Нағанай бек және оның заманы
2017 ж. 15 наурыз
4540
1
Қазақ хандығы тарихының оның алдындағы Жошы Ұлысы (Ұлұғ ұлыс, Алтын Орда) заманымен тығыз сабақтасып жатқаны тарихшыларға жақсы мәлім. Әуелде Алтын Орданың хандық тағына отыру құқығы Жошының үлкен баласы Орда-Еженге тиесілі болғанымен, ол өзінің ағалық жолын бір шешеден туған інісі Батуға беріп, өзі сол ұлыс құрамына енетін Ақ Орданы (сол қанатты) басқарды. Ақ Орданың аумағы Орталық Қазақстан жерін Сырдария алабымен қоса қамтып жатты. Өзбек ханның (1280-1342) тұсында Жошы ұлысы төрт ірі әкімшілік аймаққа: Сарай, Хорезм, Қырым және Дешті-Қыпшақ ұлыстарына бөлінді. Оларды Алтын Орда билеушісі бекіткен ұлысбектер басқарды. Ұлысбектердің ең үлкені беклербек деп аталды. Беклербек немесе Ұлұғбек – бектердің бегі, яғни ең үлкен (ұлұғ) бек деген мағынаны білдіреді. Ол мемлекеттегі ханнан кейінгі екінші лауазым, бас уәзір.
Жошы ұлысы құрылған 13 ғасырдың ортасынан бастап 15 ғасырға дейінгі аралық бүкіл Дешті Қыпшақ даласындағы түрк тайпалары үшін біртұтас саяси, рухани, экономикалық, тілдік кеңістік қалыптасқан заман ретінде сипатталады. Оны сол дәуірде айбыны биік Алтын Орда империясының мемлекеттік тілінің бүгінгі қазақшаға жақын «көне қыпшақ» тілі деп аталатын тілде жүргізілгенінен, бүкіл дештіқыпшақтықтарға ортақ болған сол тілде ғажайып әдеби шығармалардың дүниеге келгенінен, Жошы ұлысы хандарының да түрктеніп, Ордадағы билік тұтқаларына түрк тайпаларынан шыққан бектер мен қолбасшылардың да молынан иелік ете бастағанынан байқауға болады. Сол замандарда Алтын Орда аумағында құман (көнеқыпшақ) тілінің үстемдік құрғанын, шет жұрттықтардың осы тілді білу үшін арнайы сөздіктер жасағаны да аңғартады. Солардың бірі 1303 жылы дүниеге келген латын-парсы-құман және құман-неміс сөздіктерінен тұратын «Кодекс куманикус» (Құман тілі сөздігі) атты жазба мұра еді. Оның мәтіндерінен бүгінгі қазақ тілінде кездесетін талай сөз маржандарының сол кездегі нұсқаларына ұшырасасыз.
Қазақ шежіресіндегі қоңыраттардың түп атасы ретінде сипатталатын Нағанай бек те дәл сол – Алтын Орданың мәртебесі аса биіктеп, ерекше шарықтаған шағында билік құрған Өзбек ханмен жасы шамалас және оның баласы Жәнібек ханның (1357 жылы қаза тапқан) кезінде де Орданың әйгілі тұлғаларының қатарында саналған атақты ұлысбектердің бірі.
Бұл ретте қазақ шежіресіндегі қоңыраттың түп атасы Нағанайдың отыз баласы бопты, қазіргі қазақ қоңыраттары оның Жығалы, Мелдеби, Орынби деген үш баласынан өріпті, қалғандары Жиделі-Байсын жақта екен, делінетін әпсананың халқының жартысы қоңыраттардан тұратын қарақалпақ халқында да бар екенін еске саламыз. Олардағы ерекшелік Нағанайдың Нағадай деп аталуында ғана. Мәселен, қарақалпақтың ұлы ақыны Бердақ Қарғабайұлының (руы қоңырат) «Шежіре» атты шығармасында:
«Нағадай бий йурт ағасы,
Жумлә Қоңыраттың бабасы,
Отыз уғылның атасы,
Уғлы отыз болған екен, – дейтін жолдар бар (Бердақ. Таңдамалы шығармалары. Нөкис: Қарақалпақстан, 1987. 273-б.). Осы шығарманың тағы бір шумағындағы: «Нағадайдың отыз уғлы, Ебен-Себен еки қулы» деген жолдар да қазақ қоңыраттары шежіресіндегі: «Нағанайдың отыз ұлы және Емен, Семен деген екі құлы болған. Нағанай ол екеуін де өз балалары санағандықтан, отыз екі баласы бар делінеді»; «Нағанай Үргенішке (Хорезмге) барғанда оған Емен, Семен деген екі құл беріпті. Нағанай ол екеуін де құлдықтан азат етіп, өзіне бала қылып алыпты. Соларды қосқанда, Нағанайдың отыз екі баласы бопты», дейтін қосымша тәптіштеулермен қабысып жатады.
Хорезм, Үргеніш өңірін мекендеген қарақалпақ қоңыраттарының Нағанайды «жумлә қоңыраттың бабасы» деп атауында да өзіндік үлкен себеп бар. Өйткені Нағанай мен оның ұлдары кезінде Алтын Орданың бір бөлігі болған қуатты Хорезм ұлысын билесе, кейінгі дәуірдегі ұрпақтары сол ұлыс аумағында құрылған Хиуа хандығының тағына талай жыл иелік етті. Сондықтан да қарақалпақ қоңыраттары өздерінің шежірелік деректерін осы аймақ үшін атағы зор Нағанай есімімен тығыз сабақтастықта қарастырады. Бұл ретте қарақалпақтарда Нағанайды тіпті күллі «32 баулы өзбектің» атасы ретінде санайтын шежірелік нұсқалар да кездеседі. Ол бойынша, Әнес бабадан – Қазақ пен Созақ, Созақтан – Жайылған мен Сейілхан. Жайылғаннан – Нағадай, Нағадайдан – 32 баулы өзбек, солардың бірі – қарақалпақ, Сейілханнан – түрікмендер тарайды делінеді (Жданко Т. А. Каракалпаки Хорезмского оазиса // Труды Хорезмской экспедиции. Т. 1. — М., 1952. — С. 485).
