"АҚ ЖОЛ" партиясы журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтады
2019 ж. 09 шілде
4160
0
"Ақ жол" демократиялық партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев журналистердің кәсіби мерекесіне орай БАҚ өкілдерімен кездесу өткізді. Мейрам қарсаңында Арыстағы алапат апаттан зартап шеккен халықтың хал-ахуалымен танысып, көмек қолын созуға Түркістан облысына аттанған ақжолдықтар осынау салтанатты шараны өткізудің орайы енді келіп тұрғандығын да тілге тиек етті.
" - Журналистердің қоғамда алатын орны айрықша. Сіздер халық пен билік арасындағы алтын көпірсіздер. Қоғамда орын алған кез-келген мәселені сіздер қалай жеткізсеңіздер, халық солай қабылдайды. Еліміздегі күрмеуі қиын проблемалардың дені сіздердің ықпалдарыңызбен оң шешімін тауып жатады. Алдағы уақытта да Тәуелсіз Қазақстанымыздың әлеуметтік, экономикалық тұрғыдан дамуына өздеріңіздің зор үлестеріңізді қосып, жағымды жаңалықтың жаршысы бола беріңіздер! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылықтарыңызға толағай табыстар тілеймін!" , - деп партия төрағасы Азат Тұрлыбекұлы өзінің жүрекжарды лебізін білдірді.
Сондай-ақ, "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары, "Қазақ үні" газетінің президенті Қазыбек Иса: " - Көрнекті қаламгер Шерхан Мұртаза: "Журналистердің арқалағаны - алтын, жегені - жантақ" деген сөзді айтқанда, оларға артылар жүктің ауыр екенін меңзегені белгілі. Құрметті жауапкершілігі мол, жүгі ауыр журналистика саласының қазанында қайнап жүрген менің әрітпестерім! Сіздерді кәсіби мерекемізбен шын жүректен құттықтаймын. Ұлтымыздың ұлы мұраттарға жету жолындағы еселі еңбектеріңізге жеміс тілеймін. Қашан да қазақтың тілін, ділін қорғап, халыққа қалтқысыз қызмет ете берейік. Алаш арыстарының ізбасары - "Ақ жол" партиясымен келешекте де бірлесе отырып ауқымды істерді атқаруға ұйытқы болайық!", - деп ізгі тілегін арнады.
Шараның тізгінін ұстаған "Ақ жол" партиясы Орталық Комитетінің хатшысы Арман Сқабылұлы басқосуға жиылған әріптестеріне деген ыстық ықыласын білдіріп, партия мен БАҚ арасындағы жұмысты одан әрі жандандыра түсу жолындағы ұсыныстарын да ортаға салды.
Шара аясында "Ақ жол" демократиялық партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев еліміздің саяси-экономмикалық, әлеуметтік мәселелерін шынайы жеткізіп жүрген Құлтөлеу Мұқаш ("Қазақ үні" газеті), Берік Бейсен ("Қамшы. kz "), Даурен Қуат ("Қазақ әдебиеті"), Лев Тараков ("Время"), Гүлмира Садық ("Қазақ үні" газеті), Дина Елгезек, Нұргелді Әбдіғани ("Абай. kz "), Азамат Тасқара ("Қазақ үні" ұлттық порталы), Оңғар Қабден ("Адырна" ұлттық порталы), Айбол Исламғали ("Ұлт. kz "), Александра Алехова (365info.kz), Айнұр Төлеу("Жетісу арнасы"), Жанар Оразымбет("Қазақ радиосы") және басқа да БАҚ өкілдерін Алғыс хатпен марапаттап, сый-құрмет көрсетті.
Басқосу барысында "Ақ жол", "Қазақ үні", "Жетісу", "Домбыра" атты төрт бірдей топ жасақталып, боулингтен жарыс өткізді. Тартысты өткен ойын нәтижесінде белгілі ақын Қазыбек Иса бастаған "Қазақ үні" тобы өзгелерден оқ бойы озық шығып, 1-ші орынды иеленді. Жеңіс тұғырынан көрінген жеңімпаз топқа арнайы медаль мен алтын кубок тапсырылды. Жоғарыда атап өткен топтар өзге жүлделі орындарды өзара бөліске салды.
Келешекте де мұндай игі шаралар жалғасын таба бермек.
Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz