Жеткенін бағамдап, барын бағалаған қашанда жүрісінен жаңылмайды.Бұрынғылардың өнегелі істерін бағамдай білген жұрт болашаққа батыл қадам жасай алады. Тарихтан тағылым алғандар ғана өз тағдырын айқындай біледі. Сондықтан тарихты ұлт санасында сақталған ел мұратының жасампаз жылнамасы деуге болатын шығар.
Ұлы Даланың ұшы-қиырсыз атырабында ұлы мемлекеттер құрған бабалардың мемлекетшілдік санасының қалыптасуында құтты қоныстардың рөлі айрықша болғаны белгілі. Көктің құты қонған, жаһанның жартысына әмірін жүргізген құдіретті қағандар қарашасына берекелі мекен, жайлы қоныс іздеген кезде Жерұйық-Жиделібайсын аңсарын алдыңғы қатарға шығарыпты. Сөйтіп есте жоқ ықылым заманнан бері жаттың аяғына таптатпайтын, өз бастарын бәйгеге тіксе де, өзгеге бермейтін киелі мекендерін сақтап келіпті. Сондықтан Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын ұлт жадында сақталған осы байырғы ұғымдардың заманауи үлгіде айшықталуы деп бағамдауға болады.
Өрелі Өтүкеннің өнегесі
Рухани жаңғыру, бұл – өткен тарихымыз бен бүгінгі өміріміз, баянды болашағымыздың үйлесімді тоғысы. Бұл тоғысу – тарих, тұлға және киелі жердің жарасымы арқылы баянды болмақ. Бұл тұрғыдан алғанда киелі жер эпикалық санада айшықталады, туған жер қанымыздың түйіршігінде, жанымыздың түкпірінде, тарихи санамыз бен таным-түйсігіміздің терең қатпарында қатталады. Сондықтан тамырын тереңге тартқан біздің даңқты тарихымызда киелі жерлер, қастерлі өлкелер аз болмаған.
Тым көнеде, түркінің киелі мекендеріне Өтүкен, Ергенқон, Жерұйық, Жиделі-Байсын дегендей түрлі атаулар берілгенін байқаймыз. Дегенмен түркі жұрты үшін Өтүкеннің жөні бөлек. Өйткені бұл мекен түркілер үшін елдіктің алтын бесігі болған. Күлтегін жазуында «Түркі қағаны Өтүкен қойнауында отырса, елде мұң жоқ. Өтүкен қойнауында отырсаң, мәңгі елдігіңді сақтайсың» дейтіні шын мәнінде Өтүкеннің мемлекеттілік тарихында орны ерекше болғанын байқатады. Біздің бұл сөзімізге тағы бір дәлел Тоныкөк жазуында сақталыпты. Абыздың күллі түркілерге қарата айтқан сөзі бітік тасқа былай қашалған екен: «Кімде кім, бірлік байрағын көтеріп, ата жауға қарсы бірлесіп күресемін десе Өтүкенге келсін!».
Әрине тарихи Өтүкен аймағын бәріміз жақсы білеміз. Бәлкім, Өтүкен аймағын географиялық картадан іздеуден гөрі, Өтүкен рухының санада жаңғыруы маңызды шығар. Өйткені Өтүкеннен бастау алатын Мәңгілік ел түгел түркінің бүгінгі ұрпағын бекем байтағында байрағы биік ел етіп, болашаққа бастап барады.
Түркі тарихын зерделеп жүрген ғалымдардың басым көпшілігі Өтүкен алқабын қазіргі Моңғолияның орталық аймақтары деп санайды. Дәлірек айтқанда Хангай жоталарының теріскейіндегі орманды алқапты киелі Өтүкен аймағы деп бағалайды. Бұл өңірдің шығыс жағында Кентей жотасы, солтүстігінде Саян таулары, батысында да Алтай таулары жатыр. Түстігінде атақты Гоби шөліне қарай кететін алқаптар орналасқан. Осы өңірді кесіп өтетін Орхон өзені алқабында түркі қағандары таққа отырған. Түркі заманынан жеткен бәдіздер, балбалдар мен мүсін тастар, ғұрыптық кешендер осы жерде шоғырланған. Халықаралық Түркі академиясының (TWESCO) Моңғолиядағы археологиялық қазба жұмыстарының бір бағыты да аталған өңірлерді қамтыған. Біз Өтүкен алқабының түркі тарихындағы орнын бекемдей түсер, түркі жылнамасына тың айғақтар қосар жәдігерлер таптық.
