Әлихан Бөкейхан: «Самар кезеңінің» жұмбақтары
2017 ж. 13 қаңтар
2843
0
«Самар кезеңі» - ХХ ғасыр басындағы «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшысы Әлихан Бөкейханның өмірі мен қызметінің аз зерттелген ақтаңдақ тұсы. Әлихан Бөкейхан ең алғаш жер аударылғанда Ресейдің Самар (Самара) қаласына жіберілді. 1907 жылдың аяғынан бастап 1917 жылғы ақпан төңкерісіне дейін ол Самар қаласында тұрды. Бұл туралы qazaqtimes.kz хабарлайды.
Самар қаласының мұрағаттарынан табылған жаңа құжаттар қазақ халқының ғасыр басындағы саяси көсемі Әлихан Бөкейхан өмірінің беймәлім тұстары туралы көп мағлұмат береді және бұрыннан белгілі тарихи деректерді толықтырады.
СЫРЫ АШЫЛҒАН ҚҰЖАТТАР
Азаттық радиосына самарлық журналист әрі өлкетанушы Валерий Ерофеев Самар облысының мемлекеттік мұрағатындағы Әлихан Бөкейхан туралы құжаттар мен облыстық тарихи-өлкетану мұражайынан табылған фотосуретін жіберді. Ол суретке Әлихан Бөкейхан Самардағы кадет партиясының мүшелерімен бірге түскен.
Бұл құжаттардың көбі Самар губерниялық жандарм басқармасының құпия жазбаларынан алынды. Бұл басқарма жансыздар мен сырттай аңду қызметі көмегімен Әлихан туралы мағлұматтар жинап отырған.
Жасырын мәлімет берушілер өздері «қамқорлыққа алған адамдарының» жүріс-тұрысы мен қайда барып, кіммен кездескенін аңдып, арнайы журналға тіркеп отырған.
Журналдың сыртына «Самар қаласы бойынша 1915 жылғы мамырдың 3-інен 1916 жылғы қаңтардың 1-іне дейін әскери тыңшы ретінде күдікке ілінген және жергілікті (қандай ұйым екенін өшіріп тастаған - ред.) ұйымға мүше адамдар үстінен жүргізілген бақылау деректерінің жалпы ақпары» деп жазылған.
Ол жазбаларға қарағанда, аңду қызметі «тыңшы ретінде күдікке ілінген» кісілерге құпия аттар қойған. Бірақ оны «күдіктілердің» өздері білмеген. Жандармерия жазбаларында Әлихан Бөкейханнан бөлек, аңдуға іліккен тағы үш тарихи тұлғаны атап өтуіміз керек. Бұл Александр Керенский — төртінші Мемлекеттік думаның депутаты және «Ресей халықтарының ұлы шығысы» атты масон ложасының мүшесі; Николай Гладиш - сол кездері қалалық думаның депутаты әрі конституциялық-демократиялық немесе кадет партиясының мүшесі; Исидор Рамишвили. Бұл адамдармен Бөкейхан саяси қызметінің түрлі кезеңдерінде бірге жұмыс істеген.
Бізге белгілі болған бір қызық жайт - жандармерияның жасырын агенттерінің есептерінде Керенскийге «Думский»; Гладишке «Гласный», Рамишвилиге «Атаман» деген аттар қойылса, «Алаш» қозғалысының көшбасшысына «Асман» және «Калмык» деген екі бірдей жасырын ат берілген.
Бүкілресейлік қалалар мен земстволар одағының Самар гүбернелік комитеті. Сурет Самар қалалық басқармасында түсірілген. Солдан оңға қарай (отырғандар): П.П.Подбельский – адвокат (присяжный поверенный - аймақтық сот немесе сот палатасы құрамындағы адвокат), К.Г.Гладков – адвокат, А.Г.Елшин – адвокат, В.В.Тейс – қалалық Думаның мүшесі (гласный), П.Л.Кузьмин – қалалық Дума мүшесі, С.Е.Пермяков – Самар қаласының басшысы, комитет төрағасы, В.П.Ушаков – қалалық басқарма [управа] мүшесі, В.А.Тыртов – зейнетке шыққан генерал-лейтенант, С.А.Елачич – «Волжский день» газетін шығарушы. Тұрғандар: Ә.Н.Бөкейхан (Бөкейханов) – Мемлекеттік Думаның бұрынғы депутаты, А.В.Тейтель – гүбернелік земство басқармасының агрономы, И.С.Анисимов - - адвокат, М.Н.Лапушкин – қалалық басқарма колонизациялық бөлімінің технигі, Н.М.Скуляра – армияны жабдықтау мен қамсыздандыру жөніндегі қалалық комитеттің бас инженері, А.В.Матульский – сол комитеттің бас дәрігері, Н.Ф.Николаевский – қалалық басқарманың [управа] хатшысы, В.А.Кугушев – қалалық Дума депутаты [гласный], кнәз, М.П.Сидоров – адвокаттың көмекшісі [помощник присяжного поверенного], Л.С.Кравцов – адвокат. Еденде отырғандар: Стояновский – облыстық комитеттің технигі, М.С.Рябкин - адвокаттың көмекшісі [помощник присяжного поверенного], В.А.Кузьмин – облыстық комитеттің хатшысы, Н.И.Боголюбов - адвокаттың көмекшісі (фотосуретті П.В.Алабин атындағы Самар облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қорынан алып ұсынған В.Ерофеев).Сұлтан Хан Аққұлының “Әлихан Бөкейхан” (Алматы, 2016 жыл) атты кітабынан.