Зайсандық Әлібай мерген әйгілі Оспан батыр әскерінің шолғыншысы болған
2018 ж. 27 мамыр
8638
5
Әлібай мерген жөнінде баспасөз беттерінде біршама әңгіме, мақалалар жарық көрді. Батыр жайлы ел аузындағы аңыз-әңгімелер негізінде қисса-дастандар таратылып жүргенімен, Әлібайдың соңғы өмірі мен оның ұрпақтары турасында ешкім ештеңе білмейді.
…Қазаққа қырғидай тиген қызыл әскердің жиырма үш сарбазын жалғыз өзі жер жастандырған ерлігі құлағымызға тигелі-ақ Әлібай мерген туралы тарихи деректерді табуға құмарттық. Бағымызға қарай, Зайсан ауданына барғанымызда Әлібай батырдың ұрпағы Серік Сейітбектің төте жазумен басылған мақаласы қолымызға тиді. Аталған жазба «Аты аңызға айналған Әлібай батыр» атты тақырыппен Қытайдағы Жеменей ауданында құрастырылып шығарылған топтамаға енгізіліпті. Топтаманы Қытайдан Зайсан ауданында тұратын ақсақал Қадыр Жақыпұлы алып келген екен.
Көп өтпей Әлібай батырдың Қытайдағы ұрпағы Серік Сейітбекпен байланысқа шығудың реті келді. Сөйтсек, Серік – Әлібай Өшекұлының аталас туысы Сақаридің үшінші ұрпағы болып шықты. Серіктің әкесі Сейітбектің туған ағасы Сейітжан 1947 жылы 69 жасындақайтыс болған Әлібайды өз қолымен жер қойнына тапсырған екен. Қазақ елінде Әлібай батыр туралы біршама деректер жарияланғанымен, ұрпақтары ұсынған мәліметтер батыр бабаның өмірінен тереңірек сыр шертеді. Әсіресе, оның өткен ғасырда Қытайда азаттықтың ақ туын көтерген Оспан батырдың көтерілісіне қатысуы туралы дерек бұрын еш жерде жарияланбаған. Батырдың ұрпағы болу салауатымен Серік Сейітбек Әлібай батыр жайындабылайша баян етеді…
Мергеннің тегі меркіттен
Әлібай Өшекұлы (Өшекті «Пішпе» деп те атаған) шағыр меркіттің Жансары кіші атасынан тарайтын бәтішке руына жатады. Ол 1878 жылы қазіргі Зайсан өңірінің Үйдене Саятерек деген жерінде дүниеге келген. 1916 жылы патшалық Ресейдің халыққа салған ауыр алман-салығы, қанды жаныштауы сынды саяси қысымдардың салдарынан Зайсандағы меркіттің бір бөлігі Шыңжаң шекарасына кіріп, жылжи-жылжи Еренқабырғаның Манас ауданына келеді. Осы жерге қоныс теуіп, екі жылдай тұрады. Бұларға бас болып жүрген он екі жансарының біріне жататын өндігер руынан Қазақбай қажы, бәтішке руынан Сақари қатарлы адамдар еді. Әлібай да осы топтың ішінде болатын. Меркіттер үлкен ауыл болып, Манас көкөзенінің бойындағы «Күкірт» деген жерді қыстап, жазда жайлауға шығып, ес жиып, тұрғылықты ел санатына қосыла бастайды.