Әдетте Жошы ұлысы заманының беделді тұлғалары мен әулеттері туралы дереккөздерден Мөңке-Темір, Тоқтай, Өзбек, Жәнібек сынды Алтын Орда хандары кезінде тақ мүддесіне қалтқысыз қызмет еткен, сондай-ақ Ұлығ ұлыста исламның мемлекеттік дін ретінде орнығуына өз үлестерін қосқан түрк бектеріне қатысты дәйектер баршылық. Оларда Жошы ханның жеке еншісіне Хорезм мен Дешті-Қыпшақ аумағы тигеннен кейін, ұлыстың күнгейіндегі Хорезм-Үргеніш өңірі мен одан теріскейге қарай жатқан аймақтарды Шыңғысхан әулетінің бағзыдан бергі негізгі құдандалы жұрты – қоңырат бектерінің басқаруына бергені айтылады. Мәселен, Өзбек ханның алдындағы Тоқтай ханның тұсында әйгілі беклербек ретінде танылған, Алтын Ордада ислам дінінің орнығуына зор үлес қосқан Құтлықтемір ұлұғбек те сол Хорезмді билеген қоңырат бектерінің бірі еді. Құтлықтемір беклербек Алтын орданың билеушісі Тоқтай хан қайтыс болғаннан кейін Орда ішіндегі туындаған тартыстар кезінде жас Өзбек ханды таққа отырғызуға байланысты оған ерекше қолдау көрсеткен тұлға. Соның арқасында ол Өзбек ханның ең сенімді бектерінің біріне айналады. Мұны Өзбек хан тарапынан жазылған хан жарлықтарында оның есімінің бірінші боп жазылуынан да байқауға болады. Өмірінің соңғы жылдары ол өз иелігіне берілген Үргенішке келіп Хорезм ұлысының ұлысбегі қызметін атқарады. Сол жылдарда Алтын Орда жеріне арнайы саяхаттап келген араб жиһангезі Ибн Баттута қалдырған аса құнды жазбалардан, біз Құтлықтемірді сол заманның ерекше көрікті қалаларының бірі Үргеніш шаһарын басқарып отырған қалпында көреміз. Араб жиһангезі келіп кеткеннен кейін бір жылдан соң, 1335 жылы Құтлықтемір ұлысбек қайтыс болған кезде, сол дәуір жылнамашылары оны «Өзбек хан ұлысының басты тірегі болған Құтлықтемір сынды ардақты патшамыздың демі үзілді» деп жазды (Фасих Ахмад ал-Хавафи. Фасихов свод. Ташкент. Фан. 1980).
Осы Құтлықтемір – бір жағынан Мұхаммед Хорезми ақынға Алтын Орда заманы ұлы шығармаларының бірі «Мұхаббат-наме» дастанын жазуға тапсырыс берген Мұхаммедқожа бектің де туған ағасы. Сыр бойындағы Жәнібек хан ордасында жазылған ол дастанның:
О, арыстан жүректі, Қоңырат ұрығы,
Кіші жастан ұлықтардың ұлығы.
Бақыт – көзі, берекет – кеніші,
Мұхаммедқожа бек әлемнің қуанышы.
Еліміз жансыз тән еді бұрын сенсіз,
Шахтың шахы Жәнібек ханға етенесіз, – деген шумақтардан басталатыны мәлім:
Әйгілі араб саяхатшысы Әбу Абдаллах Ибн Баттутаның (1304-1377) жазбаларында Азау қаласының даруғасы (әмірі) болған осы Мұхаммедқожа әл-Хорезми туралы айтылған тұстар бар. (Азауға Қырымның ұлысбегі Төлектемірдің сапармен келуіне орай үлкен қонақасы берілгенде, Баттута сол дастарқанның сыйлы меймандарының бірі болады. Жылқы еті, қымыз және боза молынан тартылған астан кейін құран оқыла бастады, деп жазады жиһангез. Оны құранның соншама әдемі маһаммен оқылғаны риза етеді, сондай-ақ уағыз айту кезінде, әуелі оның арабша, содан соң түркше қайталанғанын атап өтеді. Құраннан кейін мәнерлеп өлең оқу мен ән салуға кезек келіпті. Алдымен арабша, сосын парсыша мен түркшеге ауысыпты. Кәдімгідей ән мен поэзия сайысы салтанат құрыпты (Тизенгаузен В.Г. Сборник материалов относящихся к истории Золотой Орды // История Казахстана в арабских источниках. 1 том. А.: Дайк-Пресс. 2005. 213-214-б.). Мұхаммедқожа бектің шаңырағында өткен осы кешті сипаттаудың өзінен-ақ сол заманда орда маңында қалыптасқан рухани өмірдің бітім-тынысын байқау қиын емес. Түрк бектерінің мәдениетке осылайша көңіл бөлуінің арқасында, Алтын Орда заманында орта қыпшақ тіліндегі бай әдеби мұра жасалды. Құтб, Хорезми, Сайф Сарай, Әли және басқа да қаламгерлердің шоқтықты шығармалары дүниеге келді).
Құтлықтемірдің тағы бір інісі Сарайтемір де көп жылдар бойы Ордадағы ең жоғары қызметтерді атқарған. Жәнібек хан 1356 жылы Әзербайжанды жаулап алған кезде, аймақ орталығы Тебризге баласы Бердібекті ұлысбек етіп қалдырады да, оның қасына Сарайтемірді уәзір етіп бекітеді. Бердібек келер жылы әкесі Жәнібектің науқастанып қалғанын естігесін, тақтан айырылып қалам ба деген қауіппен дереу ордаға қайтады. Бар туысқанын қырып, таққа отырған соң, Бердібек хан қият Моғұлбұғаға беклербек қызметін, Сарайтемірге одан кейінгі уәзірлік лауазымды беріп, оған орданың бүкіл қаржы ісін басқаруды тапсырады. Алайда екі жылдан кейін, кей тарихшылардың топшылауынша, Бердібектің өзі де сондай зұлым қастандықтың құрбанына айналады. Онымен бірге жанында жүрген талай адам да ажал тырнағына ілігеді. Солардың бірі Сарайтемір болатын. Өтеміс қажының жазуынша, Бердібек үш жыл патшалық құрып барып, науқастан қайтқан (Өтеміс қажы. Шыңғыс-наме // Қазақстан туралы түркі деректемелері. І том. А.: Дайк-Пресс. 2005. 230-231-б.). Бердібектің өлімімен Бату ұрпақтарының Алтын Ордадағы ұзақ әулеттік билігі аяқталып (қазақ арасында оны «Нар мойыны Бердібекте кесілді» деп айтады), жиырма жылдай уақытқа созылған аласапыран кезең басталған еді.
Нағанайдың да Жошы ұлысындағы қызметі әйгілі беклербек ағасы Құтлықтемірге ұқсас. Оның есімі де хан жарлықтарында Құтлықтемір сияқты, бірінші боп жазылады. Ол да Құтлықтемір секілді Ордадан кеткеннен кейін Хорезм аймағына барып, Жошы ұлысы ыдырар алдында Үргенішті билейді. Өздері бір-біріне туыс қана емес, хандармен жекжаттықтары да жақын. Құтлықтемірдің өз басы Өзбек ханның әпкесін алған, баласы Һарунбекке Өзбектің Тайдулы ханымнан туған қызын әперген, орданың сарысүйек құдасы болса; Нағанай да қызы Кебек бегімді Өзбек ханға екінші ханым етіп ұзатқан, сонымен бірге Өзбек ханның тағы бір қызы Шекербикені баласы Аққұсайынсопыға әперген һәм қайнаға, һәм бел құда болып келеді.