TWESCO Өтүкен өлкесінде, Моңғолияның Бұлғын аймағы жерінде орналасқан «Шивээт улаан» ғұрыптық кешенінде Моңғолия Ұлттық ғылым академиясы Тарих және археология институтымен бірлесіп 3 жыл қазба жұмыстарын жүргізіп, биыл аяқтады.Шамамен Елтеріс Құтлық қаған мен Тоныкөк заманында тұрғызылған «Шивээт улаан» кешенінің орналасқан жері, сыртқы сипаты туралы ғалымдар бұрыннан білетін. Бірақ онда археологиялық қазба жұмыстары жүргізілмеген болатын.
Кешендегі қазба жұмыстары кезінде көптеген құнды артефакт табылды. Көне түркі дәуіріне тән бұл ғұрыптық кешеннің ерекшеліктері өте мол. Онда Тәңіріге құрбандық шалынған, ғибадаттар жасалған. Түркілердің дүниетанымынан хабардар ететін мүсіндер, бәдізтастар, қойтастар қойылған. Біз көшірмесін жасап, TWESCO музейіне қойған түркі заманындағы 60-қа жуық тайпаның таңбасы қашалған, бірліктің белгісіндей ескерткіш тас та осы кешеннен шықты. Осы тұста таңбаларын тасқа қашап, бірліктің белгісі ретінде ұрпаққа қалдырып отыру салтын қазақ халқының да сақтап келгенін атап өту керек.
Қазір нақты тұрғызылған уақытын анықтау бағытында жұмыстар атқарылып жатыр.Кешеннің сырты қоршалып, қорғауға алынды. Биікте орналасқан ғұрыптық кешеннің ерте заманда өртеніп кеткені анықталды.
Ғимараттың іргетасы сегіз бұрышты екен. Ол – түркілердің қастерлі рәмізі, киелі жұлдызы. Қазақтың «сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөзі содан шыққан сияқты. Әу баста «Қалыбында құты бар қастерлі кісі», Абайша айтқанда «толық адам» деген мағына берсе керек. Сонымен қатар ғимараттың биіктігі 18 метр болған. Бұл «он сегіз мың ғалам»деген ұғымға саяды. Яғни түркі жұрты зеңгір көктегі құбылыстарды, жұлдыздарды ерте заманда-ақ танып, ғаламның тылсымдарына ұмтыла білгенін байқаймыз. Тіпті «сегіз қырлы, бір сырлы», «он сегіз мың ғалам» деген ұғымдар Ұлы Далаға ислам діні келместен бұрын біздің баһадүр бабалар қолданған түсінік-пайым деуге болады. Бұл өз кезегінде далалық өркениетте, көшпенділер әлемінде монотеистік нанымның өте ерте қалыптасқанын байқатады. Кешеннен бәдіз, мүсінтас, оның бөлініп қалған басы, тұғыртас және үш арыстан мүсіні табылды. Екі арыстанға абадан жабысып тұр. Түркінің танымында арыстан биліктің, күш-қайраттың белгісі саналады. Ал бөрітас – еркіндіктің, қойтас – байлықтың, молшылықтың, қозы – берекенің, өсіп-өнудің символы. Кешеннен қозылы қой, қошқар бейнесіндегі тас мүсіндер де табылды.
TWESCO жүргізіп жатқан археологиялық қазба жұмыстары Тәңірлік танымның классикалық үлгідегі дін екендігіне заттай айғақтар ұсынып отыр.
