«Ақ жол» партиясы Алаш мұрасын насихаттау бойынша биыл қандай шаралар өткізді?
2018 ж. 04 желтоқсан
11952
2
Қазақстанның қазіргі Парламентінде «Ақ жол» демократиялық партиясы бар. «Ақ жол» партиясының Алаш қайраткерлерінің рухына арнап атқарған шаруалары аз емес. Оған көзімізді жұма алмаймыз. Сөзіміз сұйық шықпас үшін біз аталған партияның биылғы жылғы бағдарламасын қарап шықтық, - деп жазды abai.kz порталы.
«Ақ жол» Демократиялық партиясы және елдегі ахуал» атты саяси бағдарламасының «Ақ жол» партиясының қазіргі замандағы рөлі мен орыны» дейтін тарауында былай деп жазылыпты:
«Біздің партия ұлттық мемлекеттілікті қалыптастырудың іргелі негіздерін қалаған, ұлттық мүдделерімізді әлемдік өркениеттің үздік жетістіктерімен ұштастыру негізінде, қазақ қоғамын еуропалық жолмен жаңғыртуды өзінің мақсаты еткен «Алаш» ұлт-азаттыққозғалысының ізбасары болып табылады. «Алаш» қозғалысының базалық құндылықтары – ұлттық дербестік, либерализм, демократия, жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтары, өнімді нарықты экономика, этностар мен діндердің тең құқықтылығы - біздің бағдарларымыз болып қызмет етуін жалғастырады».
Әрі қарай, «Қазақстан халқының рухани және мәдени салаларының дамуы» дейтін тарауда:
«Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің идеялық көзқарастарын зерделеу және көпшілікке, соның ішінде орыстілді аудиторияларға да тарату және олардың ХХІ ғасырда, әсіресе қазақстандық қоғамды еуропалық жолмен әлеуметтік, саяси және экономикалық жаңғырту бөлігінде қажеттілігі жөнінде бағдарлама қабылдау», деп партияның атқаруға тиіс шараларын өзіне міндеттейді.
Міне, сол міндетті партия қаншалықты атқарды, биыл? Рет-ретімен жазайық:
2018 ақпан. «Оренбургский путь Ахмета Байтурсунова» атты кітаптың тұсау кесері болды. Алаш зиялылары Ресей тарихшыларының назарында атты жиыны өтті. Онда Орынбор мемлекеттік педагогикалық университеті тарих кафедрасының меңгерушісі, профессор Сергей Любичанковский мен осы кафедра доценті Татьяна Тугай, Орынбордағы «Бәйтерек» қайырымдылық қорының жетекшісі Сауле Совхозовна, «Ақ жол» партиясының Алматы облыстық филиалының төрағасы Мейраш Шынасылова, төраға орынбасары Ерлан Ақжолов қатысты.
2018 сәуір. «Ақ жол» демократиялық партиясы 2018 жылғы «ХХI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық Байқауының басталғанын жариялады.
Азат Перуашев қуғын-сүргiнге ұшыраған аталарының суреттерiмен шеруге шығуды ұсынды
2018 мамыр. 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін мен Ашаршылық күні – «Ақ жол» демократиялық партиясының депутаттары мен Орталық кеңсесінің қызметкерлері қуғын – сүргін құрбандарына арналған «АЛЖИР» қасірет кешенінде болып, гүл шоқтарын қойды. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев әрiптестерiне келешекте осы күнi қуғын-сүргiнге ұшыраған аталарының суреттерiмен шығуды ұсынды. (Бессмертный полктың аналогы ретінде)
2018 тамыз. Орал қаласында алаштанушы, тарих ғылымдарының кандидаты, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры Дәметкен Сүлейменованың «Жаһанша Досмұхамедов һәм қазақ автономиясы» атты жаңа кітабы жарық көрді. Демеушілік жасап, кітапты шығарған «Ақ жол» партиясы.
2018 қыркүйек. Азат Перуашев Санкт-Петербург Орман технологиялық университетінің ректорына осы оқу орнының түлегі Әлихан Бөкейханның мемориалды тақтасын орнату туралы ұсынысын жолдады.
2018 қыркүйек. «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық Байқауына ұсынылатын жұмыстарды қабылдау мерзімі көпшіліктің өтініші бойынша 2018 жылдың 1 қарашасына дейін ұзартылды.
2018 қазан. Ерейментау өңірінде Перуаш Кәрімұлына және Алаш ұстанымы үшін құрбан болған арыстарға арналған республикалық жарыс өтті.
Петерборда Әлиханға ескерткіш тақта орнатылады
2018 қазан. «Ақ жол» партиясының ұсынысымен Санкт-Петерборда Әлиханға ескерткіш тақта орнатылатын болды. Бұл ұсынысты, яғни ескерткіш тақта орнатуды «Ақ жол» Демократиялық партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев бастаған парламенттік фракция ұсынып, аталмыш Университеттің ректорына арнайы хат жолдаған болатын. Нәтижесінде осындай сәтті де, қуанышты шешім қабылданды.
2018 қараша. Ақтөбеде «XXI ғасырдағы Алаштың ақ жолы» атты жалпыұлттық байқаудың екінші кезеңі өтті.
2018 қараша. Азат Перуашевтың Әлихан Бөкейханға арналған естелік тақтаны орнату ұсынысы бойынша жолдаған хатына Қазақстан Республикасының Ресейдегі елшісі И. Тасмағамбетов жауап берді.
Бұдан бөлек ҚР Парламенті Мәжілісінің «Ақ жол» фракциясы былтыр да, биыл да депутаттық сауал жолдап, Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан шығармаларының толық жинағын және Алаштанушы ғалымдардың 20-ға жуық зерттеу еңбектерін шығаруға бюджеттен қосымша қаржы бөлуді сұрады. Нәтижесінде, биыл ҚР Мәдениет және спорт министрлігі аталған шығармаларды басып шығаруға құлық танытты.
Осы ретте жыл сайын дәстүрлі ұйымдастырылып келе жатқан «XXI ғасырдағы Алаштың ақ жолы» атты жалпыұлттық байқауы жайлы бір ауыз сөз айтқанымыз жөн болар.
Биыл бұл байқауға ұзын-ырғасы 150 адам қатысқан екен. Бұл жүз елуі Алаш қайраткерлерінің мұрасын зерттеп жүрген жиырмадағы жастар.
Расында, бұл байқаудың саналары кеңестік кесір идеологиямен уланбаған, Алаш арыстарын, Әлихан Бөкейхан бастаған Ұлт зиялыларын пір тұтатын Тәуелсіз саналы азат ұрпақты тәрбиелеуде маңызы ерекше.