Жошы ұлысы заманына қатысты жазба дереккөздерге Нағанай бектің есімі қарақалпақ шежіресіндегідей, Нағадай, Нағатай немесе Нуғдай, Нангудай, Янгудай түрінде әртүрлі боп түскен. Егер мерзім жағынан дәйектер болсақ, Нағанай есімінің тарихта алғаш рет қағазға түсіп таңбалануы Ибн Баттутаның арқасында жүзеге асқанын көреміз. 1334 жылы Жошы ұлысын аралап жүрген ол, Өзбек ханның Бестау маңына жайлауға шыққан жазғы ордасына барғанда өзінің осы бекпен тікелей жолыққанын жазады.
Жиһангездің хан ордасы мен оның төңірегіндегі берекелі де бақуатты тірлікті қаз-қалпында бейнелеуі – этнографиялық тұрғыдан аса құнды мағлұматтарды ортаға тартады. Баттутаның бұл жазбаларын Ұлұғ ұлыстың сол дәуірдегі дәулетті, мамыражай тыныс-тіршілігі туралы энциклопедиялық деңгейдегі жинақ десе де болады. Мұны Өзбек ханның ханымдары (қатундары) көшінің жайлауға қалай беттеп келе жатқандығы суреттелген жолдардан да айқын байқау қиын емес. «... Әрбір қатун күймелі арбамен жүреді. Күйме шатыры алтын жалатқан күмістен не оймышталып боялған ағаштан жасалған. Арбаны сүйрейтін аттар жібек жабулы. Аттардың бірінің арқасында отырған айдаушы бозбаланы ұлақшы деп атайды. Күймедегі қатунның оң жағында әжептеуір егдерген кәрі әйел, оны ілуқатун (көмекші) деп атайды, сол жағында құжыққатун (киіндіруші) аталатын егде әйел. Қатунның (ханымның) қарсы алдында жүзіктің көзінен өткендей сұлу, өрімдей алты қыз. Ал арт жағында арқасын сүйеп отыру үшін дәл сондай тағы екі қыз жайғасқан. Қатунның басында төбесіне тауыстың әсем қауырсынын бекіткен, қымбат асыл тастармен безендірілген тәж, үстінде алтын-күміс, асыл тастан көз қарыққан жеңіл желбегей шапан. Ілуқатун мен құжыққатунның бастарында зерлі кимешек. Қыздардың басында төбесіне тауыс қауырсыны тағылған, асыл тастармен безендірілген шошақ тебетей. Бәрі де асыл тастары жарқ-жұрқ еткен жібек көйлек киген. Қатун көшінде он-он бес шақты, үстерінде жібектен тігіліп, алтынмен зерленген, асыл тастармен әрленген киім киген византия немесе үнді бозбалалары. Олардың қолында алтын, күміс немесе сол алтынмен апталып, күміспен күптелген асатаяқ. Қатун көшінің соңында 100-ге тарта басқа арбалар. Олардың әрқайсында үстеріне жібек киім, бастарына шошақ бөрік киген төрт-бес қызметші әйел. Олардың соңында түйе, өгіз жегілген 300-ге жуық арба, оларда қатунның қазынасы, дүние-мүлкі, киім-кешегі, ас-суы артылған...» (Тизенгаузен В.Г. Сборник материалов относящихся к истории Золотой Орды // История Казахстана в арабских источниках. 1 том. А.: Дайк-Пресс. 2005. 219-222-б.).
Араб саяхатшысының жолжазбасынан дәл осындай салтанатты қатун (ханым) көшімен Нағанай бектің қызы Кебек бегімнің де жайлауға келгенін байқаймыз. Елде Өзбек ханның сыйлы қонағы ретінде жүрген Баттутаның бірер күннен кейін оның ханымдарының шаңырақтарына да ілтипат білдіріп бас сұғып шығатыны бар. Әуелі бас ханым Тайдулы бегімнің (Жәнібек пен Тыныбек ханзадалардың анасы) ордасында мейман болған соң, саяхатшы келесі күні ханның екінші ханымы Кебек бегімнің ордасына да ізет жасайды. Оның отауына кірген кезде ханым жайлы төсеніш үстінде киелі құран кітабын оқып отырыпты. Үй ішінде оншақты егде әйел мен жиырма шақты қыз зерлі киімдер тігумен айналысуда екен. Меймандардың иіліп амандасқан ілтипатына Кебек бегім соншама биязы түрде жауап беріп, әдемі тілектерін білдіріпті. Молда құран оқығаннан кейін, ханым сәнді тостағандармен қымыз алдырады. Солардың бірін бегім саяхатшыға деген құрметін білдіріп өз қолымен ұсынады. «Бұл Нағадай бектің қызы. Әкесін көрдім. Зор денелі кісі. Аяғына тұз байлану дертімен ауырады екен. Аяғын баса алмайтын болған соң, көбіне арбамен жүреді. Бір жерге бару керек болса, қызметшілері оны қолдарымен көтеріп алып келеді, соңыра солай алып кетеді», – деп жазады Баттута.
Нағанайдың арғы тегі кім? Ол қоңыраттың қай тұқымының ұрпағы деген сауалдарға жауап іздер болсақ, біз оны Алтын Орданың Тоқтай хан заманындағы (1291-1312) әйгілі қоңырат бектерінің ең мәртебелісі болған Салжұдай ноянның төңірегінен табар едік. Бұл әмір туралы парсының атақты тарихшысы Рәшид әд-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» кітабының «Қоңырат тайпасы» атты тарауы ғана емес, басқа да тұстарында біраз мағлұмат бар. Салжұдай Жошы ұлысының дүмді бектерінің бірі. Әкесінің аты Бұлаған ноян. Бұлаған бек – өз уақытында Шыңғыс ханның Еке Моғүл ұлысының төрт тірегі болған ұлдарының кенжесі, қара шаңырақ иесі Төленің туған немересі (оның Құтықты деген баласының қызы) – Келміш бикеге құда түсіп, баласы Салжұдайға алып берген. Салжұдай мен Келміш бикеден туған Олжай бегім Ұлұғ ұлыстың ханы Мөңкетемірге (1266-1282) шығып, екеуінің некесінен Алтын Орданың 1291-1313 жылдардағы билеушісі Тоқтай хан туған (Рашид ад-Дин. Сборник летописей. Том 2. М.-Л. АН СССР. 1960. 84-85-с).
