ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР ИЕЛЕРІ
2016 ж. 21 қазан
7637
0
Әйел – өмірдің гүлі. ХХ ғасыр басындағы «елім, жерім» деп еңіреген азаматтардың сенімді серігі, жан жолдасы әйелдері болған. Жазушының әйелі болу деген – күннің көзі болу деген сөз. Қазақ зиялылары, ХХ ғасыр басындағы қазақ оқығандары тарихта алғаш болып әйелдің хал-ахуалына баса назар аударды. Әйелдерді құрметтеуге шақырды. Бұл – ерлік. Міне, осыдан кейін қазақ қызы, қазақ әйелі мәселесі көркем шығармаларда айтарлықтай орын алды. Кейіпкер болды. «Қамар сұлу», «Бақытсыз Жамал», «Ботагөз», «Ақбілек», «Шұғаның белгісі», «Қорғансыздың күні», «Қаракөз», «Қалың мал» секілді көркем шығармалар осының куәсі.
М.Әуезов қазақ әдебиетінде көптеген әйел адамдарының бейнесін сомдаған хас қаламгер. Шындығында, Мұқаң небір қазақ әйелінің образын қара сөзбен шебер сомдады. Мұқаңнан бөлек барлық қалам ұстаған қазақ қаламгерлері қазақ қыздары мен әйелдерін жырға, көркем шығармаға кейіпкер ретінде қосты. Бұл – негізгі тақырыптың өзектілігі болса керек!
Біз өзіміздің зерттеу жұмысымызда келелі мәселені қозғағымыз келген-ді. Бұл – қазақ әдебиетіндегі кемшін мәселе. Әлем әдебиетінде мемуарлық жанр қарқынды дамыған. Бізде бұндай зерттеулер кенжелеп қалған. Енді осы мәселені қолға алып, егжей-тегжей зерттеу міндет болып отыр. Қазақ әйелдері мәселесі, сезімі, махаббат машығы өз алдына бір бөлек әңгіме.
Қазақ әйелі де – муза! Өлеңге, көркем туындыны жазуға фактор, себепші болды. Әйел – махаббат фенонимі. Әлем әдебиетінде де әйелдер музаға айналғаны белгілі. Мысалға, Пушкиннің музасы – Анна Керн. Сол секілді қазақ елінде Фатима Ғабитова деген татар ұлтының тумасы Ілияс пен Мұхтардың музасы болғаны ақиқат.
Әйел – ғибратты ғұмыр иесі. Өмірдің мәні де, сәні де – әйел. Біз ХХ ғасыр басындағы қазақтың марқасқа тұлғаларының отбасылық жеке өміріне үңіліп, олардың жан-жарлары, ұрпақтары жайында сөз қозғағымыз келеді.
Әлихан Бөкейханның отбасылық жеке өмірі
Алаш ардақтысы, қазақтың қайталанбас дара тұлғасы Ә.Н.Бөкейханның отбасы, оның жары, балалары жайында оқырман көп біле
бермейді. Ел арасында Әлихан кеш үйленген, оның жары өзге ұлт өкілінен деген түрлі әңгімелер өріп жүр. Оның қайсысы қауесет, қайсы шынайы екенін кім білсін?!
Негізінде, махаббат – тылсым күш, құпия. Алаш көсемінің отбасылық жеке өмірі, жан-жары жайында тоқталайық. Алаш көсемі Ә.Н.Бөкейхан Петербордағы Орман шаруашылығы институтын бітіргеннен кейін, ішкі Ресейден қоныс аударушылар жағдайын зерттеу үшін ұйымдастырылып жатқан Половцев экспедициясына қатысу үшін Омбыға келеді. Бұл кез – 1895 жылдың жазы. Бірақ, Әлекеңе экспедиция жұмысына қатысуға рұқсат берілмейді. Содан Алаш ардақтысы Омбы қаласына тұрақтап, Орман шаруашылығы училищесіне жұмысқа тұрып, математика пәнінен сабақ береді. Оқытушы бола жүріп, социалистік бағыттағы «Степной край» газетінің қызметіне белсене араласа бастайды. Осы газет арқылы саясаткер Яков Севостьяновпен танысып, жақын қарым-қатынас орнатады. Яковпен араласып жүріп, оның қызы Еленамен танысады.
Әлихан мен Еленаның бір ұл, бір қызы болады. Үлкені – қызы Зейнеп (Елизавета), кенжесі – ұлы Өкітай (Сергей). Зейнеп 1903 жылы, ал Өкітай 1904 жылы дүниеге келген.
Әлекеңнің немере інісі Сырым Райымжанұлы Бөкейхан ағасының отбасы турасында: «Ахаң «Степной край» газетінде жұмыс істеп жүрген кезінде Сібірге қоныс аударылғандардың ұрпағы Яков Севостьяновпен танысады. Екеуінің өмірге деген, саясатқа деген көзқарастары бір-біріне ұқсапты. Яковпен араласып жүріп, Әлихан оның қызы Ольгамен танысады. Күндердің күнінде Ольгаға: «Аяулы қызым! Саған ешқашанда Әлиханнан артық қалаулы жарды тілемес едім. Бірақ, екеуің де алдыларыңнан шығатын қиындықтарға дайын болуларың керек. Әлихан – қазақ, сен – орыссың. Сенің қандастарың басқа ұлтқа тұрмысқа шықты деп өзіңді үнемі сөгетін болады. Орыстың қызын алғаны үшін Әлиханды да елі кінәлайтын болады. Бақтарың ашылсын, шыдамды болыңдар, өздеріңе махаббаттарың қорғаныш болсын!, – деп Яков батасын беріпті. Осылайша, олар үйленеді», – деген екен [1;8б].
Ал, әлихантанушы-ғалым, ф.ғ.к. С.Аққұлы: «Әлиханның жеке өміріне қатысты мәліметтерде үйленуіне байланысты оқиғалар беймәлім күйінде қалып отыр. Оның өзге ұлттың және оның үстіне христьян дінінің қызына үйленгендігі басты құпия емес. Әлихан өзіне қалыңдық ретінде орыс қызын, Елена Яковлевна Севостьяновнаны таңдады», – дейді [2;336 б]. Мысалы, Сырым Бөкейхан жеңгесінің есімін «Ольга» деп айтыпты. Ал, ғалым «Елена» дейді. Шындыққа жанасатыны – Елена.
Әлиханның анасы Еленаны қабылдамаған екен. Бұл туралы әлихантанушының еңбегінде: «Алаш көсемінің немере інісі Райымжан Әзімханұлы Бөкейханның естелігінде «Әлихан анасының бұл жағдайға көзқарасы анық теріс болған. Ол тіпті туған келініне үйінің табалдырығынан аттатпай, былай деп хабар жіберіпті: «Мен қалайша мойнында кресі бар келінді құшақтап, бетінен сүйемін? Бұл әйеліңді көзіме көрсетпе!» делінген [2;336 б]. Ғалымның еңбегінен тағы бір қызықты мәлімет келтірсек: «Әлихан анасына ешқашан қарсы келмеген. Өзінің туғандарына келген кезде келіншегін туысқандарының ауылында, жолдастары мен серіктестеріне, ақын Абай жұртына, бөлесі Шәкәрім айналасына немесе Тұрағұл мен Кәкітайларға қалдырып кететін болған». Шәкәрім Құдайбердіұлының кіші анасы Бошантай – Әлиханның анасы Бегім ханымның туған апасы болған.
С.Аққұлының жазуына қарағанда, Алаш көсемі аса кеш үйленген. Бұл кезеңде, оның жасы 35-36-да болатын. Әлекеңнің жары Еленаның туған жылы нақты белгісіз, ал дүниеден өткен жылы 1921 жыл екен.
Ахмет аялаған арулар
ХХ ғасырдың басындағы қазақ оқығандарының алдыңғы шебінде көшбастап тұрған сан қырлы санаткер – Ахмет Байтұрсынұлы. Кешегі тұтас буынның төлбасы болған, кең жүректі ұлт адамының қамшының сабындай қысқа ғұмырын сөз етпеу әбестік болар. Бала күнімнен осы Ақаңа ғашықпын. Сүйемін! Өзімнің әкем сықылды қараймын. Ахаңның бір ауыз сөзін өзімнің өмірлік ұстанымыма айналдырдым («Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін!»).
Ахметтің отбасы құруы жайлы деректер де аңызға ұқсас. Көп әңгіменің ақиқаты қайсы деген сауалға да жауап берер уақыт келген сияқты.
Ахметтанушы, филология ғылымының кандидаты Райхан Сахыбекқызы бұл жөнінде: «Кейбір жазушылар мен зерттеуші ғалымдар Ахаңды қызға икемі жоқ, ебедейсіз жан ретінде суреттейді», – дейді [3;17 б]. Бұлай деп кесіп айту – негізсіз.