1918 жылы бұл ауыл қайтадан Зайсан жаққа көшеді. Бұған себеп екеу еді: сол кезде Манастың таулы өңірі аз ғана ханзу байлары мен ұйғырлардың иелігінде болатын. Бұл жағдай азып-тозып келген ауылға тиімді бола қоймады. Мал өріске, ауыл қонысқа жарымай, қысылшаң күй кешеді. Енді бір себеп – ауылды бастап жүрген ақсақалдардың бірі Сақари Зайсандағы елгелдінің Маяқ деген атасынан тарайтын Шолты бидің немересі Бәтен Смағұлқызына құда түсіп қойып, ұлы Сатыбалдыны үйлендіре алмай кеткен-ді. Сақари осыған бола қайта көшкенде «туысымызды жалғыз жібермейміз» деп, (ішінде Әлібай да бар) бірталай отбасы бірге көшіп, атамекендеріне қайта оралады. Бірақ, күндер өте келе жағдайлары тағы қиындап, жергілікті үкімет түрлі салықтарды көбейте бастайды. Әсіресе, малмен кеткен елге астық салығын салып, «шекті уақыт ішінде бәлен келі астық-май тапсырасың» дегені малшы қауымның арқасына аяздай батады. Қисынсыз саясатқа қарсы шығамыз деп, бірталай адам жер аударылады. Қазақбай қажының інісі Мазақбай мен Баймолла, Әлібайдың туған інісі Әнжан қатарлылар Ақмолаға айдалады. Бұдан тыс қазақ жерінде ашаршылық жүріп, елдімекенде топ-тобымен адам қырылған жағдай орын алады.1929 жылдарға келгенде Әлібай ауылына да қатер төніп, өмірінде құлақ естіп, көз көрмеген қатал тәртіп жүре бастайды. Ауыл адамдарын бір жерге жинау үшін киіз үйдің бәрін колхоздың алдына әкеп тіктіріп, олардың қыбыр-қимылын қалт жібермей бақылауға алады. Қазақтың өз ішінен қызыл белсенділер шығарып, өзін-өзіне айтақтап, аңдытып, тырп еткізбейді. Ауыл не тауға көше алмай, не өрісте тіршілік ете алмай, аса қиын жағдайға ұшырайды. Мұндай қысымға төзе алмаған олар өзара ақылдасып, бір-ақ түнде үйлерінің колхозға қараған қанатын тастап, артқы үзік туылдырықтарын сыпырып алып, мал-сұлдарын айдап, Шыңжаң шекарасына үдере көшеді.
«Жамантай» асуындағы шайқас
Тынбай күн-түнімен жүрген олар екінші күні таң ата Кендірлік өзенінен өтіп, «Жамантай» асуының түбіне келіп дамылдайды. Ат-көліктері тұралап, адамдары әбден шалдыққан еді. Лепес меркіт Тұрғанбай би, Мұстақи, Кәдірбай, Жазбай дейтін ауыл ақсақалдары болып, «Осы жерге дамылдап, әлденіп алайық. Кешеден бері жетпеген жау дәл қазір келе қоймас» деп, екі адамды қырат үстіне күзетке қойып, өздері сайға түсіп, қатар тұрған екі ағаш үйдің алдына келіп, шай іше бастайды. Дамылдауды Әлібай ұнатпаған еді. Ол «жүрегім біртүрлі болып қобалжып тұр. Не болса да шекарадан өтіп дамылдайық» десе де, қалғандары бұған қосылмайды. Әлібай шай ішіп отырғанда да мылтығын тастамай ұстап отырады. Тұрғандай би «Көзіңе қос көрініп отыр ма? Көститпей тастасаңшы кескегіңді» десе де, Әлібай бұл сөзге күліп қойып «Әлдеқалай іс болса, орным анау жер болады» деп ағаш үйден бес-алты метр жерде тұрған су орған жыраны көрсетеді. Көп өтпей өздері күзет қалдырған кезең жақтан мылтықтар тарсылдап, далаға жайылған дастарқанның төрінде отырған Тұрғанбай би оққа ұшады. Тағы бір-екі адамға оқ тиеді. Әлібай айтқандай, мылтығын ала жамбастай сырғып, жаңағы су орған жыраға түсіп, өрлей қашады. Біраз өрлеп, жырадан шыққан Әлібай қалың ұшқатқа қарай тырмысады. Оның артында Қалит дейтін інісі бірге келе жатқан. Екеуі ұшқат пен селдір аралас өскен бұтаның арасымен бетке өрлеп, топ-тікеннің астынан қазылған суыр ініне таяй бергенде артта келе жатқан Қалит «Аға, аяғыма оқ тиді» деп Әлібайға жыламсырайды. «Жаным-ай, қолыңды әкелші» деп Әлібай ентелей бергенде Қалитке тағы бір оқ тиіп, енді ғана он жетіге келген қыршын жас сол жерде жан тәсілім