Ұлт көсемін қорлаған спектакль
2016 ж. 14 желтоқсан
3742
2
8 желтоқсан күні Қарағанды қаласында Алаш көсемінің 150 жылдық мерейтойының құрметіне орай облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен «Әлихан Бөкейхан және Тәуелсіз Қазақстанның тарихи негіздері» атты халықаралық ғылыми конференциясы өтті. Конференциядан соң ғылыми көпшілік С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрына барып, «Әлихан Бөкейханов» атты спектакльды тамашалады. Жұрт қатарлы спектакльды тамашаладық. Өмірімде мынадай сорақы спектакльды алғаш рет көруім. Бірден кесіп айтатын жайт: Бұл спектакльды сахнаға шығарған жауапты адамдар тарихи тақырыпты саудаға салғанымен қоймай, ұлт көсемінің келбетін қорлап отыр!
Спектакльдың сценарийін жазған «ҚР Халық әртісі» деген жоғары атағы бар Е.Төлеубай мырза драматургия мен режиссураның шылбырын қатар ұстап, драмаға дені ауып, жанрдан жанр қуып, жеңіл-желпі жұмысты сағалап, «тарихи тақырыпты» саудаға салған алыпсатар екенін анық көрсетті! Осы жылдың 4 қарашасында Астанадағы №76 мектепте Әлихан Бөкейханға арналған конференция өткен-ді. Сол ұлық жиынға Қостанайдан арнайы келген Е.Төлеубай мырза сахнаға шығып, қызды-қыздымен «Алматыдағы Әуезов театры «Ақтастағы Ахико» дей ме, қайдағы бір жапонды ұлықтап жатыр! Мен Алаштың тұлғаларына арнап бірнеше пьеса жазып, Қазақстандағы бірқатар театрдың табалдырығын тоздырып, репертуарына енгізе алмай жүрмін!» деп ашынып еді. Сол кезде ішімнен: «О, мына кісі бағы жанбай жүрген талант екен ау», - деп ойлап қалып ем. Мына спектакльды көріп отырғанда, бұл ойымнан 180 градусқа теріс айналдым!
Спектакльдың қоюшы режиссері ҚР Мәдениет қайраткері С.Жұмағали мырза екен. Оның режиссерлық шеберлігі Е.Төлеубайдың драматургтығымен астасып, қабаттасып жатыр. «Апама жездем сай» деп осындайда айтса керек. Актерлар қайта-қайта ұлт жолында құрбан болған әруақтардың бас сүйектерін ары-бері лақтырып, шығара береді және т.с.с. кемшіліктер өте көп. Оның қайбірін теріп отырайын. Бұл жағын кәсіби театр сынымен айналысып жүргендер айтсын.
Спектакль басталғаннан-ақ, сөйлем селкеулігі, жалаң бос сөздерге құрылған актерлардың сөзі сылдыр су сияқты ағып жатты. Ұлт көсемін тұрмыс-тіршілік әңгімесіне араластырып, қатын, бала-шағасымен ұрыстырып қойды. Ұят енді. Жә, «әліптің артын бағып» үнсіз отырдық, актерлардың ойыны көңілден шығар деген үмітпен. Ең сорақысы – осы. Актерлардың ойыны, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі жайлы айтудың өзі ұят. Масқара! Алаш көсемінің рөлін сомдаған Г.Бердембетов өз-өзіне сенімсіз, жасқаншақ, ұлттық рухы жоқ, жігерсіз кейіп танытты. Ал, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының рөлін сомдаған ҚР Мәдениет қайраткері М.Садықанов егде жастағы актер екен. Ал, Әлиханның рөлін сомдаған Г.Бердембетов жас жігіт. Енді логикаға салып көріңіз, Әлихан 1866 жылғы, Ахаң 1873 жылғы. Осыны түсіне алмаған кім жынды, мен бе, әлде театр ұжымы ма? Ахметтің рөліндегі актер Әлиханның қолбала, қызметшісі сияқты ұшып, қонып жүр.
