Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын - Тоқаев
2019 ж. 02 қыркүйек
2190
1
Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын. Бұл туралы бүгін 6-шақырылымдағы Парламенттің 5-ші сессиясын ашқан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз еліміздің жаңа тарихындағы маңызды белеске жақындап келеміз. 30 жылға жуық уақыт бұрын халқымыз өзінің Тәуелсіздігін жариялап, бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманын орындады. Осы уақыт ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміз әлемдегі беделді әрі орнықты мемлекетке айналды. Баянды бірлігіміздің арқасында Тәуелсіздігімізді нығайтып, халқымыздың жағдайын жақсартуға жол аштық. Бұл жасампаздық пен ілгерілеу, бейбітшілік пен келісім кезеңі болды. Еліміздің даму жолын бүкіл әлем мойындап, қазақстандық, яғни Назарбаев моделі деп атады», - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті қазір бізге Тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалына кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отырғанын айтты.
«Біз бұған Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз. Өздеріңізге белгілі, осының бәрі менің сайлауалды бағдарламамның негізі болды. Қазір мемлекеттік органдар оны жүзеге асыру үшін тиісті жұмыстар жүргізуде. Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын», - деді Қ.Тоқаев.