Әлихан Бөкейхан еңбектеріндегі мемлекет құрудың негізгі жолдары
2016 ж. 18 қазан
5174
0
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының ұйымдастыруымен жыл сайынғы дәстүрлі түрде өткізілетін «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық Байқауы биылғы жылы қоғам және мемлекет қайраткері, Алаш қозғалысының негізін қалаушы және жетекшісі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына арналғаны бәріңізге белгілі. Алаш рухын ардақтаған осынау ауқымды шара жеңімпаздарының ғылыми еңбектерін «Қазақ үні» газеті тұрақты түрде жариялап келеді. Биылғы жылы да сол игі дәстүрмен «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық Байқауында «Әлихан Бөкейханның мемлекет құрылысына және демократиялық құндылықтарға көзқарастары, олардың қазіргі заманғы Қазақстан үшін өзектілігі» номинациясы бойынша «Ә. Бөкейхан еңбектеріндегі мемлекет құрудың негізгі жолдары» тақырыбында тың деректер ұсына білген Байқаудың Бас жүлде иегері Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушысы Гүлмира Уәлиеваның еңбегін ел назарына ұсынғанды жөн санадық.
Жер-қазақ халқы үшін ата-бабадан мұра боп қалған ең асыл қазына. Халқымыз ежелден-ақ өз жерін қасық қаны қалғанша қорғап, көзінің қарашығындай сақтады. Сонау ежелгі ғұндар патшасы Мөде өз елінің бейбіт өмірін сақтап қалу мақсатында көз алартқан көршісінен арғымақ тұлпарын да, сүйген жарын да аямаған. Ал мәселе жерге келіп тірелгенде, қолына найза алып, атқа қонды. Атамекеніміз жеріміз үшін қазақ хандығы тұсындағы хандар күресі, жоңғарлармен болған соғыс, отаршылық кезеңіндегі ұлт-азаттық көтерілістер, кешегі Алаш зиялыларының ерліктері мен еткен ерен еңбектері біздің жадымыздан ешқашан өшпеуі тиіс.
ХХ ғасыр басында қазақ халқының алдында мынадай мақсат тұрды: орыс боданы болып мүлде жоғалып кетпеу және өзінің ұлттық мемлекетін құру. Осы орайда Ә.Бөкейхан бастаған қазақ зиялылары ұлттық мемлекет құрудың бірнеше жолын ұсынды. Оның ішінде ең басты ұстанымдарының бірі жер еді. Себебі мемлекет дегеніміз – жер, екеуі егіз ұғым. Әлихан Бөкейхан: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді» және жердің астындағы, үстіндегі байлық – қазақ мемлекетінікі. Ә.Бөкейханның айтуынша: «Оның әрбір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек».
Біздің жұмысымыздың мақсаты – Ә. Бөкейханның ұлт болып, ұлттық мемлекет болып сақталып қалу үшін ең маңызды жер мәселесі туралы жазылған еңбектеріне талдау жасау, оның бүгінгі күнмен сабақтас екенін көрсету.
Мақсатқа жету үшін Ә. Бөкейханның мынадай еңбектеріне талдау жасалды: «Үшінші Дума һәм қазақ», «Төртінші Дума һәм қазақ», «Сайлау», «Ашық хат», «Жауап хат», «Айналма», «Ескі жол», «Жер комитеті», «Торғай облысының мұжық-қазағының съезі», «Қазақ халқына», «Жалпы Сібір съезі» және т.б.
