Мамин бюджет қаржысын дұрыс жұмсамағандар жазаланатынын айтты
2019 ж. 20 маусым
2458
2
Бюджетті тиімсіз жұмсаған мемлекеттік орган басшыларына жауапкершілік күшейеді .Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында премьер-министрі Асқар Мамин мәлімдеді.
Мәжіліс депутаты Қожахан Жабағиев Үкімет басшысы Асқар Маминнен бюджеттік бағдарламаларды сапасыз орындағаны үшін және көрсеткіштерге қол жеткізбегені үшін басшыларға қандай шара қолданылатынын сұрады.
«Депутаттар Үкімет пен Есеп комитетінің есептерін талқылау кезінде бюджет бағдарламалары ғана емес, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың сапасыз орындалғаны, ондағы көрсеткіштерге қол жеткізілмегені бойынша мысалдарды көптеп келтірген болатын. Бұл жағдай жыл сайын қайталануда. (...) Асқар Ұзақбайұлы, елімізде заңнамалық базада жоспарлау әдістемесі бар. Сапасыз жоспарлағаны үшін жауаптылық атап көрсетілген. Сіздің пікіріңізше, республикалық бюджетті сапалы жоспарлауға не кедергі? Бюджет қаражатын тиімді пайдалану сапалы жоспарлауға тікелей байланысты емес пе? Үкімет бюджеттік бағдарламаларды сапасыз орындағаны және көрсеткіштерге қол жеткізбегені үшін басшыларға қатысты қандай шараларды қабылдады?» - деп сұрады ол.
Премьер-министр бюджетті жоспарлану процесі бюджет нормаларына сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Дұрыс айтып өттіңіз. Осы процесте көп кемшіліктер бар. Соларды жою, жетілдіру мақсатында Үкіметте бірқатар тұжырымдамалық өзгерістер дайындап жатырмыз. Мысалы, қазіргі уақытта мемлекеттік органдар алдымен өздерінің стратегиялық жоспарларын бекітіп, шығыстар лимиттерін белгілеуде. Енді біз қазір басқаша қарап, шығыстар лимиттерін стратегиялық жоспарларды қалыптастыру кезінде айқындауды қарастырып жатырмыз. Белгіленген лимиттер арқасында стратегиялық міндеттердің түпкілікті көрсеткіштері нақты жоспарланып, нәтижесінде бюджеттік жоспаралуды игеру сапалы болады деп сенеміз», - деді Мамин.
Үкімет басшысы бюджеттің тиімсіз жұмсалғаны үшін басшылардың жауапкершілігін күшейту бойынша заң жобасы әзірленіп жатқанын айтты.
«Сіз басшылардың жауапкершілігі жөнінде өте маңызды сұрақ көтердіңіз. Бүгін 200 астам қызметкеріміз тәртіптік жауапкершілікке тартылды деп айтты. Жаңа өзгерістердің ішінде бірінші басшылардың жауапкершілігін күшейтуге бағытталған заң жобасы әзірленуде. Жоспарлап отырған өзгерістерге сәйкес тиісті заң жобасын жыл аяғында Парламентке енгіземіз», - деп жауап берді премьер-министр екі палатаның бірлескен отырсында.