Қасым Қайсенов: Жаудың баласын өлтіруге қолым бармады
2018 ж. 10 мамыр
17517
1
«Немістермен болған қиян-кескі шайқаста жаудың барлық тыңшысын жайратып салдым. Содан не керек, енді кете бергенде окопта жатқан баланы көзім шалып қалды. Өлтіруге қолым бармады. «Бейкүнә бүлдіршіннің қандай жазығы бар?» деп ойладым. Сөйтіп оны өзіммен бірге орманға алып кеттім…».
Баланың тағдыры ары қарай не болғаны туралы сәл кейінірек, әзірге Қасым Қайсеновтің көзі тірісінде айтқан осы бір естеліктерін келіні Ғайша Бейсенованың аузынан естиік. Сәуірдің 23-і – Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің туған күні. Биыл жүз жылдығы аталып өтіп жатқан батыр бабамыздың ұрпақтары осы күні Өскемендегі Шоқан Уәлиханов атындағы №3 көпбейінді мектеп-гимназиясына келіп, кейінгі буын өкілдерімен кездесу өткізді. Бұл басқосуға, сонымен қатар кездесуге Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері де қатысты. Окоптан табылған бала Тағылымды шара барысында Қасым Қайсеновтің Мәскеудегі барлаушылар мектебінде оқып, артынша майдан даласына аттанған сәтінен бастап, Украина жеріндегі партизандық өмірі әңгімеге тиек болды. * Қасым атамыз соғыстан кейін шығармашылықпен айналысты. Кейін тоқсанға қараған шағында дүниеден өтті. Мен ағамыз дүние салған кезде туған жері Асубұлақтан топырақ апарып, салдым. Бұл менің даңқты жауынгер алдындағы соңғы парызым еді. Ол кісі өмірден өтерден бұрын маған: «Нұрғазы, мойнымда қаншама адамның қаны бар. Егер олай-бұлай болып кетсем, мені туған жеріме қойыңдар. Өйткені сонау сұрапыл соғыс жылдары Отанымды жаудан азат етіп, кейінгі буын тәуелсіз елде өмір сүрсін деп күрестім емес пе?! Сондықтан маған ауылымның бір уыс топырағы бұйырсын. Білемін, о дүниеде маған тыныштық болмас. Бәлкім, тозақ отына күйетін де шығармын. Бірақ жер бетінде мамыражай тірлік болса болғаны» деген еді, — деп еске алды Ұлы Отан соғысының ардагері Нұрғазы Сапарғалиев. Кездесуде сөз алған Халық Қаһарманының келіні Ғайша Бейсенова балаларға партизан-жазушының өмірі мен майдандағы ерліктері жөнінде әңгімелеп берді. – «Вася» — Қасым атамның украин халқының қазақтың қайсар ұлына еркелетіп берген есімі. Атамыздың жау тылында жүріп, Молдова, Украинаның Закарпатье, Чехословакия мен Румыния жерлерінде жауға қарсы күрес жүргізіп, талай ерліктер жасағаны белгілі. Бірде дастархан басында отырғанда, атам мына оқиғаны айтып берген еді: «Немістермен болған қиян-кескі шайқаста жаудың барлық тыңшысын жайратып тастадым. Содан не керек, енді кете берейін дегенімде, окопта жатқан баланы көзім шалып қалды. Өлтірейін деп едім, қолым бармады. «Бейкүнә бүлдіршіннің қандай жазығы бар?» деп ойладым. Сөйтіп, оны өзіммен бірге орманға алып кеттім. Жаудың баласы болғанына қарамастан, оған ағалық қамқорлық көрсетіп, бір айдай бағып-қақтым. Барлауға кеткен кезде партизан жолдастарым бүлдіршінді байқап қалмау үшін жасырып кететінмін. Содан бұлай жалғаса берсе, баланың өміріне қауіп төнетінін біліп, оны Украинаға апарып тастадым. Сол жақта оған азаматтық алып беріп, оның тегін өзгертіп, балалар үйіне өткіздім. Кейін де неміс баласының қал-жағдайын біліп тұрдым. Ол бала сұрапыл соғыс аяқталғаннан кейін де хат-хабар жазып тұрды. Екеуіміз араласып тұрдық» деген болатын, — деп еске алды Ғайша Бейсенова. Басқосуда Қасым Қайсеновтің майдан даласында жараланған қызды құтқарып қалғаны туралы да айтылды. Сұрапыл шайқастардың бірінде аяғына оқ тиген бойжеткенді өзімен бірге әскери лагерьге алып