"АҚ ЖОЛ" АЛАШ ЖОЛЫМЕН: 1325 ШАҚЫРЫМ
2017 ж. 12 тамыз
4022
1
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында атап көрсетілгендей, туған жердің патриоттары мен сол аймақтардың көрнекті тарихи тұлғаларының елі мен туған жеріне атқарған қызметтері туралы танымдық-тағылымдық деректер арқылы тарихи санамыз бен ұлттық діңімізді шыңдай түсетінімізге сенім мол. Осыған орай, шіліңгір шілде айының соңғы күні мен тамыз айының алғашқы күндерінің басында «Ақ жол» демократиялық партиясы Атырау филиалының бастамасымен «Алаш жолымен» атты ғылыми экспедиция ұйымдастырылды. Экспедиция жұмысы Атыраудан бастау алды. Мақсат – Алаш арыстарының ізі қалған облыстың Қызылқоға ауданы, Ақтөбе облысының Ойыл ауданы, Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе, Сырым аудандарындағы және Орал қаласындағы тарихи орындарға тағзым етіп, жұртшылықпен кездесіп, дөңгелек үстелдер мен кездесулер ұйымдастырып, пікір бөлісіп, деректер жинақтау. Әрдайым, «Ақ жолдықтардыңда» Елбасының стратегиялық мақаласында көтерілген рухани жаңғыру бағытын басшылыққа алатындығын атап өткен партия филиалының директоры Ермеқали Юсуповтан кейін құрамында «Ақ жол» партиясының саяси кеңесшісі, саясаттанушы Әбілхан Төлеуішов, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет, тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетұлы және аудандық «Қызылқоға» газетінің бас редакторы Бауыржан Сисеновтар ғылыми экспедиция мүшелерін аппарат жетекші Айсұлу Қоңдыбаева сапарларына сәттілік тілеп, шығарып салды. Тақтайдай асфальт жолмен аудан орталығы Миялыны бетке алған көлік жолында мыңдаған шақырымдар жатқандығы белгілі. Ол үлкен жауапкершілік пен шыдамдылықты қажет етеді. Сынап бағасы 42-45 градус ыстықты көрсетіп тұр. «Жол азабын жүрген біледі» дегендей іштей жолда көліктің бұзылмай, елсіз, жапан далада қалып қоймай діттеген жерімізге аман-есен жетсек игі деп тілеп қоямыз.
Көлік ішінде туған жерінің өткен-кеткенін жатқа білетін Әбілхан ағамыз Батыс Алашорда әскерінің құрамында қырыққа жуық қызылқоғалық әскерилер мен шенеуніктердің болғандығы туралы деректер халық арасында сонау заманнан бері айтылып келе жатқандығын тілге тиек етті. Сағыз, Гурьев уездік земство управаларында бір топ шоғырдың қызмет жасағаны белгілі. Қызыл қырғын белең алған 1938 жылы облыс архив қызметкерлері түзген тізім бойынша өлкеде елу шақты бұрынғы алашордашылар тұрған. Олардың қатарында Алпан Кенжалиев, Қадырбай Есмағамбетов, Ыбыраш Әлжанов, Жұмағали Аңқылдақов, Нияз Меңдіқұлов, Дүйсенғали Жоламанов, Құрман Ғалиев тағы да басқалары болды. Батыс Алашорданың құрамдас бөлігі – Атырау Қазақ комитеттерінің, Гурьев, Сағыз уездік управаларының тарихы Х.Досмұхамедов, Б.Құлманов, А.Кенжинмен ғана шектеліп, Б.Атшыбаев, С.Қаратілеуов, А.Кенжәлиев, Қ.Ибрашев, К.Қарабаев секілді үлкен тұлғаларымызбен бірге қарапайым мүшелері, Алашордаға белсене қатысқан бір топ халық мұғалімдері қалтарыста қалып келеді. Ал тақырыпты зерттеу, ел ішінен дерек жинау, Ресей архивтеріне археографиялық экспедициялар шығару ісімен қатар жүргізілуі тиіс деген ойдамыз. Сонымен бағытымыз Миялы ауылы.
