Бауыржан Момышұлы сүйсінген "Полтора казах" кім?
2018 ж. 23 сәуір
13416
1
Бүгінгі ұрпақ аласапыран заманда айдарынан жел есіп, айбарынан дұшпанның мысы қайтатын, ат үстінен түспеген бағзы кездегі баһадүр бабаларын біле ме екен? Әй, қайдам? Шетелдің Бэтман, Человек-паук секілді қиялдан туған сайқымазақтарын көріп өскен жасөспірімдерге тұла бойын намыс кернеген осынау ата-бабаларымыз аңыздың кейіпкерлеріндей көрінетіні айдан анық.
Себебі – қазіргі таңда біз ұл-қызымызға кешегі өткен ғұндар, көк байрағын көкке көтерген көкбөрі түркі, ақ найзасын Римнің алтын қақпасына қадаған Атилла, боз далада боз жусан аңсап өткен Бейбарыс жайлы айтып жүрмегенімізге кепілдік беремін. Осыдан соң, әр елдің шимай-шатпағына еліктеп, өзгенің қаңсығын өзімізге таңсық қылар өскелең ұрпақты қалай айыптаймыз?! Бар кінә мына өзімізде емес пе?! Алайда «Ештен кеш жақсы» дейтін халықпыз. Ертеңгі күні еліміздің тізгінін ұстайтын ұрпаққа сан ғасырлық қайғы-қасіреттің, қым-қуыт замандардың шерінен көзінде қан мен мұң тұнған текті ата-бабаларымыз хақында кешірек айтсақ та, құлағдар еткеніміз абзал. Олар жайлы құймақұлақ жасөспірімдердің бірлі-жарымы білсе де, бұл – біз үшін жетістік. Оның есесіне, біздің бір сәтке де бабаларымызды ұмытуға хақымыз жоқ. Осы орайда, көзі тірісінде «Полтора казах» атанып кеткен жуалылық Орын Сұлтанбеков жайлы сөз қозғамақпыз. Айта кету керек, кейіпкеріміз хақында жергілікті қарт қаламгер Елтайбек Тойшыбаевтың «Өзімнің көргендерім» атты кітабында да аз-кем жазылған. Сонымен, Баукеңнің ризашылығына бөленген Орын Сұлтанбеков туралы толығырақ білу мақсатында Жуалы ауданына қарасты Қосбөлтек ауылына атбасын бұрдық. Әуелі, Орын ақсақалдың ортаншы ұлы Болат ағамыздың шаңырағына бас сұққан едік. Бірақ ол әкесі жайлы өз замандастарының айтып беруін дұрыс деп тауып, бізді «Полтора казахпен» түйдей құрдас Орал және Омар ақсақалдарға алып барды. Қос қария да құрдастарының қара күштің иесі болғандығын, палуандығының арқасында сол тұстағы жиын-тойларда ауыл намысын талай рет абыроймен қорғағандығын әңгімеге арқау етті. Ауыл ақсақалдарының сөзіне сенсек, палуан «Полтора казах» екпеге алып келген асау сиырларды сирағынан тартып, қой құрлы көрмей құлатып, ал аяқ киімін арнайы тапсырыспен тіктірген екен. Ақсақалдар, сондай-ақ тумысынан жаратылысы бөлек Орынның көкпарға деген қызығушылығы ерекше болғанын да сөз етті. Оның салмағының ауырлығынан астындағы атының белі қайысып жүреді екен. Ал «тас» тақымынан серкені тартып алу талайларға арман болған көрінеді. Өткен күндерді осылайша сағынышпен еске алған екі қария «Полтора казах» қанша мықты болса да, ешқашан өзгелерге әлімжеттік жасап, күш жұмсамағандығын, керісінше, қолынан келсе қолғабыс етуге даяр тұратындығын айтты. Орын Сұлтанбековтің «Полтора казах» атануы аталған ауылда сол кезеңде қоныстанған орыстардың оның дене бітіміне таңғалып қойған екінші «есімі» екен. Ал Батыр Баукеңнің «Полтора казахқа» сүйсінуі былай болған. Бұл оқиғаны бізге баяндап берген Орын ақсақалдың тұңғышы Базарбек Сұлтанбеков: «Бірде Баукең осы ауылдағы бір шаңырақта қонақта болыпты. Бауыржандай батырды мейман ету кім-кімге болсын абырой ғой. Батырға дастарқан жайған әлгі шаңырақта менің де әкем болған екен, – деп бастады ол әңгімесін. – Әкемнің елден ерекше ірілігін байқаған Батыр оны сынамақ болып: – Бұл жігіттің бітімін байқадық. Өзің құр дене, бос кеудесің бе, әлде қолыңнан іс келе ме? – депті. Сонда әкем саспастан: – Бауке, алдыңыздағы басты беріңіз, – деп жауап қатыпты. Бас қолға тиген соң, әкем қос қолдап қысып қалғанда бас күтір-күтір сынып, жаңғақша шағылған деседі көз көргендер. Әкем сынған бастың миын алып Баукеңе ұсынады. Батыр миды алып, сүйсіне қарап: – Жігітім, жарадың, ризамын! – деп разылығын білдіріпті. Базарбек ағамыз өкінішке қарай, әкесінің суреті жоқтың қасы екендігін, оның үстіне, ол заманда суретке түсудің өзі қарапайым шаруа адамына оңайға түспегендігін тілге тиек етті. Заманында Мақтарал каналын қазуға атсалысқан Орын колхозда бригадир болып қызмет атқарған. Сол еңбегі еленіп, «Құрмет белгісі» және басқа да орден-медальдармен марапатталды да. Осылай деген ауылдастары алып күштің иесі болған жанның адамгершілік қасиеттерін де атап өтті. Қиналғанның қасынан табылып, сүрінгенге сүйеу болуға асығатын Орын Сұлтанбековті аядай ауылдың адамдары ұмытпақ емес. Қосбөлтек ауылындағы орта мектептің бір сыныбына оның есімі беріліп, көзі тірісінде «Полтора казах» атанған палуанның өмірінен сыр шертер естеліктер жетерлік. Дегенмен өкініш те жоқ емес. Баукең сүйсінген Орынның еңбегін ел біледі. Ауданның, тіпті облыстың ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосқан оның есімі тек бір сыныптың атын иеленуімен шектеліп қалыпты. Көк қағаздың күшімен ауылға атасының, көшеге көкесінің есімін беріп жүргендерге бұл күлкілі болып көрінуі де мүмкін. Алайда ақиқат асықпайтынын ескерсек, Орын ақсақалдың да атын иемденген көше боларын көзіміз көрер деп сенейік.
Есен ӨТЕУЛИЕВ
"Ақжол" газеті