Ахметтің арулар мен қыздарға арнаған қандай керемет әндері мен өлеңдері бар. Мәселен, «Аққұм» әні Іңкәр аруға арналған. Бұл өмірде болған оқиға, жазушы Қоғабай Сәрсекеев зерттеуінде Торғай жерінде болған аштық кезінде Іңкәрдің жұт құрбаны болғандығын жазады. Сондай-ақ, Ахаңа ғашық болғандардың тағы бірі – Бадрисафа сұлу. Ол татар көпесі Мұхаммед–
Садықтың қызы. Бірақ, сұм ажал балиғаттыққа енді толған бойжеткеннің өмірін жұтады. Ахметтің пешенесіне бұйырғаны – Александра. Байтұрсынұлы Әулиекөлге мұғалімдік қызметке екі рет келген. Міне, бар сырды Ахметке ат басын қайта-қайта бұрғызған Әулиекөлдің астарынан іздеу керек. Александраның әкесі Иван қазақ жеріне келген орманшы. Жергілікті жұрт Ахмет пен Александраның махаббатының куәсі ретінде Әулиекөлдің жеті көлінің бірін «Мұғалім» көл деп атаған. Бірақ, дала заңы бойынша әр түрлі діндегі адамдарға қосылуға болмайды. Туған өлкеде некесін қидыра алмаған қос ғашық теріскейдегі Троицкіге жол тартып, сол жерде Александра мұсылман дінін қабылдап, екі ай діни дәрістер тыңдайды. Ахметтің қалауымен Александраға жаңа ныспы – Бадрисафа беріледі. Осындай дастанға арқау болар сюжетті көргісі келмегендер Ахметті қырыққа келгенше сүр бойдақ жасап, 34 жастағы күтушісіне аяушылықпен үйлендіріп қояды. Отызында орда бұзып, қараңғы ұлтының ағартушылық диқаншысына айналған Ахмет отбасын құрғанда «айқай, сағындырған 25-те» болса, жары 19-да еді. Бұған айтар айғақтар мұрағатта жетерлік. Бадрисафа анамыз 1909 жылы 5 тамызда Дала губернаторына түрмеде отырған күйеуіне араша болуын сұрап, жеделхат жолдайды. 133 сөзден тұратын жеделхатта «күйеуім» деген сөз жеті рет қайталанады. Бұл ресми дерек туралы 1994 жылы журналист Армиял Тасымбеков БАҚ-та сенсация ретінде жариялады. Мұны неге екені белгісіз, ахметтанудағы «адасушылар» назарға алған жоқ. Осы бір тарихи құжат – Ахмет пен (Александра) Бадрисафаның түрмеден кейін емес, дейін үйленгендерінің айғағы емес пе?!
Мұны баса айтып отыруымыздың белгілі себебі де бар. Ахмет Байтұрсынұлының туған күні – қыркүйектің бесі. Ғажапты қараңыз, дәл сол қыркүйектің бесінде 1989 жылы Байтұрсынкеліні Бадрисафа Мұхаммед-Садыққызын Жоғарғы Сот ресми ақтапты. Кездейсоқтық па, әлде тылсым құдіреттің күші ме екен? Бәлкім, Бадрисафаның Ахметке деген риясыз сезімі болар.
Ахмет Байтұрсынұлының идеялас серігі болған, Алаш қайраткері Байқадам Қаралды баласының қызы Күнімжан Байқадамова Бадрсифа анамыз жайлы: «Ол кісі орысқа ұқсаған сары, бойы ұзын, көздері доп-домалақ, әдемі еді. Шайды да тез демдейді. Әдетте самаурынға қойған шай қайнап болмайды ғой, ал Бадрисафа апайдың шайы тез қайнайды. Өкінішке орай, ол кісінің кейінгі тағдыры бұлыңғыр, белгісіз болып кетті» – дейді [4;17 б]. Күнімжан Байқадамқызының бұл пікірі – Бадрисафа жеңгеміздің бейнесін сипаттап тұр. Алдағы уақытта Бадрисафа туралы да жазуымыз керек.
Ахметтің қызы Шолпан: «... Әкем бойшаң да арықтау келген келбетті кісі еді. Көзіне көзілдірік киетін. Мінезі салмақты. Ойланып, асықпай, сабырмен байыпты сөйлейтін», – деп әкесінің мінез-құлқы жайында айта келіп: «Шешем болса, ақша жүзінен нұр тамған шырайлы, толықша әйел болатын. Байсалды, кішіпейіл, күлімсіреп жүретін-ді. Қазақша өте жақсы білетін. Басына кестеленген ақ орамал салып, етегі желбіршекті кең көйлек киюші еді. Киімді өзі тігетін анам өте жарасымды киінетұғын. Әкемнің атын атамай, «Төре» дер еді. Екеуінің мінездері мінсіз үйлесетіні соншалық – бір-біріне дауыс көтеріп қатты сөйлегендерін, тіпті, сыпайылықтан аттап, ренжескендерін де көргенім жоқ», – дегенінен ұлт ұстазының отбасылық жеке өмірі, жары екеуінің қарым-қатынасын байқайсыз [5]. Бұл, меніңше, жастарға өнеге, тағылым болмақшы.
Алаштанушы С.Аққұлының еңбегінде: «Әлихан Бөкейханның Елена Севастьяноваға үйленуіне сол кезде Қостанай уезінен Омбыға мұсылман дінін қабылдаған жас жары Бадрисафаны (қыз күнінде Александра Ивановна Журавлева) ертіп, көшіріп келген Ахмет Байтұрсынұлы себеп болды ма екен? Жас отбасының Омбыға көшіп келуі Мұхтар Омарханұлы дерегі бойынша – 1896 жыл, басқа мәліметтерде – 1898–1899 жылдар. Олар 1897 Троицкідегі мұсылман мешітінде некелерін қиып үйленеді. Некелесу сәтінде Александра өз еркімен мұсылманша «Бадрисафа Мұхамедсалыққызы» атын алады және тегін «Байтұрсынова» деп жазғызады» – делінген [2;341 б].
А.Байтұрсынұлының отбасылық жеке өмірін біле бермейтін адамдарға жоғарыдағы мәліметтер өзінің себептігін тигізері анық.
Міржақып пен Ғайнижамал
Алаш қайраткері, ақын Міржақып Дулатұлы Омбы қаласында 1914 жылдың 14 мамыры күні Ғайнижамал Баймұратқызымен бас қосып, үйлену тойын жасаған. Бұл туралы ақынның ұрпағы, асылдың сынығы, мемлекетімізге еңбегі сіңген дәрігер Гүлнәр Дулатова: «Үйлену тойымыз Омбыға таяу «Коломзино» стансасындағы мейрамханада болды. Тойымыздан кейін Омбыға кідірмей, Орынборға жүріп кеттік», – деп анасынан естіп-білгенін естелікке айналдырыпты.
Алаш қайраткерінің тұңғышы – Гүлнәр (1915), Гүлнардың соңынан Абылай (1917), Халида (1920), Наурызбай (1924), Әлібек (1925) дүниеге
келеді. Бірақ, Гүлнардан басқа балалары жарық дүниеге сыймай, шетінеп кеткен.
Ілияс сүйген сұлулар және ұрпақтары
Ілияс Жансүгірұлының өмір жолы жайында осы жұрт не біледі екен? Ілияс сүйген арулар кімдер еді? Ілиястың ұрпақтары бар ма? Бұл сұраққа жауап беру үшін журналист Қ.Тұңғатардың мақаласына назар аударайық. «Ілияс Жансүгірұлының әдебиеттегі қызметіне, қайраткерлік қырына, шығармашылығына жаңа қуат сыйлап, шалқар шабыт берген жақсы адамдар көп еді. Олар ақынның үнемі жанынан табылып, ыстық-суығына бірдей төзіп, қуанышына шаттанып, қайғысына ортақтасып жүрген асыл жарлары болатын. Қанаты қатаймаған бозбала шағында әкесі Ілиясқа Жәмила есімді сұлу қызға үйлендірген. Алайда, балалықтың әсері басымдау болып, көңіл жарастыра қоймайды», – деп ақынның отбасылық жеке өмірі жайлы тарихи мәліметтерді ретімен келтіріпті [6;8б].