Киелі Қызылқоға жерінде
Атыраудан Миялыға дейін 270 шақырымды артқа тастап, аудан орталығына бесінді шамасында келіп жеттік. Бізді аудан әкімінің орынбасары Әлібек Олжағалиев күтіп алды. Ол ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды. «Ұлыны ұлы тұтса құт болады» демекші, Батыс Алашорда үкіметінің белсенді мүшесі, Орал облыстық земство управасының төрағасы, ғұлама ғалым Х.Досмұхамедов осы ауданның тумасы. Аудан орталығындағы орта мектепке және көшеге есімі берілген. Сәл-пәл ауқаттанып алған соң, аудандық тарихи-өлкетану музейінде болдық. Әрине, екі қабаттық музейдің іші сәнге бөленіп, жаңаша кейіпке еніп, жалпылама өңір тарихынан сыр шертіп тұрғанымен Алашорда үкіметінің тарихын аша түсетін құнды жәдігерлердің аздығы көңілге кірбің ұялатады. Сондықтан, алдағы уақытта осы бір олқылықтың орнын толтыру жолдары қолға алынса нұр үстіне нұр.
Келесі бағытымыз тарихи орын «Халел ставкасы». Кезінде ставка мектеп пен обаға қарсы комиссиясының орталығы болған. Бүгінгі күні ставка орнында тас белгі қойылған.
«Халел ставкасына» аудан орталығынан тікелей Тайсойған құмын кесіп өтетін жолдың қашықтығы 35 шақырым. Біз қиында болса осы жолды таңдағанымыз, аудан әкімінің орынбасарын бір сәт ойландырып тастады. Қалың құм ішінде автокөлік батып қалса, оны шығаруда көп күш екендігі өзін-өзі түсінікті. Әрі кеш түсіп қалғаны тағы бар.
Дегенмен, аудан әкімінің орынбасары Әлібек Төлеуішұлы тез шешім қабылдап, құм ішіндегі жолды жақсы білетін, сол бағыттағы Ойыл ауылдық округіне қарасты «Ақ қора» елдімекенінде тұратын Кенесары Ортанов деген азаматпен ұялы телефонмен байланысқа шығып, мән-жәйді түсіндірді. Оның сөзге келмей алып баруға келіскеніне риза болған біз малшы ауылға көліктің басын бұрдық. Тайсойған құмының бұйра-бұйра шағылдарының арасымен адаспай тауып алып барғанына тәнті болыстық. Кең даланың ауызын ашса көмекейі көрінетін азаматтан «Осынша жолсыз жермен, бытқыл-бытқыл арасымен тарихи орынды қалай тауып келдің?»,- деп сұраймыз ғой баяғы. Сәл жымиған ол: «Осы арадан екі шақырымдай жерде кезінде Досымбай әкемнің қыстауы болған. Бала кезімізде сіздер көріп отырған орын биік болатын. Анау көрінген ағаштың түбінде үйдің орыны болды. Керуеттер, әртүрлі тұрмыстық заттар шашылып жататын-ды»,- деп еске алады. Халел бабамыздың табаны тиген киелі мекенге тіл бітіп сөйлеп кетсе таусылмас тарихы барлығын ішіміз сезгенменен, «Өткен күнде белгі жоқ» деген тәмсілге амалсыз ырық бересің. Құнды да қасиетті туған жердің тарихынан алыстап кеткендігіміз өкінішті-ақ. Гурьев, Тайсойған өресіндегі Жиренқұдық, Кермақас, Жарыпшыққан, Бұлан, Сағыз өңірінен Ойыл, Шыңғырлау, Теректі, Ханкөл, Жымпиты, Қаратөбе, Оралға дейінгі өңірді мекендеген халықтың басын біріктіріп, жан беріп, жан алысқан уақытта елдік пен бірлікке шақырған Алаш арыстары осынау ұлан байтақ даланы атпен шарлап, басқарғанына еріксіз бас иесің. Өмірлері мен қызметтерін ұлтының болашағы жолында қасиетті қызметке бағыттаған тұлғалардың елдің ел болуына қызмет еткендері еске түскенде, «Еске алсаңдар біздерді, Мың рахмет сіздерге (Махамбет)»,-деген өлең жолдары ойға оралады. Демек, Алаш арыстарының жанқиярлық ерлік жолы ұрпақ жанынан өшпейді.