Бағзы замандағы көптеген қауымдар, мысалы көне мысырлықтар, гректер мен римдіктер, үнділер мен парсылар, арабтар өз дәуірінде көп құдайға сиынып, түрлі пұтқа табынған қауымдар болса, түркілер бір Тәңіріге мойынсұнып, жалғыз Жаратушыға жалбарынған. Бәлкім содан да шығар, түркілердің исламды қабылдауы жеңіл болды. Есте жоқ ықылым заманнан бері жалғыз Жаратқанды – «Мәңгі, Көк, Иди, Баят, Чалаб» сияқты түрлі сипаттарымен танып, құдіретті Тәңірге табынып, о дүние мен ақыретке иланған, тағдырдың да Тәңіріден боларына сенген, пайғамбарға «ялавач, елші» сияқты атаулар берген текті түркілер құрбандық шалып, кесене тұрғызып қана қоймай, арнайы ғибадат орындарында құлшылық еткен. Біз зерттеу жүргізіп жатқан ғұрыптық кешен – бұған нақты дәлел.
Керулен – көне түркінің киелі мекені
Түркі академиясы бұдан бөлек Моңғолияның Ұлттық музейімен бірлесіп, аталған Кентей аймағы жерінде археологиялық қазба жұмыстарын бастады. Дэлгэрхан деп аталатын жерде, Шыңғыс қағанның туған өлкесі Керулен алқабында қағанның алғашқы астанасы орналасқан, ол жерде «Моңғолдың құпия шежіресі» жазылған, Үгедей, Күйік хандар таққа отырған. Моңғол жұрты үшін ол өңір «киелі» мекен болғандықтан, біздің экспедицияға назар аударушылар аз болған жоқ.
Бір атап өтер жайт, Хаяхудаг және Гүнбүрд деген кешендерде жасалған археологиялық қазба Кентей-Керулен аймағының түркі тарихына да тікелей қатысы бар өлке екендігін айғақтады. Сол өңірдегі Хаяхудаг деген жерден бұрын ғылымға мүлде белгісіз болып келген, 30 шаршы метр аумақты құрайтын көне кешен топырақ астынан аршылып алынды. Жан-жағы топырақ қорғанмен және айналасы терең ормен қоршалған кешенде бөренеден жасалған, үсті қышпен жабылған ғибадатxана бар екені анықталды. Оның сыртқы көрінісі Тоныкөк кешеніне көбірек ұқсайды. Ордың ішінен қыш құмыра, жылқының және құрбандыққа шалынған малдардың сүйектері табылды. Ең басты олжамыз – осы ордан ер адам мен әйелдің бейнесі қашалған бәдіз тастардың табылуы болды. Ер азаматтың мүсіні бүркіт қабақты, қыр мұрынды, сұсты, салалы сақалы бар жауынгер көсем болып шықты. Ал әйел мүсіні – басына көшпелілердің шошақ бөркін киген түркі аруы. Кешендерде әйел мүсінінің өте сирек кездесетінін ескерсек, бұл аса құнды жәдігер болды. Осылайша бұған дейін түркілердің табаны тимеген деп келген Моңғолияның солтүстік-шығыс тарапындағы киелі Керулен-Кентей аймағының да батыр бабаларымыздың құтты қонысы болғандығы айқындалды.
Дүниеде тарихты жасаушы ұлттар болады, жазатын ұлттар болады. Түркі жұрты тарихты жасаған, сонымен бірге өз тарихын тасқа қашап жазған кемел ел. Даңқты бабаларымыз Мәңгілік Ел арман-аңсарын мәңгі тасқа қашап қалдырған, туған жердің әр тасына қаһармандық тарихын бәдіздеп жазып, оюмен өрнектеген ойшыл халық. Байқалдан Балқанға, Керуленнен Дунайға дейінгі байтақ қоныстың әрбір тасы таңбаланып, паспортталған, оны көзінің қарашығындай сақтаған бабалар аманаты бізге ұласқан. Соның бір айғағы – құтты қоныс, киелі мекен Өтүкен мен Керуленнен табылып жатқан тас мүсіндер мен бәдіз тастар.