Рәшид әд-Диннің аса құнды шығармасында осы Тоқтайдың Жошы ханға шөбере боп келетін туысы, атақты қолбасшы, Дон өзенінен Дунайға дейінгі аралықты жеке өзі билеп-төстеген Ноғай беклербекпен қақтығысып қалуының бір себебі де Салжұдайға қатысты туындағаны жазылады. Тоқтай ханға туған қайнаға боп келетін Салжұдай өзінің баласы Байлаққа (Яйлақ) әйгілі хан тұқымы Ноғайдың қызы Қияқты (Қабақ) әперген екен. Алайда жас жұбайлар көп ұзамай біріне-бірі салқын тартыпты. Келін түртпектеуге ұшырапты. Қияқ бұл жайдан төркіндерін хабардар етіпті. Ноғай беклербек бұған кәдімгідей тулап, кезінде Тоқтайдың таққа отыруына өзінің ақылын да, айласын да аямай жұмсағанын алға тартып, енді сол еңбегімді еш қылып, билікті Салжұдайға беріп қойғаның қалай, деген ренішін білдіреді. Егер менімен дұрыс қатынаста болғың келсе, Салжұдайды Хорезмдегі өзінің ұлысына жібер, деген қатаң талапқа барады. Бұған Тоқтай хан: «Ол әкемдей болған адам, жасы кеп отырған бек, өзіме тәрбие берген, қалай шеттетемін» деген уәж айтып, көнбейтінін байқатады. Ақыры сол егес үлкен кикілжіңге ұласып, Ноғай мен Тоқтайдың арасындағы соғысқа ұрындырады. 1300 жылы Ноғай қолы жеңіліске ұшырап, қасында қалған он жеті адаммен қашып бара жатқанда Тоқтай ханның жасағындағы орыс сарбазының қолынан қаза тауып, бұ дүниеден өтеді (Сонда).
«Жамиғ ат-тауарих» жылнамасында Салжұдайдың Байлақтан (Яйлақ) басқа баласының есімі аталмайды. Дегенмен, осы орайда американдық ғалым Ю. Брегельдің ортаазиялық қоңыраттардың әулеттік тарихын зерттеген еңбегіндегі Ағадай баһадүрдің есімі аталатын дереккөзге назар аударған мақұл дер едік. Онда Ағадайдың 30 мың үйлі қоңырат пен 100 мың үйлі басқа да түрк жұрттарын басқарып, Бұлғар, Шеркес, Қазан ұлыстарын билегені, оның баласы Нағдайды (Нағанайды) Өзбек ханның Еділ дариясының төменгі ағысындағы елге би еткені, ол бектің Хорезмде жерленгені жазылыпты (Исхаков Д. Юго-восток Татарстана: проблема изучения этнической истории региона ХІҮ-ХҮІІ вв. // Альметьевский регион: проблемы историко-культурного наследия. Альметьевск, 1999. 15-20-с.).
Хиуа тарихшылары Ширмұхаммед Мунис (1778-1829) пен Мұхаммед Риза Агахидің (1809-1874) қыпшақшаға жақын тілде жазылған «Фирдаус ал-Икбал» (Берекенің бейіш бағы) атты шығармасында да Бұлғарды біраз жыл билеген Ағадай баһадүр туралы айтылады. Ол орыстар мен шеркестерге қарсы жорықтарға шығып, ол жерлердегі Жошы хан заманынан бері қирап жатқан қалалардың қорғандарын қалпына келтіріпті. Мунистың жазуынша, Ағадай 1312-13 жылы өткен бір соғыста қаза тапқан. Ағадай туралы бұл мәлімет Ю. Брегель еңбегіндегі Өзбек ханның кезінде ұлысбек лауазымында болған Нағдайдың әкесінің аты Ағадай еді деген қисынды одан әрі дәйектей түседі (Зайцев И.В. Астраханское ханство. С. 14. Москва: Восточная литература, 2006. – 304 с.).
Нағанайдың есімі әр әдебиетте әртүрлі жазылатыны жоғарыда айтылды. Соңғы сөз болып отырған Ю. Брегель дереккөзінде де ол Нағдай деп түрленген. Осы орайдан алғанда Салжұдайдың баласының есімінің бірде Байлақ, бірде Яйлақ түрінде жазылуына қарап, оны Ағадай, Яғадай деп те, (тіпті Байлақтың ағасы не інісі ретінде де) топшылауға болатындай көрінеді. Егер кейінгі дереккөздің мерзімі мен кейбір қисындарына ой жіберсек те Ағадайдың өз әкесі Салжұдайға тиесілі болған жоғарғы дәрежелі ұлысбек міндетін атқарғанын байқаймыз (30 мың үйлі қоңырат пен 100 мың үйлі басқа руларды билейді). Рәшид әд-Дин шежіресінің мәліметі бойынша Салжұдай 1302 жылы дүниеден озған. Алтын Орда жылнамашылары Нағанайды 1360 жыл шамасында дүниеден өтті деп есептейді. Байлақтың 1300 жылы қайынатасы Ноғай қаза табардан үш-төрт жыл бұрын үйленгенін еске алсақ, оны (яки Байлақты немесе Ағадайды) 1280 жылдардың о жақ, бұ жағында дүниеге келді деп жорамалдар едік. Демек Салжұдай көз жұмғанға дейін де, оның жасы жиырмалардан асқан баласы Байлақтың (немесе Ағадайдың) әкесі атқарған жоғары лауазым мен оның қарауында болған ұлысты басқаруы өз қолына алғаны кәдімгідей илантады. Онда Нағанайдың осы Ағадай (Байлақ) бектің баласы болуы әбден қисынды. Яғни, Бұлағаннан – Салжұдай, Салжұдайдан – Ағадай (Байлақ), Ағадайдан – Нағанай. Бұлай деуге Нағанайдың жасы да үйлеседі. Оның 1313 жылы 15-16-сында таққа мінді делінетін Өзбек ханмен жасы шамалас екендігін қаперге алсақ, 1334 жылы Баттута жиһангез Жошы ұлысын аралаған кезде Нағанайдың қызы, ханның екінші ханымы боп отырған Кебек бегімнің жасын да сол шақта жиырмалар қарсаңында, деп қисындату шындықтан алыс кетпейді.
