Қазыбек Иса. АЛАШОРДАНЫҢ НЕГІЗІ – ҰЛТШЫЛДЫҚТА
2017 ж. 28 желтоқсан
7248
7

АЛАШ АРЫСТАРЫНЫҢ ІЗБАСАРЛАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
25 желтоқсанда Алматыда Qamshy.kz ақпарат агенттігі Алаш Орда автономиялық республикасының 100 жылдық мерейтойына арналған іс-шараларын қорытындылады. Халық назарына ұсынған «Алаш арыстарының 100 ізбасары» сауалнамасы мәресіне жетті. Оған сай Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін мемлекетке еңбегі сіңген елеулі тұлғалар арасынан 100 кісіге «Қамшы» ақпарат агенттігі «Алаш арыстарының 100 ізбасары» медалы мен куәлігін табыстады.

АЛАШОРДАНЫҢ НЕГІЗІ – ҰЛТШЫЛДЫҚТА

(«Алаш арыстарының 100 ізбасарын» марапаттау жиынында сөйлеген сөзі)
Тура осыдан 100 жыл бұрын, 1917 жылдың 5-13 желтоқсан күндері тарих сахнасына Қазақтың алғашқы заманауи саяси партиясы «Алаш» шықты. Ал бір ғасырдан кейін, 2017 жылдың 2 желтоқсанында Қытай астанасы Бейжіңде Әлемдік саяси партиялар көшбасшылары форумына қатысқан «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев 125 елден жиналған 600 делегат қатысқан дүниежүзілік дүбірлі жиында «Алаш» партиясын ардақтады. Ол қатысушыларды қазақтың алғашқы партиясына 100 жыл толу мерекесімен құттықтап, Алашорда туралы баяндама жасады. Ал жалпы Қазақстан Парламентінде Алашорда мен Алаш көсемдерінің аты алғаш рет осыдан бес жыл бұрын, 2012 жылы 7-қазанда естілді. Алаштың 95 жылдығын мерекелеу туралы «Ақ жол» партиясының фракциясы депутаттық сауал жасады. Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу және Алашорданың көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын ЮНЕСКО бойынша тойлау туралы бастама көтерген де «Ақ жол» партиясы. Ұлттық банкке Әлихан Бөкейханның бейнесі бейнеленген монета шығаруды, Қазпоштаға маркі шығаруды ұсынған да «Ақ жол» партиясы. Кеше ғана «Ақ жол» партиясы ұйымдастырған «Алаш арманы – Тәуелсіз Қазақ Елі» атты халықаралық мүшәйра өтті. Сонымен қатар «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» республикалық жас ғалымдар байқауы биыл 5-ші рет өткізілді. Кеше ғана Үкіметтен қуанышты жаңалық келді. Келесі жылы республикалық Мағжан оқуларын өткізу туралы «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалы іске асатын болды. Алашорданың негізі – Ұлтшылдықта. 1922 жылы Алаш көсемі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдығында сөз сөйлеген Сәкен Сейфуллин Ахаңның барлық қырын мақтап келіп, "Ең бастысы, Ахмет Байтұрсынұлы -ҰЛТШЫЛ" деп ардақтаған болатын. Биыл 5-наурызда Әлихан Бөкейханның туған күні Ахмет Байтұрсынұлы мұражайында осы «Қамшы» порталы өткізген Алашқа арналған аста сөйлеген сөзімде Алаштың 100 жылдығында кеңес империясы кезеңінде атылып кеткен Ұлтшылдық деген ұғымды ақтап алып, ардақталатын сөзге айналуы тиіс деп айтып едім. Сол сөзімді тағы да қайталаймын. Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі заңды төріне шыға алмай тұрғанда басқа тілдермен қазақ тілінің онсыз да тарылып тұрған тынысын одан әрі тарылта беру кімге керек болды екен? Кеше ғана Алашорданы зерттеуші, Мағжан жырларын жатқа айтатын түрік бауырымыз Оғыз Доған мемлекеттік тілді менсінбеген «Эйр Астананы» сотқа беріп, жеңіп шықты. Әрине, бұл жерде әділ шешім шығараған сот төрешісі Айгүл Тұрсағұлова мен әйгілі адвокат Абзал Құспанға зор алғыс айтуымыз керек. Айгүл Тұрсынқызы бірден «Эйр Астананың» оқиға болған күнгі бортсеріктерін шақырып алды. Ішінде Мәдина деген қазақ қызы да бар, 4 бортсеріктің біреуі де қойылған сұраққа қазақша жауап бере алмады. Ал «бас кейіпкер» Екатерина Муромцеваның біздің мемлекеттік тілге деген көзқарасына қараңыздар. Ол «Егер Африка азаматы өз тілінде сөйлессе, соның тілінде жауап беруім керек пе?» – деп, Қазақстанның Мемлекеттік тілін Африка елдерінің тілімен теңестірді. Міне, саған Үштілділіктің шығарған ұшпағы. Кейде біздің биліктегілерді тыңдасаң, «үш тіл бола ма, бес тіл бола ма, бәрібір. тек жалғыз жеке дара Қазақ тілі болмаса болды» деген теріс пиғыл, құлдық сананы айқын аңғаруға болады. Тәуелсіздіктің 26 жылында идеологиялық жеткен «жетістігіміз» осы! Ұлттық мүдделерді қорғауда және рухани шараларды іске асыруда «Қамшы кз» сайты атына сай қамшы салдырмай алда келеді. Белгілі журналист Біләл Қуаныш басқаратын, биыл шыққанына 5 жыл толған «Қамшы» порталы қаңтар айында «Алашорда – 100 жыл» жалпыхалықтық 5 шараны іске асыратынын жариялаған болатын. Сайт осы 5 іс-шараны да табысты өткізді. Алаш арыстарының әруағы қолдап, Алла жар болсын! Әрдайым ұлт мүддесі жолында алда бола беріңдер деп, Ақ жол тілеймін!Қазыбек ИСА,
"Ақ жол" партиясы төрағасы орынбасары
qazaquni.kz











Жерді қорғағаны үшін сотталған Макс Боқавтің анасы Рахила Қожасовамен бірге.

Қамаудағы ұлт зиялысы, ғалым Саят Ыбырайдың ұлы Айдос




Дүлдүл Димаш Құдайбергеннің медалін алуға әкесі Қанат Айтбай келді