етеді. Жанындай жақсы көретін аяулы інісінің үзіліп бара жатқан түрін көріп, қорқыныштан туындаған сасқалағын қанды жасқа суарып, Әлібай бойына сабыр жинайды. «Атаңа нәлет, кәпір, бодандығынан бордай тозып, өз өлкемізде жүріп, өгей баланың күнін көрдік. Енді қасиетті қонысымызды тастап, қатын-баламызбен шет ауып кеткенге күнәлі болып, қызыл қырғынға ұшырайтын осы құрлы не әкеңнің құны қалып еді. Қанды қанмен жумасам Әлібай атым өшсін» деп өзін өзі бекітті. Әлібай бекініс болатындай үстін қалың өскен қызыл тікенмен ырғай жауып тұрған суыр інінің молдау үйілген ақ топырағына тура келіп, етпеттеп жата қалып, ар жақ беттен ентелеп сайға түсіп келе жатқан солдаттарды нысанаға алып, ата бастайды. Жаңа ғана «мөңіреткен» пулеметпен дара атар мылтықтардан шыққан оқпен сай ішінің астаң-кестеңі шығып, бауша түскен адам, шыңғырған ат-көліктердің жан берер сәттегі дыбыстарынан соң дүние тыныштала қалған-ды. Солдаттар масайрай ұмтылып, «жаман қазақ «уралап» ұмтылатын күшті жау емес, ендігі шаруа жабайылардың жан бергенін суретке алып, сосын ілікке алар дүние-мүліктерін олжалау» деп келе жатыр еді. Осы арындарымен артта келе жатқан қатын-бала, кәрі-құртаңды басып алған. Тергеп-тексермей баудай түсіруі Сталиннің алдымен шара көріп, артынан үкім шығаратын саясатына сай келіп тұр еді.
Бірақ, іс ойлағандай болмады. «Тарс» еткен алғашқы мылтық даусымен бір солдат жалп ете түсті. Екінші, үшінші, әр реткі мылтық даусымен қосыла тайраңдап келе жатқан солдаттар жер құша құлап жатты. «Шекараны тыныштандыру, бандыларды жою отрядының бастығы Колпаков солдаттарына дереу тасалануды бұйырады. Шабуылшылар тас-бұта, бүргендердің түбіне жата кетті. Кезеңдегілер де бастарын қылтитқанын қойды. Олардың аңдығаны оқтың шыққан жері еді. Солдаттың тағы біреуінің тырағай асуымен Әлекеңнің жатқан жерін мөлшерге алған олар от күшін солай шоғырландырады. Жаңбырша жауған оқтан бұта-бүргенді орақпен орғандай жусап, мылтық үні де өше қалды. «Шипасы біттіге» жорыған солдаттар ашыққа шығып, сайға беттей бергенде-ақ мылтық тағы атылып, ашық нысанаға айналған солдаттар өкіре құлайды. Осылай аңдысқан «ойын» неше мәрте жалғасты. Ар жақ бетке қаратып, миномет атып, бұталарға от жіберілді. Мылтық енді биік шоқының түбінен атылып, солдаттардың әңкі-тәңкісі шықты. Санамалап атылса да, солдаттарын қансырата бастаған «тажалдың» көзін тез жойғысы келген Колпаков жирен атына мініп, мылтық атылып жатқан шоқының артын айналып, басына шығып алған соң, әскерлеріне бағыт сілтей бастайды. Колпаковтың ажалына тура келгені ме, дәл мөлшерлеген Әлекең шалқая жатып, шоқы басындағы Колпаковты нысанаға алып та үлгерді. Атарға жалғыз оғы қалып, «қолға түсіп, кәпірге қор болғанша өзіме қол салайын» деп отырған Әлібай кездігін суырып алып, алдына домалап келген Колпаковтың айқыш-ұйқыш таққан құрым белдіктерін қия салып, оқ қапшықты жанына қойып, су жаңа орыс шолақ бесатарымен және бытырлатты. Сол кездегі заманның озық түзу мылтығы қолына іліккен Әлекең енді қылт еткенді қидай сыпыра бастады…
…Күздің қысқа күні қансырап батқандай болды. Ымырт үйіріліп, сай ішінің қан сасыған тұңғиық қара бояуы барған сайын қалыңдай берді. Әлібай орнынан тұрып, жоғары жақтан төніп тұрған құндызды қарағайға қарай аяңдады. Сай жақтан әскери сырнай тартылды. Жаңа ғана болып өткен жағдай адам айтса нанғысыз түс сияқты Әлекеңнің көз алдына көлбеңдей бастады… Сары таңды сарыла атырған мерген қабыршақ қармен таңдайын жібітіп алған соң, аңди басып, екі ағаш үйдің қасына жетті.
