Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі әлеуметтік маңызы зор бағдарламаларды жүзеге асырмақ
2019 ж. 19 маусым
2909
0
Алматы қаласындаТұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Қоғамдық кеңес мүшелері екі бірдей әлеуметтік маңызы зор тұрғын үй бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен жұртшылықты жете таныстырды. Жиынды Қоғамдық Кеңес төрағасы Сергей Пономарев жүргізіп отырды.
Атап айтқанда, әскери қызметкерлерді баспанамен қамтуға бағытталған «Әскери өнім» бағдарламасы мен тұрғын үй сатып алу үшін табысы төмен отбасыларды несиелендіруге арналған «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағыты әңгіме өзегіне айналды.
Елдің амандығы мен тыныштығы жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан әскерилерді баспанамен қамту – жарқын болашағымыз үшін жасалған игі қадам екені сөзсіз. Аталмыш бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыстар бүгінде көңіл қуантарлық.Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 1,5 ай ішінде 3 800 әскери қызметкердің тұрғын үй мәселесін шешуге септігін тигізді. Мұндай рекордтық көрсеткіш күні бүгінге дейін банк тарихында болған емес. Тарқатып айтар болсақ, банк 2 566 займ беріп, 1 224 несиелік өтінімді мақұлдады. Сондай-ақ, 73 өтінім әлі де қарастырылу үстінде.
- «Әскери өнім» бағдарламасы – банктің жеке бастамасы болып табылады. Бағдарлама шарттарының тиімділігін арттыру нәтижесінде оған деген сұраныс та артып келеді.Әскерилерді қолдауға бағытталған осынау бағдарлама шеңберінде тұрғын үй төлемдерін алушылар15 пайыз бастапқы жарнамен несиені жылдық 8 пайыз мөлшерлеме бойынша алады. Заемды иелену үшін әскери қызметкерлер бұрынғыдай конкурсқа қатысып, оның нәтижесін сарылып күтпейді. Олар тек өздеріне қажетті әрі қолайлыбаспананы тауып, банкпен байланысса болғаны. Қазіргі таңда, әскери қызметкерлерге несие беру мақсатында біз өз қаражатымызды пайдаланып, 2019 жылы бөлінген58,6 млрд. теңгенітолықтай игердік. Берілген несиенің орташа сомасы 15 млн.теңгені құрап отыр», – деп атап өтті Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Басқарма Төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Бүгінде Елбасымыздың бастамасымен қоғамдағы әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға мейілінше қолдау көрсетіліп жатқаны белгілі. Осынау игі бастама аясында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ағымдағы жылы табысы төмен отбасылар санатына жататын тағы 6 000 адамның баспана мәселесін шешпек. Бұл тұрғыда арнайы «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағыты әзірленді.
Қоғамдық кеңестің отырысы кезінде аталған бағдарлама Қаржы министрілігі тарапынан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 50 млрд. теңге көлемінде қаражат түскеннен кейін басталатындығы тілге тиек етілді.
Бүгінгі күні көп балалы және толық емес отбасыларды жалдамалы пәтерден өз баспаналарына көшіру– банктің алға қойған маңызды міндеттерінің бірі болып отыр. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды тек салымшылардың өздері ғана емес, қоғам мүшелері мен журналистер де бақылайтын болады.
Шара барысында Қоғамдық кеңес Төрағасы Сергей Пономаревнесие беру процесінің айқын түрде жүргізілетіндігін атап өтті.
Тұрмысы төмен отбасыларды баспанамен қамтуға арналған бұл бағдарламаның қарапайым халыққа берері мол. Осынау бағдарламаның игілігін көпбалалы және кәмелет жасына толмаған балалары бар толық емес отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған отбасылар көрмек.
Олар заем сомасының 10 пайызын құрайтын бастапқы жарнамен несиені жылдық 2 пайыз мөлшерлеме бойынша алатын болады. Ал, жаңадан салынған үйден пәтер алатын, бірақ бастапқы жарнаны төлеуге шамасы келмеген отбасыларға жергілікті әкімдіктер арқылы тұрғын үй сертификаттары берілуі мүмкін. Ал несие 20 жыл мерзімге берілмек.
Бағдарламаға қатысушылар несиелік өтінімді банкке өткізу үшін ең алдымен міндетті түрде жергілікті әкімдіктен жолдама алулары керек.Аталған жолдама бағдарламаға қатысушының расымен де әкімдіктебаспанаға мұқтаждар қатарында кезекте тұрғанын дәлелдейді.
Жеңілдетілген несиенің көмегімен жаңа салынған және нарықта сатылымда тұрған үйден пәтер немесе жер үй сатып алуына болады. Займның ең жоғарғы сомасы – 15 млн. теңгеге дейінгі соманы құрап отыр. Бұл Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтау және Шымкент қалаларына арналған тұрғын үй құны. Ал өзге өңірлерде 10 млн. теңгеге дейін.
Бұл нағыз үйі болмағасын күйі болмай жүрген әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың мүддесін қорғайтын бағдарлама. Соған сай бағасы да қолжетімді. Барлығына ұғынықты болуы үшін тарқатып айтар болсақ, бағдарламаға қатысу үшін отбасының әр мүшесіне келетін табыстың көлемі айына 42 500 теңгеден аспау керек. Мәселен, отбасында 5 адам болса, онда ең жоғарғы табыс мөлшері –212 500 теңгеден артық болмауы тиіс.
Осылайша, бағасы 9 млн. теңгелік тұрғын үй үшін, алғашқы 8 жыл ішіндегі алдын ала заем бойынша төлем мөлшері 47 400 теңгені құрайды. Ал одан кейінгі соңғы 11 жыл ішінде тұрғын үй заемы бойынша 31 760 теңгеден төлеп тұру қажет. Яғни, бұл - бұған дейін өзгенің босағасында күн кешіп келген тұрмысы төмен отбасылар үшін таптырмас зор мүмкіндік.
Отырысқа қатысқан Қоғамдық кеңес мүшесі, белгілі журналист Айнаш Есали оңай жолмен пәтер иеленуді көздеген кейбір ерлі-зайыптылардың өтірік ажырасу фактілері қоғамда жиілеп кеткендігін атап өтті. Және осы бір өзекті мәселені шешудің қандай жолдары бар екендігін банк басшылығынан сұрады.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Басқарма Төрайымы Ләззат Ибрагимова бұл бағытта тиісті орындардың жұмыс істеп жатқандығын, алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстардың жандана түсетіндігін жеткізді.
Болашақта "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" тындырымды тірліктерінің арқасында көптеген отбасы баспанаға қол жеткізіп, қоныс тойын тойлағалы тұр. Ендеше, әрбір қазақстандық баспаналы болсын деп тілейік!
qazaquni.kz