1922 жылы Ілияс Аманша Берентайқызына үйленеді. Алайда жастайынан дімкәс өскен Аманша ақын Мәскеуге оқуға кеткенде, ауырып қайтыс болады. Жерлеуіне қатыса алмаған Ілияс ұзын-сонар жоқтау жырын жазып, қатты қайғырады. Моласының басында азалы жолдардан тұратын «Моласында» деген өлең шығарады. Қазадан қан жұтқан ақын кейін Қызылорда қаласында қызметтес досы болған Сәдуақас Оспановтың немере қарындасы Бәтимамен бас қосады. Бәтима өнерге, білімге, біртабан жақын өскен. Әнші еді. Бәтима мен Ілияс арасында ыстық махаббат оты сақталмаса да, сыйластық өте жоғары болды. Ілиясқа Саят есімді ұл, Сайра есімді қыз туып береді. Саят Жансүгіров бүгінде Алматы қаласында тұрады. Ал Сайра шетінеп кеткен.
Серігі бола білген жалғыз сүйеніші – Фатима Ғабитова. Сұлу сөзге жақын, әдебиеттің бел ортасында жүріп, ұсақ-түйек өлеңдер шығарып, күнделік пен естелік жазатын нәзік ару. Тотыдайын таранған, еліктің лағындай келбетті татар қызы. Арғы аталары Иван Грозныйдың аласапыран заманында Қазан қаласын тастап, Қапал өңіріне көшіп келген. Фатима алғашында белгілі қоғам қайраткері, ағартушы мұғалім, ақын-драматург Біләл Сүлеевке тұрмысқа шыққан. Екінші жары – Ілияс Жансүгіров. Екеуі де кейін саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болады. Үшінші рет қазақтың белгілі маңдайалды ұлы, қаламгер Мұхар Әуезовпен бас құрайды.
Фатима Ғабитова – әр жылдарда Алаштың үш бірдей арысымен отасқан абзал ана, ақынжанды адал жар. Үш арыстың ішінде оның ең мәнді де мағыналы ғұмыры Ілияспен бір шаңырақ астында тұрған жылдар екен. Оны Фатиманың күнделіктерінен анық аңғаруға болады. «Мен кітап оқып жатырмын, – деп жазған бірде Ілияс пойызда келе жатып, – күнмен де, ұйықтаған елмен де жұмысым жоқ. Өз қызығым өзімде. Өйткені оқып жатқан кітабым қызық. Кітап қандай көңілді. Мазмұны қандай күшті. Тілі қандай тәтті. Қанымды, жанымды – бәрін осы кітабым билеп алған. Бұл кітап оқысам – қуат, ойласам – ақыл береді. Ой көзімді ашады. Бұл кітап менің өмірдегі серігім... Кітабымның аты «Фатима» еді. Көзімді жұмып, соны ойлап келем. Сөздерін санаймын. Көздерін елестетем» [6;8б]. Міне, ақынның Фатимаға деген мөлдір махаббатының қаншалықты шынайы екенін осынау жазбаларынан білсек керек.
Фатима Ғабитова І.Жансүгіровтің шығармашылық мұрасын, жеке өмірін зерттеуде үлкен рөл атқарды. Ақынның өмірдегі бейнесін, жүріп өткен шығармашылық жолын толыққанды жазғымыз келсе, аяулы жары Ф.Ғабитованы айналып өту мүмкін емес. Бір-біріне жазысқан ғашықтық хаттары, сезімге толы өлеңдері екеуінің арасындағы достықты мәңгілік ұлы махаббатқа ұластырған. Ілияс үнемі шалғайда қызмет бабымен жүргенде: «Жаным, Пәтішім!» – деп басталатын сағынышқа толы хаттарды жолдап отырған. Ақын жарын: «Пәтішім, Пәтимам!» – деп еркелеткен. Оған Фатима да назға толы жауап жазып, «Ілиясым!» деп зор құрмет тұтқан.
Ф.Ғабитова Ілиястан Үміт, Ильфа есімді екі қыз көреді. Ильфа – «Ілияс» және «Фатима» деген сөздердің алғашқы буындарынан құралған есім. Бұл да екеуінің махаббаттарын айғақтай түседі. 1937 жылы ақын тұтқынға алынғанда, Фатима жүкті болатын. Көп уақыт өтпей, Болат өмірге келеді. Абақтыда жатқан Ілиясқа аузынан түсіп қалғандай сүйкімді ұлды көрсетіп, бір рет кездесудің өзі ақын жары үшін үлкен қиындық туғызады. Ақыры жүздесудің сәті түсіп, тергеушіден рұқсат алады. Бар-жоғы бес минут. Нәресте әкесін тұңғыш әрі соңғы рет көретінін сезді ме екен, бар даусымен шырқырай жылап, түрме ішін азан-қазан қылады. Бұл жайлы Ф.Ғабитованың өзі жазған естелігіне сүйенуге мәжбүрміз. Тым әсерлі, тым аянышты жазылған. Оқып көрелік:
«Ілияс біздің айқайымызды естіген болуы керек, есікті ашып жіберіп, Болатты қолына алды да:
– Біздің тарихи алғашқы кездесуіміз осындай орында болды ма? – деді. Мен киімімді шешіп, Болатты емізбек болдым. Көкірегімді ашып, сүті ағып
бара жатқан емшекті Болаттың аузына салдым... Ілияс мен отырған орындықтың артынан келіп, Болаттың шашалып, қомағайлана емген түріне қарап тұрып:
– Бұл ұлымыз етікші болсын. Етік тігуге үйрет бұл ұлды, – деді.
Тергеуші: «Өзіңіздей жазушы болар», – дегенде Ілияс: «Жазушы болып жазықсыз жаза тартқанша, етікші болып еркін өмір сүрсін!» – деді».
Осындайда Мағжанның: «Ақын болмай, арбакеш болғанда, жүз жасар едім!» – деген бір сөзі еске оралады. Жарымен және баласымен кездескен осы сәтте Ілиястың атылуына санаулы күндер қалған екен. Фатиманың да соңғы көруі.
Ақынның аяулы жары Фатима Ғабитова 1937 жылы қазақ даласын жалмап өткен сталиндік қуғын-сүргіннің көп зардабын тартты. Өмірде жақын серіктері болған Б.Сүлеев пен І.Жансүгіровтен айырылды. Темір абақты екі арысын да жазықсыз жаламен ату жазасына кеседі. Алайда Фатима сүйіп қосылған жары Ілиясты сарғайып 18 жыл күтеді. Тіпті 1938 жылы 26 ақпанда Жұмат Шанин, Бейімбет Майлиндермен қосақтап, атып тастағанынан да бейхабар еді. Сұм билік Сталин өлген соң, атылған арыстарды қудалауды тоқтатып, жаппай ақтауға көшеді. Фатиманың қолына «І.Жансүгіров 1949 жылы жүрек талмасынан қайтыс болды» деген тілдей анықтама қағаз ұсынылады. Мұның өзі жалған еді. Тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана, дәлірек айтсақ, 1992 жылы «Ату жазасынан қайтыс болды» деген анықтама беріледі.
Ақынның ұрпақтары
Қамшының сабындай қысқа ғана өмір сүрген ақынның артында әдеби мол мұрасы қалғаны рас. Алайда, «ақынның ұрпақтары бар ма?» деген сұрақтар қойылып жататыны бар. Ақынның артында ұрпақтары бар. Ұрпақтары жайлы деректерді біз Қапал ауылындағы Ф.Ғабитова атындағы мұражайдан таптық. Таптырмас құжаттар бар. Бұл – күнделік. Фатима апамыздың қолжазба күнделігінің түпнұсқасы. Осы күнделіктегі деректерді сол қалпында беріп отырмыз, сөзіміз жалаң болмас үшін.
1932 жылы Фатима Ғабитова Ілияс Жансүгіровпен бас қосады. Фатимамен бірге тұрған жылдарында Жансүгіров өнімді еңбек етіп, өзінің
сүбелі шығармаларын жазыпты. Фатиманы «әйелсің, балаң бар» деп үйде отырғызып қоймапты. Балаларына қарайласатын адам жалдап, жарын мұғалімдік қызметінен ажыратпапты. Біләлдан туылған Азатты туғанындай көріп, маңдайдан иіскеп, аялы алақанын аямапты. Фатима мен Ілияс 5 жыл бірге өмір сүріпті.
Мен айналдым көзіңнен,
Жаутаңдаған жаным-ай!
Сол көзіңнен қызулы от,
Тұрған сынды жанып-ай.
Сені көрсем көңілім тоқ,
Көрсем көзім көңілім жай.
Егер сені көрмесем –
Көңілім быт-шыт, мазам жоқ,
Бұл не болды апырмай!.. –
дейтін Ілиястың махаббат туралы өлеңдерінің барлығы Фатимаға арналыпты.