Кеше ғана жан үшін жанталасып жүрген бейбақтар оқ тиген орындарында мәңгілік ұйқыда жатыр. Отырған орнында қалған Тұрғанбай би өзімен жарыса келіп, жан берген Қалит, Мұқаш жеке-жеке жатса, бір қуысқа қабаттаса кірген Мұстақи мен бір азаматты жалғыз оқпен жайратыпты. …Кешегі күзетте тұрып, қара басып ұйықтап қалған екеуі солдаттардың өтіп кеткенін білген соң, түк көрмеген адам болып, кері қашып құтылған еді…
Әлібай – Оспан әскерінің шолғыншысы
Әлібай ат-көлігі, тәуірірек киім-кешектеріне дейін тоналып, жаңа шыққан күнді жансыз жанарларымен қарсы алып, қан құшып жатқан өліктерді бір-бірден көтеріп, беттерін құбылаға қаратып, ағаш үйдің ішіне тізіп жатқызды да, бет-жүздерін өз киімдерімен жабады. Аз тыныстаған ол екінші үйдің есігін ашып, таңырқаған күйі тұрып қалды. Түгелдей сап-сары ала киінген солдат мүрделері екен. Бір ғажабы, тірі қалғандары өлгендерінің бәрінің бастарын кесіп әкетіпті. Әлібай санап көріп еді, тұп-тура 23 адам болды. «Жарайсың» деді ол іштей өзіне-өзі риза болып «сен бізден он тоғыз адам жалмасаң, мен сенен төртін артық етіп орындаған екем. Шахиттердің қаны тегін кетпепті!»
Ол екі мылтығын иығына салған беті қытай шекарасына жол алады. Жол үстіндегі алашабыр қардан жаяу асқан адамның қарасын көріп, едәуір таң қалып, өлгендер мен тірілердің санын сараптап келе жатты. Кейін білді – тірі құтылған қарағай меркіттен Көрікші деген адам екен.
Әлібай батырдың қолынан мерт болған қызыл әскердің 23 сарбазының бейіті. Зайсан қаласы.
Әлібай сол жүргеннен мол жүріп, Қабыл тәйжінің ауылына келеді. Тәйжіге бір мылтығын сауға қылып, бір жылдай сол ауылды паналайды. Елдің бәрі Әлібайдан әңгіме естуге, оны қонақ етуге құштар болады. Кем сөзді, ешкімге көлкектеп жалтақтауды білмейтін ол өз ерлігі туралы асып-тасып кетпейтін. «Бір Алланың бұйрығы ғой» деп қана неше қайталанып жатқан әңгімесіне бір ауыз артық сөз қоспай, орнықты қалыппен баяндап отырады. Орташа ғана бойы бар, шымыр денелі, сол жақ көзіне тарыдай ақ тоқтаған, тоқ шеке, қара торы өңіне тамсана қараған ел оның тұлғасынан батырлықтың, мергендіктің нышанын іздеп, сарсаң болатын. «Сіз мылтықты неше жасыңыздан бастап кәсіп қылдыңыз?» деп сұраған елге ол өз әңгімесін былай деп баяндайтын:
– «Он жеті жасқа енді ілінген кезім еді. Әкем мені қыстауға жұмсады. Екі өгізді жеңілдетіп артып, алдыға салып айдап, иен қыстауға бардым. Ештеңені қаперге алмай, тең үстіне ұйықтап кеткен екем. Таң атарда бір ақ сақалды адам «Балам, атыңды қасқыр жарып кетті. Тез тұрып атып ал» деді. Дереу оянып, шала-шарпы киініп, мылтығымды алып, далаға шықсам, арқандаулы атымды алты қасқыр жәукемдеп жатыр екен. Олар менен секем алып қаша бастады. Мен үйдің артымен айнала жүгіріп, бір кезеңнен тосып отырып, екі қасқырды атып алдым. Содан бастап атқан оғым далаға кеткен жоқ».
