Жұмыр Қылыш батыр туралы деректі бұрмаламайық
2018 ж. 13 сәуір
17536
1
«Қазақстан мәдениеті» ҚҚ бас директоры, бұрын Премьер-Министрінің кеңесшісі, ҚР Мәжілісінің депутаты, Қарағанды облысының әкімінің орынбасары болған, мемлекет және қоғам қайраткері АРТЫҒАЛИЕВ Мәди Әдиұлы "Ұлытау" тобы орындап жүрген, дауылпаз ақын, күйші Махамбет Өтемісұлының "Жұмыр-Қылыш" күйінің кейіпкерлері Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысып, Махамбет батырдың үзеңгілес адал достары, сенімді серігі, төресін айтар би болған Жұмыр және Қылыш батырлардың шыққан жерлері мен тектері туралы еш шындыққа жанаспайтын, тарихи деректерге сәйкес келмейтін қисынсыз пікір айтып, Жұмыр батырдың руы - Алаша деп келтіріп, бейіті Казталов ауданының Тереңкөл ауылдық округіне қарасты Нұрсай ауылында деп, тіпті ол жерге «Жұмыр-Қылыш» жерленген деп белгі қойып, "тауып, белгі қойған Мәди Әдиұлы" деп, өзінің аты-жөнін жазыпты Тарих - жеке дара ғылым саласы. Оның да өзіндік ұстанымдары, талаптары мен зерттеу әдістері мен теориялары бар. Кім де кім тарихи мәселені жазғысы келсе тарих ғылымының талаптарын орындаулары парыз. Автор өзі зерттеп қозғаған мәселені бұрмаламай, адал жазуы (добросовестность автора) еңбектің «ғылыми аппараты» болуы, яғни әр мәлімет кімнен, қайдан алынғанын көрсете жазуы тиіс. Бірақ Мәди Әдиұлы бұл деректі, кімнен, қайдан алғанын еш жерде көрсетпейді. Мемлекет және қоғам қайраткері ешбір тарихи деректемеге, шежіреге сүйенбестен белгіні қоя салған. Сол кездің облыс және Казталов ауданының басшылары Артығалиевтің ақшасы көп, лауазымы жоғары болғасын белгі қоюға келісе салған шығар. М.Артығалиев мырза қалтам қалың, креслом бар деп махамбеттанушы жазушылардың, тарихшылар мен көнекөз ақсақалдардың шежірешілерін жоққа шығарып, тарихты жаңадан жасап отырғаны ма?! Сонда бәрі сауатсыз, ақымақ болып, тек Артығалиев мырза ғана білімді, ақылды болғаны ма?!.Мәдениет министрлігі қайда қарап отыр?
ЖҰМЫР-ҚЫЛЫШТЫҢ ШЫҚҚАН ТЕКТЕРІ
Жұмыр және Қылыш батырдың шыққан тектері махамбеттанушы жазушылар Б.Аманшиннің, И.Кенжалиевтің, Н.Әбуталиевтің, Ә.Әлімжанов,Ә.Сарайдың «Махамбет батыр» туралы туралы еңбектері мен зерттеулерін, сонымен қатар «КСРО оқу ағарту ісінің үздігі» белгісін таққан тарих пәнінің озат ұстазы Тұрсынғали Қатауовтың және Жұмыр батырдың тікелей ұрпағы болып келетін Мақсот Хайдаровтың әкесінен жазып қалдырған жазбасын, сондай-ақ, ескі құлпытастардағы жазуларын тұжырымдай отырып, Жұмыр және Қылыш батырдың шыққан тектерін айтып өтейін. Қаратөбе аудандық тарихи-өлкетану мұражайдың директоры Н.Меңдешов әкем Т.Қатауов пен М.Қайдаровтың Жұмыр-Қылыш туралы өз қолымен жазып қалдырған жазбалары музейде сақтаулы екенін айтып, көшірмесін жібергенді. Мақсот ағаның әкесі - Қайдар ақсақал Жұмыр батырдың тікелей шөбересі болып келеді. Кіші жүздің он екі ата Байұлының Байбақты руынан тараған атақты Шолан батырдан: Түкіш, Дат, Байторы және Есенбай тарайды. Бұл жерде Дат би, шешен, әйгілі батыр Сырымның (шын аты - Сырлыбай) әкесі. Патша заманында сұлтандар мен старшындардың әділетсіздіктерін, халыққа жасап отырған озбырлықтарын тура айтып, тік мінезімен жақпаған Байторыдан: Көшербай, Жайлау, Жазық, Саттық, Қонысбай және Жаңабайбақты өрбиді. Жұмыр батыр Байторы атаның Жайлау бөлімінен тараған. Жұмырдан тараған ұрпақтары Мақсот аға қайтыс болса, кенже ұлы Хасан Қайдаров Қаратөбе ауданында тұрады. Жұмыр батыр - олардың жеті атасына (төртінші аталары) кіреді. Жеті атасы былай тарайды. Әкелері Қайдар, аталары – Ерлепес – Шырман – Жұмыр – Жайлау - Байторы. Ал Қылыш батыр Байторы руының Саттық бөлімінен тараған.
ЖҰМЫР-ҚЫЛЫШТЫҢ МАЗАРЛАРЫ
Жұмыр мен Қылыш батырдың мазарлары Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Қалдығайты ауылдық округіне қарасты Төлен елді мекенінен (Байторы руынан шыққан бидің есімімен аталатын Төлен ауылы - Байторы руының байырғы жері) 15 км жерде орналасқан. Ескі қауымдарда ескіше арабшамен жазылған 3 метрлік үлкен құлпытастарды кездестіруге болады. Ондағы құлпытаста: «Байбақты руы, Шолан тайпасы, Байторы бөлімі, Жайлау аймағы Жұмыр батыр немересі Кенжебек қажы 58 жасында опат болды» деп жазулы.
ТҮЙІН
Казталов ауданы және Тереңкөл ауылдық округінің әкімдері бұл жазылғанға оң көзбен қарап, «Жұмыр-Қылыш» туралы қойылған жалған белгіні алып тастауды сұраймыз!
Талғат Қатауов,
өлкетанушы