыз. Бізге беретіні осы. Ал, форум ешкімге ештеңе жазып бермейді», - деді Дулат Исабеков.