Ұлт үшін туған ұлы тұлға
2017 ж. 10 қаңтар
14624
2
Тірі болсам, хан баласында
Қазақтың хақысы бар еді,
Қазаққа қызмет қылмай
қоймаймын.
Әлихан Бөкейхан
Ұлыларды уақыттың өзі туғызады. Заманның өрті мен дерті, дауылы мен жауыны, сеңі мен селі шыңдап шынықтырады. Тарих ұзақ толғатып сирек туатын ұлылар алдына ұлы мақсат қояды. Соның мықты бір мысалы ұлт бағына туған ұлы тұлға Әлихан Бөкейханның өмірі, оның халық үшін басын бәйгеге тіккен тарихи қызметі. Қазақтың бағына біткен осы баға жетпес бағылан ұлт үшін қандай ұлы істер істегенін, бұл жолда басын бәйгеге тігіп, қаншама тар жол, тайғақ кешкенін, оның елім деп еміренген жүрегінің жалынын түрме де, темір тордың іші-сыртындағы қинау да сөндіре алмағанын, қаһарман Азаматтың қайсар рухы мұқалмай, қиындық көрген сайын тас қайраққа қайралған болаттай өткірлене түскенін көзі қарақты халықтың өзі де біледі. Оны тізбелеп жатпай, сөзі мен ісінің арасында айырма болмаған кемел ойлы кемеңгердің данышпанға тән даналық ой-толғамдарын тілге тиек етпекпіз.
Әлихан Бөкейхан: « Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген сертке соққан семсердей сөзін өзінің бүкіл саналы өмірімен ақтап шықты.
«Бостандыққа қуаныңдар, мені басшымыз деп айтқандарың шын болса, міне, мен өле-өлгенше сендерге қызмет қылуға уәде беремін, сендер уәде бересіңдер ме бостандықтың жолымен болуға? Бостандықтың жолымен болсаңдыр: бишараны жемеуге, партияны қойып, бірігуге, бас пайдасымен жұрт пайдасын бірдей көруге, барлық күштеріңді ғылым жолына, бостандық арқасымен көгеру жолына жұмсауға керек» деген сөздерінің астарын зерделесек ұлылықтың тағы бір ұлағатын ұға түсеміз.
Бұл сәулелі сөздер Жүсіпбек Аймауытовтың: «Бұл уақыт жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт, ойланыңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болса, мойнымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр» деген сөзімен рухтас, қандас. Ел қамын жеп еңіреген екі ер – Әлихан мен Жүсіпбектің ойларының егіздей ұқсастығы тегін емес, оның терең сыры – ұлт бақыты жолындағы басты бәйгеге тіккен тілек пен жүректің, іс-әрекеттің бірлігінде. Ұлт үшін жасаған еңбектері де ұлы! Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Мен өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған ары үшін жанын садақа ететін осындай текті халыққа, мені ұлым, перзентім деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйырмаған бақыт-толыққанды, тәуелсіз мемлекет құрудың қасында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ. Осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай да тәуекелге барамын» – деген сөзінен ұлт көшбасшыларының мақсат, мұраттарының сабақтастығы айқын танылып тұр.
Халықтың көсегесі қайтсе де көгеретінін Әлихан: « Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады» деген сөздерімен тайға басқан таңбадай айқын айтып берді. Ұлт бағына туған тұлғаның арманы да ұлы. Әлиханнан сөз қалған ба?! Тағы бір мысал: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-кызын оқытсақ, « Қозы Көрпеш- Баян сұлуды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді. Тірі болсақ – алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар» деп те жазды ол. Тереңірек зерделесек, бұл сөздерде асыл арман ғана емес, керемет көркем, кермиық көрегендік те бар! Соның көркем көрінісі – өз тізгіні өзінде болған Тәуелсіз Қазақстан! «Алаштың ортасы – Қараөткел, сонда салынған университет, сонда оқып жатқан қазақтың ұл-қызы, Еуропа ғана емес, әлем білген» қазақ.
Әлихан Бөкейхан айтқан ұлағатты ұлы сөздер өзінің маңызын күні бүгін де жоғалтқан жоқ. Оны айтасыз, өмірлік мән-мағынасы ескірмейтін бұл аса асыл, есті сөздер тәуелсіз Қазақстанның әр азаматына жөн сілтеп тұрған бағдаршам, адастырмас ақ жұлдыз! Ахмет Байтұрсынов кезінде: «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар» деп жазды. Бұл сөздерде ұлылардың ұлағатты үндестігі бар.