Фатима мен Ілиястың үлкен қыздарының есімі – Үміт. 1933 жылы туылған. Оның мамандығы дәрігер болыпты. «Үміттің бірінші күйеуінің аты – Ақырап Жұбанов. Олар ұзақ тұрмады, ажырасып кетті. Одан кейін режиссер Абдолла Қарсақбаевпен тұрмыс құрды. Бірақ онымен де тәту-тәтті тұрмады. Абдолла көп қыдыратын. Ал Үміт тәртіптің адамы болатын. Екеуінің Нұрлан деген жалғыз ұлы болды. 1985 жылы тауға шығып, сонда майып болып, дүниеден өтті, небәрі 25 жасында. Нұрланның соңында Дана деген қызы қалды», – дейді Ильфа апа.
Үміттен кейін 1935 жылы Ильфа Жансүгірова дүниеге келеді. Ильфа деген есім Ілияс пен Фатиманың есімдерінің бастапқы буындарынан алынған. Бұл кісі әйгілі Ораз Жандосовтың ұлы Санжармен шаңырақ көтерген. «Мен өзімнің күйеуім жайлы үш кітап құрастырдым. Екеуміздің тәрбиелеп өсірген 4 қыз, 1 ұлымыз бар. Тұңғыш қызымыз мамыр айында туылғандықтан, Майя деп атағым келген. Бірақ әкесі Ажар деп атады. Екінші қызымыз Динаны Нұрпейісованың құрметіне Дина қоямыз дегенбіз, әкесі құжатқа Динар деп жаздырыпты. Үшінші қызымызды Жанна деп атауды ұсынып едім, Санжар оны Жанар деп атапты. Мен үйден айтып жіберем,
Санжар құжатқа басқаша жаздырып әкеледі. Сөйтсем, ол қыздардың атын өзінің атына ұйқастырып қойған екен ғой. Кенже қызымызды Фатима деп атадық. Менің шешемнің де, енемнің де аты Фатима. Ұлымыздың есімі – Кенен. Мамандығы – дизайнер. Қазір жеке кәсіппен айналысады», – дейді жетпістің сегізіне келген көнекөз апамыз.
Фатима Ғабитова өз естелігінде қыздары туралы: «Үміт, Ильфа – бұл екеуін қоса қабаттап мақтамаймын да, даттамаймын да. Екеуі жеке мақтауды, дара даттауды тілейді. Өйткені, бұл екеуі біріне-бірі өмірі ұқсамайды. Үміт асқан ақылды қыз. Ата-ананың: «Қызым осындай болса екен!» – деп арман ететін қызы. Ильфа – ресам-суретші болатын қыз еді, тұсаулап жібермедім. Жәбір істедім… Сондықтан ба, Ильфам өз өміріне өзі ырза емес сияқты. Мен өзім де бұл қызға онша ырза емеспін…» – деген екен [7;31 б].
1937 жылы қараша айында Болат дүниеге келді. Ол кезде әкемізді тамыз айында тұтқынға алып кеткен. Жағдайымыз өте қиын болды. Әкеміз – «халық жауы». Шешемізді «4 балаңмен қайда барсаң, онда бар» деп пәтерінен қуып шыққан. Сол кезде біз Бейімбет Майлиндердің отбасымен бірге тұрдық. Шешем әкеме кездесуге барып келе жатқанда жолда толғатыпты. Күн суық. Сонда Майлиннің әйелі Гүлжамал шешемді көшеде үстіне пальтосын қалқалап жүріп, босандырып алыпты. Содан Болаттың қолының мүкістігі бар болып туылды. Ол Алматыдағы №39 мектепті бітірді. Қандай оқу орындарында білім алғанын жоғарыда айттым ғой. Бірақ ол кинематография саласында жұмыс істеді. Сценарий жазды, аудармалар жасады. Болаттың алғашқы әйелі орыстың Юля деген қызы болды. Жәмила деген қыздары дүниеге келгеннен кейін екеуі ажырасып кетті. 1968 жылы анамыз өмірден өткен соң Қарлығашқа үйленді. Қарлығаш – Сәкен Сейфуллиннің әйелі Гүлбаһрамның сіңлісі болып келеді. Қарлығаштан екі қызы бар.
Болат әкеміз «ұсталып» кеткен соң туылғандықтан, шешемнің фамилиясына жазылған. Құндақтағы баласын әкемізге көрсетуге алып барғанда: «Бұл ұлымыз етікші болсын, етік тігуге үйрет бұл ұлды», – депті.
Тергеушінің: «Өзіңіздей жазушы болар», – дегеніне: «Жазушы болып жазықсыз жаза тартқанша, етікші болып еркін өмір сүрсін», – депті.
Анасы Болатқа өле-өлгенінше риза болып кеткен екен. Ол турасында: «Болат – менің мақтанатын мақтанышым да, қуанатын қуанышым да. Шын мағынасында жаным сүйген, жаныма жай таптыратын ұлым!» – деген екен.
Мағжанның ұлы махаббаты
Алаш арыстарының бірі – Мағжан. Мағжан – сыршыл, Алашшыл ақын. «Қазақ өлеңінің Абайдан кейінгі алыптарының, айтулы алтын діңгектерінің бірі ғана емес, бірегейі – Мағжан Жұмабаев» – депті академик З.Қабдолов. Иә, Мағжан қазақ өлеңіне үлкен жаңалық әкелген талантты ақын. Бірақ, осы Мағжанның отбасылық жеке өмірі жайлы не білеміз? Біз, оқырман қауым, Мағжанның махаббат, сезім тақырыбына жазған өлеңдерін оқып, тамсанып, таңданамыз. Мағжан – лирик ақын. Оның көптеген лирикалық өлеңдері осы сөзіміздің дәлелі болады. Мағжан шығармаларының ішінде «... ға», «З.... ға», «Нұржәмила», «Гүлсім ханымға» деген өлеңдері бар. Осы өлеңдерге арқау болған кімдер екен? Ойландыратын мәселе екен. Алдымен, ақынның ғашық болған қыздарына, қазақ аруларына арнап жазған өлеңдерін мысалға алайық.
...ға
(Жұбайы Зылихаға арнаған өлеңі)
Жас өмірімнің көгін бұлттар басқан күн,
Қайғы-қасірет тасып, бастан асқан күн.
Жан-жағымнан жылы жүзді жан таппай,
Жақын жандар қастық уын шашқан күн.
Жауыз тағдыр созған қолды қаққан күн,
Жан-тәнімді жылан-шаян шаққан күн.
Жапан түзде қара түнде жалғыз қап,
Қан-дария боп көздің жасы аққан күн.
Сен көрдің де, келдің тура қасыма,
Сусын беріп, жастық қойдың басыма.
Маңдайымнан сипап, сүйіп жұбаттың,
«Жаным құрбан, жасыңды тый, жасыма!
Мәңгілікке, міне, қолым беремін,
Тағдыр оғын көтермекке көнемін.
Қайғыланба, атса атар алтын таң,
Жан жолдасым, өлсең бірге өлемін!»
Дедің де сен күліп, жолым бастадың,
Жауын, дауыл, оттан, судан қашпадың.
Қасиетті, сиқырлы сөз күшімен
Міне, азырақ есім жия бастадым...
З...ға
(Алғашқы жары Зейнепке арнағаны)
Жас күннен бірге ойнап, бірге өстік,
Бір жүріп, сабақты да бірге оқыстық.
Есейіп бірте-бірте ес кірген соң,
Жақындық, арамызда артты достық.
Жүрсек те жұрт көзінде жай таныстай,
Жақын бір тілдеспей-ақ, хат алыспай,
Көзге көз түскенінде қызарысып,
Бір ауыз сөз айтуға бата алыспай –
Жас болса, түнде ұйқы көрмеуші едім,
Түн бойы арып-шаршау білмеуші едім
Есікті ақырын ашып тұрғаныңда:
«Шық, жаным, берірек кел. Мен!» – деуші едім.
Кетуші ек қол ұстасып тура көлге,
Дуылдап жанған бетті ұстап желге.
«Жаным»! – деп алма беттен сүйгенімде,
Қызарып, қараушы едің төмен, жерге.
Нұржәмила
Ер бала боп еріп келдің әкеңмен,
Әкеңе де ел ырза еді әкелген.
Ұл шығар деп ойлап қалдық біріміз
Күнде көріп жүргенде осы пәтерден.
Қабылдандың медресеге ұлмын деп,
Ұлтым қазақ, Ұлытауда тудым деп.
Тайсалмастан дайындалдың дәріске,
Міне, енді сіздерменен бірмін деп.
Жас та болсаң, жанып тұрған от едің,
Екі көзің тостағандай бота едің.
Егер қыз ғып киіндіріп шығарса,
Таңдай қағар тамаша қыз – тоты едің.
Домбыра мен сырнай тартып, ән салдың.
Талантыңа тәнті болып тамсандым.
Қыз қылықты он үш жасар баланы
Өз інімдей еркелетіп қарсы алдым.
Інішегім, тыныс-едім, Бекенім,
Кетеріңді білмедім ғой қателім...