Қабыл тәйжінің ауылын бір жыл паналаған Әлекең әредік уақыт шығарып, Еренқабырғада қалып, ұйғыр байларының малын бағып жатқан Оқбай, Бұтабай, Шобығыр қатарлы туыстарына барып, қызыл қырғынның жағдайын айтып, біраз уақыт сол жақта тұрып, келесі жылы мамыр айында салт атпен салып ұрып, Зайсанға жетеді. Артта қалған елдің ес тұтар ақсақалы Сақари мал бағып жүрген жерінде Әлібайды көріп, екеуі жылап-еңіреп табысады. Әлібай өзінің қалай келгенін айтады. Сақари қызыл қырғыннан кейінгі жағдайды баян қылды: «Өзің солдаттарды қырып, ары асып кеткен соң, тірі қалған қатын-баланы колхозға әкеп тапсырды. Он бес жасар бір баланы атып тастады. Қалған ел аманбыз. Маған колхоздың бір қора малын берді. Соны бағып, осы маңға таяуда келдік. Үй-іш, бала-шағаң бәрі аман. Олар да киіз үйімен ауыл шетінде отыр. Сенімен атысқандар «Әлібай» десе шошитын болды. Жиырма үш әскер ішінде Колпаковты атып өлтіргенің оларға қатты батып кеткен сияқты» деді.
Әлібай сол өңірде бір жарым ай жатты. Туыс-туғандары кезекпен келіп амандасып, тамақ тасып тұрды. Оның етік тігетін өнері бар еді. Әңгектің ішінде жатып, уақытын етік тігумен өткізді. Бара-бара түнделетіп, үйіне барып қайтатын. Туыс-туғандарын аралайтын да болды. Осы туыстарының ішінде Бәтішке ауылына күйеу болып келетін Сақаба дейтін азамат сол кезде милиция болып істейтін. Ол қайнағасы Әлібайға амандаса барып ақыл салады: «Сіз қашанғы тығылып жатып күн көресіз? Биыл ауылдарыңыз ертерек жайлауға шықсын. Оның қағазын мен бітіріп берейін. Содан әрі Қытай асып кетіп қалыңыздар. Сіздер кеткен соң мен бір дақпырт таратайын. Іс сонымен тындым болады».
Бәтішке ауылы Сақабаның ақылымен ерте жайлауға шықты да, сол кеткеннен мол кетіп, Жеменей ауданына жетіп тыныстады. Артта қалған Сақаба «Әлібай Қытай жерінен өңшең мерген елу адам бастап келіп, өз ауылын Қытай асырып кеткелі жатыр екен» деп қауесеттаратады. Әлібайдан жүректері әбден шайлыққандар «әкетсе әкете берсін, оны қууға болмайды» деп қолдарын бір-ақ сілтейді.
Бәтішке ауылы бергі бетке өткен соң, мал жағдайына бола бірде Жеменейде, бірде Қаба, Буыршынға көшіп-қонып, бірер жыл тұрады да, кейін Үрімжіге кіре тартқандарға тиісті ақы төлеп, қаңтарда Манас жеріне қайта келеді. Бұл кезде бірқанша үймен бірге Әлібай отбасы Жеменейде қалып қояды.