Қас қарайып, аспанда жұлдыз жымыңдаған шақта Миялыға да келіп жеттік. Бір айта кетерлігі – алдағы уақытта да өлке тарихын, Алаш арастарын зерделеген әрбір азамат Тайсойған құмындағы «Халел ставкасына» соқпай кетпесі анық. Осы орайда, олардың бағытынан жаңылмай тез табу үшін арнайы белгілер қойылса қандай жарасымды?! Экспедицияның ертеңгі күнгі бағыты – Ақтөбе облысының Ойыл ауданы. Бұл Миялыдан 65 шақырым қашықтықта.
«Ойыл көздің жасы еді...»
Тарихқа шегініс жасасақ. Ойыл бекініс ретінде 1869 жылы салынған. 1869 жылдың қазан айында бекіністегі казармаларға әскери гарнизон орналастырылып, 1870 жылы әскери бекініс ретінде толығымен құрылысы аяқталған. Бекіністің солтүстік-шығысында орыс поселенесі салынып, оның солтүстік-батысында Ойыл жәрмеңкесінің тастан салынған ғимараттары бой көтеріп, талай тарихтың куәсі болғандығына еш шүбә жоқ. Салынған тарихи ғимараттар күні бүгінге дейін сақталған.1930 жылы Ойыл ауданы болып құрылған. Ойыл Көкжар атауымен де тарихта өзіндік орыны бар киелі мекен. Ақтөбе облысының солтүстік-батысында орналасқан әкімшілік бөлік. Алаштанушы ғалым Мақсат Тәжі-Мұраттың «Батыс Алашорданың эпицентрі болған «көздің жасы Ойыл» алдымен Ақтөбе мен Атырауға бірдей қатысты»- деуі өте орынды пікір деп білеміз. Алаш тарихында «Ойыл уәлаяты» атауымен белгілі. Толығырақ тоқталсақ «Ойыл уәлаятының уақытша үкіметі» - Алашорда үкіметінің батыс бөлігіндегі әкімшілік-аумақтық басқару органы. 1918 жылдың сәуірінде Жымпитыда өткен 4-Орал облысы қазақ съезінің қарарымен құрылғаны белгілі. Құрылған уәлаяттың әкімшілік аумағы құзырына Жайық өзенінің оңтүстік жақ бетіндегі және Ойыл, Тайсойған өңіріндегі 34 болыс енді. Уәлаят бірнеше уезге бөлінді. Олар Ойыл, Жымпиты, Шыңғырлау және Сағыз уездері. Батыс Алашорда үкіметі басшылары сол аласапыран жылдары әскер жасақтау мәселесіне ерекше мән берген. 1918 жылдың шілде айында уәлаяттың орталығы Жымпитыда прапорщиктер, Ойылда юнкерлер мектебін ашты. Ойылдық еңбек ардагері Қуаныш Әміровтің айтуынша, 1918 жылы ашылған Юнкерлер мектебі орын жоқ болғандықтан Жәрмеңке комитетінің үйінде орналасқан. Ол да ойланатын дерек екендігі сөзсіз. Қуаныш ағамыз 1948 жылы дүниеге келген. Алаштың әйгілі ғалым қызы, профессор Рәбиға Сыдықованың нағашысы. Ғалым апамыз «Жер бетіндегі жалғыз нағашыма» деп қолтаңба жазып, жарыққа шыққан еңбектерін беріп жіберіп тұратын көрінеді. Ал апамыздың әкесі Сәтіғали Құтқожин патша заманында оқып, білім алған зиялылардың бірі. Мұсылманша да, орысша да аса сауатты, екі тілді бірдей меңгерген қайраткер. Ол Батыс Алашорда үкіметінің Ойылдағы байланыс бөлімшесін басқарған. Ол туралы деректер Ақтөбе облысы мемлекеттік архив қорында сақталған. Кейін Темір, Табын (Байғанин), Арал аудандарында пошта, телеграф, телефон, яғни байланыс бөлімдеріне басшылық жасаған, білікті маман. Қасіреті 1937 жылдың құрбаны болды.