Балалардың алды болып оқып ең,
Айтқанынан шыға алмадың әкенің.
Бекен, жаным, мүлде кетіп барасың,
Жанды үзуші ед қарақат көзқарасың.
Өткірлігің отқа жанып кеткендей,
Көтере алмай тұрмын жүрек жарасын.
Әкетпе деп айтар менде тіл қайда,
Күш-қуатты қайдан табам мұндайда?
Кетеріңде келбетіңе көз салып,
Ең болмаса тартқызбадым сырнай да.
Ақылды едің, сырымды іштей сезетін,
Жастығың тек жаншып жанды езетін.
Мағи аға! – дегеніңді естісем,
Езіліп ішім, уайым ойдан безетін.
Гүлсім ханымға
Тағдыр бірге болуды жазбаса да, бар жан-тәнімен шын сүйген ғашығы, үлкен махаббаты Гүлсім ханымға арнаған өлеңі.
Бота көз, сиқырлы сөз Гүлсім ханым,
Әр жерде өткізсек те өмір таңын,
Кей уақыт көзіңізге көзім түссе,
Ойнайды аласұрып неге жаным?!
Бота көз, сиқырлы сөз ханым Гүлсім,
Көктегі Күн күлмесін, Гүлсім күлсін!
Гүлсім – Күн, көкте ақырын жүзе білед,
Сүйдіріп, күйдіргенін қайдан білсін!
Айрылғанда
(Г...ге)
Бір жыл болды сені сүйдім, уладым,
Бауырыңа алдың, неге мені қумадың?
Ессізбін мен: айрылуды ерте ойлап,
Қанды жаспен көзім неге жумадым?!
Сүйдің мені, басқа жанды көрмедің,
Жасың төктің, қадіріңді білмедім.
Мөлдіреген шын меруерт жасыңнан
Садаға боп, сорлы, неге өлмедім?!
Білдім: бүгін мені тастап кетесің,
Күміс көбік Ақ Еділден өтесің.
Бота көзім, өлтіріп кет қолыңнан!
Тірі тастап кетіп мені нетесің?!
Көріскенше қош бол енді, бер қолды...
Қалтырайсың, қолым, саған не болды?
Жазуға енді, Гүлім, халім қалмады...
Көзіме жас, жүрегіме у толды...
Міне, лирикалық өлең! Мағжан ақынның сүйген сұлуларына арналған өлеңдер.
Мағжан да, Сәкен Сейфуллин де бір қызға ғашық болыпты деген ел арасында әңгіме бар. Бұл шындыққа жанасатын әңгіме болып шықты. Профессор Т.Кәкішұлы: «1914 жылы Міржақып Дулатов Омбыда қалпындығы Меңдіжамалға үйленеді. Міржақып, Ахмет, Әлихандар жер-жерде оқып жүрген қазақ балаларының тізімін алмаса да, бақылап жүрген. Міржақыптан Мағжан орысша оқып, ұстаз тұтқандығы бар. Үйлену тойына Мағжанға қасында жүрген сенімді жігіттерді ерте кел дейді ғой. Ол тойға Міржақыптың гимназияның бесінші сыныбында оқитын 14-15 жасар Гүлшаһра деген балдызы да келеді. Сол кеште әлгі Гүлшаһраға Мағжан мен Сәкеннің де көңілі кетеді.
Мағжан пенделік өмірінде өзінің ойынан ғана емес, бойынан да талай рет «қорлық көрген», тіпті Гүлшаһраның Сәкенге ауып кетуіне «шешуші» себептің сол болуы да ғажап емес. Бірақ, Міржақыптың балдызы гимназияны бітірген соң Ахметсафа Юсупов деген азаматқа тұрмысқа шығады», –депті [8;20 б].
Мағжан отбасылық жеке өмірі жайлы жазушы Хамза Абдуллин: «1913 жылы Омбы қаласына барып, онда оқытушылар семинариясына түсіп, оны 1916 жылы алтын медальмен бітіреді. Мұғалімдер семинариясын бітірер алдында үйленеді. Айтып айтпай не керек, кейбір ұлы адамдарға тән отбасында кездесетін бақытсыздыққа қазақтың асыл ақыны да жас басынан ұшырады. Қызылжар қаласында тұратын атақты да ауқатты Шоқан Тастеміровтың Зейнеп атты сұлу қызына (Зейнептің шешесі – Шоқан Уәлихановтың інісі Жақып төренің Хадиша атты қызы) ыстық махаббатпен қосылған Мағжан үйленгеніне екі-үш жыл толмай-ақ есінен мәңгі кетпейтін қасіретті қайғыға кезекті. 1919 жылдың 10 ақпаны күні Зейнеп баладан қайтыс болады. Азамат соғысының дәуіріне байланысты атын Граждан деп қойған кішкентай нәресте екі жасқа жетпей жатып о да көз жұмды. Осы кезде Зейнеп пен Гражданға арналған талай мұң мен зарға толы өлеңдер дүниеге келді», – деген екен [9;88 б]. Міне, осы пікірден байқайтынымыз, Мағжанның қасіретті де қайғылы ғұмырының басталуы осы еді. Өйткені, Мағжан Зейнепке шынайы ғашық еді.
Мағжанның алғашқы әйелі – Зейнеп. Шоқан Уәлихановтың інісі Жақып төренің қызы Қадишадан туған. Зейнептен Мағжан Граждан атты ұл көрген. Тағдырдың жазуымен ақын үшін қымбат осы екі жан бірінің артынан бірі опат болды. Зейнебі баладан дүние салды. Артынша тұла бойы тұңғышы шетінеді. Бұл шамамен 1917–1919 жылдардың арасы. 1920 жылы Омбыдағы мұғалімдер курсы Қызылжарға ауыстырылып, курсқа басшылық ету Мағжанға тапсырылады. Әрі үйреншікті пәндері бойынша сабақ береді. Міне, осы кезде Мағжан жүрегін үлкен сезім билейді. Курста математикадан сабақ беретін Гүлсім деген әйелге ғашық болады. Бұл махаббаттың тарихы кәдуілгі құйынды елестетеді. Гүлсімнің бай күйеуі Мағжан мен әйелі арасын біліп қалып, үйін көшіріп әкеткен.
Мағжан Жұмабаевтың Ақмола өңірі Қазақстан құрамына қалуына байланысты өзі редакторы болып істейтін «Бостандық туы» газеті редакциясының Қызылжарға көшірілуі Мағжанның осы қалаға келуіне себеп болады. 1921 жылы Қызылжарға келгенде Мағжан енді қалған аз-маз ашық күндерінің, одан соңғы азап жылдарының айнымас серігін кезіктіреді. Ол
«жан жолдасымсың, өлсең бірге өлемін» деп маңдайынан сипап жұбатқан Зылихасы еді. Мағжанның Зылихаға арнаған он беске жуық өлеңі бар. Бұлар да арнайы зерттеуді қажет еді. Енді, бұл – болашақтың еншісіндегі атқарылар жұмыс.
Мағжан жары Зейнеп пен ұлы Граждан дүниеден өткеннен кейін, татар жазушысы Камаловтың қарындасы, 1914 жылы Санкт-Петербордағы қыздар институтын тәмамдаған Гүлсім ақынды өзінің ыстық махаббатымен баурап, лирикалық кейіпкеріне айналған. Бірақ, екі ғашық қосылмаған.
Біраз жылдан соң, Мағжанның әкесі Бекен Қызылжар қаласының тұрғыны, ауқатты азамат Дәули Қуанышевтің Жәмила атты қызын айттырады. Бірақ, Мағжан Жәмиламен үйлену тойына бармай, қашып кетеді.
Мағжан өмірден көп соққы жеген адам. Алдымен сүйген жары дүниеден өтті; ынтықтырған Гүлсімге қосыла алмады; ағайын-туысы айттырып, Жәмилаға қосты; 1922 жылдан бастап Қызылжарда қайтыс болған Қасен деген миллионер башқұрттың Зылиха деген егде жастағы жесірімен бас қосады. Жәмиламен бас қоспай кеткені үшін қалың ел алдында әкесі масқара болып, ұяттан «өліп», ұлына «теріс бата» берген.
Мағжанның ұлы махаббаты – Зылиқа еді.
Сәкеннің әйелдері, ақынның болмысы
Сәкен бір жағынан ақын, бір жағынан жазушы, бір жағынан домбыра тартып, ән айтатын сері болған. Сұлулығы өз алдына бөлек әңгіме. Сондықтан да оның маңайында қыздар көп жүрген. Сәкен алғашқы әйелімен айрылысып кетті. Ол жұбайының аты – Рахима. Сұлу әйел екен. Өзі тұрмысты отбасынан шыққан, көпестің қызы болыпты. Алайда, бұл екеуінің жараспауына Сәкеннің саяси көзқарасы әсер еткен. Революцияның басы-қасында жүрген Сейфуллиннен Рахима бай әкесін қорғауды талап еткен. Оған Сәкен келіспеген.
