Тоқаев несие берешегін өтеу бір реттік акция екенін айтты
2019 ж. 15 шілде
2315
0
Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмысы төмен азаматтардың берешегін өтеу шаралары жайында сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың айтуынша, қазіргі кезде осы санатқа жататындардың тізімі жасалып жатыр. Одан кейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен тиісті мәліметтер алынады.
"Тізімдерді салыстыру жұмысы осы аптада аяқталады. Ал келесі аптадан бастап шілденің аяғына дейін банктер және микроқаржыландыру ұйымдары проблемалық кредиттер қорымен тиісті келісімдерді рәсімдейді. Ал мемлекеттік кредит бюросы 300 мың теңгеге дейін берешегі кешірілетін азаматтардың тізімін жасайды. Ал айыппұл мен өсімпұлдарды өтеу шаралары тамызға дейін аяқталады", - деді Досаев.
Президент бұл жұмысты жіті бақылауда ұстауды тапсырды.
"Бірақ бір нәрсені қайталап өтейіп, бұл – бір реттік акция. Одан кейін біз мұнымен көп айналыса алмаймыз. Көп айналысуға құқығымыз да жоқ. Дегенмен, айтқанымызды уақытында және сапалы түрде жасауымыз қажет", - деді Тоқаев.