Моңғолия ұлттық музейінің директоры, тарих ғылымдарының докторы Дагваадоржийн Сүхбаатар кешендегі зерттеу жұмыстарына байланысты «Керулен» жобасы – Халықаралық Түркі академиясы мен Ұлттық музейдің бірлескен кешенді ғылыми бағдарламасы. Олай болатыны ұлы қағандардың алтын бесігі Хэнтай аймағы Керулен алқабындағы түркі дәуірі ескерткіштеріне бұрын-соңды археологиялық қазба жұмыстары жүргізіле қоймаған тың өңір. Биылғы жылы археологиялық қазба жүргізілген, шамамен 6-8 ғасырға тиесілі делінген көне түркі ғұрыптық кешен әуелі ғылымға мүлде белгісіз болып келген. 30 шаршы метр аумақты құрайтын көне кешен ұзақ ғасырлар барысында топыраққа басылып, қымталып қалған. Осы кешенді Халықаралық Түркі академиясымен бірлесіп зерттеуді қолға алып, түркі дәуірінің жәдігерін байытатын олжаларға тап болдық», деген болатын. Ал Моңғолия Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері, археолог Чинболд Баяндэлгэр: «Хаяхудаг» көне түркі кешені әйгілі Керулен дариясының солтүстігінде ұлы хандарды таққа көтерген қасиетті алқапта орналасқан. 2017 жылы Түркі академиясы мен музей «Бұрхан Халдуннан Ұлытауға дейін: тарихи жадының жаңғыруы» деген экспедиция жасап, ғалымдарымыз Жошы күмбезіне де зиярат жасады. Биыл, міне, ғұрыптық кешеннен олжалы оралдық. Бұл жәдігерлер – көне түркі тарихи мұраларын толықтыра түсетін қымбат қазына. Біз сақалы бар жауынгер көсем мен шошақ бөрік киген әйел мүсінін таптық. Жалпы кешендерден әйел адам мүсіні аз табылады, сол себептен бұл аса сирек кездесетін бағалы жәдігер болды», деді. Бір сөзбен айтқанда, Керулендегі «Хаяхудаг» кешенінен табылған Түркі аруының мүсіні сенсациялық жаңалық болды. Сондай-ақ көне түркі ғұрыптық кешендерінде құрбандыққа шалынғанның арасында жылқының сүйектері молынан кездеседі. Бұл қазақы танымда сақталған құрбандыққа айтұяқ, бозқасқа шалу дәстүрінің тамырының түркі, ғұн дәуіріне дейін кететіндігін айғақтаса керек.
Біз бұрын Моңғолиядағы көне түркі мұралары туралы сөз еткенде Орхон өзені алқабындағы ескерткіштерге айрықша назар аударып келсек, академияның қазба жұмыстарынан кейін Керулен алқабының да маңызы арта түсті.
Керулен алқабы – қағандар қоныстанған, ұлы хандардың мекені. Шыңғыс қағанның алғашқы астанасы Аваргын балғас қаласының орны да сол өзеннің алқабында жатыр. Ертеректе ол жер «Аураг орда» деп те аталған екен. Байқап қарасақ, «Аруақты орда» деген сөзге ұқсайды. Ұлы Дала көшпенділерінің бірінен бірі қабылдаған талай ұғымдарының бар екенін ескерсек, «Аураг орда» да сондай атаулардың бірі болуы бек мүмкін. Жазушы Габриэль Гарсиа Маркес «Адам мен жерді туыстырып тұрған аруақ» деген пайымын бекер айтпаған болар. Шынында да ол өлкені аруақты емес деп қалай айтасыз?! Себебі мұнда ғұндар дәуірі мен көктүріктердің де іздері сайрап жатыр.
Бір сөзбен айтқанда, «Керулен экспедициясы» киелі өңірге түрен салып, қағандар мекені шығыстан батысқа қозғалып, Күн түбіне жортқан баһадүр бабалардың атқа қонған қастерлі аймақ екені анықталды. Ендеше киелі мекендер арқылы тарлан тарихымызды қайта қарайтын уақыт келген тәрізді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да бізді осыған үндейді.
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
«Егемен Қазақстан» газеті,
29 тамыз 2017 жыл