Бұл жерде Нағанайдың Өзбек ханға қайынаталығы мен Өзбектің қызын баласына алып беруінің аржағында, сонау Салжұдайдың Тоқтайға туған нағашылығынан басталған екі шаңырақ арасындағы жақын құдандалық үрдістің әрі қарай жалғасуы жатқаны айдан анық. Нағанайдың Салжұдай ұрпағы екендігі туралы бұл болжамды – Салжұдай бектің ордадағы әйгілі қоңырат ұлысбегі ретінде ылғи алдыңғы орыннан байқалар биік мәртебесінің, со қалпында кейіннен Ағадайға ауысқаны, одан Нағанайға өткені, одан соң Нағанайдың баласы Аққұсайынға дейін сабақтасқаны туралы мағлұматтар да жоққа шығармайды. Біз төменде назар аударғалы отырған құнды дереккөздер тізбегінде де сол дәйекті одан әрі тиянақтай түсетін тұстар баршылық.
Бұл дереккөздер «Алтын Орда хандарының жарлықтары» деп аталатын құжаттар шоғырынан тұрады. Ол жарлықтарда әдетте хан тарапынан қабылданатын заңдар, нормалар мен келісімдер, жеке аймақтарда сауда жасауға қатысты жон-жосық ережелері мен салық мөлшерлері, кей тұлғаларға берілетін жеңілдіктер сияқты әртүрлі мәселелер құқықтық негізде бекітіліп, мемлекеттік мәртебемен міндеттеліп жатады. Әуелде олар тек ханның өз атынан ғана жарияланатын дара билік пәрмені болып келсе, ХІҮ ғасырдың алғашқы жартысынан бастап, жарлықтар мәтініне Жошы ұлысының саяси өмірінде жетекші орындарға шыға бастаған беклербектер мен қарашы, ұлысбектердің де аты-жөндері қосыла бастайды.
Сондай маңызды құжаттардың бірі – ғылыми айналымда «Жәнібек ханның венециялық көпестерге 1342 жылғы жарлығы» деген атпен енген құқықтық дереккөз болып табылады. Әуелі сол дәуірде Алтын Орданың мемлекеттік тілі болып табылған қыпшақ тілінде жазылған бұл жарлық алдымен Азау қаласында итальян тіліне аударылып, одан Венецияға жеткізіліп, Венеция Республикасының сол кездегі ресми қағаздар тілі латыншаға тәржімаланғасын ғана елдегі сенат комиссиясының қарауына ұсынылыпты. Италия архивтерінде Алтын Орда билеушілері тарапынан жазылған мұндай жарлықтардың оншақтысы бар көрінеді. Көнеге ұқыпты Италия мұрағатшылары олардың бәрін шып-шырғасын шығармай қаттап сақтай берген. 1880-1889 жылдары Венецияда мемлекеттің маңызды келісімдері мен соларға қатысты құжаттар жинақталған екі томдық басылып шыққанда, архивте дайын тұрған осы хан жарлықтары кітапқа бір тарау ретінде енген. Кітапта итальян, латын тіліндегі аударма нұсқасымен ғана жарияланған ол жарлықтар, кейіннен сол тілдерден орысшаға тәржімаланып, зерттеушілер арасында талай уақыттан бері Алтын Орда тарихын қаузаудың құнды дереккөздері санатында пайдаланылып келеді. Әсіресе бұл ретте, кейінгі жылдары түрктанушы-деректанушы һәм роман тілдерінің мамандары А.П. Григорьев, В.П. Григорьев секілді петерборлық ғалымдардың қыруар істер атқарғанын атап өтуге болады. Олар Венецияда сақталған хан жарлықтарының әу бастағы түпнұсқасы қыпшақ тілінде жазылғандығын анықтау мақсатында көп еңбек етіп, жарлықтарда кездесетін тұлғалардың кім екенін нақтылау бойынша да тиянақты талдамалар жасады (Григорьев А.П., Григорьев В.П. Коллекция золотоордынских документов XIV века из Венеции. СПб. СПБГУ. 2002).
Ал жарлықтардың қыпшақша жазылған түпнұсқалары қайда болған еді? Сол дәуірде олар негізінен Азау қаласындағы Венеция консулдығының кеңсесінде сақталып келген екен. 1395 жылы Әмір Темір Жошы ұлысына жойқын шабуыл жасап, оны империя астанасы Жаңа Сараймен (Сарай әл-Жәдидпен) бірге қиратқан кезде, бұл аласапыраннан теңіздің алқымында тұрған сауда-саттық орталығы Азау шәһары да аман қалмайды. Әсіресе қаланың венециялық көпестер тұратын орамы ерекше бүлініп, түгелімен өртке оранады. Сонда консулдықтағы бар құжат күлге айналыпты, деседі венециялық дереккөздер.
Енді Жәнібек ханның 1342 жылғы венеция көпестеріне арналған жарлығының латыншадан орысшаға қалай аударылғанына назар аударалық. Оның алғашқы сөйлемі: «Предвечного бога силою, великого гения-хранителя покровительством, мой, Джанибека, указ Монгольского государства правого и левого крыла огланам, тем, под началом с Могулбугой, тысяч, сотен и десятков князьям, даругам-князьям Азова под началом с Черкес-ходжой, таможникам и весовщикам, заставщикам и караульщикам, многим людям, идущим по какому-нибудь делу, всем..» деп басталады (Сонда. 46-б.).
Егер мұны кезінде әйгілі орыс түрктанушысы Березин, сондай-ақ өзіміздің Шоқан Уәлиханов зерттеген Тоқтамыс ханның поляк князі Ягойлаға, сондай-ақ Қырым түменінің бектеріне қыпшақша жазылған жарлықтармен сабақтастыра қарасақ, оның әу бастағы төл түпнұсқасы мынадай түрде қағазға түсті деп табар едік. «Аллаға беріліп, оның игі ісі мен қайырым рақымына үміт артамын. (Яғни «ғала аллаһи тауаккалту уа ғала карамих уа ахсаники ғаууаалту» деген арабшадан аударма). Менің Жәнібек сөзім, Моғол ұлысының Моғұлбүға басшылық ететін оң қол, сол қол оғландарына, Азаудың Шеркесқожа басшылығындағы мыңбасы, жүзбасы, онбасы бектеріне, даруғаларына, тамғашы, тартынақшыларына, бұқаул, тұтқауылдарына, көп адамдарға, кей жортар жолаушыларына, баршаға». Соңғы атаулардағы: даруға сөзі – аймақ әмірі, тамғашы – кеденші, тартынақшы – таразышы, бұқаул – табысты реттеуші, жортар – жүргінші деген мағыналарды беретінін еске саламыз (Ибатов А. ХІҮ ғасырдағы хандар жарлықтарының тілі. Алматы: Ғылым, 1990. 12-29-б.).
Венеция көпестеріне Азау қаласынан арнайы жер бөліп беру, сауда-саттықтарын жүргізу, салық төлеу, кемелерден баж алымын алу, туындаған дауларды шешу мәселелері жүйе-жүйесімен қарастырылған алтамғалы (қызылтамғалы) жарлықтың соңында оның жылқы жылының оныншы айында (1342 жылдың 30 қарашасы), орда Балысырда тұрғанда жазылғаны көрсетіледі. (Балысыр Азау теңізінің теріскейіндегі құмдауыт түбек).
