Қабанбай батырдың Түркістанда сақтаулы тұрған қанжары туралы не білеміз?
2017 ж. 04 шілде
4999
0
Түркістан қаласы – ел басына күн туған "тар жол тайғақ кешулерде" нешебір нәубеттерді; жанкешті жаугершіліктер мен жанпида жорықтарды басынан кешкен, қасиетті бабаларымыз бас қосып, келелі кеңестерде шұрқырасқан, кең керегелі, киелі қара орын. Қазақ тарихындағы хандар мен билердің, батырлар мен датқалардың, елім деп еңіреген ерлердің ішінде Түркістанға ат басын тіремей кеткені кемде-кем. Сондай есіл ерлердің бірі - қабандай күркіреп, ата жаудың апшысын қуырған Қаракерей Қабанбай батыр. "Түркістан тарихы" музейінің VІІ бөлімінде ("Түркістан - қазақ хандығы мемлекетінің астанасы") осы Қабанбай батырдың қара қанжары бар. Қанжардан бұрын, қазақтың қара баласына батыр турасында бірер дерек келтіре кеткенді жөн санадық.
Қаракерей Қабанбай (1692ж. - 1770ж.) Абылай хан тұсында, яғни ХVІІІ ғасырда жоңғарларға қарсы күресте жанқиярлықпен ел қорғаған, Найман тайпасы, Қаракерей руының Байжігіт тармағынан шыққан қазақ батыры екендігі исі қазаққа бесенеден белгілі. Негізі, батырдың азан шақырып қойған аты Ерасыл екен. Қабанбай деген ерлікпен даңқы шыққан кезде халық берген лақап аты. Ал 1740 жылы Шыңғыстау шайқасында ересен ерлікпен көзге түскені үшін хан Абылай оған "Дарабоз" деген атақ берген. Осыдан бастап замандастары оны "бас сардар" немесе "Дарабоз" деп атапты.
Ерасыл 7 жасқа толғанда әкесі Қожағұл батыр жау қолынан мерт болады; ағасы Есенбай да жоңғар барымташыларының қолынан қаза табады. Қос қасірет кектендірген Қабанбай 16 жасында атқа қонады; осы кезден бастап батырдың қолы бес қарудан бір босамапты. Тарихи деректер бойынша, Қабанбай қатысқан ауқымды соғыстардың алғашқысы - 1718 жылғы Аягөз шайқасы. Осы ұрыста Найман қолын басқарған ол асқан батырлығымен көзге түсті. 1723 жылғы "Ақтабан шұбырынды" кезінде Қабанбай қарулас достары Елшібек, Бердіқожа, Малайсары батырлармен бірге Түркістанды қорғауға қатысты. Бұған қоса алғаш рет жаудың бетін қайтарған 1728 жылғы Бұланты шайқасы және 1730 жылғы Аңырақай-Алакөл ұрыстары да Қабанбай батырсыз өткен жоқ. Ұлы шайқастарда ұрандап, жаудың құтын қашырған әруақты ердің артында қалған ұрпақтары бүгінде бір қауым ел болған. Оның 2 әйелінен туған 7 ұл кейін "Жеті Қабанбай" атанып, Мәмбет ішінде Қожағұл деген руға айналды. Бір өкінерлігі, батырдың зираты белгісіз; ұрпақтарының айтуынша, оның сүйегі Жоңғар қақпасының сол қапталындағы Сарыбел деген асуға жерленген. (Түркістан халықаралық энциклопедиясы, Алматы, 2000, 379-б.). Қазір дамыған ғаламтор заманы ғой. Сол деректер бойынша, "Қабанбай батыр, ...Арқада туып, Арқада, Нұра өзенінің бойына жерленген". (Қамшы.кз порталы, Қабанбай батыр қайда жерленген? Жұмаділов не дейді? Жұрт не дейді?, Ғайни Биахметова, Әлеуметтік ғылымдар магистрі, 26.10.2016)
Сөз басында айтып өткеніміздей, қанжар Қабанбайдікі делінгенімен, музейдегі құжаттардан оны дәлелдейтіндей ешбір дерек табылмады. Тек, қанжарды музей қорына Қазақстанның халық суретшісі Сахи Романовтың (кп 161, а,б. 27/ХІІ-1978, акт №35) тапсырғаны туралы ғана мәлімет бар. Сонда "қанжар Қабанбайдікі" деген дақпырт қайдан шыққан?!! Ал тарих бұлтартпас дәлелді қажет ететін ғылым. Алайда, "жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтыны" тағы бар. Осындай "дейді, дейдімен" біз көңілдегі күдікті сейілту үшін, осы 2001 жылдың 15 қаңтарында "Әзірет Сұлтан" музейінің сол тұстағы бас қор сақтаушысы, "ҚазССР-іне еңбек сіңірген мәдениет қайраткері", өз деңгейінде жазушы-драматург әрі ақын Орынбай Дастанов ақсақалға жолыққанды жөн санадық. Ол кісі: "Қанжарды Қабанбайдың ұрпағы, халық суретшісі Сахи Романовтан алып, өзінің өтінішімен белгілі қоғам және мәдениет қайраткері Ө.Жәнібеков 1980-жылдары әкеп тапсырды. Ол кісілер жалған айтпайды ғой. Сондықтан, балам, бұны еш күдіктенбестен Қабанбайдың қанжары деп жаза бер",-деп күпті көңілді орнына түсірді.