Әлібайда көз мергендігі мен қол мергендігі қатар бар дегенді айтады үлкендер. Алпысты алқымдаған кездің өзінде қарауылға алғанын қалт жібермеген екен. 1944 жылы Оспанның Жылқайдар, Тескенбай, Балтабай, Манат қатарлы батырлары келіп, Жеменейден әскер алады. Атағын бұрыннан еститін олар Әлекеңе «нысана атыңыз» деп қолқалайды. Әлібай сұқ саусақтың жалпақтығындай жаңқаны алыстан атып ұшырғанда батырлар қатты таң қалады. Оспан батыр гоминданьмен соғысатын болып, Жеменейден әскер алғанда Әлібай да бір мезгіл шолғыншы әскер болады. Жылқайдар батыр Жеменейдегі Қазыбек руынан шыққан Алтынбек байдың қызына құда түсіп жатқанда ішінде Әлекең бар бір топ шолғыншы әскер Тарбағатайдан Алтайға жасырын келген үш күмәнді адамды ұстап алады. Ұсталған үш қазақтың қолында құпия телеграмма бар екен. Оның негізі мазмұны Алтайдағы гоминдаң армиясын Жеменейге жинау, Тарбағатайдағы гоминдаң армиясын Қобыққа жинау, осы арқылы Сауырдағы Оспан әскерлерін қамтыған барлық қазақтарды қоршауға алып, қырғындау туралы жазылған еді. Осы мәлімет қолға түскен соң, Оспан адамдары Жеменей, Қаба, Қобық аудандарындағы жергілікті халықты түгел кеңес жеріне өткізіп, Жеменейді қыстай қоршап, бір адамды сыртқа шығармай, не ішкі кіргізбей, қатаң күзеттіреді. Ақыры, аштыққа шыдамаған гоминдаң әскерлері көктемгі қарөзек шақта «жатып өлгенше қашып өлейік» деп, қоршауды бұзып қашады. Жеменей партизандары қашқан жауды өкшелей қуып, жаудың зор көлеміндегі қарулы күштерін жойып, Жеменей ауданын жаудан азат етеді.
Әлібай арғы бетке өткен елмен бірге болып, сол жақта бір қыс қыстап келесі жылы Жеменейге қайта оралады. Ол арғы бетте жүргенде сақтық үшін атын «Бөсер» деп өзгертеді. Бірақ, «ел құлағы елу» демекші, біреуден біреу естіп, оның Әлібай екенін көп адам біліп қояды. Бір жолы колхоз бастығы мен бір милиция екеуі арнайы келіп, оған сәлем беріп, «біз сізге тиіспейміз, тек батырлық атағыңызды естіп, тұлғаңызды көріп қайтқалы келдік» деп, бірлікте шай ішісіп, тыныш қайтып кеткен екен.
Батырдың бейіті – «Бейітсайда»
1930 жылдан 1946 жылға дейін Өндігер, Баймолла деген адамдармен бірге Жеменейде тұрған Әлекең 1946 жылы Манастағы туыстарына келіп қосылды. 1947 жылы алтыншы айда Манастың «Күкірт арасаны» деген жерде созылмалы тері ауруын емдетіп жатып қайтыс болды. Оның қасында болған Шобығыр баласы Жексенбайдың айтуына қарағанда, Әлекең арасанның ысы тиіп, қайтыс болған сияқты. Өз үйі тау жақта болғандықтан, сүйегін Сақаридің кіші отауы Шәкидің үйінен шығарып, Көкөзектің күнбатыс жағындағы «Бейітсай» деген жерге қояды.
Бәтішке ауылын қамтыған «Жамантай» асуындағы қанды қырғында солдаттарды бастап келген Ерболат деген милиция екен. Ол соншама бейуаздың қанына ортақ болып, қызылдарға еңбек көрсеткенімен, кейін бәрібір жақсы күн көре алмапты. Кейін «халық жауы» атанған ол Қытай жеріне қашып өтеді. Бұдан хабар тапқан қаралы ауыл оның ізіне түскенімен, іздеп таба алмай қойған екен.