Ойыл аудандық кітапханасында аудандық маслихат депутаты, еңбек ардагерлері, жастар мен еңбек ұжымдарының өкілдері қатынасқан кездесу болды. Ойыл аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мұратбай Болатұлы Айдарбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалымен қысқаша таныстырып өткен соң, жұртшылықпен кездесу шарасының тізгінін Ш.Берсиев атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Балғия Тілеужанқызы Рысбаева қолына алды. Оның түсіндіруінше, Ойыл өңіріне қатысты Алаш қайраткерлерінің істері жасақталып, деректер қоры, естеліктер жинақталған. Әлі де бұл бағытта атқарылатын жұмыстар аз емес. Кездесу барысында, Алашорда тарихына қатысты архив деректері туралы сөз қозғалып, тарих ғылымдарының докторы, профессор Аққали Ахмет Ойылдағы Алашорда партиясына мүше болғандар мен әскерилер туралы мәселені қозғаған тұста Батыс Алашорда қосындарын жасақтаған әскери қайраткерлер А.Абылаев (1998 жылғы 16 сәуірдегі ҚР Бас прокурорының қортындысы бойынша ақталмаған), Н.Нүкешев, Н.Есімханов, Т.Есеналиев, Т.Жаңабаев, Ж. Мұқашев, Н.Санин, Өтегенов, Әжімұратов, М.Оспанов, Д.Асанов, С.Ізтілеуов (Ойыл), М.Бисалиев (Ойыл), М.Есенбаев (Ойыл), С.Удебаев, А.Упиров (Ойыл) С.Упиров (Ойыл), Бекмамбетов, Н.Сүнелдіков және тағы да басқа туралы зерттеулердің өте тапшы екендігін мәлімдеді. Осы тұста, кейбір аталған адамдардың ағайын-туыстары, қыздары Ойылда тұрып келгендігін, олар кеңестік сұм саясаттан зәрезәп болып қалғаны соншалық, айтуға қорыққандығын еңбек ардагерлері Аманқос Қисықов пен Қазыбек Нұрымгерейұлы өз естеліктерінде айтып берді. Негізінде Ақтөбе архившілері жинақтаған тізім бойынша бұл өлкеде – 136 алашордашылдардың есімдері анықталған. Ол да сонау 1938 жылғы «халық жауларын» іздеудің нәтижесінде жинақталған тізім. Ал мына бір фактіге назар аударсақ Алаштың Ойылдағы атты полкінің өз туы болғандығын аңғарамыз. Бұл орайда, жазушы Сәбит Мұқанов «Есею жылдары» атты кітабында «Республика астанасы Орынбордан Қызылордаға көшкен тұста Қазақ АКСР-і Кеңесінің V съезі президиумына даярлаған столдың сырт жағына ілінген көп тулардың ішінен жасыл туға көзімді тіксем: «тозыңқыраған шұға, бетіне араб әріпімен: «Лә иләһа илла-алла, Мұхамәдүн Рәсул алла» деп, оны айнала, «Жасасын Алаш автономиясы!» және «Алаштың Ойылдағы атты полкы» деп жазылған. Бұны мен жазушылық фантазиядан туғызып отырған жоқпын, немесе жөнсіз «қызық» іздеп, ойдан жасап отырған жоқпын, шындықта болған ащы фактыны ғана болған түрінде сипаттап отырмын!»,- деп жазады. Кездесуден кейінгі сапарымыз тағы бір тарихи орын - Ойыл аудандық орталық мешітіне барып Алаш арыстарының рухтарына құран бағыштадық. Мешіттің бас имамы, «Нұр-Мүбарак» университетінің түлегі Нұрсұлтан Серікұлы мәліметіне сүйенсек, Мешіт 1873 жылы салынған. Мешіттің алғашқы имамы Сағидолла Ізтелуов болған. Тастан салынған ғимараттың ішінде жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, оның бөлмелері сол қалпында сақталған. Бір ғасырдан астам тарихы бар имандылық ордасының Кеңестік жүйенің «дін апиын» деп ызғар шашып тұрған насихаты кезінде қалай сақталып қалғандығына таңымыз бар. Бұдан басқа экспедиция мүшелері аудан орталығындағы тарихи-өлкетану музейінде болып, Алаш юнкерлер мектебі орналасқан (ауызша деректер бойынша), ХІХ ғасырда салған бай көпес Красавиннің үйі, байланыс бөлімшесі, атақты Көкжар базары ғимараттарының тарихымен танысты. Ғажаптығы сол – салынғандарына бір ғасырдан астам уақыт өтсе де көне ғимараттар сол күйінде сақтаулы тұр. Оны жергілікті басшылардың заман талабына сай халық игілігіне пайдалана білуі қандай ақылдылық десеңізші?!