Ең сорақысы – Е.Төлеубайдың Сталины «мейірімді», «жанашыр» жан екен. Қазаққа жанып, қазақ үшін езіліп, қолдан жасалған саясатты Голощекинге жауып, өзі «сүттен ақ, судан таза» болып отыр. Оның рөлін сомдаған Р.Қошжанов өзіне жүктелген рөлді мүлде аша алмады. Біз осы Сталинның рөліндегі әртістен көп үміт күтіп едік, күткен үмітіміз үзіліп, күдігіміз сейілді. Ал, бірдей бір НКВД-ның бастығы болған Н. Ежовтың рөліндегі А.Мукашев мырзақамақта отырған Әлиханның досы, жанашыры сықылды оның алдында құрдай жорғалап, «честь» беріп, Сталинның жаңалықтарын жеткізіп жүр! Актерлердің ұзақ сүрең текстері – драматургияның арқауын босатып, тарихи тұлға бейнесінің көркемдігін кемітті!
Е.Төлеубайдың драматургтық шеберлігі өте әлсіз. Сөз, диалог, монолог баяндауларында ширақтық жоқ. Актерлардың сөйлеген сөзі мен істелген істерінің өзі типтендірілуі керек емес пе! Типтік орта, типтік характер жоқ! Е.Төлеубай өзінің тіліне салақ қарайтын, талғамы жетіңкіремейтін драматург. Спектакльдың көп жерлерінде актерлар ауызға түскен сөздерді үйіп-төгіп қолданғанынан, оның қандай драматург екенін байқауға болады.
Менің ойымша, Е.Төлеубай бабынан жаңылған, суреткерлік бағы жанбаған драматургсымақ екен! Бар гәп – оның тарихи оқиғаларды бұрмалап, болмағанды болды қылып, ұлт тарихын қорлауында! Шындығында жаманның жамандығын айту – қиынның қиыны. Автордың білімінің төмендігі, өрісі, таным-түйсігінің шала-шарпы екені көзге анық байқалады. Оның жалаң тақырып, жасанды идея жасауының салдарынан Мәмбет Қойгелді бастаған бірқатар алаштанушы ғалымдар облыс әкімі мен облыс басшылары, көрермен қауым, жас жеткіншектердің алдында қызарып, ұялып отырды. Сонымен, алаштанушылар Е.Төлеубайдың арқасында Әлиханның өмір жолын «жаңаша» танып шықты!
Сөзімізді түйіндер болсақ, тағдыры қасіретке толы Әлиханның өмір жолын арқау еткен бұл спектакль – қымқиғыш оқиға, қитұрқы қиын деталь, аса күрделі композициялық шешімі жоқ, олпы-солпы, дүмбілез, шала-шарпы жазылған нағыз халтура!!!
PS: Қазақстан Театр қайраткерлері одағының басшысы Т.Жаманқұлов істі болып, өзінің қара басының қайғысымен жүр. Атағынан ат үркетін Асанәлі Әшімов үй ішіне үй тігіп, Қазақстан Театрлар қауымдастығын құрып алды. Сахнаға шығып жатқан театр өнімін бақылап, талдап, таразылап отыруға тиісті басшылар бір-бірімен қырғи-қабақ болып, ашық майдан жариялап жатқанынан ақ театр өнерінің қадір-қасиеті, құты қашты ма деп ойлайсың...
«Аға.Құда.Пара» заманы болған шақта, Е.Төлебай сияқты «шала Шекспирлердың» бағы жанып, төбесі көкке бір елі жетпей тұр!
Қарағанды облысының Мәдениет, архивтер және құжаттар басқармасы мен аталмыш театрдың басшысы С.Н.Бекболатов, театрдың көркемдік жетекшісі Д.А.Еспаевтан ұлт көсемі Әлиханның тұлғалық келбетін қорлаған мына спектакльды репертуардан алып тастауын өтініп сұраймыз.
Алаштанушы ғалымдармен қатар отырып, спектакльды басынан аяғына дейін тамашалаған облыс басшысы Н.Қ.Әбдібековтен ұлт тарихын, тұтас ұлттың абыройы болған Әлиханның бейнесін бұлай қорлап, масқаралауға жол берген, көрерменін еліктіріп, қызықтыра алмайтын бұндай спектакльдың киелі сахнаға кімдердің шығарғанын анықтауын сұраймыз!
Елдос Тоқтарбай,
qazaquni.kz