Тілге төрелікті министрлер емес, мамандар айтсын...
2019 ж. 13 шілде
4387
11
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың терминдерді өзгерту шаралары туралы мәлімдемесіне қатысты көпшіліктің көкейінде бірқатар сұрақтар мен түсінбеушілік пайда болды. Министрдің айтуынша, халықаралық терминдерді қазақ тіліне қайтару үшін терминологиялық қорға мониторинг жүргізіліпті. Бұрын қазақ тіліне аударылған 3 300-ден астам жалпыға бірдей қабылданған термин мен ұғымдар қайта қаралып, сараптама жасалған екен.
«Олардың 300-ге жуығы – халықаралық терминдер. Мысалы, «мұражай» деген сөз «музей» болатын болды. Мұрағат – архив, тағы сондай-сондай нәрселер...», – деді Райымқұлова есеп беру кездесуінде. Бұдан бөлек, азатжол – абзац, пайыз – процент, сынып – класс, құрсым – шина, теңгерім – баланс, әнұран – гимн, мұқаммал – инвентарь, ақау – дефект, шегендеу – демаркация, мейрамхана – ресторан, қимыл – анимация, ал әлеует деген сөз – бұрынғыша потенциал болып қайта өзгертіліпті.
Министрдің бұл мәлімдемесі ел арасында көптеген дау тудырғаны белгілі. Осы тақырып енді ғана қызу талқылана бастағанда Арыс қаласында алапат апат орын алып, термин мәселесі соның көлеңкесінде қалып қойды. Қазақша айтқанда – «Байтал түгіл, бас қайғы» болып кетті.
Мың өліп мың тірілген қазақтың тарихи жолы қандай қиын-қыстауға толы бұралаң болса, оның бай, құнарлы тілінің де тағдыры оңай болған емес. Ғасырлар бойғы көптеген сыртқы, жат тілдердің оған тигізген салқыны мен әсерін айтпаған күннің өзінде соңғы бір ғана орыс тілінің ықпалы мен ығыстыру күші зор болғанын барлықтарыңыз білесіздер. Тіпті, күні бүгінге дейін орысшадан арыла алмай, күнделікті қолданыста тіліміз шұбарланып кеткен. Егемендік алған алғашқы жылдан бастап тіл мәселесі күн тәртібінен түсіп көрген емес. Жүздеген мектептер мен балабақшалар қазақ тіліне көшіріліп, «Тіл туралы» арнайы заң қабылданғанмен оның қолданыс аясы әлі жеткілікті дәрежеде еместігі баршаға аян. Мемлекет тарапынан тілдерді дамыту үшін жылына қыруар қаржы бөлініп келеді. Ол жағынан кемістік жоқ. Осы қыруар қаржыға бүкіл дүниежүзін қазақша сайратып жіберетіндей уақыт болды. Бірақ нәтиже әлі де өзіміз ойлағандай емес. Неге?
