Нұрлан Ермекбаев: Зардап шеккен тұрғындардан кешірім сұрадым және тағы сұрауға дайынмын
2019 ж. 10 шілде
3511
2
ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Арыстағы жарылыс туралы қоғамдық резонанс тудырған пікірге түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жағдайды әділ бағалау үшін жауапкершілік пен кінәні шатастырмаған жөн. Мен жауапкершіліктен қашпаймын. Ал кінәні сот анықтайды. Бұған дейін бірнеше рет өз атымнан, әскерилер атынан Арыс тұрғындарына жағдайға байланысты өкініш білдірдім. Қаралы үйге көңіл айттым, кешірім сұрадым. Әлі де зардап шеккендермен жүзбе-жүз кездесіп, кешірім сұрауға дайынмын», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, әскери адамның міндеті - әдемі сөз сөйлеп, популизммен айналысу емес, нақты істер арқылы жағдайды түзету.
«Бейтаныс жігіт келіп, амандаспай, өзін таныстырмай, экономикаға нұқсан келтірдің деп айыптаса және камера алдында кешірім сұрауды талап етсе, әр адам әртүрлі жауап қатар еді. Мен де бейтаныс адамға кешірім сұраудың негізі жоқ деп жауап бердім. Қайталап айтамын, мен камера алдында емес, зардап шеккен тұрғындардан кешірім сұрадым және тағы сұрауға дайынмын», - деді Н. Ермекбаев.
Сонымен бірге, министр қоғамдық резонанс тудырған «Табиғи нәрсе» сөзі туралы түсініктеме берді.
«Мен орыс мектебін бітіргенмін. 1 сыныптан 10 сыныпқа дейін қазақ тілінде бірде-бір сабақ алмағанмын. Сондықтан, қазақ тілін мүлтіксіз білемін деп айта алмаймын. Бірақ, елімізде қазақ тілін жетік білетін адамдар «табиғи нәрсе» сөзін орысшаға дұрыс аудармады. Сөздікте «табиғи» сөзі ең алдымен «естественный» деп аударылады. Айтқым келгені, бөлім командирін кінәлі деп айтуға болмайды. Себебі, әрбір әскери нысанда қауіп-қатер болады. Мұнда салғырттық немесе немқұрайлық, әдейі жасалған немесе техникалық себептер болуы мүмкін. Оны арнайы комиссия анықтайды», - деп өз сөзін түйіндеді Қорғаныс министрі.
Еске сала кетейік, 3 шілдеде Нұрлан Ермекбаев үш адам қаза тауып, мыңнан астам нысанның бүлінуіне себеп болған Арыстағы жарылысты «табиғи құбылыс» деп атап, халықтан «кешірім сұраудың ретін көріп тұрған жоқпын» деп мәлімдеген еді. Министрдің мәлімдемесінен кейін әлеуметтік желі қолданушылары оның пікірін сынаған. Министрдің мәлімдемесін сынға алған белгілі ақын Қазыбек Исаның «ХАЛЫҚТАН… ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ!?.» атты мақаласы да «Қазақ үні» ақпарат агенттігінде жарияланып, оқырманның қолдауына ие болған.