Экспонат музей қорына "қанжар" деген атаумен қабылданған екен; соған байланысты біз де оны шартты түрде "қанжар" деп атап отырмыз. Негізінде, "қанжар - екі жағы да жүзді, ұшы өткір, пышақ сияқты қысқа сапты қару". (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, ІІ том, Алматы, 1961, 33-б.) Ал біздегі кесу қаруының жүзі бір жақты. Осы арада аз-маз шегініс жасап, "кесу қаруының даму тарихына қысқаша тоқталар болсақ, ...б.д.д. VІІІғ. мен б.д.д. ІІІғ. арасында өмір сүрген скиф-сақ семсерлері алғашқыда қысқа(70см) болып, оны "акинак" деп атайды, кейін ұзын семсерлер пайда болды. Бертін келе ат үстінде айқас жүргізуге ыңғайлы болу үшін семсерлердің салмағы жеңілденіп, жіңішкеленіп, кесу функциясын арттыру үшін сабы жүзіне қисайта орналастырылады. Соған сәйкес кесу қаруы бір жүзді ғана қылып жасалып, бұл қарудың екінші түрі "сапы" пайда болды". (Ахметжанов.Қ.С., Жараған темір кигендер, Алматы, 1996, 73-б.). Сапының қанжар сияқты үлкен түрі "селебе" деп те аталған. Осыған орай біз аталмыш қаруды - жүзінің бір жақтылығын ескеріп, "қанжар" емес, "сапы" деп атағанды дұрыс көрдік.
Сапы музейге қабылданған уақытта, оның ұзындығы, жүзінің болат(сталь) екендігі, сабының пілдің тіс сүйегінен жасалғандығы, жетесінің қорғасынмен қапталғандығы туралы ғана дерек бар. Сондықтан оның өзге де суреттеме-сипатын "Әзірет Сұлтан" музейінің қызметкері, суретші-реставратор, зергер әрі темірден түйін түйген ұста жігіт Қалдыбек Қошқаровпен бірге нақтылап, толықтыруға тура келді. Сонымен мұрағат негізгі екі бөлімнен тұрады: сапы және оның қыны(суретте). Ұзындығы - 34,4см, болаттан құйылған жүзінің ұзындығы - 21,4см. Жүзінің жоғарғы жағында - жетесінен бастап ұшына дейін 3см-дей жетпей кідірген екі кертік сызығы - өзегі(ол "дол" деп аталады) бар, сабының қоспасы "овал" пішіндес таза күміспен көмкерілген(накладка); оған "қаралау" әдісімен гүлді ою бедерленген. Бұдан кейінгі жете бөлігі 2см көлемде қорғасынмен қапталған, оған күміспен жиектелген көк және жасыл түсті 21 дана жартылай бағалы асыл тасты(бирюза) төртбұрышты тізбек-әшекей ұласқан. Сарғыш тартып шытынаған сабының ұзындығы - 11см, ол батыр ұрпақтарының айтуынша және Қ.Қошқаровтың анықтауынша пілдің тісінен жасалыпты. "Қанжардың ұстарабасының жалпақтығы - 2,5см. Салмағы - 800-900 гр. шамасында".("Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен ілімінің зерттелу мәселелері"(V халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары, Түркістан, 13-14 қазан, 2016, Күзембаев.Қ,. Қаракерей Қабанбай батырдың қанжары, 207-б.)
Экспонаттың екінші бөлігі - оның былғары қыны, ұзындығы - 50,2см, ол "алақан", "қын" және "белдемеден" тұрады. Трапеция пішіндес бесбұрышты алақаны, төртбұрышты белдемесі қынға сән беріп қана қоймай, арнайы қызметтер атқарған. Қынның өне бойы өсімдік тектес қазақы оюмен өрнектелген. Сапының жүзін мұқалтпас үшін әрі қару қынды кесіп кетпес үшін ағаштан жонылған "кіші қын" негізгі қынғы нығыздала кигізілген; ол барып өрме-шашақты белдемеге таспамен біріктірілген. Бұйымның басқалай жарақаттанған, түсіп қалған жерлерін суреттен айқын аңғаруға болады. Сөз басында "қанжар" аталып, сөз соңында сапыға "айналған" қасиетті жәдігер "Түркістан тарихы" музейінің экспозициясында сақтаулы тұр. Қазіргі қазақы болмыстан ауытқи бастаған аласапыран шақта осындай қасиетті жәдігерлердің игі әсері ересен және ұлттық бағыттан айнытпас темірқазықтың бірі екені даусыз.