Біріншіден, тілге қатысты атқарылып жатқан іс-шаралар басым жағдайда «жоспарды орындадық» деген есеп үшін ғана жасалып жатқаны жасырын емес. Шынайы ниет, дұрыс идеология жоқ. Ел арасында түсіндіру жұмыстары жеткілікті жүргізілмейді. Мысалы егемендіктің алғашқы жылдары мен оның қарсаңында үкіметтен бір тиын бөлінбесе де халықтың ана тілімізді қайтаруға деген ұмтылысы өте жоғары болатын. Жер-жерлерде «Қазақ тілі» қоғамдары құрылып ауқымды жұмыстар атқарылды.Билеп-төстеп алған орыстілділер тарапынан көптеген қарсылықтарға қарамастан, оның нақты нәтижесін бәріміз көзімізбен көрдік. Қазір «Тәуелсіздікті алдық, тіл қайда қашады?!» деген сыңайлы пікір жайлап алғанға ұқсайды. Тіл саласы шын мәнінде белгілі бір министрліктің құрамындағы үшінші сұрыптағы мәселе деңгейінен аса алған жоқ. Өз ісімен, өз әрекетімен үлгі көрсетеді деген әкімдер, депутаттар мен министрлік қызметкерлерінің өзі қазақша сөйлесе «қақалып» жатады. Сол баяғы «сүйекке сіңген» орысшаны оңтайлы көреді. Ордалы жиналыстарда отырғандардың 95 пайызы қазақтар болса да президентімізден бастап, министрлер мен әкімдер көңіл үшін баяндамасын қазақша бастап, одан әрі орысшасына ойысып кетеді. Бүкіл қоғам соларға қарап сап түзегендіктен төмендегілерден не сұрауға болады? Екіншіден, мемлекеттік тіл деп қазақшамызды бекіткенмен, халықаралық қолданыс тілі ретінде орысшаны қосарлап қойдық. Оның да әсері аз емес. Үшіншіден, қазақ тіліне кедергі ретінде үштілділік деген жаңалығымыздың да өз «үлесі» бар. Бастауыш сыныптан, тіпті балабақшада ағылшыншамен ауызданған бала ана тілін толыққанды меңгеруі мүмкін емес. Орысшадан құтыла алмай жүргенде ағылшын тілі шықты алдымыздан кесе-көлденеңдеп. Сондықтан, барлық сабақтарды бастауыш сыныптарда тек қана қазақша оқытқанымыз жөн. Ағылшын тілін қыстап оқытатындай жұрттың бәрі жаппай шетел асайын деп жатқан жоқ қой. Керек адам өзі-ақ оқып, үйреніп алады. Ондай мүмкіндіктер бізде жетіп артылады. Бұл тілімізге тұсау болып жатқан кейбір жәйттер ғана. Тіліміздің тағдырын айтпасақ термин туралы әңгіме де болмас еді. Басымызды қатырмай-ақ орысша не ағылшынша «терминдетіп» жүре бермес пе едік. Сонда қазақ деген ұлт қайда қалады? Қазақ тілі болмаса, қазақ деген ұлт та жойылады. Төлқұжатта «қазақ» деген жазуды көрсетіп барып, қазақ екенімізді дәлелдеуге тура келеді. Ана бір жылдары кейбір пысықайлар құжатқа ұлтты жазбайық деген ұсыныстар айтқан кездер болды. Мысалы үнді, кубалықтар сияқты көптеген халық ағылшын, испан тілдерінде сөйлейді. Өйткені, олар сол ағылшындар мен испандықтардың ұзақ жылдар құлдығында болып келді. Біз де солардан асып кете қойған жоқпыз. Орыс тілінің етене енуі соның нақты дәлелі. Демек, тіл – ұлттың егемендігі мен тәуелсіздігінің де белгісі. Олай болса халықаралық қауымдастыққа құлшылық ұрып, ағылшын тілі деп айқайлауымызға жол болсын. Балаларымызды ағылшын тілімен ауыздандырсақ ертең қазақ түгіл осы орыс тіліне де зар болып қаламыз. Халықаралық термин деп тәуелсіздігімізді тәрк етіп, ұлтымызды ұмытуымыз керек пе? Бұл құлдық санадан арыла алмай отырғанымызды көрсетеді. Енді министріміз Ақтоты Райымқұлова бастап берген аударма, оның ішінде тікелей термин сөздердің өзіне көшелік.
