«XXI ғасырдағы Алаштың ақ жолы» атты жалпыұлттық байқауының жеңімпаздары анықталды
2018 ж. 14 желтоқсан
4319
1
13 желтоқсан күні Астанада «Ақ жол» демократиялық партиясының төл жобасы – «ХХI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» байқауының қорытынды кезеңі болып өтті. Тәуелсіздік күні қарсаңында өткен ұлттық байқаудың ақтық мәресінде әр өңірлерден келген 12 үміткер бақ сынасты.
Оған белгілі алаштанушы ғалымдар, Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Ақ жол» партиясы Орталық Кеңесінің мүшелері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Конференцияны құттықтау сөзбен «Ақ жол» партиясының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев ашты.
Байқауды қазылар алқасының төрағасы академик, профессор Дихан Қамзабекұлы жүргізді. Елімізге белгілі алаштанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлы Жүсіп, алаш қайраткерінің ұрпағы, ғалым Қайырбек Кемеңгер және филология ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Жұмағұлов төрағалық еткен Қазылар алқасы төрт номинация бойынша өткен Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтады.
Нәтижесінде «Алаш қозғалысы және ұлтты саяси дамыту мәселелері» номинациясы бойынша бас жүлдені Бауыржан Айманов; екінші орынды Нұргүл Бекжанова; үшінші орынды Әзизбек Сүлейменов иеленді. «Алаш қозғалысы және ұлтты экономикалық-әлеуметтік дамыту мәселелері» номинациясы бойынша бас жүлдені Қайрат Динара; екінші орынды - Жылқыбаев Асылболат; үшінші орынды - Мейрамбекова Динара иеленді. «Алаш қозғалысы және ұлтты рухани жаңғырту мәселелелері» тақырыбы бойынша бірінші орынға Мырзағали Абай; екінші орынға Уәлиев Талапкер; үшінші орынға Кенжебаева Алтынай ие болды.
«Алаш қозғалысы тарихындағы белгісіз оқиғалар мен жаңа есімдер» номинациясы бойынша: бас жүлденінің иегері Әлібек Байбол атанып, екінші орынға Жастілек Надия; үшінші орынға Нәмет Бағлан ие болды.
Жеңімпаздарға 300 мың, 200 мың және 100 мың көлемінде сертификаттар берілді. Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің барлығының омырауларына «Алаштың ақ жолы» төсбелгісі қадалып, тиісті дипломдар табысталды.