Рахимамен ажырасқан соң, 1920 жылы Орынборға барады. Жаңадан сайланған Қазақ үкіметінің құрамында қызмет етеді. Сонда жүріп Көкеш деген қызға үйленеді. Көкеш – Омбының қызы. Оның сұлулығын біреулер Сәкенге жыр ғып жеткізеді. Жолдасымен бірге Омбыға барып, Көкешті көріп, өзі де ұнатып қалады. Кейіннен Көкешті алдырған. Бірақ, Көкеш
ауылдың бұйығы қызы болады. Қаланың тәртібіне, тәрбиесіне көндіге алмайды. Олпы-солпы киінген, жаңаша киінуді білмеген. Өзі оқымаған. Сәкеннің ортасына сай болмаған. Адамдармен араласуды білмеген. Содан кейін Сәкен Көкешті еліне қайтарып жібереді. Ажырасу туралы әңгіме қозғамаған, «еліңе барып, әке-шешеңді көріп қайт» – деген. Бірақ Сәкен қыздың әке-шешесіне: «Қыздарыңызды алып қалыңыздар», – деп біреуден хат жазып жібереді. Көкеш еліне келгенде ғана алданып қалғанын білген. Көкеш өз ауылында көп тұрақтамай, Шымкентке кетіп қалған. Өле-өлгенінше сонда тұрды. Сәкенді өмір бойы тосып, ешкіммен көңіл қоспаған, тұрмысқа шықпаған. Сәкен ақталған кезде Алматыға келді. Сонда көрдік.
Табиғатынан сері болған Сәкеннің тұрақтаған әйелі – Гүлбахрам. Оның шашына ғашық болған екен. Бірақ Сәкен әйелі бола тұра, сал-серілігін қоймапты. Мысалы, алғаш колхоз ұйымдастырған уақытта Сәкен Үржарға өкіл болып барады. Сонда бір қызбен байланысқаны туралы өсек сөз тарап кетеді. Бұл Сәкен мен Гүлбахрамның ара-қатынасының шиеленісуіне әкеп соқтырады. Гүлбахрам күйеуіне ашуланып, Мәскеуге кетіп қалады. Ол кезде Сәбит Мұқанов Мәскеуде оқиды. Сәбит пен Сәкен отбасы болып араласқандықтан, Гүлбахрам Мұқановтың қолында бір айдай тұрып, қайтадан еріне қосылады. Сәкеннің бүкіл жазған-сызғандарын жинақтап, бүгінгі ұрпаққа жеткізген – сол Гүлбахрам. Сәкеннің жары болғаны үшін қуғын көрді, лагерьде болды, балалары қайтыс болды. Сонда да мойымаған әйел [10;27 б].
Сәкен бір қарағанда суықтау, ешкіммен араласа бермейтін, көп сөйлемейтін адам болып көрінген. Жастайынан көп қиындық көрсе де, өзін-өзі күткен, сыртқы сымбатын сақтаған. Онда мойынымен бұрыла салу деген болмапты. Мойынына әжім түспес үшін адамға бүкіл денесімен бұрылып қарайды екен. Жеке бастың гигиенасына қатты көңіл бөлген. Үнемі иіссу себініп жүрген. Оның кербездігі кейінгі жазушылардан Ғабит Мүсіреповте кездеседі. Шын мәнінде, Сәкен кең пейілді, қолы ашық болған адам. Жан-жағындағы қарапайым адамдарға көп көмектескен. Бұл тұрғыда ол азамат. Мысалы, Сәкеннің Орынборда 5 бөлмелі үйі болыпты. Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов Орынборда Сәкеннің үйінде жатып оқыпты. Екі жазушымен де Сәкеннің ешқандай туыстық қатынасы болмаған. Алдымен Сәбит Сәкенмен танысып, келесі жылы Ғабитті ертіп барып: «Кедейдің жақтаушысы болсаң, бізге көмектес», – дейді. Сол кезде оқу іздеп барған бірнеше қазақ баласы Сейфуллиннің үйінде жатыпты. Сабаққа кетерде бірінші оқушы балалар таңғы шәйін ішеді екен. Ол кез – жетімсіздіктің кезі. Кейде Сәкенге өз үйінде өзі ішіп-жейтін азық-түлік те қалмаған уақыты
болыпты. Үйіндегі барын ауылдан оқу іздеп келген балалардың аузына тосқан.
Ресми іс-қағаздар бойынша, Сәкен 1938 жылы 28 ақпанда Алматыда атылды деп көрсетіледі. Атқан адам «аттым» деп, «үкім орындалды» деп бірнеше комиссия мүшесі қол қойған. Акт жасалған. Бұл Сәкеннің қылмыстық ісінде бар. Алайда кейінгі жылдары Сәкен тірі кеткен деген әңгіме көп шығып жүр. «Сахалинде ме, Камчаткіде ме, Сәкенмен бірге болдым» деген шал табылған. Сол шалдың айтуы бойынша елімізден ғалымдар мен журналистерден жасақталған арнайы өкілдер барып қайтты. Бірақ ол жақта топырақты қазу мүмкін емес, мұздақ. «Сәкен осы жерде жатқан» деген қабірдің басына алып барады әлгі шал. Сөйтіп шеткі жақтағы бір моланы әрең дегенде қазыпты. Бірақ онда жатқан сүйек Сәкендікі болмай шықты. Ары қарай қазуға шамалары жетпей, елге кері қайтқан. Жақында Бейбіт Оралұлы деген композитор: «Әкем Сәкен Сейфуллинді атылды дегеннен кейін тірі көріпті», – деп айтты. Тірі қалуы әбден мүмкін. Жаны ашыған біреу өз өлімімен өлсін деп астыртын қашырып жіберген шығар. Мысалы, Мағжанды да Бауыржан Момышұлы: «Новосібірде көрдім. Жүк тасушы адамдармен бірге жүк көтеріп, жұмыс істеп жүр екен», – дейді. Басқа-басқа Бауыржанның қателесуі мүмкін емес қой. Момышұлы әскери қызметтегі адам. Ол солдаттарын пойызбен жөнелтіп, Мағжан жүрген жерге қайтып келсе, Мағжан жоқ болып шығыпты. Бірақ Баукең көзбен көргенім ақиқат дейді. Ал ресми деректерде Жұмабаев 1937 жылдың аяғында атылған деп көрсетілген.
Жүсіпбек Аймауытұлының отбасылық жағдайы
Жүсіпбек Аймауытұлы – орысша оқыған, еуропалық мәдениетті жақсы меңгерген, алғаш рет еуропалық талапқа сай қазақ романын қазақ әдебиетіне алып келген үлкен білімнің иесі. Таза жазушы. Шығармашылықты негізгі мақсаты етіп қойған. «Алашордашыларды» алғаш ұстағанда Жүсіпбек те сол сапта болған. Алғашқылардың бірі болып атылды. Сонда ол: «Өзінің жазушысын сыйламаған үкіметтен мен кешірім сұрамаймын!» – деп қасқайып басын имеген. Міне, оның тазалығын осыдан-ақ көруге болады. Қазақтың реалистік прозасы мен драматургиясын алғаш жазған – Аймауытов. Ал енді жеке өміріне үңілсек, Жүсіпбек таза ұлтшыл бола отырып, қазақ халқын шексіз сүйе тұрып, өзі орыс әйелге үйленген. Өмірінде
екі рет үйленсе, екеуінде де орыс қызын алған. Сәбит Мұқанов: «Осы сіз таза қазақы адамсыз. Орысқа қалай үйленіп жүрсіз?» – деп сұраған екен. Сәбиттің айтуынша, әйелі көріксіздеу болғанға ұқсайды. Сонда Аймауытов: «Не үшін үйленгенімді таңертең Сырдың жағасына келсең түсінесің», – дейді. Сәбит ертесінде ерте тұрып, өзеннің жағасына барады. Жүсіпбек пен әйелі серуендеп жүр екен. Сәбит сол кезде ағаштың түбінде бақылап отырыпты. «Жүсіпбектің әйелі сыртындағы халатын шешіп тастап, суға қарай беттегенде қарап тұрдым, әйелінің сыртқы сымбаты сұмдық сұлу екен», – дейді Сәбең. Екеуі әңгімелескенде Жүсіпбек: «Ол суда жүзе алады. Өзін сыйлап, сақтай біледі. Сондықтан сымбаты да әдемі. Енді осыдан соң мұндай сұрақ қоймайтын шығарсың», – деп күлген екен [10;31 б].