Ә.Бөкейхан сонау Қарқаралы петициясынан бастап, Уақытша үкіметтің Торғай облыстық комиссары қызметінде жүргенде де, ол үшін жер мәселесі ең басты мәселе болып қала берді. Ең алғашқы саяси-демократиялық саяси күрес жолына түскен Әлихан бастаған қазақ зиялылары Қарқаралы петициясында жер мәселесін көтерді. Петицияда жер мәселесі былай берілген: «15) Ертіс бойындағы жерлер ерте заманнан қырғыздардың ата қоныстары болып есептелген, кейіннен әскерлердің пайдасына берілді. Сондай-ақ басқа мәртебелінің кеңсесіне қарасты қырғыздардың пайдалануына берілген жерлер сол қырғыздарға ата қонысы ретінде мәңгілікке берілсін. 16) Қырғыздардың қыстаулары және жаз жайлаулары бұрынғы салт бойынша олардың меншігінде қалуы тиісті. 17) Қырғыздың таулы даласында ашылған қазба байлықтары олардың өз меншігі болуы, ол жерде салынатын заводтар қырғыздардың өзінікі болып есептеледі. Егер де олар өздері оны өндіруден бас тартса, сонда ғана басқа адамдарға жалға беруге болады. Бірақ олар әр десятинасына жалдау ақысын төлеулері тиіс» [1] .
Қарқаралы петициясынан кейін орыс Мемлекеттік Думасындағы ең алғашқы көтерілген мәселенің өзі Ресейге байланысты жер мәселесі болды. Бірінші және Екінші мемлекеттік Дума жұмысының күн тәртібінде сол кез үшін аса өзекті, өткір болып саналған жер мәселесін көтерді. Олар қазақ халқының өз жеріне толық ие болып, оны пайдалану және билеу құқығына жетуді көкседі. Қазақ зиялылары Ресейдің қол астындағы жер-судың бей-берекет таланып, бөлшектеніп жатуының өзі елдің берекесін қашырып, дағдарысқа тipeп, құрдымға кетіретіндігін түсінді.
ХХ ғасырдың басында қазақтың жер мәселесі өте күрделі болды. Қазаққа қатысуға хұқық берiлмеген 1906 жылдан кейiн шақырылған Мемлекеттiк Думаларда мұсылман депутаттар қазақ халқына тiлектес Дзюбинский, Мақсұтов, Жағыпаров, Волков, Виноградов, Скалозубов, Шишкин т.б. сынды депутаттар алаш жұртының жер мәселесін көтердi.
Омарбеков Т., Омарбеков Ш. «Қазақстан тарихына және тарихнамасына ұлттық көзқарас» еңбегінде Забайкал дептутаты Волковтың сөзі былай берілген: «... Қазақтың жерден қысылған белгісі міне: қазақ өзі бөтен жаққа переселен болып көше бастады. Әуелі тұрған жұрт бурят һәм қазақты орнықтырып, қалған жерді переселенге беретін жөн еді, тұрғын жұртты орнықтыратын закон жобасын әлі үкімет думаға кіргізген жоқ... Степной крайдан (Ақмола һәм Семей облысы) жүз участка кесіп отыр, қайсысы бес мың десятина, ойы бұл жерге бай орысқа көп жылға аренда (жалдауға) бермек, аяғында сол жерге байды ие қылмақ» [2; 246 б.]. Басқа ұлт өкілдерінің ХХ ғасыр басындағы жер мәселесі туралы айтқан сөздерінің де тарихи сабақ алатын жері бар сияқты.
Әлихан Бөкейхан «Үшінші Дума һәм қазақ» мақаласында: «...Дзубинский: «Тым болмаса қазақтың қазған арығы, салулы жоңышқасы, алма, мейіз салған бақшасы бұл закон бойынша қазына пайдасына алынбасын» деді» [3; 405 б.]. ХХ ғасыр басында басқа ұлт өкілдерінің депутаттары қазақтың жері туралы мәселені көтерді.
Ә. Бөкейхан «Төртінші Дума һәм қазақта» Баку депутаты Жағыпаровтың қазақтар мүдделерін қалай қорғағанына тоқталды: «1908 жылдағы граф Пален Түркістандағы істерді тексергенде жазған еді: «Қазаққа артық жер деп қалдырған тастақ, тақыр, ащы, сортаң жер, осы зорлыққа көніп, мінез шығармай тыныш отырғаны қазақтың дүнияда жоқ момындығы деп, ... Осы зорлықты көріп отырған жұрт үкіметті не деп білмек...»» [2; 247 б.].
Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Н.Л. Скалозубовтың сөзі Ә.Бөкейханның «Қазақ» газеті бетінде жарық көрген «Н.Л. Скалозубов» еңбегінде былай беріледі: «Үшінші думада қазақ жері үшін қазақтың өз депутатындай қызмет атқарды. Бюджет мәжілісі болғанда қазақты қорғап, сөйлемей қалмайтын. «...Қазақ 15-тен жер алғанмен аз уақытта егінші бола ала ма? Мал шаруасы егін шаруасына қанша уақытта аяңдап айналмақшы. Қазақ жерінде мұжық та мал бағуға құл. Жердің түріне қараған Сібір мұжығы да малды көп ұстайды. Жұрт шаруасын саясат ісіне көгендеп, жәбір қылып отырсыңдар» дейтін» [4; 281 б.]
Орыс шаруаларын шеткі аймақтарға, соның ішінде қазақ жеріне қоныстандыру арқылы отарлау принципін жүзеге асыруға патша үкіметі ерекше маңыз берді. Осыған орай қазақ жерлерін арнайы зерттеу үшін экспедициялар жіберді. Соның бірі 1896-1903 жж. Далалық өлкені зерттеу үшін жасақталған Ф.А.Щербина бастаған экспедиция. Экспедиция жұмысына белсене араласқан Ә.Бөкейхан Семей облысына қарасты Павлодар, Семей, Қарқаралы ояздары мен Ақмола облысының Омбы оязында жүргізілген зерттеулерге қатынасып, алуан түрлі деректер мен мәліметтерді жинады [5]. Экспедиция қорытындыларына сүйене отырып, қазақ даласының жер-суы, климаты, қазақ халқының шаруашылық ерекшеліктері, отырықшылыққа негізделген мал шаруашылығын дамыту, қоныстандыру саясатын талдай келе қазақ жерін отарламақ болған орыс отарлаушыларына «қазақтың жерінде бос жатқан ұлтарақтай жер жоқтығын» ғылыми негізде дәлелдеді.
Қазақтың жер мәселесі туралы терең, дәлелді, ғылыми мақалалар «Айқап» журналында және «Қазақ» газеті беттерінде жарық көрді.
«Қазақ» газетін шығарушылар жер мәселесіне айрықша көңіл аударып, оған бірінші мәселе ретінде қарады. Бірақ, соған қарамастан, басылым басқармасы оған қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салуға асықпайды. Бұл жөнінде тек газеттің 10 нөмірінен бастап, яғни газет басылып шыққаннан соң, 2 ай өткеннен кейін алғаш рет толыққанды сөз етеді. Оның себебі жөнінде сол нөмірінде жарық көрген «Жер мәселесі» атты бас мақалада мынадай түсінік беріледі: «Біз бұл туралы бұрын жазған жоқ едік. Жазбағанда ұмытып кеткендіктен яки керексіз деп білгендіктен емес. Әркім жер деген сөзді жеңіл түсініп жүрген секілді. Бұл – терең ойлап, тексере қарайтын іс. Біздің мақсатымыз жер хақындағы ойымызды бастан-аяқ түгел баяндап жазбақ һәм жазылған сөзді бекітетін толымды дәлелдер келтірмек. Біздің жер хақында жазуға асықпай жатқанымыз да сол».
Патша заманы кезіндегі қазақ жерін тартып алу мәселесі «Қазақ» газеті бетінде көтерілді: «Қазақ халқы азып-тозып барады: жердің жақсысын мұжық алды; жаманы да қазақ пайдасына қалмайды. Үкімет мұжықтан қалған жерді сатайын деп жатыр. Кешікпей бұл законы да шықса керек. Аз да болса 15 десятинадан жер алып жатқан бауырларымның не боларына көзім жетпейді, жаным ашиды...» [2; 245 б.]. Шұрайлы жер-судың жырымдалып келімсектердің қолына өтіп жатқанын нақты мысалдармен дәлелдеп, оның басты себептерін талдайды.