Ұлты – неміс, жаны – қазақ, көрнекті жазушы, шебер аудармашы Герольд Бельгер көзінің тірісінде «Өмірімнің 43 жылын қазақтардың арасында, қазақ тіліне құлағымның құрышын қандырумен келген екем. Менің ұғым-түйсігімде қазақ тілі құдды қазақтың осынау кеңпейіл, мейірбан дархан даласы сияқты ғажайып ұшан-теңіз бай, шешен де көркем тіл. Тек сол оралымды бай тілді «қиыннан қиыстырар ел данасы» керек. Өз басым осылай түсінемін», – деген екен. Қазақ, орыс, неміс тілдерін еркін меңгерген Герағаның қазақ тілі туралы бұл пікірі көп нәрсені аңғартады. Өлерінің алдында өзін мұсылмандар зиратына жерлеуді аманат етіп кеткен Герағаң өмір бойы қазақ тілінің құдіретіне бас иіп, оның көркемдігі мен шешендігіне таңғалып, тамсанумен өткен қаламгер. Қазақ тілінің байлығы соншалық, кейбір сөздердің елуден астам баламасы барлығын, мұндай құбылыс әлемдегі ешбір тілде жоқтығын да айтып кеткен Бельгер болатын. Міне, ұлтыңды, өзіңнің ана тіліңді, қазақ тілін қадірлеудің озық үлгісі! Ал, анадан қазақ болып туған біздер не істеп жатырмыз?.. Құдайдың өзі берген көркем тілдің байлығын жоғалтуға, тілімізді тазартудың орнына оны өзге тілдермен ластауға жол ашып отырмыз.
Бір елдің екінші бір елге салт-дәстүр, әдебиет, өнер, тіл жағынан әсері мен ықпалы болары сөзсіз. Бірақ бұл көрінген кірме сөздерді талғамсыз қабылдай беру керек дегенді білдірмейді. Біз қалайда төл сөздерімізге басымдық беріп, тіл тазалығын сақтауға міндеттіміз. Жаһандануды алға тартқандар терминдерді сол күйінде аудармасыз қалдыруды ұсынып жүр. Оған министр Райымқұлованың соңғы мәлімдемесі дәлел. Егер сол шетелдік терминнің мазмұнын-мағынасын дөп беріп тұрған, қолдануға ықшамды қазақша аудармасы болып тұрса біз неге одан бас тартуымыз керек? Батыс етігін басына кисе, біз де соны қайталауымыз керек пе? Өзге ұлттар түсінбейді деп кім көрінгеннің тілінде сөйлеуіміз қажет пе? Өткен жылдардың бірінде Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-да қазақша сөйледі деп жүрегіміз жарылардай қуанып әлемге жар салдық. Сол қуаныш қайда қалды? Біз түгіл, біздің бір облысымызға жетер-жетпес кішкентай ғана, ергежейлі елдердің басшылары өз тілінде сөйлеп жатыр емес пе?! Оған бола даурығудың қажеті жоқ. Дұрыс, өз тілімізді ұлықтай білуіміз керек, әлемдік деңгейдегі жиындарда да қазақ тілінде сөйлегеніміз жөн. Енді біреулер қазір халықаралық отырыста баяндама жасағанда біз аударған терминдерді өзгелер түсінбей қалуы мүмкін, сондықтан сол күйінде өзге тілде қалдырайық деп ұрандатуда. Құдды бір шетелдіктер қазақ тілін меңгеріп, біз жаңадан аударған терминдерді ғана түсінбей қалатындай күйзеліс білдіруде. Ау, сонда бір баяндамадағы кездесетін он шақты термин арқылы олар біздің не айтқымыз келгенін бірден түсіне қояды ма екен? Бұл – керітартпалардың сыныққа айтар сылтауы ғана, қазақ тілінің болашағына бей-жай қарау. Ондай ордалы отырыстарда кезкелген тілдерді қолмақол аударып беретін мүмкіндіктер жеткілікті. Қазір шетелден оқып келген, неше түрлі тілді меңгерген оқымыстыларымыз толып жатыр, соларды пайдаланбаймыз ба?
