Мұстафа Шоқайдың мұрасын елге жеткізген - Иманғали Тасмағамбетов
2018 ж. 25 қаңтар
8049
4
Шетелдегі Шоқай мұрасы елге жеткеніне көп жыл өткенде Иманғали Тасмағамбетовтың Премьер-Министрдің орынбасары кезінде Қазақстанның ЮНЕСКО істері жөніндегі комиссиясының төрағасы қызметін қоса атқара жүріп, Франция өкіметімен келісім жасап, Мұстафа Шоқайдың сол елдің архивіне әйелі Мария Шоқай өткізген қыруар қолжазбалары мен заманында шет елдерде жарық көрген мұраларын өз қаржысына сатып әкеліп, халық қазынасындай қастерлеп, Орталық мұрағатқа өткізгеніне куә болғандардың бірімін.
Содан бірер жыл өткенде Иманғалидың:
"Кеше Орталық мұрағатқа кіріп шықтым. "Мұстафа Шоқайдың шетелде көмулі жатқан еңбектері елге жетіп, қолға тиген соң біздің тарихшылар жапа-тармағай оқып, бас салып, зерттей бастаған шығар деп ойлап едім, оным бекер екен. Бір жарым жыл бойы ешкім бір бетін ашып қарамапты. "Осы біздің қазаққа ештеңе керек емес пе?" деп көңілім түсіп қалды..." дегеніне де куәмін.
"Кеше КПСС тарихынан диссертация қорғаған бүгінгі тарихшылардан не сұрайсың? Оларға өкпелеудің өзі артық. Мұстафаның заманы енді туып келеді, зерттеушілері енді шығады. Бұл мұралар ертеңгі тәуелсіз ғалымдарымыз бен шоқайтанушыларымызды туғызады. Соған сену керек. Ең бастысы ұрпақтардың қолы жететін болды", деген сыңайлы жауап беріп, көңілін демдеген болғам.
Міне, содан бері он жеті жыл өтіпті.
Ойды ой қозғайды. Мың болғыр Қазыбек Иса мен Әбдуақап Қара бауырларымның жазбаларынан кейін осы жайт еске түсті.
Шоқайды зерттеуді тоқсаныншы жылдардың ортасында бастап, екі том кітабын қазақ тіліне аударып шығарған француз тілінің маманы, дипломат Бақыт Исақызы Садықова әпкеміз, оған қолғабыс жасаған қайраткер азамат, қайсар қаламгер, дипломат, марқұм Айтан Нүсіпханов ағамыздың елеулі еңбегін ұмытпауымыз керек. Олардан кейін ақын Қасымхан Бегманов бауырымның Мұстафа Шоқай ізімен шетелдерге неше дүркін экспедициялар ұйымдастырып, фильм түсіріп, көлемді жолжазба кітап жазып, шоқайтануға зор үлес қосқанын айту парызымыз.
Көрнекті түріктанушыларымыз Әбдуақап Қара мен Дархан Қыдырәлінің кітаптары да бір-бір төбе. Байқауымша, бұлар өз зерттеулеріне біздегі емес, шетелдегі қайнарларды пайдаланған сыңайлы.
Бірақ, тарихшы ғалымдарымыз әлі жым-жырт, жұмған аузын ашпай отырған тәрізді. Әлде, мен қателестім бе? Лайым, қате болсын деп тілеймін!
Ұлықбек Есдәулет, Фейсбук парақшасынан