Ол Арыстағы оқиғадан зардап шеккен отбасыларға көңіл айтып, бейбіт уақытта мұндай төтенше оқиғалар болмауы тиіс деді.
"Елдің қорғаныс күштерінде қызмет ететін барлық әскерилер зардап шеккендердің қайғысына ортақтасады. Әскери борышын өтеуге барған кез келген әскери қызметкер саналы түрде тәуекелге барып, жауапкершілікті мойнына алады. Сондықтан әскери қызметкер үшін тәуекелге бару - табиғи құбылыс. Бірақ бейбіт заманда әрине, мұндай апат болмауы тиіс, бұл қалыпты нәрсе емес. Сондықтан қазір жан-жақты тергеу жүріп жатыр. Кінәлілер қатаң жауапкершілікке тартылады, ешкім оларды жасырып, ақтамайды. Кешірім сұрау мәселесі - бұл әскери қызметкерлер, мен және Арыс тұрғындары арасындағы мәселе" деді министр.
3 шілдеде Нұрлан Ермекбаев үш адам қаза тауып, мыңнан астам нысанның бүлінуіне себеп болған Арыстағы жарылысты "табиғи құбылыс" деп атап, халықтан "кешірім сұраудың ретін көріп тұрған жоқпын" деп мәлімдеген еді. Министрдің мәлімдемесінен кейін әлеуметтік желі қолданушылары оның пікірін сынаған. Министрдің мәлімдемесін сынға алған белгілі ақын Қазыбек Исаның "ХАЛЫҚТАН… ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ!?." атты мақаласы да "Қазақ үні" ақпарат агенттігінде жарияланып, оқырманның қолдауына ие болған.