Жарлықтың ең төменгі жағында оны Венеция елшілерінің қолына салтанатты түрде ұстатқан Алтын Орданың әйгілі сегіз бегінің есімдері де тізілген еді. Сонда ең бірінші боп – Нағанай есімі жазылып тұр. Одан кейінгілері – Әли, Моғұлбұға, Ахмет, Беклеміш, Құртқабашы, Құтлықтемір, Айтемір секілді бектер. Бұны Нағанайдың ордадағы бедел-биігінің сол кезде қандай деңгейде екендігін байқататын салмақты деректің бірі ретінде қабылдауға болады. Яки Ұлұғ ұлысты ерекше дәуірлеткен Өзбек хан билігінің соңына дейін де, қоңыраттардың сонау Салжұдай бек заманынан бергі ордадағы биік мәртебелі орнының мығым күйінде екені байқалады. Хан әулетіне әрі нағашы, әрі жиен боп келетін бұл тайпа бектерінің әлі де іс басында, алдыңғы лекте жүргенін көреміз. Өзбектен кейін хандық таққа отырған Жәнібек (1342-1357) те өзінің бел құдасы, кіші шешесі Кебектің әкесі, әрі туған қарындасы Шекербикенің қайынатасы Нағанайды билікке жақын ұстайды.
Мұны ол шыққан әулет өкілдерінің атадан балаға ауысып келе жатқан мәртебелі орнына сәйкес, есімінің тізімде бірінші боп жазылып тұрғанынан да анық пайымдауға болады.
Жарлық соңында тізімде тұрған бектердің бірсыпырасы да, біраздан орда төңірегінде жүрген шонжарлар немесе солардың ұрпақтары еді. Екінші тұрған Әлидің есімі бізге Баттута жолжазбасынан таныс. Ол Өзбек ханның Ордаша бегім атты ханымының (беклербек Исабектің қызы) сіңлісін алған, бір жағынан ханға туған бажа, Исабекке бел күйеу бала есебіндегі бек. Сондай-ақ тізімдегі Ахмет, Беклеміш атты есімдерді, шамасы, кейіннен орыстың Ахметовтар, Беклемішовтар секілді түрк жұрттарынан тараған әулеттерінің түп-тегі ретінде жорамалдауға болады. Құртқабашы – ордадағы іс қағаздарын жүргізуші, бітікші, яки кеңсе бастығы дегенді білдіреді. Ал Құтлықтемір – Баттута ордаға саяхаттап келген кезде Қырымның бегі болған қият Төлектемірдің баласы. Тізімнің соңындағы Айтемірдің кім екені белгісіз, дейді зерттеушілер.
Арада біраз жылдар өткенде, яки 1358 жылы Жәнібек ханның баласы Бердібек ханның да Венеция көпестеріне қатысты кезекті жарлық шығаруының реті келіпті. Әрине бұл кезде Нағанайдың шау тартып, әрі аяғының ауруы да тіптен асқынып, қимыл-қозғалыстан қалған шағы. Алайда бұл әулеттің орда бектері арасында алғашқы боп аталатын мығым орны со күйінде сақтаулы. Дәлірек айтқанда, оның орнында тізімде бірінші боп баласы Құсайынсопының (Аққұсайынсопы) есімі жазылып тұр. Нағанайдың билікке белсене араласқан Аққұсайынсопы және Жүсіпсопы есімді екі баласы болған. Өзбек ханның туған күйеу баласы Аққұсайынсопының да билікке кәдімгідей кіріскенін осы жарлыққа есімі бірінші боп енуінен де байқау қиын емес. Ол тізімде әкесі Нағанай сияқты, Бердібек ханның бас беклербегі қият Моғұлбұғаның, бас уәзір Сарайтемірдің (қоңырат Құтлықтемір беклербектің інісі) де алдында тұр. Олардан кейінгілер де осал емес. Бахрин тайпасының көсемі Тоғлұбай мен қият бегі Құтлыбұға.
Нағанай балаларының есімдеріне сопы қосымшасының жалғануы, олардың хорезмдік сопылар бауырластығына қатысы барлығын аңғартады. Бір кездерде олардың туысы Құтлықтемір ұлұғбек те осы тариқат талаптарына сай қимыл-әрекет жасай жүріп, Жошы ұлысында мұсылмандықты орнықтыру ісін жүзеге асырған еді. Демек, Нағанайдың ұлдары да қоңыраттардың төл ұлысында өркен жайған сол рухани ілімнің жолын қуған мұсылман басшылары қатарында болған. Бұл ретте сол дәуірлерде сопылықтың әдебі мен тәртібін Бейбарыс, Бабыр, Мұхаммед Хайдар Дулати секілді түрк текті патшалар ұстанғанын еске сала кету де артықтық етпейді. Нағанай ұрпақтарының дінге жақын болғандығын, Баттута жолжазбасындағы «ұлысбектің қызы Кебек ханым құран кітабын оқып отыр екен», деген жолдардан да байқар едік.
Өзбек пен Жәнібек хандар басқарған жылдарда мейлінше өркендеген Алтын Орда Бердібектің екі жылдай ғана уақытқа созылған билігі (1357-1359) кезінде кері кете бастайды. Ақыры өзінің бар бауырларын қырып тастап таққа мінген Бердібектің өмірі де шолақ болғанын жоғарыда айттық. Ол қайтыс болғаннан кейін, дағдарысқа киліккен Ұлұғ ұлыс ыдырап, бірінің түбіне бірі жеткен, бір билеушіні екінші билеуші сақаша алмастырған келте хандар заманы басталды.