Ақмолаға жер аударылған Әлібайдың інісі Әнжан өзгерту алаңынан қашып шығып, небір машақат күндерді өткізіп жүріп, туыстарын Манас жерінен табады. Қазір Манаста ұрпақтары әлі бар. Әлібайдың өз кіндігінен тараған ұрпақтары мыналар: ең үлкені Әбдолланың (қызы 1983 жылы қайтыс болған) балалары Шиху жерінде. Смағұл 1943 жылы 18 жасында қайтыс болған (ұрпағы жоқ). Зәбила (қыз) 1936 жылы туып, 1994 жылы көз жұмды. Балалары Көктоғай ауданында. Рәбиға (Әбістан деп те атаған, қыз) 1933 жылы туып, 2007 жылы қайтыс болған. Балалары Манас ауданында. Мұстафа (Сапа) 1931 жылы туып, 1988 жылы мамыр айында бақилық болған. Әлібайдың ұябасар ұрпағы осы ұлы болып, оның Дәмек, Қабдыхалық, Мәлік, Мұрат, Ынтымақ, Еркін қатарлы ұлдары Қамила, Қапиза есімді қыздары тараған. Дәмек Шыңжаң дәшөде (университеті) оқытушы. Қалғандары Манас ауданында түрлі қоғамдық салаларда қызмет істейді. Бұдан сырт Әлекеңнің Байдолла дейтін ұлы болып, жастай қайтыс болған екен.
Әлібай өмірінде бір некелі болған адам. Оның өмірлік жар-қосағы Рәзиға – жәдік ішіндегі бүйен дейтін кіші атасынан тараған. Жас кезінде ерекше өңді, нұрлы жүзді болғандықтан, қайындары атын бұрмалап «Нұрбала» атандырған. Ол 1946 жылы қайтыс болған.
1963 жылы өмірге келген Серік Сейітбек жоғарыда аталған Сақаридің үшінші ұрпағы. Қазіргі уақытта Қытайдың Үрімжі қаласында тұрады. Мұғалімдігімен қоса жазушының елуге жуық әңгіме, повесі мен бір романы бар. «Әлібай туралы әңгімелерді көзін көрген үлкендердің аузынан естіп өскенбіз» деген жазушы мерген жайлы әлі де зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқанға ұқсайды. Әлібай мен Сақари қазақ жерінен қытай еліне қашып өткен соңғы сапарында Серіктің әкесі Сейітбек бір жастағы бала болған екен.
– Әлібай мерген жайлы Сейітқан Әбілқасымның «Қызыл қырғын» деген әңгімесінде біршама жақсы бейнеленіпті, бірақ ол да Әлібайдың кейінгі ұрпағы туралы ештеңе білмейді. Қазақстанда да жазылған естеліктермен таныспын. Онда да артық ауыс қате кетіпті. Мәселен, кейінгі ұрпағы Моңғолияда дегені, Қытайдағы барған жері турасында қателігі көп. Әкемнің ағасы Сейітжан Әлібайды 1947 жылы өз қолымен қойған адам. Қазақстанға өткенінде Колпаковтың балалары кешіріммен қарап, Әлібайға сәлем беріп қайтыпты деген сөз бар. Батыр бабаның сақталған фотосуреті жоқ, – дейді Серік Сейітбек.
Зайсандық жазушы Қалибек Алтыбаевтың айтуынша, Әлібай мергеннің өмірдерегіне жазушы Кәбірбек Сегізбаев пен актер Досқан Жолжақсынов қызығушылық танытқан. Тіпті Кәдірбек Сегізбаев батыр жайлы кітап жазып жатқанға ұқсайды. Қалай болғанда да Әлібай мергеннің ұрпақтарын іздестіру, сол арқылы тың тарихи деректерді табу бағытында жұмысымыз тоқтамайтынын айтқымыз келеді. Зайсандық Қадыр Жақыпұлы 1930-1940 жылдары Қытайдың Жеменей өңірінде ең танымал дастанға айналған «Әлібай» атты шығарманы қолымызға ұстатты. Оны оқырманға ұсыну – сайтымыздың алдағы сандарының еншісінде.
Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін Әлібай қолынан қаза тапқан Колпаковтың мүсіні Зайсан қаласының дәл ортасынан алынып тасталып, 1996 жылы Әлібайға Зайсаннан бір көшенің аты берілді. Бірақ, бұл батыр бабаға көрсетілген құрметтің соңы емес деген ойдамыз.
Материалдарды әзірлеген Аян Өрібаев,
Кітапты ұсынған Қадыр Жақыпұлы мен төте жазуды кирил қарпіне көшіруге көмектескен Таунар Қайратқа алғыс білдіреміз.
Дереккөз: buqara.kz