Алаштанушы Кеңес Нұрпейісұлының ғылым залы ашылды
2017 ж. 17 сәуір
4767
1
Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында Алашорданың 100 жылдығына орай «Кеңес Нұрпейісұлының Алаш тарихына қосқан үлесі» атты ғылыми-практикалық конференциясы және «Академик Кеңес Нұрпейісұлының ғылым залының» ашылу салтанаты өтті.
Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.
Конференцияға еліміздің белгілі ғалымдары және қоғам қайраткерлері қатысып, академик Кеңес Нұрпейісұлының Қазақстан тарихын зерттеуге қосқан үлесі, Алаш қозғалысы, тарихшы мамандарды дайындаудағы ерен еңбегі турасында баяндамалар оқылды.
Академик ғалымның 3700-ге тарта кітабы және жеке мұрағаттағы заттары кітапхана қорына берілді.
Кеңес Нұрпейісұлы – 1935 жылдың 15 наурызында Алматы облысы, Райымбек ауданының (бұрынғы Кеген ауданы) Саты ауылында дүниеге келген.
1957 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің тарих факультетін бітірген. 1958 жылдан бастап өмірінің соңына дейін (09.12.2007 ж.) Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының Тарих жөне этнология институтында қызмет істеген. Қатардағы кіші ғылыми қызметкерден Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигіне дейін көтеріледі.
Алматы қаласының бір көшесіне ғалым есімі берілген. Қыздар педагогикалық университетінде ғалымның туған күні қарсаңында тарих ғылымының өзекті мәселелеріне арналған «Нұрпейіс оқулары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады.
Кеңес Нұрпейісұлы Қазақстан тарихының ұлттық-мемлекеттік құрылым мәселелері, Алаш қозғалысы тарихы жөнінде 20-дан аса монография, кітапшалар мен оқулықтар және 600-ге жуық ғылыми-зерттеу мақалаларын жариялады. Қазақстан мен Орта Азиядағы Азамат соғысы туралы 2 томдық құжаттар жинағын және Қазақстандағы Қазан революциясының шежіресін, Қазақстан ҒА-дағы тарих, археология және этнография институтының Ақмола, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында істеген ғылыми экспедицияларының зерттеу қорытындыларын жариялауға қатысты. 1982 жылы Қазақстан тарихының 5 томдық ұжымдық жинағын шығаруға қатысқаны үшін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым мен технология қайраткері.