Түс ауа Ойыл ауданынан шықтық. Жол апшасын қуырып, зулаған көліктің доңғалы астында шақырымдар артта қалуда. Бағытымыз Жетікөл – Жақсыкөл – Сарыбие – Ақбоз – Аққозы – Қаратөбе. Биыл далаға шөп қалың шыққан, үйір-үйір жылқы, сиыр табыны, отар-отар
қойлар жолдың екі бетін алып, қаптап жайылып жатыр. Қазақтың байлығы төрт түлік десең, даланың да сәні осы төрт түлік мал. Бұл көрініске көңіл сүйсініп, көз тояды.
Қаратөбеде съез өткен...
Әлқисса... Бағытымыз Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданы. Батыс Алашорда тарихы сөз болған тұста, ойымызға Қаратөбе съезі, Сәкен түсетіндігі белгілі.
« ...Қаратөбе съезі. 1918 жылдың бас кезі. Қыстың күні. Қаратөбеге Орал облысының бар оқыған қазақтары жиылды. Бастықтары екі – Досмұқамбетұлы. Съезд ашылды. Қаралатын мәселелердің зоры: әскер жасау, үкімет құру, үкіметке қаражат ақша жинау.»
Бұл деректер Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» атты тарихи-мемуарлық романынан алынды.
Ауданға қарасты Аққозы ауылының маңында Құрманғазының ұстазы Ұзақтың жұмыртқадай аппақ кесенесі менмұндалайды. Осы ауылда 1956 жылдары Батыс Алашорда полкінің офицері, Жайық өңірін кеңестендіру ісіне қатынасқан Тәжмұхамбет Жалпақов тұрған екен. Ол 1942-1945 жылдары аралығында екінші дүниежүзілік соғысқа қатынасқан. Теректі аудандық тұтынушылар қоғамының, Қаратөбе ауданының Аққозы жұмысшылар кооперативінің бас бухгалтері қызметтерін атқарған. Бұл тұлға туралы Қаратөбе ауданық газетінің бас редакторы болған, бүгінгі күндері зейнеткер, «Қаратөбенің анықтамалығы» деп әзілдейтін ақсақал Қайыржан Хасановтан сұрау керек-ау деген ой келді. Ол кісі Орал қаласында тұрады. Алашқа қатысты ұрпақтар сабақтасығы діңінің үзілмегенін бүкіл экспедиция барысында әрдайым сезініп отырдық. Қайрекең қарттың туған атасы Төлеген Иманғазиев Қаратөбе съезіне қатынасқан Алаш қозғалысының белсенді мүшесі.