Бердібектен кейінгі бір тақ таласы кезінде Нағанай да басқа белгілі бектермен бірге қазаға ұшырады делінеді. Дегенмен дағдарыс басталған кезде оның балалары Аққұсайынсопы мен Жүсіпсопы ана жылдары Құтлықтемір ұлысбек боп басқарған, кейін Нағанайға ауысқан, әу бастан қоңырат бектерінің еншісіне тиген Хорезм ұлысын Алтын Ордадан бөліп алып, дербес мемлекет етіп құрып та қойған еді. Қоңырат әулеті құрған бұл ұлыстың алғашқы әмірі болған Аққұсайынсопы 1359-1372 жылдар аралығында билік жүргізді. Қоңырат ұлысы күшейіп алған соң іргедегі Шағатай ұлысына айбат шегіп, 1365 жылы оның құрамындағы Қият пен Хиуаны өзіне қосып алып, Шыңғысхан заманына дейін атағы дүрілдеген Хорезмшахтар мемлекетіне етене аймақтарды түгендей бастауға ұмтылыпты. Бірақ, содан кейінгі жылдары Шағатай иеліктерін біртіндеп өзіне қарата бастаған жаужүрек Әмір Темір (Ақсақ Темір) қолбасшы ол қалаларды қайтарып беруді талап етіпті. Құсайынсопы оған көнбегесін, Темір оған қарсы соғыс жариялап, 1872 жылы Үргенішті қоршайды. Сол қорғаныс шайқасы кезінде Құсайынсопы қаза табады. Оның орнына билікке келген Жүсіпсопы амал жоқ Әмір Темірмен келіссөзге шығып, Қият пен Хиуадан бас тартуға мәжбүр болады. Темір онымен қоса, Құсайынсопының қызы Сүйінбике сұлуды (Өзбек ханның жиені) баласы Жаһангерге ұзатуды талап етеді. Келесі жылы Самарқан төңірегіндегі Темірдің жазғы ордасында әмірзада Мұхаммед Жаһангер мен Сүйінбике арудың үйленуіне арналған теңдессіз той өтеді. Әмір Темірдің төңірегіндегі жылнамашылар Нағанайдың осы немере қызының есімін көбіне Ханзада деп жазады (Фасих Ахмад ал-Хавафи. Фасихов свод. Ташкент. Фан. 1980. 97-98-б.).
Әмір Темір туған құдасы болса да Жүсіпсопының Хорезмді билеуіне одан әрі көп ерік бере қоймайды. Қоңырат әмірлері тағы біраз жыл билік құрғандай болғанымен, Ақсақ Темір мен Жошы ұлысын қайта қалпына келтіргісі келген Тоқтамыс хан арасындағы кикілжің таластардың өтінде қалған аймақтың мазасы жылдан жылға кете бастайды. Ақыры Нағанай ұрпағы Сүлейменсопының Тоқтамыстың айдап салуына еріп, Темірге қарсы кәдімгідей көтерілуінің соңы – Әмір Темірдің 1388 жылы Үргенішке жойқын шабуыл жасап, Қоңырат әулеті мемлекетін жойып жіберуімен тәмәмдалады. Темір Үргеніш жұртын Самарқанға көшіріп, шәһардың орнын тып-типыл тегістеп, орнына арпа егуге бұйрық береді. Әмірдің сарбаздары он күндей аса бай да гүлденген қаланы тонап, қиратып, ойранын шығарады. Ұлыс түгелімен Темір империясының құрамына қарайды (Якубовский А.Ю. Тимур // Тамерлан: эпоха, личность, деяния. М.: Гураш.1992. 31-32-б.).
Елі ауа көшкен Үргеніш шәһары осыдан кейін-ақ қайта оңалмайды. Әрі оған ХҮ ғасырдың басынан бастап, табиғаттың ауысуынан туындаған экологиялық жағдай да әсерін тигізбей қоймайды. Әмудария арнасының өзгеріп, қаладан қырық шақырымдай қашықтыққа аунап кетуі салдарынан, байырғы астана аймағы қуаңшылыққа ұрынып, ақыры ол бір көшеден ғана тұратын шағын мекенге айналады. Шәһардың Үргеніш атауы 1645 жылдары одан оңтүстік-батысқа қарай 190 шақырымдай жерде ірге көтерген жаңа орталыққа ауысып, ол Жаңаүргеніш аталады. Сонау ғасырларда айбынды Хорезмшахтар мемлекетінің, одан кейіндері Нағанай балалары құрған Қоңырат әулеті ұлысының елордасы болған бағзы Үргеніш шәһары Көнеүргеніш деген атқа иеленеді. Аймақ орталығы Хиуа шәһарына көшірілуіне байланысты, енді ұлыс та Хиуа хандығы деп атала бастайды.
Кейінгі ортағасырлық мұсылман дереккөздерінде Нағанай есімі әрдайым еңбегі елеулі тұлғалар қатарында аталатыны назар аудартады. ХІҮ ғасырдың басында өмір сүрген Муин ад-Дин Натанзи жазған, Бартольд «Ескендір анонимі» деп шартты ат қойған парсыша шығармада «Өзбек тарапында Әмір Нағадайдай елеулі тұлға болған емес» деген жолдар бар (Аноним Искандара // История Казахстана в персидских источниках. ІҮ том. А.: Дайк-Пресс. 2006. 263-б.).
ХҮІ ғасырдағы хиуалық тарихшы Өтеміс қажының «Шыңғыс-наме» шығармасында «Хәрәзм уәлаятының һәкімі қоңырат Нағадайоғлы Аққұсайын» туралы да сөз болады. Онда Аққұсайын да әкесі Нағанай сияқты ел билеген беделді тұлға, шамына тисе хорезм әскерін жиып, сол кезде дағдарысқа малтыққан Сарай уәлаятының (Алтын Орданың орталық ұлысы) өзіне де жорыққа аттанып, Тайдулы бегім таққа отырғызған Базаршы ханды орнынан алатын құдіретке ие адам ретінде бейнеленеді (Өтеміс қажы. Шыңғыс-наме // Қазақстан туралы түркі деректемелері. І том. А.: Дайк-Пресс. 2005. 230-231-б.).
1760 жылдардан бастап Хиуа хандығының билігіне қайтадан Нағанай ұрпақтарының келу үрдісі байқалады. Соған дейін де тақ төңірегіндегі жоғарғы орындарға тағайындалып жүрген қоңырат бектерінің арасынан Ішмұхаммед би жаңа қоңырат әулетінің негізін қалайды. Бұл әулет өздері хан тұқымы болмағаннан кейін, таққа кейде қазақ сұлтандарын да шақырып, мәртебелеген сияқты болғанымен, өздері инақ деген лауазымға иеленіп негізгі билікті қолдарында ұстап отырды. Содан олар 1920 жылға дейін Хиуа хандығының тізгінін қолдан шығарған жоқ. 1800 жылдардан бастап өздеріне де хандық лауазымды заңдастырып, бір орталыққа біріккен қабырғалы мемлекет басшыларына айналады. Хиуа тарихшыларының жазбаларында сол қоңырат билеушілерінің бәрінің Өзбек ханның замандасы болған, асыл сүйегі көне Қият қаласындағы Аббас Уәли шейхтың мазараты қасында жерленіп, басына биік кесене орнатылған Нуғдай бидің (Нағанайдың) ұрпақтары екендігі әрдайым назарға алынады. (Бартольд В.В. Новый источник по истории Хорезма // Работы по источниковедению.ҮІІІ т. М.: Изд. Вост. Лит-ры. 1973. 575-578-б.).