Әділін айту керек, бізде шетелдік атауларды, түрлі терминдерді аудару жағынан оңды, тыңғылықты тәжірибеміз бар. Көптеген сөздер аударылып, құлаққа қонымды, санағы сыйымды болып, қолданысқа тұрақты еніп кеткені белгілі. Осы жерде бір өзі 5 мыңға жуық сөздерді қазақшалаған, жаңа сөздер құрастырған белігілі қаламгер Ісләм Жарылғаповтың есімін ерекше атап өткеніміз жөн. Аялдама, анықтама, жағажай, балмұздақ, күнделік, көрермен, оқырман, тыңдарман, саяжай, ғарыш, зымыран, баспагер, ғарышкер, қаламгер, өркениет, қаламақы, зейнетақы тәрізді толып жатқан өзге тілдерден жасалған сәтті аудармаларын кең қолданысқа енгізді. Одан қазақ тілі зардап шеккен жоқ, керісінше дами түсті. Сол дәстүрді жалғастырудың орнына, енді міне біз терминдерге төңкеріс жасап, тігісін сөгіп, астарынан ақау іздей бастадық. Кең қолданыс тапқан әнұранды қайтадан – гимн, мұражайды – музей, мұрағатты – архив деп атайтын болдық. Жаппай қолданысқа еніп, халықтың қолдауын тапқан әп-әдемі «әнұран» сөзінің кімге жақпай қалғаны белгісіз. Мұражайдан да мін көріп тұрған жоқпыз. Мысалы, музей сөзі ағылшынша мешіт, шіркеу деген мағынаны да білдіреді. Ал қазақшасында нақты бір ғана ұғымды білдіріп тұр. Сондықтан, сәтті аударылып, тілімізге кірігіп кеткен терминдердің шеттілдік нұсқасын қайта күштеп кіргізудің қажеті жоқ. Ал, сәтсіз, құлаққа түрпідей тиетін аудармалардан аулақ болған жөн. Өкінішке орай, ондай аудармалар да аз емес.
Терминология саласын қайта сараптау неден басталды? Өз жолдауында Елбасы: «Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет. Алайда, соңғы жылдары әлемде қалыптасқан 7 мың термин қазақ тіліне аударылған. Мұндай «жаңалықтар» кейде күлкіңді келтіреді. Мысалы,«ғаламтор» (интернет), «қолтырауын» (крокодил), «күйсандық» (фортепиано) және тағы сол сияқтылар толып жатыр. Осындай аудармаларды негіздеу тәсілдерін қайта қарастырып, терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек» – деуі мұң екен, терминдерді тексеруді бастап кеттік. Оған дейін ешкімнің ойына келмегені ме? Бізде бір жаман әдет бар, президент немесе министр, әкім айтса шапқылай жөнелеміз. Олардың айтқаны бұрыс болса да тоқтамаймыз ғой. Шынына келсек, Елбасының мамандығы – металлург, ал, А. Райымқұлова музыка саласының маманы. Тілге төрелікті министрлер емес, осы саланың жілігін шағып майын ішкен майталман мамандар айтып, бағыт-бағдар беруі керек. Мамандардың өзі де өте сақ болғаны дұрыс. Олар да іштен оқып, данышпан болып туылған жоқ. Күштеп теліген термин немесе сәтсіз аударылған атаулардың өмірі бәрібір онсыз да қысқа болады. Ертеңгі күні қолданыстан өзінен өзі шығып қалады. Сондықтан, «теркомда» отыр екенбіз деп, жаңадан ұсынылған аударма мен терминдерге табалдырықты аттамай жатып үкім шығарудың қажеті жоқ. Қолданысқа түсіп көрсін, тілімізге кірігіп кетсе қозғамайық, одан ешқандай зиян көрмейміз. Оны қолданыс барысында халықтың өзі сайлаудағыдай дауыс берусіз-ақ шешеді, өміршең сөз өз орнын табады. Өйткені, тіл президенттің, министрдің жекеменшігі емес, ол зауыт-фабрикалар сияқты жекешелендіруге жатпайды. Тіл – бүкіл ұлттың баға жатпес ортақ байлығы. Оған жоғарыдан берілген бұйрық пен үкім жүрмейді. Бірақ оның тазалығын сақтап, дамыту бәріміздің төл міндетіміз.
Зейнолла АБАЖАНОВ
qazaquni.kz