Жер мәселесіне келгенде Әлихан Бөкейхан ең шұрайлы жерлерге ие болып қалған орыс мұжығымен қазақ көшпелі шаруасын теңестіріп, 15 десятинадан үлес беру туралы әділетсіз заң шығарып отырған патша өкіметімен де, Дума мүшелерімен де келіспейді. Шөл, тақыр, қуаңнан тиетін үлеске не егін шықпайды, не мал бағып болмайды, мұның ақыры башқұрт ағайындарға ұқсап, жерді сатып, не жалға беріп, ақыр соңында далада қаңғырып қалу екенін «Ашық хат» («Қазақ» газеті, 1913, № 24), «Кабинет жеріндегі қазақтар» («Қазақ» газеті, 1913, № 10), «Жауап хат» («Қазақ» газеті, 1913, № 28, 29, 36), «Екі жол» («Қазақ» газеті, № 100, 101) сияқты мақалаларында дәлелдеп береді. Қазақ жерінің тарылғанын, ендігі өмір таласы ақылда, ұсталықта, өнерде, кәсіпте екенін нұсқайды. Тамақ, ұйқы, жалқаулықты күйттеген елін еңбекке, бірлікке, тіршілік жарысына бел буып, білек сыбанып кірісу жолдарын нұсқайды.
ХХ ғасыр басында Столыпин заңдарынан кейін Қазақ жеріне Ресейдің ішкі аудандарынан жерсіз шаруалардың ағылуы жер мәселесін асқындырып жіберген болатын.
1909 жылы 9-маусымдағы Министрлер Советі бекіткен Ақмола, Семей, Торғай және Орал болыстарындағы мемлекеттік жер қорын анықтау туралы нұсқау және Түркістан өлкесін басқару туралы ереженің 270-статьясына қосымша заң қазақ шаруаларына ауыр тиді. Сол кездің өзінде Ресей империясы жерді реттеу туралы заңдар, нұсқаулар қабылдай бастады. Олар қазаққа тиімсіз болса да нақты мемлекеттік стратегияны қойды.
Ә.Бөкейхан «Ашық хат» («Қазақ», 1913, № 24) мақаласында: «9-июньде 1909 жылы министр советіне мақұлдатып, қазақ он десятинадан жер аламын десе, надел мұжықша берілсін деп жол шығарды» дей келе, осы нұсқаудың 6, 7, 9, 10, 11, 20 баптарын жан-жақты талдайды. Бұл құжаттың заң емес, нұсқау екенін, осыны негізге алған патша чиновниктерінің жергілікті қазақ халқын өз жерінен ығыстыруы заңсыз екенін ашық жазды. Оған мысал келтірейік: «Қазаққа көшпелі шаруасы тойғандай жер берілсін; бұл қазақ сыбағасына тиген жерде таза болсын: ащы, құм, сор болмасын деген (6-шы бап). Қазаққа көшпелі деп жер бергенде, нормамен есеп қылған жер бағып отырған малға, қылып отырған мал шаруасына аз болатын болса, нормамен берген жерге бай қазақ пайдасына жер қалдырады деген (7-ші бап): Осы 7-ші бап арқылы қазақ нормадан артық жер алды деп естілмейді. Бұл бап жазылып бос жадағай-жайдақ қалған бір жақсы сөз сияқты көрінеді». Әрі қарай: «...Біз думасы бар, советі бар, ғаділ патшасы бар мемлекет панасында емеспіз бе? Законнен тысқары қалған іс-жұмыс жүрмейтін жөні бар емес пе? Қазақ жері туралы шыққан закон, закон емесін шимайладым, оқы да ақылын өзің тап, қазақ!» [4; 139-141 бб.] дей келе, отаршыл аппараттың зорлығы мен айласын сынап, сол арқылы халықтың көзін ашуға тырысты.
Шын мәнісінде бұл екі құжат бекітілісімен переселен мекемелері қазақ жерлерін кең көлемде қарамағына алу мақсатында қазақ шаруаларына да орыс қоныстанушылары сияқты 15 десятина жер үлесін алып, отырықшылыққа көшу науқанын ашқан болатын.