кеткен. Артынша бойжеткенді құтқару үшін жақын маңдағы ауылдардың біріне барып, неміс медбикесін ұрлап әкеліпті. Содан оған: «Егер бұл қызды аман-есен алып қалсаң, сені тірі қалдырамын. Менің сертім — серт» деген екен. Арада бір ай өткен соң, неміс қызы бойжеткенді құтқару үшін аяғын кесу керектігін айтқан. Сонда Қасым Қайсенов: «Ең бастысы – өмір сүрсе болғаны. Оның мынау жарық дүниеде көретін жақсылықтары көп» депті. Кейін неміс медбикесі ота жасап, қызды құтқарып қалған. Ал Қасым Қайсенов жаны аман қалған бойжеткенді Украинаға апарып, сол жақтағы таныстарының үйіне қалдырып кетіпті. Арада біраз жыл өткен соң, Васяны украиндар Батырлар аллеясының ашылуына шақырған екен. Сол сапарда ол көпшілік арасынан «Вася, Вася» деген әйелдің дауысын естиді. Артына бұрылса, сол баяғы өзі құтқарған бойжеткен тұр екен… * Атам – бетің бар, жүзің бар демей, бұлтақтамай тура сөйлейтін адам болды. Ол кісі отбасы құндылықтарын ерекше бағалайтын. Мен алғаш келін болып түскенде: «Отбасында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Бірақ сондай кезде сен ашуға булығып, біреудің әлпештеп отырған қызымын деп, есікті тарс жауып, төркініңе кетіп қалушы болма. Қазақта «Жақсы әйел үйдің берекесі, жаман әйел ердің келекесі» деген нақыл сөз бар. Айналайын, есіңде болсын, тұрмыс құрған бойжеткен төркініне тек қана сағынып, еркелеу үшін ғана баруы тиіс. Жалпы, біздің халықта келін болып түскен қыз әкесінің үйіне жалғыз барса, «Босаға күйеуін жамандайды, енесін жамандайды» деп дірілдеуі мүмкін деген наным-сенім де бар. Мұны естен шығарма» деген болатын. Атамның осы сөзінен-ақ отбасындағы сыйластықты бірінші орынға қоятынын байқауға болады, — деп сөзін түйіндеді Ғайша Бейсенова. Батыр рухына тағзым Осы күні Өскемендегі батыр ескерткішіне Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, сондай-ақ жастар гүл шоқтарын қойып, қайсар қазақтың рухына тағзым етті. Айтулы шара барысында атақты партизан-жазушының аңыз болған ерліктері туралы батырдың туысы Талғат Исенов әңгімелеп берді. – Тарихсыз болашақ болмайды. Бізге бейбіт күн сыйлаған жауынгерлердің есімін ұлықтап, олардың жанкештілігін ұмытпауымыз керек. Батыр ағаның сұрапыл соғыс жылдарындағы ерлігі бүгінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Ол кісінің есімін тарихта қалдыру мақсатында бұрынғы Молодежное кенті қазір Қасым атымен аталады. Бұл мерейтойды Өскемен мен Ұлан ауданы жұртшылығының бірге атап өтуінің тәрбиелік мәні бар. Жақында Жеңістің 73 жылдығын тойлағалы отырмыз. Ендеше, мереке құтты болсын, ағайын! — деді Талғат Исенов. Бұдан соң қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сергей Денякин мен Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Абдикаримов сөз алып, кейінгі ұрпақты батыр ерлігін ұмытпауға шақырды. Ұлан ауданында да 100 жылдық мерейтойға орай түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Мәдени-спорттық шаралардан бастау алған мерейтойлық бағдарлама жыл бойына жалғасады. Айталық, таяуда батырды еске алуға арналған волейбол турнирі өтті. Бұдан бөлек, Асубұлақтағы партизан-жазушының ескерткіші алдында митинг ұйымдастырылды. Оған Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, сондай-ақ аудан тұрғындары қатысып, Қасым Қайсеновтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ал Бозанбай ауылындағы мәдениет үйінде Қасым Қайсеновтің мерейтойына орай «Қазақстанда мұндай ұл тумас» атты мерекелік кеш ұйымдастырылып, патриоттық әндер шырқалды.