Сәбит ДОСАНОВ: ЕЛІН СҮЙГЕН ЕР БОЛАДЫ
2017 ж. 26 қыркүйек
3706
2
Кейкі батыр тойында туған толғау
[caption id="" align="aligncenter" width="662"] Кейкі батырдың бас сүйегін жерлеу рәсімі[/caption]Бұл адамдар мәңгі өшпейтін,
Жүрек пенен көңілден,
Тірі жүрсе жол сілтер еді,
Ай-жұлдыз боп көгіңнен.
Олжас Сүлейменов
Елін сүйіп ер болған, 1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліс басшыларының бірі, Аманкелдінің қарулас досы, халық Кейкі атап кеткен Нұрмағамбет Көкембайұлының бостандық жолында кесілген басын туған жер топырағына тапсыруға арналған іс-шара ұтымды ұйымдастырылып жоғарғы деңгейде өтті. Тоқсан бес жылдан кейін салтанат құрған әділеттіктің ақжарма тойына Мелекеттік хатшы Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықованың Астанадан арнайы келіп қатынасуы бұл ұлы жиынға мемлекетіміздің қаншалықты мән бергеніне айқын айғақ.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауының арқасында былтыр баһадүр бабанық бас сүйегін қайтару туралы келісімге қол жеткені белгілі. Бұл Мемлекет басшысының халықаралық биік беделін тағы бір айшықтады, - деді Кейкі батырдың бас сүйегін туған жер топырағына табыс етуге арналған митингіде Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова. - ХХ ғасырда бабалардың ерлік дәстүрін жалғастырған, сайыпқыран мерген Кейкі батыр тұлғасының ерекшелігі – ол өз заманында егескен екі жүйеге емес, ел-жұртына қызмет еткендігі, есесі кеткеннің жоғын жоқтап, зорлық көрген жандарды жақтап өткен әділеттіліктің жаршысы бола білуінде еді. Тәуелсіз мемлекет тарихында осындай ерлердің ерлердің ерен істерінің ізі жатыр».
Елін сүйіп, ер болған бүкіл өмірі ат үстінде өткен Кейкі батыр жайлы ойлағанда менің есіме жарты әлемді жаулаған ұлы стратег Шыңғыс ханның Қарақорымның қызыл гранитіне ойып жазылған: «Өзін кемсітуге жол бермеген адам – нағыз адам» деген сөзі оралады. Осы бір сөзге Кейкі батырдың бар болмысы, нар тұлғасы сыйып тұр. Оған орнатылған келісті кесенені күннің өзі нұр шығыласын төге сүйіп тұр.
Батырдың ортамызға оралған бас сүйегі Шандор Петефи сөзімен:
Өлген соң да ораламыз рух боп.
Шыға келіп шайқасамыз көрден біз, -
деп тұрғандай.
Қараңыздаршы, Кейкі аңсаған тәуелсіз Елдің аспанында жарқыраған қандай!
Ерлік ешқашан ескірмейді. Кешегі кеңестік дәуірде де халқымыз түрлі бас қосуларда Кейкі атамыз туралы айтып жүрді. Оның аты ешқашан аталмады деген
қате сөз. Рас, баспасөз беттерінде, теледидар мен радиода ол жөнінде айтылған жоқ. Бірақ, халықтың өз ішінде Кейкінің ерлігі аңызға айналды. Ол туралы әсіресе, батырды көзі көрген мыңбасылар мен жүзбасылар, сарбаздар көп айтушы еді.
Ол туған елін қорғады. Елінің азаттығы мен Тәуелсіздігі үшін күресті. Халқымыздың оған риза болатындығы – ол ақ патшаға да, ақтарға да, қызылдарға да бұрылған жоқ. Алған бетінен қайтпады. Онда бір ғана мақсат болды. Ол мақсат – елінің Тәуелсіздігін алу үшін күрес.
Кейкі батыр - біздің атамыз! Біз ол кісінің ерлігімен сусындап өстік. Ата-әкелеріміз бен әже-аналарымыз оның ерліктерін қаршадай күнімізден жүрегімізге сіңірді. Содан болар өз басым Кейкі атамыз туралы ешқашан жаман сөз айтқаным жоқ. Оны әрдайым ұлықтадым. Алла қаласа, алдағы уақытта атамыздың ерліктері туралы жазсам деген ниет бар. Оны бір Алла біледі.
Менің қуанышым шексіз. Себебі, Кейкі атам өзінің қазақ еліне оралды. Енді қазақтың рухы көтеріледі. Тағы бір арман – Кенесары атамыздың басын да елге оралтсақ – ұпайымыз түгенделер еді. Онда қазақтың рухы аспанмен астасар еді. Туған елім - Қостанай облысының халқына, облыс әкімі Архимед Бегежанұлы Мұхамедовке, облыстық мәслихаттың хатшысы Сайлаубек Есжановқа, Аманкелді ауданының әкімі Нұржан Өтегеновке Кейкі батыр аруағына қалтқысыз қызмет еткен барша азаматтарға халықтың алғысы шексіз. Аспаннан Алланың нұры жауып алдымыздан ақ күн туа берсін!
«Если так случится и я умру, то смерть получит лишь мой труп, мои кости, но сердца своего я смерти не отдам», - депті Эфенди Капиев.
Осыған орайластыра айтсақ адамзаттың дұшпаны арсыз ажал азаттық жалындағы ұлы күрескер Кейкінің тәнін алғанмен оның халқын сүйген қаһарман жүрегін ала алмады. Сол ұлы жүрек бүгін бізге Тәуелсіздік үшін күресуді көрсетіп тұрғандай.
«Тәуелсіздікті алудан оны сақтап қалу көп қиын. Алла тағаланың қазақ халқына берген баға жетпес екі бақыты бар: оның бірі – жаннан да тәтті, қаннан да қымбат Тәуелсіздік, бірі - Тәуелсіздіктің көп байрағын берік ұстап халықты баянды бақытқа – «Нұрлы жолмен», «Мәңгілік Елге» бастап келе жатқан кемел ойлы кемеңгер Елбасы – ұлт көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаев!
Кейкі батырға арналған іс-шара Президенттің: «Рухани жаңғыру» атты үндеуі мен үндес, жасты да, жасымысты да ерлікті қастерлеуге. Елді сүюге жетелейтін жетелі, жемісті жұмыс.
Азаттық алып аңсаған жеттік күнге біз,
Қуанышты да, қиындықта да біргеміз.
Бөлінгенді бөрі жерін ұмытпа.
Сызат түсіп сөгілмесін іргеміз!
Сәбит Досанов, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың, М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қазақ үні