«Жауап хат» («Қазақ», 1913, № 28) мақаласында Алаш қайраткері жердің ыңғайына қарай шаруашылық жүргізу, Швейцария, Австарлия елдерінің шаруашылық жүргізудегі тәжірибелерін саралайды: «Қала бола отырып мал шаруасын атқаруға болады. ...Қазақ жері мал кіндігі, бұрын мұнда қандай жұрт жүрсе мал баққан. ... «Соқырмен оттас болсаң, көзіңді қысып жүр» деген, адам баласының ғұмыр үшін қылған шаруасы жерге һәм жердің һәуасына байлаулы». Көшпелі мал шаруашылығының заңдылықтары мен Қазақ даласының табиғи-географиялық ерекшеліктерін ескеру қажеттігін, егіншілікке өтудің жеңіл емес екендігіне жан-жақты талдау жасап, ғылыми негізді, дәлелді пікір білдірі.
8-15 қазан аралығында Том қаласында өткен Сібір автономистерінің съезіне қатынасқан Ә.Бөкейхан бастаған қазақ делегациясы өздерінің жерге байланысты бағдарламасын мейлінше дәл және толығырақ мәлімдейді. Ал ол бағдарламаның негізгі тұжырымдары «Алаш» партиясының бағдарламасына енеді. Ә.Бөкейхан «Қазақ» газетіне жазған «Жалпы Сібір съезі туралы» мақаласында осы жер мәселесіне тағы да тоқталады. Съезде ол кадет партиясы кұрамынан шығуының басты себебі есебінде жер мәселесін келтіріп, «Кадет» партиясы жер адамға меншікті болып берілсе де жөн дейді. Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса, башқұртша көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып жалаңаш шыға келеді» [4; 268 б.] деп түсіндіріп, қазақтарда мүліктенген жердің болмауын, жердің ауылға, болысқа берілуін жақтады. Ә.Бөкейханның осы мақаласында айтылған тұжырымын қазіргі талқыланып жатқан Жер Кодексінде ескеру қажет деп ойлаймыз.
Бұл жерде оның негізгі ойларын былайша бөліп айтуға болады: «Үлкен переселен мекемесі қазақ жерін 240 миллион деп есептеп шығарды. Бұл есептен қазақтың адам басына 44 десятина жер келеді. Бір үйде 5 адам десек, үй басына 220 десятина жер келеді. ...Ақтөбеде, Көкшетауда, Өскеменде, Алматыда үй басы 220 десятина түгіл, мұның оннан бірі жоқ қазақ аз емес. ...Біздің жерге енді мұжық уақытша, өзіміз жер еншімізді алып орныққанша келмесін. Адамға, үйге тиетін жер сыбаға шаруаға жердің топырағына, жергілікті табиғатына байлаулы болсын. Қай облыста, қай жерде жер сыбағасын-норманы-жергілікті жер комитеті кессін» [4; 264-265 бб.]. Ә.Бөкейханның осы тұжырымын бүгінгі күнмен байланыстырсақ қазақ халқы шаруашылық түріне байланысты жерге ие болу керек, содан кейін ғана халық игере алмаған жерлерді Еуропаның ауылшаруашылығы дамыған алдыңғы қатарлы елдеріне жалға беруге болады деген ойдың төңірегінде пікір таластыруға болады.
«...Қазаққа жер сыбағасы өздерінің тілегіне сай ауылға, ұлысқа, руға деп бөлінсін. Жерді бірігіп алған ру, ауыл, болыс өз ішінде тәртіп жасап, әділдікпен пайдалансын. Жер сыбағасы тұрған жерден берілсін. ...Ертіс бойындағы «он шақырымдағы (десятиверстная)» қазақ Ертістен жер алсын. ... Құдай сақтап, біздің қазақ бұл күнге келді. Енді жер жұрт қазынасы болғаны өз пайдасы. Біз осы себептермен біздің республикада жер сатылатын болмасын дедік» [4; 264-265 бб.]. Ә.Бөкейхан отырықшы норманың отаршыл мазмұнын ашып көрсетіп, аңқау елді алдап, қақпанына түсіруді көздеген саясаттың сырын түсіндіруге күш салды.