Міне, Қаратөбеде көрінді. Бізді ауданның іс басында жүрген бір топ басшылары күтіп алып, бірден Қаратөбе съезі өткен тарихи орынға алып барды. Ең өкініштісі, бүгіндері съезд өткен татар мешітінің жұрнағы да қалмаған. Белгі таста «Ұлт теңдігін жалау етіп, қазақ халқының жарқын болашағы үшін тәуелсіз ел болу жолында жанын пида еткен Алаш қайраткерлерінің рухына арналады» деген сөз қашап жазылған. Жоғары да атап өтілгендей Батыс Алашорданың ең маңызды шешімдері осында қабылданды. Қаратөбедегі Алашорда съезі өткен ғимаратқа арнап қойылған белгі басында болған соң, Мұхит Мералыұлы атындағы аудандық тарихи өлке тану музейіндегі жәдігерлер арқылы ауданның тарихымен, ауданнан шыққан танымал тұлғалар туралы құнды деректерге қанығып, үлкен әсер алдық. Музей ұжымымен кездесу барысында саясаттанушы Ә.Төлеуішов: «Ақ жол» демократиялық партиясы Алашорда қайраткерлерінің ісін жалғастыратын партия болып саналады. Сол бағытта жүйелі жұмыстар жүргізетін боламыз»,- деді. Қаратөбеден Жымпитыға дейін 90 шақырым жол. Міне, самаладай жарқырған Жымпитының шамдары да көрінді.
Еркіндік осы арада тәй-тәй басқан
Аудан әкімінің орынбасары Асыланбек Ахметоллаұлы Сарқұлов жұмыс уақытының аяқталғанына біраз уақыт болса да өзі қарсы алып, қош келдің айтуы да жаста болса елге бас болып жүрген азаматтың көрегендігі деп түсіндік. Аудан әкімі іс-сапарда жүргендігін жеткізіп жатыр. Сәйкестікті қараңыз,біз тоқтаған қонақ үйдің атауы «Алашорда» екендігін білген экспедиция мүшелері қазақи ырымдарға сенетін елдің ұрпақтары ретінде жақсылықтың нышанына бағалап жатты.
Кеш келген, әрі жол соққан біздер тамақтан соң демалуға жаттық.
Таңертеңгілік сәт. Біздің назарымызға бірден көзге іліккені көше бойындағы билборд болды. Үлкен билбордта «Алашорда үкіметіне – 100 жыл» жазуы көз тартады. Бұл жарнаманың көрнекті жерде ілінуі еліміздің өткен тарихына деген сергек көзқарас деп қабылдадық.
Аудандағы жұмысымызды «Алаш саябағынан» бастадық. Бұл саябақтың 2008 жылы Алаштың-90 жылдығына арналып ашылғандығына куә болғанымыз еске түсті. Сол шараның аясында өткен республикалық ғылыми-тәжірбиелік конференция жұмысына бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты С.Әбдірахманов, тарих ғылымдарының докторлары, профессорлар, алаштанушы М.Қойгелдиев, Х.Әбіжанов, Х.Табылдиев, Т.Рысбеков, алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының кандитаты М.Тәжі-Мұрат, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы Д.Қамзабекұлы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент А.Ахмет, педагогика ғылымдарының кандитаты Ғ.Базарғалиев тағы да басқа ғалымдар қатынасқан болатын.
«Алаш арыстары» саябағы алдынан күтіп алып, келген қонақтарға дәм-тұз ұсынып, домбырамен ән-шашу шашуы да қазақтың дәстүрлерінің бірі. Саябақта Алаш арыстарының аллеясы жасақталған. Алаш қайраткерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, тағзым еттік. Саябақ іші ерекше күтімге алынған. Аудан көлеміндегі өткізілетін тәрбиелік іс-шаралар осы аллеяда өткізілетіндігін аудан әкімінің орынбасары атап өтті.
Экспедиция мүшелері алаңдағы қазақтың ақиқық ақындарының бірі Қадыр Мырза-Әлінің ескерткішіне де тағзым жасады. Қадыр ағамыздың кіндік қаны Сырым елінде тамған. Қоладан құйылған ескерткіш ауданның басты көшесінде ерекше сән беріп тұр. Ескерткіш жанында тұрып, еріксіз ақынның мына өлең жолдары еске түсті:
Осында ел ұрандасқан, айғайласқан
Бұл жерге жау аяғын байқай басқан,
Ерліктің етегінен ұстап тұрып,
Еркіндік осы арада тәй-тәй басқан.