Алматыдағы М.Әуезов театрына барған сайын сол театрдың негізін қалаушы Дінмұхамед Әділовті еске аламын. Ерекше тағдыр иесі. Тұрсын Жұртбай ол кісінің мінезін «тез, тентек, оқиғақұмар» деп бағалайды. Шындығында, неге болса қойып кететін, ақырын аңдамай сөйлейтін адам болған деседі. Жастайынан «Алашордашылардың» шарапатын көрген. Міржақып Дулатов 11 жасында көшеден көріп қалып, бауырына тартып, оқуға түсірген. «Алаш» партиясының Ақмола облыстық комитетінің мүшесі болған. 1918 жылы «Адам баласының бақыты үшін майданға аттандым» деп, азамат соғысына қатысқан. Ағартушылықпен айналысқан. 1925–1926 жылдары тұңғыш қазақ ұлттық театрын құруға атсалысып, соның директоры болған. 1928 жылы желтоқсан айында «Кеңес өкіметіне қарсы жұмыс жүргізді» деген айыппен тұтқындалады. Үш жыл тергеуде болған Діншенің түсініктемесімен 71 адам қамауға алынған. Оның сапында Алаш зиялыларының көсемдері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, әкесіндей болған М.Дулатов, театр ашарда үздіксіз хат алысып тұрған Ж.Аймауытовтар бар. Көзсіз батырлықпен: «Менің қорқатын түгім жоқ», – деп алашордашыларға да, большевиктерге де сүйкімі кеткен Дінше ешкімді аяп қалмайды. Қызды-қыздымен кіммен не сөйлескенін, қандай хат жазысқанын түгел баяндап береді. Тергеушілер де: «дальше» деп, оны қыспаққа алып, сайрата берген. Ол сол кезде өзінің не «бүлдіріп» отырғанын сезбеген де шығар, шамасы. Бірақ тарихта «Алашордашылардың» түбіне жетуге сеп болған мәлімдеме осы Діншеден басталған. Осындай деректерге көз жүгірткенде Діншені жазғырғың-ақ келеді. Алайда, ол өзінің аңдамай сөйлейтін әдетімен тарихта осылай сүйкімсіз болып қаламын деп ойламаса керек.
Діншенің бір аты – «Дала қашқыны». Ол Бетпақдаланың оңтүстігіндегі тұрғындарды Түркістан республикасына қосу үшін Шу өзенін жағалап туған ауылына барады. Тура сол кезде Ақмола мен Қарқаралы уездеріндегі жер межелеу комиссиясының төрағасы болып Әубәкіров деген Сарысуға келеді. Әубәкіровті халық Қара ноғай атап кеткен екен заманында. Ол сол ауылдың жас қыз-келіншектерін жиып алып, зорлық көрсетіпті, ерлерін қамап, қинапты. Мұндай бейбастықты естіп, намыстанған Дінше мен ағасы арнайы жасақпен Қараноғайды тұзаққа түсіреді. Өзінше сот құрып, Әубәкіровті атып, денесін мұздың ортасын ойып, батырып жібереді. Ол бейкүнә қарындастың, әлсіз әйелдің кегін осылай қайырады. Діншенің қуғынға түсуі осыдан басталады. Яғни, ол «ағасы екеуі бірігіп, аса ауыр қылмыс жасады, милиция бастығын өлтірді, Кеңес өкіметіне қарсылығын көрсетті» деген айыппен іздестіріліп, тергеуге алынады. Бұл айыптау бүкіл «Алашордашылардың» атын дабырайтып, бәрін бір іске көгендейтіндей қылмыс болып саналады. Әу бастан-ақ қыздың ары жігіттің намысы болған. Дінше сол қарындастың кегі үшін «жау» саналып, атылды емес пе?! Дәл бүгінгі аға қарындастың ары үшін қандай құрбандыққа барар екен…[10;31 б].
Жүсіпбектің тағдыры осылай болған еді.
Мұхтар Әуезовтің отбасылық жеке өмірі
Қазақтың заңғар жазушысы, Алаш қайраткері, НКВД-ның тирынан аман-есен қалған санаулы азаматтың біреуі болған, қалың қазақтың атын әлемге танытқан, ұлы Абайды әлемдік деңгейге көтерген Мұхаң, Мұхтар Әуезовтің отбасылық ғұмыры кімді болса да елең еткізбей қоймайды. Мұқаң, шынтуайтқа келсек, танымал жазушы болғанымен өмірде отбасылық ғұмырынан бақыт сезінбей өткен адам. Иә, ол жеке өмірінде бақытсыз адам болған.
Мұхтар Омарханұлы заңды некедегі үш жары болыпты. Олар – Райхан, Кәмила және Валентина. Бозбала Мұхтар ауылдағы ойын-сауық кештерінің бірінде Кәкен байдың қызы Райханға ес-түссіз ғашық болып, атасы Әуездің арқасында Райханмен бас қосып шаңырақ көтерген. Бірақ, көп ұзамай болашақ ұлы жазушы ұлы сапарға бел буып, білім-ілім жолымен Семейге кетеді.
Семейде жүргенінде жазушының көңілі бұзылып, басқа қызға ауған екен. Педучилищенің бітіру кешінде Өскенбаева Кәмиламен танысады. Кәмила – Абайдың немересі, Мағауияның қызы. Оқыған кербез қызға қолқа
салу үшін Ділдәға жалынып-жалпайып, араға ағайын-туыстарды араластырып, тоғыз дүре сыбағасын алып, әйтеуір не керек, арманы Кәмилаға қол жеткізіп, отау тігеді. Екеуі қол ұстасып Ленинградқа барады. Ленинград – бүгінгі Петербор қаласы, бұл қаланың табиғаты өзі түсініксіз, аспанында бұлыңғыр бұлт қарайып тұрады, анда-санда жылауық аспаны көз жасын сығымдап алады. Бұл ауа-райы талдырмаш сұлу Кәмиланың денсаулығына жаға қоймағандықтан Мұхтар оны елге жіберген болатын. Жазушы «бойдақтығын» пайдаланып, жастықтың желігімен көп жүреді. Сол уақыттарда Кәмила жарының Ленинградтан келмегеніне ашуланып, ішқұсадан аза тұтып, ашығып дүние салады. Ауылдағы асылынан айырылған соң, Мұхаң күнәсінен арылу үшін «Абай жолы» романында қазақ қыздарының өзгеше қасиетін көрсету арқылы кешірім сұраған болады. Бірақ, ол Кәмилаға жасаған қиянатын өмір бойы ұмыта алмай, өзін-өзі кінәлап өткен-ді.
Кәмиланың қазасынан кейін көңілі құлазып, торығып жүрген Мұхтар Валентинамен танысады. Ақыры Валямен бас қосады. Екеуінің некесі заңды әрі ғұмырлы болғанымен жазушы серілігінен, сері көңілдің сергелдеңінен айыға алмаған.
Жазушының әйелдері жайында сөз болғанда көп әйел алуымен қатар замандастарының әйелдерімен көңіл жарастырғаны да айтылады. Әсіресе, Ілияс Жансүгіровтің жесірі Фатима Ғабитова екеуінің арасында ыстық махаббат лебі болған. Осы махаббаттың куәсінде болып өмірге ғалым, қоғам қайраткері Мұрат Әуезов келді.
Әуезовтің жүрегіне махаббат дәнегін сепкен тағы басқа арулар да болған. Олар: Аққал, Ғайни, Рәзия, Гүлбан, Мәспен, Күлән, Оразкен, Ольга, Надя және басқалар. Мұхаңның махаббат хикаясы, оның сезіміне бөленген сұлуларының хикаясы Ә.Марғұлан, Д.Байқадамова сияқты көзкөргендерінің естелігінде кездеседі.
Ұлы жазушы Б.Момышұлына жазған хатында: «Мен махаббат гроссмейстрімін!» деген екен. Міне, ұлы жазушының жеке отбасылық өмірі осындай болған екен...
Қазақ әйелдерінің тағдыр-талайы
Қазақтың әйелдері не көрмеді десеңші! Тағдырдың жазуымен «халық жауының әйелдері» деген кесапат айдар танылып, айдалды, еңбекпен түзету лагерлеріне жабылды, тұтқындалды. Зиялылар отбасылары талқандалды. Айрандай ұйыған отбасының берекесі қашып, құты шашырады. Ері – атылды, отанасы – түрмеге жабылды, балалары – жетімдер үйлеріне жіберілді. 1937–1938 жылдың сойқаны мықты болды. КарЛАГ, АЛЖИР секілді лагерлердің құпиялары әлі де айтылмай келеді. Біз осы ғылыми зерттеу жұмысын жазу барысында В.Мустиновтың «Служение народа» (Алматы, 1984 жыл), «Страницы трагических судеб» (Алматы, 2002 жыл), «КарЛАГ» (Қарағанды, 2012 жыл), Т.Жұртбай «Ұраным – Алаш» (Алматы, 2009 жыл) секілді кітаптарды дереккөзі ретінде пайдаланып, басшылыққа алдық.