«Қазақ» газетінде жарияланған «Үшінші Дума һәм қазақ» мақаласында да Ә.Бөкейхан қазақ жерлерін заңдық негізде тартып алу мәселесіне тоқталып, былай дейді: «...Жетісу, Семей, Ақмола, Торғай һәм Орал облысына қараған қазақтарға закон болып «25 март 1891 жылғы Степное положение шықты. ...Түркістандағы Самарқан, Ферғана, Сырдария облысының қазақтарына шығарған закон: «21 июнь 1886 жылғы Туркестанский крайды билеу хақындағы шыққан положение». Бұл положениенің 279-статьясында қазақтан жер артылса, қазына өз пайдасына алады деген қосымша жоқ еді. Бұл закон бұрынғы күйінде тұрса Түркістанда қазақ жері мұжыққа алынбайтын еді, үкімет 279-статьяға қосымша деп 1911 жылы 3 Думаға ұзындығы екі жол закон кіргізді. «Түркістанда қазақ жерінен артық жер табылса қазына өз пайдасына алатын болсын» деп» [2; 242-243 бб.]. Бұрын Жетісу, Семей, Ақмола, Торғай және Орал облыстары қазақтарының жері қалай тартылып алынса, енді Түркістанда соның кебін кигендігін баяндайды және «заңды» сынға алады. Сол кезде Ә.Бөкейхан патша үкіметінің жер туралы заңын жан-жақты талдап, қазаққа тиімсіз жерлерін көрсетеді.
Қазақ жеріне орыс мұжығының қоныстандыру ерекшелігін Ә.Бөкейхан төмендегідей түсіндірген еді: «...Әдетте Ақмола облысына қоныстанғылары келетіндер мұнда шолғыншылар (ходоктар-Ш.О.) жіберді. Олар қолайлы жерлерді қарастырды, қырғыздардан (қазақтардан-Ш.О.) аз ғана жерді (жартылай немесе аз ғана төлеммен) жалға алды, жерді жыртты және егін екті, сөйтіп, топырақтың және жердің сапалылығына (дәлірек айтқанда мүлде қол тимеген, тың екендігіне көз жеткізген соң) қарай бұл жерді заңды құжаттармен белгілі бір мерзімге шартқа отырғызды. Жаңа қоныстанушылар өздерінің жерлерінің жоғары сапалығына көздері жеткен соң, өздеріне жерлестерін шақыра немесе кезбе қоныстанушыларын қабылдай бастады». Осы тұжырымды талдай келе мынандай пікірге келесің: қазақ жерін жалға аламыз деген келімсектердің түпкі мақсаттары бізге қараңғы, сол себепті жерді жалға беру мәселесіне үлкен сақтықпен қарау қажет. Бүгінгі күні жер мәселесін шешер кезде тарихтың осы бір сабағына назар аударылуы қажет [2; 231-232 бб.].
Омарбеков Т., Омарбеков Ш. «Қазақстан тарихына және тарихнамасына ұлттық көзқарас» еңбегіндегі «Интеллигенция жер мәселесінің қазақ ұлты тағдырындағы маңызды орны туралы» тарауында: «Екінші жағынан орыстардың далаға қоныстанулары барынша арта түсті, жер үшін қоныстанушылар мен қырғыздар арасында күрес күшейе түсті» деген Алаш зиялысының сөзі бар [2; 239-240 бб.]. Бұл сөйлемнің өзінің терең мән-мағынасы бар.