Шынында алғаш рет азаттық туын көтеріп, отаршылдарға қарсы атойлаған жер – осы Сырым елі. 1783 жылы Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы қол бастаған, батыр, би, шешен Сырым Датұлын әрбір қазақ мақтаныш етеді.
Мәдениет үйінде орналасақан С.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінде болып, Алаштың-100 жылдығына арналған кітап көрмесін тамашаладық. Дөңгелек үстел барысында аудан әкімінің орынбасары А.А.Сарқұлов мырза аудандағы Алашорда үкіметінің 100 жылдығы және Жаһанша Досмұхамедовтың 130 жылдығы аясында өткізіліп жатқан іс-шаралар жөнінде кеңінен баяндап берді. Ерекше атап өтетін жағдай «Алашорда үкіметіне 100 жыл» атты Семей, Орал қалалары және Сырым ауданының онлайн конференциясы, осы атаумен Жымпиты – Семей телекөпірі, «Алаш жолымен» Жымпиты – Семей бағытындағы тарихи экспедиция, «Жымпиты – Мәскеу» тарихи-танымдық экспедицияларының орыны ерекше екендігі дөңгелек үстел барысында айтылып өтті. «Жымпиты – Мәскеу» тарихи-танымдық экспедициясы барысында «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметінің төрағасы, репрессия құрбаны Ж.Досмұхамедов мәңгі тыныстаған Бутов полигонында болғандықтарын, басына құран оқып, мінәжет еткені тебіреніс тудырды. Ұлттың ұлыларын ұлықтау осындай игі істерден бастау алатындығы сөзсіз. Халқымызда «Өлі жебемей, тірі байымайды» деген нақыл тектен-тек айтылмағыны хақ.
Бұл шарада да ұрпақтар сабақтастығына тағы да бір куә болдық. 1918 жылы Жымпиты да өткен съез үйінің иесі, қазақтан келін түсірген, көпес Иван Сергеевич Федяниннің тікелей ұрпағы, немересі, ұлағатты ұстаз, еңбек ардагері Ким Николаевич Федяниннің қатысуы. Анасы тана руынан. Таза қазақша сөйлейтін Ким ағамыздың айтары көп екен. Аналарының Алашқа қатысты әңгімелерін еске ала отырып, тістеріңнен шығармаңдар деуінің өзі, сол зұлмат заманның ұрпақтар жадынан төл тарихын өшірудің сұрқия көрінісі демеске шара жоқ. Қаншама деректерді марқұмдар бақи дүниеге өздерімен бірге ала кетті десеңші. ...Өзекті өртеген өкініш. К.Н.Федянин Жымпитыда өткен съезд барысында түсірілген фотоның үй альбомында болғандығын, оны кезінде партия әкімшілігінде істейтін қызметкерге бергендігін, кейін тарихи фотоны сол қызметкердің жоғалтып алғандығы жөніндегі әңгімесінен түйгеніміз бұл Алаш тарихына салқын көзқараспа, әлде бұны да қазақи салғырттыққа жабамыз ба?..
Тағы да тарихқа көз жүгіртсек. Алашорда тарихына қатысты өкініштісі сол, 1918 жылдың 7 желтоқсанындағы Жымпиты бүлігінде уездік соттың, Алаш әскерінің штабы, уездік земство басқармасының, уездік земство милициясының, комиссар кеңесінің құжаттары түгелімен өртелгені еріксіз ойға түсіп, өзекті өртейтіндігі шындық.
