Отарланған қазақтың ақиқаты
2017 ж. 15 наурыз
2805
0
«Ұшқаны білінбейтін ұшқыр заман. Билік айтсаң – түзу кес, адалын айт. Тиянақ көрме жалғанды», – деп философ-ақын Шәкәрім меңзегендей ұлтымызға жақсылық жасап келдік деген зымиян саясат құрдымға кеткелі ақ пен қараны таңып, қазақтың қырға өрлегенінен гөрі құлдиға құлағаны көп болғанын біліп – бүгінгі күнге жеткенімізге шүкір дейсің. Үстемдіктің үскірігіне ұрынып жойылып, жоғалып кеткен ұлыстар қаншама? Бұл ойды тереңнен қозғауға ұлт құндылықтары мен халқымыздың қилы кезеңдеріндегі тарихи оқиғаларды нақты деректерге сүйене отырып зерделеу еңбектеріне арқау етіп жүрген Бекен Қайратұлының «Қазақия қалай отарланды?» деген кітабы себеп болып отыр. Мұның алдында оның «Қазақтың атбегілік өнері» деген жинағы жарық көріп, жұртшылықтан жақсы бағасын алып еді. Отарлау мен отарланудың ойраны талданған құнды дүниенің әр бетін оқығанда, қазақтың бүгінгі көзі тірі жоқшысы, көрнекті ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мекемтас Мырзахметұлының «Қазақ қалай орыстандырылды?» деген кітабы еске түсіп, ұлт санасының уланған тұстары ойға оралды.
Журналистік ізденістің нәтижесінде жарық көрген Б.Қайратұлының жаңа жинағы сегіз бөлімнен тұрады. XI-XV ғасырдағы Алтын Орда дәуірінен бастап, кеңестік кезеңдегі ұлт дағдарысы, демографиялық ахуал, рухани жұтаңдық – бәрі көрініс тапқан. Кітапта дерек көздерін айта отырып, ұлт зиялыларының ой-байламдарынан мысалдар келтірілген. Әсіресе, Телжан Шонанұлының патшалық Ресей тарапынан қазақ жері мен елі қалай отарланғаны туралы еңбегі 1937 жылға дейін әлденеше рет жарық көріп, үстем күштің зымиян саясаты жұртқа жеткізіліп отырғаны алға тартылады. Елбасы Н.Назарбаевтың 1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайында: «Патшалық Ресейдің отаршылдығы басқа елдердің отаршылдығынан асып түспесе, кем түскен жоқ. Ұлан-ғайыр даламыз империя меншігіне айналды. Дініміз тәрк, тіліміз ғаріп, мәдениетіміз мүшкіл, өзіміз мүскін халге ұшырадық», деген аталы сөзін мысалға келтіріп, «…қырғыз-қайсақ ордасын түптің түбінде бір-ақ парақ қағазбен Ресейге қарату ісі атқарылатын болсын!» деген патша тарапынан А.Тевкелевке жіберген тапсырмасы дәйекке келтіріледі.
Иә, отарлау кезінде жер шарының біраз жұрты жуан жұдырықтың уысында қалғанын айта отырып, қазақ жерінің тағдырына келгенде небір жантүршігерлік оқиғаларды тілге тиек етеді. «Отарлаушылар тіпті менің ішкі жан дүниемді тонады. Мен басқаша ойлай алмаймын. Өзімді азат, тәуелсізбін деп ойлағанның өзінде біреу жан-жағымнан анталап, қамалап, еңсемді басып тұрғандай сезімде өмір сүремін», деген Марокка елінің тарихшысы Абдулла Лаури мен «Қолайлы, жақсы ауру-дерт болмайтыны сияқты, жағымды отаршылық та болмайды», деген Индонезия елінің көсемі Сукарно сөздеріне сүйене отырып, әсіресе, еліміздің нағыз отарланған үш ғасыр мерзіміндегі қасіреттерді алға тартады. Соның бастысы, жеріне қарай халқы қаулап өсіп келе жатқан қазақтың демографиялық ахуалы жайлы мәліметтер жан дүниеңді жараламай қоймайды. Мәселен, 1897 жылы болған санақта тек қазақ топырағындағы ұлтымыз 4 147 701 адамды құрса, оның 80 пайызы қазақтар екені нақты дерек көздерінде көрсетілгенін айтады. Бұл сан одан да көп болғанын шығыстанушы П.Галузоның 1929 жылы жарық көрген «Отар Түркістан» атты еңбегінде қазақ «…6 млн-ға жетті» деп жазған. М.Тынышбаев еңбектерінен де мысалдар келтіреді. Сол секілді, бодандық бұғауының арғы астарында хандық билікті жойып, патшалық әкімшілікті енгізу, бұл істе ру аралық алауыздықты қоздыру жайы бірінші кезекке шыққаны, байырғы әдет-ғұрып заңдарын тежеу, ақылды билердің билігін сот жүйесіне алмастыру, діни отарлау, өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы ашаршылық, қуғын-сүргін, халықтың ой-санасын дамытпау жолындағы сұмдықтар жан-жақты талданады. Бір сөзбен айтқанда, автордың деректі публицистикалық толғау кітабынан ұлтымыздың арғы-бергі кезеңдеріндегі небір сұрқай сұмдықтарды оқи отырып, содан сабақ алсақ, азат елдің бүгінгі кемел тірлігінің алтын арқауы іркіліссіз жалғаса бермек.
Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»