Әлихан Бөкейхан, Жүсіпбек Аймауытов, Сәдуақас Смағұлов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай сынды Алаш арыстарының ұлт үшін жасаған істері еске түскенде ойға сол ұлылардың мұрагері Олжас Сүлейменовтің:
Бұл адамдар мәңгі өшпейтін,
Жүрекпенен көңілден,
Тірі жүрсе жол сілтер ед,
Ай-жұлдыз боп көгіңнен, – деген жыр жолдары ойға оралады! Ақын досым, жүрегіме жақын досым Олжастың оймақтай болса да қорғасындай салмақты ойын қостай отырып айтар аз ғана қосымша: ғасыр басындағы Алаш арыстары тірісінде ғана емес, о дүниеге озғалы да өздерінің аса асыл ақылымен ұлтқа жол сілтеп тұр. Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай: «Ақыл деген – өлшеусіз бір жарық нұр».
Әдетте, Шолпан планетасының бір беті ғана көрінеді, ал екінші беті жердегілерге құпия, ол жеті ғасырда бірақ рет жарқ етеді. Мұны Әлихан сынды Алаш арыстарының аталы, баталы сөздеріне бейімдей,орайластыра айтсақ, бүгінгі біздер, әсіресе, жастар «Ақыл деген өлшеусіз жарық нұры» өсиет, қасиет сөздердің қадір-қасиетіне толық жетіп, түгел игерген жоқпыз. Алаш көсемдерінің келер ұрпақ, кемел тарихпен бірге жасай беретін мол мұрасымен қаншалықты мол сусындасақ – ұлтқа соншалықты жақын бола түсеміз.
Ұлт көсемінің «Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» деген сөзін бүгінгі күнге бейімдеп айтсақ, Елбасы нұсқаған «Мәңгілік елге» апаратын «Нұрлы жол» – «Ұлттық ынтымақ».
Тарихтың дауылы мен жауынында тапқанынан жоғалтқаны көп қазаққа керектерді түгендейтін кез келді. Сол көп керектің ең бастылары: ұлттық рухты асқақтату, мемлекетшіл, халықшыл, елшіл, болу, жағымды мағынадағы ұлтшылдық. Елге, халыққа ауадай қажет осы хас қасиеттердің бәрі Әлихан еңбектерінде. Соны қайталап, қадап айтып, жастың да, жасамыстың да санасына сіңіре берсек, Елбасы айтқан ұлттық идея – «Мәңгілік Елдің» де жұлдызы жарық, мұраты халық болады. Түйіп айтсақ, біз – Тәуелсіз Қазақстан азаматтары Әлихан аңсаған асыл арманға жеткен бақытты ұрпақпыз! Алла Алаштың маңдайынан сүйіп тұр! Ендігі меже әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу!
Ұлттың ұлы көсемі Әлихан Бөкейханның аманатына, өсиет сөздеріне адал болсақ, бұл асыл арманға да жетеміз, айрандай ұйыған бірлік, «ұлттық ынтымақ» болса, Құдай қаласа. Құдайсыз қурай да сынбайды. Алла тағаланың әмірінсіз ештеңе болған емес, болмайды да!
Бір Аллаға сиынып,
Кел балалар оқылық, – деп Ыбырай Алтынсарин айтқандай, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып адал, табанды еңбек етейік, ағайын! Мұзағаңның – Мұзафар Әлімбаевтың сөзімен айтсам:
Мен білемін не табуды, не іздеп,
Еңбек қана елді ұлы дегізбек!
Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев ұсынған бес институттық реформаның негізгі арманы, мұраты, болашағы – біртұтас ұлт құру. Бұл ұлы мақсат та Әлихан айтқан «Ұлттық ынтымақсыз», ерен еңбексіз орындалмасы зайыр. Әлемнің, әміршісі – Еңбек! Сол ұлттың көсегесін көгертетін Еңбектің қозғаушы күші де, мызғымас мықты тірегі де Әлихан айтқан : «Ұлттық ынтымақ!»
Сәбит Досанов,
жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Махмұд Қашқари атындағы «Түрік әлеміне сіңірген еңбегі үшін» Халықаралық сыйлықтың лауреаты