Аудандағы атқарылып жатқан көптеген игі істердің бастауында жүрген музей директоры Айнагүл Мағауияқызы Ойшабаеваның ел тарихына жан ашитындығы бізді тәнтті етті. Туған жер тарихын ту етіп көтеріп жүрген замандасымызға алғысымызды білдіреміз. «Алаш тарихы» музейі ағымдағы жөндеуден өтуде екен, қыркүйек айының басында жұртшылыққа есігін айқара ашады деп күтілуде. Бұл үйде Батыс Алашода үкіметі тұрған. Мемлекет қорғауына алынған
тарихи ғимарат. Жымпиты ауылына келгеннен қасымызда жүрген аудандық Жастармен жұмыс жөніндегі рессурстар орталығының маманы Айбар Ергенұлы Исламғалиев пен музей қызметкері Ақжол Маратов Орал бағытындағы жолға салып, қош айтысты. Осы арада айта кетейік, мыңдаған шақырым жол жүрсе де біздің діттеген мақсатқа жетуімізге себепші болып келе жатқан жүргізуші Мараттың еңбегі зор. Оған алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Алаш арыстарының ізі қалған
Қаладағы алғашқы ат басын тіреген мекемеміз Алаш қайраткерлері оқып, іздері қалған Орал реалдық әскери училищесі (қазіргі Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж) болды. Бұл ғимараттың тарихы тереңде. Болашақ Алаш қайраткерлері Ә.Бөкейханов, Ғ.Бердиев, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, А.Айтқалиев, Б.Атшыбаев, Б.Бисенов, М.Бекімов, Ғ.Есенғұлов, Б.Жанқадамов, Ғ.Жетпісов, Н.Ипмағамбетов, Е.Қасаболатов осы аталған оқу орнында оқыған. Бір қызығы Алаш үкіметінің төрағасы Ә.Бөкейхановтың осы училищеде оқығаны біз үшін тың жаңалық болды. Колледж директоры, педагогика ғылымдарының докторы Шалқыма Хайроллақызы Құрманалинаның айтуынша, оқу орнында 280-нен астам білім алушының 18-і қазақ болған. Колледжде атқарылып жатқан көптеген игілікті істерге риза болыстық. Мысалы жыл сайын оқу басталған кезде, міндетті түрда алғашқы сабақ «Жаһанша оқуларымен» басталатындығы, жыл бойы білім алушылар Алаш тарихына қатысты әртүрлі мәдени шаралар, курстық жұмыстар мен жобалар дайындайтындығын колледж базасынан танысуға болады. Бұл игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатындығын колледж басшысы атап өтті.
Батыс Қазақстан өңіріндегі алаш тарихын жетік білетін Қайыржан ағамызбен және «Егемен Қазақстанның» Батыс Қазақстандағы арнаулы тілшісі, баспасөз тарихын зерттеуші Қазыбек Құттымұратпен хабарласқанымызда бірі Қаратөбені бетке алып, бірі іс-сапарға жолға шығып кеткен екен. Экспедиция мүшелері Алаш арыстарының ізі қалған қаладағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде Алаш тарихына арналған материалдармен танысты. Ендігі бағыт Атырау қаласы. 500 шақырымдық жол. «Алаш жолымен» жүріп өткен экспедиция жолында мыңдаған шақырым жолдар арта қалды...
Түйін
Қазақстан қоғамын рухани жаңғыртуда «Алаш» қозғалысының шығармашылық мұрасын және принциптік көзқарастарын тарату және бүгінгі күннің кәдесіне жарату бағытында «Ақ жол» демократиялық партиясы бастамашылдық жасаған және атқарған істерін одан әрі жалғастыру және атқарылуға тиіс міндеттерді шешу жолында жұмыс жасайды.
Жас ұрпақты Алаш идеясымен кең ауқымды және жүйелі түрде таныстырып, отаншылдық рухта тәрбиелеу мақсатында ғылыми-зерттеу монографияларын, әдебиет пен өнер шығармаларын, деректі және көркем фильмдер және теледидар туындыларын мемлекеттік тапсырыспен шығару қолға алынса игі. Болашақ жас ұрпақты тәрбиелеу ісін Қазақстанның ұлттық тарихына, Алаш тарихына, қазақ тілін және қазақ мәдениетіне, сол сияқты басқа да этностардың тарихына, мәдениеті мен тіліне құрметпен қарау рухында жүргізу басты парыз.
Аққали АХМЕТ
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының доктор
Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ
тарих ғылымдарының кандидаты
Атырау-Миялы-Тайсойған-Ойыл-Қаратөбе-Жымпиты-Орал-Атырау
Қазақ үні