«...Жер нормасымен ел билеу жұмысы екі басқа нәрсе. Жер қарасы өзгергенмен ел рәсімі өзгермейді...Жан-жағымыздағы сыбайлас болыстар степной положениеде қалады екен. Олармен қыз берісіп, қыз алысып отырмыз. Солармен арамызда жесір дауы, қалың мал дауы бола қалса, мұжық салтында жоқ мұндай дауды мұжық положениесімен қалай тындырмақ. Осындай істер туралы қандай шатақ болмақ! Міне, жер нормасы мен халық билеу жұмысының екі басқа нәрсе екендігінің іспеті». Ә.Бөкейханның бұл пікірінен шығатын қорытынды қазақ жеріне сырттан, әсіресе, Ресейден келімсектерді әкелуді тоқтату және қазақтың біртіндеп отырықшылыққа бейімделуіне үкімет тарапынан жағдайлар жасау болып табылады [2; 252 б.].
Ә.Бөкейхан өзінің «Сайлау» («Қазақ», 1913, №14) мақаласында қазақ жерінің жағдайы туралы былай дейді: «...Хохолдың жылда жыртқаны өз жері емес, қоңсы қазақтан арендаға алған қазақ жері. Бұл жердің тозғанында хохолдың не жұмысы бар?» [3; 439 б.]. Бұдан шығатын ең басты тұжырым қазақтың жеріне қазақтан басқаның жаны ашымайды.
Осы ойын автор 1913 жылы «Қазақ» газетінің №17 санында жарық көрген «Сайлау» атты тағы бір мақаласында былай деп жалғастырады: «...Өстіп, қазақ жұрт қызметшілерін түзетпесең, жұрт болып шаруаға айналып жарыспасаң, мұжыққа жер закон арқылы емес, тіршілік жарысы арқылы кетеді. Оралдағы башқұрт ағаңша жерді мұжыққа тиын-сиынға қызығып жалдап қойып, ақырында сол мұжықтың сиырын бағасың» [4; 130 б.] - деп қатты сынайды, жерді жалға берудің салдарының не болатындығын көрсетеді.
1917 жылдың шілдесінде Орынборда өткен Бірінші жалпы қазақ съезінде құрылған «Алаш» партиясы бағдарламасы жобасының соңғысы «Жер мәселесіне» арналған. Бағдарламада осы мәселе былай берілген: «Учредительное собрание негізгі закон жасағанда жер сыбағасы алдымен жергілікті жұртқа берілсін деу; қазақ жер сыбағасын отырған жерлерден алып орналасқанша, қазақ жеріне ауған мұжық келмеу; бұрын алынған жерлердің мұжық отырмағандары қазаққа қайту; қазаққа тиетін жер сыбағасын жергілікті комитеттер кесу; сыбаға өлшеу-норма жердің топырағы мен шаруалық түріне қарай жасалу; сыбағадан артылған жер земство қолында болу; артық тұрған жерден ел өскеңде ауық-ауық сыбаға кесіліп берілу; Түркістанда жермен бірге су сыбағасы да кесілу; жерді қазақ үй басына иеленбей, ауыл-аймақ, туысқан табына меншіктеп алу; өзара әділдік жолмен пайдалану. Жер законінде жер сату деген болмау, әркім өзі пайдалану. Пайдасынан артық жер сатылмай, земствоға алыну. Жердің кені, астыңғы байлығы қазынанікі болып, билігі земство қолында болу. Аса зор ағаш, зор өзендер мемлекеттікі болып, аз ағаш һәм көл байлықтары земство мүлкіне саналу» [4; 262 б.].
1929 жылғы ОГПУ тергеушілеріне берген жауабында да Әлихан: «Менің жер туралы саясатқа көзқарасым мынаған келіп саяды: орыстар (қоныстанушылар) мен қазақтарға жерді тең мөлшерде бөліп беруге болмайды, өйткені орыстар жерді өңдеу мәдениетін жақсы меңгерген. Сондықтан да олар үнемі қазақтардан үстем түсіп отырды, ақыр аяғында, қазақтарды ығысытырып шығарды. Міне, менің жер мәселесі жөніндегі «ұлтшылдық» көзқарасым осы» [6]- деп өмірінің соңына дейін ұлт мүддесін ойлады .
Гүлмира УӘЛИЕВА,
г.ғ.м.,
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
Қазақстан тарихы және ҚХА кафедрасының оқытушысы
qazaquni.kz