Енді кезекте Қазақстан территориясында орналасқан «Алжир», «КарЛАГ», «ГУЛАГ» жүйесіне бағынған тағы басқа да түрмелерді барып, арнайы өз көзімізбен зерттеп, мемлекеттік мұрағаттардағы тарихи құжаттарды ақтарып, соларды ғылыми айналымға енгізу міндет болмақ.
Мағжанның Зылиқасы күйеуіне жағылған күйені кетіру үшін жан тыныштығын ұмытқан жан еді. Күйеуінің қолжазбалары мен құнды қағаздарын жинастырып сақтады, біздің дәуірімізге жеткізді. Сәкеннің әйелі үш мәрте темір торға жабылса, Ілиястың әйелі Алматы мен Мәскеуде тұру құқығынан айырылды. Бұл тек бергісі. Әлі айтылмай келе жатқан қаншама дерек бар. Қаншама шындық жерге көмілді. Солақай саясаттың зардабынан тарих бұрмаланды. Небір жаны жайсаң тұлғалардың өмір жолы кері жазылды. Ақиқат көшінен адасты. Теріс жазудың арқасында теріс ойлы ұрпақ өсті. Бұл да – 37 мен 38-дің зардабы.
Қазақ әйелдері тағдырлары қыл үстінде тұрса да мойымады, жасымады. Баз кешсе де ұрпақтарын өсірді. Келешекке үмітпен қарады. Сол үлбіреген үміттері азаттықтың ақ таңы атқанда орындалды. Бірақ, қазақ әйелдері жайлы мәселе көп мәселенің бірі болып қалып барады. Күн түспейтін көлеңкенің бетін ашудың кезі жетті. Тәуелсіздікте жеткен жетістіктерді пайдалана отырып, жаңаша көзқараспен жаңаша тарихты жазу қолға алынып келеді. Солардың бірі әйел мәселесі болуы керек. Бұл мәселені әзірше жылы жауып қойды.
АЛЖИР (Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері) – Сталиндік тоталитарлық жүйе кезінде «халық жаулары» саналып, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, шаруашылық, партия-кеңес басшыларының әйелдері мен қыздары жазықсыз жазасын өтеген лагер. С.Сейфуллиннің әйелі Гүлбаһрам, Б.Майлиннің әйелі Күнжамал, Т.Рысқұловтың әйелі Әзиза, С.Қожановтың әйелі Күләндам, С.Меңдешевтің әйелі Рәзия, Т.Жүргеновтің әйелі Дәмеш, Н.Нұрмақовтың әйелі Зүппұн, С.Аспендияровтың әйелі Рабиға, Майнұр Сарымолдаева, Мәриям Тоғжанова, Әйіш Құлымбетова, Бибіжамал Сырғабекова, Жанбике Шанина, Айша Қабылова, Уәзипа Күленова, Мағрипа Рүстемова, Әсма Шоманова, Зағипа Тінәлина, Баршын Қәлменова, Мәдина Оразова, Мәрияш Есенгелдина т.б. көптеген қазақ азаматтарының әйелдері, аяулы аналары «жазасын» өтеді. Лагерге анасымен бірге түскен сәбилер 2-3 жасқа жеткен соң аналарынан айырылып алынып, балалар үйінің тәрбиесіне берілді. 1950–1957 жылдары бұл зардап тағы қайталанды. Тек 1980 жылдары ғана саяси жүйе өзгеріп, жағдай оңалды.
«Мен қазақ қыздарына қайран қалам!» деген бар емес пе?! Сол ән біздің аталмыш тармақшамыздың негізгі идеясын айқындап, айшықтап түсері хақ! Бұл – ерлік! Қазақ әйелдері нағыз ерлік жасады. Тағдыр таразысы әділ бағасын көп жылдан соң әрең берді.
Сөз соңы
Біз осы жұмысымызда қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымында зерттеуді қажет ететін, ақтаңдақ беттің қыр-сырына үңіліп, тот басқан, күн түспейтін көлеңкеде жатқан, шаң басып, мұрағат сөрелерінде қаз-қатар тізіліп тұрған тарихи деректер мен құжаттарды жарыққа шығарып, ғылыми айналымға енгізуді көздедік. Зерттеу нысанамыз – Алаш қайраткерлерінің отбасылық жеке өмірі. Алаш зиялыларының отбасылық жеке өмірі – ғибратты, тағылымды.
ХХ ғасыр басындағы қазақ азаматтары мен қыздары шеттерінен оқыған еді. Олар өз замандастарының қаймағы, нағыз қазақ интеллигенциясы болды. Олар қазақтың бағы еді. Амал нешік, олар жасындай жалындап өте шықты! Олардың әрбір қырын, сан салалы соқтықпалы, соқпақты өмір жолдарын зерттеу – бізге артылған аманат жүгі. Егер нақты тарихи бағасын бере алмасақ, бабалар рухы бізді кешіре алмас. Текті бабалардың ұрпағы әсте осал болуға қақысы жоқ! Сондықтан біз осындай мойнымыздағы аманатты сезініп, тылсымға толы тағдыр иелерінің жеке әлеміне үңілуді хош көріп,
зерделедік. Зерттеу нәтижесі жаман емес. Бірсыпыра мәліметтерге қанық болдық. Әлі де зерттеу жалғасары анық.
Қайран, боздақтарым-ай! Солақай саясаттың құрбаны болып, жер жастанған ақиықтарым-ай! Қарағай басын шортан шалған заманда, қаратүнек кезеңде қара тізімге еніп, туған халқына, шетсіз, шексіз сүйген өз еліне оларды «халық жауы» қылып көрсеткен, тағдырларымен ойнаған қаны бұзық, қаны қара қанға жерік Сталин мен Голощекин, Мирзояндар қан қақсатты емес пе!
Тұтас буынның төл басы – Ахмет, сыршыл, романтик ақын – Мағжан, жыр құлагері – Ілияс, жыр сұңқары – Сәкен, «қазақтың Джек Лондоны» атанған – Жүсіпбектің те өмірлері балдай тәтті болмады. Бірақ, бұлардың еңбектерін бізге жеткізген, мұраларын қызғыштай қорғаған әйелдері еді. Әйелдері мұрагерлері болды.
Сөзімізді қорытындылайтын болсақ, Алаш арыстарының әйелдері – сенімді серіктері. Бір сөзбен айтқанда, «музасы» деу орынды. Бұл әйелдер – ұлттың ұстыны, ұйытқысы. Бұлар – бүгінгі жеткіншек қыздарға үлгі. Нағыз қазақ қызы, қазақ әйелі осындай болу керек-ті. Олар Алаш арыстарының жан жолдастары һәм мұңдастары, әдеби кеңесшілері бола білді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.Республикалық «Жұлдыздар отбасы» («Аңыз адам» ) журналы, №20 (32) қазан, 2011 жыл, 52 б. // Ахаңның ұрпақтары Мәскеуде тұрады.
2.Аққұлы С. Әлихан Бөкейхан Қазақ жерінің жоқшысы. І т. – Шымкент: Азиат, 2016 ж. – 652 б.
3.«Ұлт болмысы» республикалық әдеби-мәдени журнал №9 (11) 2012 жыл, 21 б.
4. Республикалық «Жұлдыздар отбасы» («Аңыз адам» ) журналы, №11, желтоқсан, 2011 жыл, 52 б. // Ахмет ата маңдайымнан сипағанда әкелік мейірімді сездім.
5.Байсалова Ш. Алдымда асқар тау боп сен тұрасың // Ана тілі, 1993 жыл, 28 қаңтар.
6.Тұңғатар Қ. Ілияс Жансүгірұлы. Құлагер ақын – ғибратты ғұмыр // Жетісу, №17761, 1 қаңтар 2013 жыл, 8 б.
7.Ғабитова Ф. Өртеңде өнген гүл. – Алматы, 1998 жыл, 143 б.
8.«Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам» республикалық жастар журналы, №1(37) 2012 жыл, 52 б. // Мағжанның ақындығы Сәкендікінен жоғары
9.Мағжан әлемі. Әдеби зерттеу. Құраст.: Сүлейменов Ж. Алматы: Асыл кітап, 2009. – 496 б.
10.«Ақ желкен» республикалық жасөспірімдер журналы, №7 (20478), 2013 жыл, 29-31 бет
Елдос ТОҚТАРБАЙ, әдебиеттанушы,
«Ақ жол» ҚДП идеологиялық жұмыстар бөлімінің сарапшысы