Болат Бақауов: Балаларды мемлекеттік тілде білім беретін балабақшаларға беру керек
2019 ж. 23 тамыз
3664
1
Павлодарда облыс басшысы Болат Бақауовтың қатысуымен педагогтардың дәстүрлі тамыз конференциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Болат Бақауов білім беру саласының қызметкерлерін жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, сәтілік пен табыс тіледі.
«Өткен оқу жылы қуанышқа толы болды. «Ұстазы жақсының - ұстамы жақсы» демекші, барлығымыз да ұстаздардың алдынан өттік. Бала тәрбиесі бесіктен басталады. Біздің басты мақсатымыз – кейінгі ұрпаққа игі дәстүрді дәріптеу. Бұл балаларды мемлекеттік тілде білім беретін балабақшаларға беруден басталады. Жастарға ана тілінде білім беру бойынша жұмысты жалғастыру керек. Мемлекеттік тіл – ұлттың рухани тірегі», - деді Болат Бақауов.
Облыс әкімі балаларды қазақ тілінде оқыту үшін мектеп жасынан барынша жағдай жасау туралы тапсырмасын еске салды.
«Барлық балабақшаларда қазақ тілінде білім беретін өлкетану курстары ашылды. Ата-аналардың сұранысы бойынша өткен жылы қазақ тіліндегі білім беретін сыныптар №3 және №8 гимназияларда ашылған. Үш жыл ішінде барлық педагогтар қауымдастығының алдында ең үздік тәжірибелер мен технологияларды қолдану арқылы қазақ тілінде оқыту сапасын арттыруды тапсырамын. Өкінішке орай, бүгінде балалар қазақ тілінде сөйлей қоймайды. Сондықтан оқыту әдістемесін толығымен қайта қарастыру керек», - деді аймақ басшысы.
«BİLİM JÁNE ǴYLYM» тақырыбындағы тамыз кеңесіне 800-ге жуық адам қатысуда. Оның ішінде аудандық, қалалық білім беру бөлімдерінің басшылары, білім беру саласының ардагерлері, облыс басқармаларының басшылары, ЖОО ректорлары, білім беру мекемелерінің директорлары мен ұстаздары және жас мамандар бар.