Олар өздерінің хандық билігі әбден дәуірлеген жылдары, бабалары Нағанай мен оның ұрпақтарына астана болған Көнеүргенішті қайтадан орталық етудің де жолдарын қарастырыпты. Шәһарға су жеткізетін арнайы арық (оман) қазылып, Мұхаммед-әмин ханның билігі кезінде (1845-1855) астананы Хиуадан ежелгі орнына көшірмек бопты. Нағанай заманындағы сәулетті орданың орнына «Хорезм бақ» деп аталатын мығым бекініс те салдыртыпты. Алайда Мұхаммед-әминнің өзі түрікмендермен өткен бір шайқаста қаза тауып, жоспарланған бұл іс аяқсыз қалыпты. Артынша 1873 жылы Хиуа хандығы Ресей империясының қарамағына еніп, хандық билік сол күйі сақталғанымен, балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен заман басталады. Көнеүргеніш сол шағын кент күйінен өспей қалады. Бүгінде ол Түрікменстанның Ташауз уәлаятына қарайтын Көнеүргеніш атырабының әкімшілік орталығы ғана. Баяғы Хорезм мемлекеті замандарынан ежелгі өркениеттер астанасы ретінде танылған қалада бағзы дүние жәдігерлеріндей боп бірқатар сәулет ескерткіштері әупіріммен сақталып қалған. Солардың арасында қоңырат Құтлықтемір беклербектің ұлысбектік билігі кезінде салынған биіктігі алпыс жеті метрлік Құтлықтемір мұнарасы, әйгілі сопы ғұламасы Нәжмәддин Кубраның зәулім кесенесі, Нағанай балаларының билігі кезінде тұрғызылған Төребике бегімге (Құтлықтемір беклербектің зайыбы) арналған сәнді кесене, хорезмбах, тасқала сарайларын, Моңғол жорығына дейін салынған хорезмшах Текешке арналған кесене секілді тамаша ғимараттар әлі де көздің жауын алады (Куня-Ургенч // «Википедия» энциклопедиясы)...
Тарихшылардың дәйектеуінше, қоңыраттардың бір тобы Нағанай және оның ұрпақтары билеген Үргеніш, Хиуа өңірлерінде, сондай-ақ Өзбекстанның Сұрхандария облысындағы Байсын аймағында орнықса, қазақ қоңыраттарын құраған үлкен бір тобы Сыр бойына қоныстанып, Ұлытауға дейін көшіп жүрді. Зерттеушілер 92 баулы өзбек тайпаларының (олардың дені 15-16 ғасырларда Дешті Қыпшақ жерінен барған ордаежендік, яки ақордалық көшпелі жұрттар болатын) «Маджму ат-тауарих» еңбегі бойынша тізімделуінде, қоңыраттың 6-шы орында көрсетілуі, оның сол кездегі әскери-саяси өмірдегі алатын орнының салмағын байқататындығына мән береді Бұл тізімде 7-ші орында алшын, одан кейін қатарынан арғын, найман, қыпшақ тайпалары орналасқан (Султанов Т.М. Кочевые племена Приаралья в ХY-ХYІІ вв. М., 1982).
Бір назар аударарлығы, қарақалпақ қоңыраттарының құрамы қазақ қоңыраттары рулары атауларымен сәйкеспейді. Олар: қият, ашамайлы, қолдаулы, қостамғалы, балғалы, терістамғалы, бақанлы, ырғақлы, қазаяқлы сияқты аталардан тұрады (Жданко Т.А. Очерк исторической этнографии каракалпаков. М.-Л., Изд. АН СССР, 1950). Қарақалпақтармен бірге Әмударияның сағасын мекен ететін өзбек қоңыраттары да Көкөзек, Балғалы, Ашамайлы, Қанжығалы түптеріне (руларына) бөлінеді (Задыхина К. Л. Узбеки дельты Аму-дарии // Труды Хорезмской археолого-этнографической экспедиции АН СССР. Т.1. М. 1952). Өзбекстанның оңтүстігіндегі Байсын аймағын мекендейтін өзбек қоңыраттары Уақтамғалы, Қоштамғалы, Қанжығалы, Айынны, Тартулы руларына тармақталады (Кармышева Б.Х. Очерки этнической истории южных районов Таджикистана и Узбекистана. М., «Наука». 1976). Осылардың өзінен-ақ өзбек, қарақалпақ қоңыраттары рулары көбінің түп төркіні Дешті-Қыпшақ (Ақ Орда) тайпаларымен сабақтасып жатқанын байқау қиын емес. Және қазақ құрамында жеке-жеке рулар ретінде саналып жүрген ол аталардың денінің, өзбек пен қарақалпақ ішінде қоңырат тайпасы атауы төңірегіне ұйысқаны аңғарылады. Бұл ретте де бар мәселенің Хорезм өңірін ұзақ уақыт билеген Нағанай бектің даңқты әулетінің жоғары атақ-абыройымен тікелей байланысып жатуы мүмкін екендігін жоққа шығаруға болмайды.
Сыр, Әму алабын қыстап, Арқаны жайлаған дешті-қыпшақтық қоңыраттар өздерінің орналасқан жерлеріне қарай, бірсыпырасы Орда-Еженнен тараған хандардың, бірсыпырасы Шейбан әулеті билеушілерінің ықпалында болды. Сонда да бір-бірлерімен байланыстарын үзе қоймаған сыңайлы. Оны қазақ қоңыраттары шежірелеріндегі Сыр, Түркістан өңірлері мен Үргеніш арасындағы арылы-берілі қарым-қатынастарды сөз ететін деректер сарыны да қуаттайды. Соның бір айғағы, қазақ шежіресінде де қоңыраттардың түп атасы ретінде орныққан Нағанай бектің есімі. Қазақ хандығы ірге көтергенде, оның құрамына енген, өздерін Нағанайдан тараймыз деп санайтын орда-ежендік (ақордалақ) қоңыраттар, жаңа ұлыстың өркендеп, нығаюына өз үлестерін аянбай қосты. Араларынан бүкіл қазаққа белгілі батырлар мен бағландар шықты. Тәуекел мен Есім хандардың бас сардары атанып, есімі күллі қоңыраттың шабуыл ұранына айналған, бүгінде ерлігі мен еңбегі ғылыми конференция тақырыбына ұласып, Түркістанда зәулім ескерткіші тұрғызылған Алатау батыр (1560-1640) да сондай ардақты тұлғалардың бірі еді. Алатау батыр Бесайдарұлы ескерткішінің (авторлары Ә. Абылаев, Қ. Қосуақов) ашылу салтанатына жалғаса, оның жанынан Нағанай бек атындағы этносаябақ іргетасының қалануы да, әлбетте, қазақ тарихының Алтын Орда дәуірімен сабақтасып жатқанының тағы бір айғағындай қабылданады.
qazaquni.kz