Марғасқа ғалым марапатталды
2016 ж. 04 қазан
2694
3
Алматыда Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына арналған халықаралық конференция болып өтті. Оған белгілі алаштанушылар, тарихшы ғалымдар, әдебиетшілер, қоғам қайраткерлері қатысты.
Конференция барысында өз ойларын білдірген шешендер Алаш көсемінің ұлағатты өмірі мен қазақ халқы үшін сіңірген ерен еңбегін жан-жақты баяндап берді. Әлихан Бөкейхан өмірін зерттеуші тарихшылар мен әдебиетшілердің әңгімесі танымды да тартымды болды.
Қазір Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы еліміздің жер-жерлерінде аталып жатыр. Осы жолғы конференцияның бір ерекшелігі – сол күні белгілі тарихшы-ғалым, алаштанушы Мәмбет Қойгелді 70 жасқа толған-ды. Алаш тарихының ақтаңдақ тұстарын ақтарып, оны тарих сахнасына қайта шығаруға үлкен үлес қосқан ғалымды жиынға қатысушылар құттықтап, табыс тіледі. «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев өзінің құттықтау сөзінде мерейтой иесін «Қазақ тарихшыларының Могиканы» деп атап, оның Алаш мұрасын зерттеудегі ерен еңбектеріне толығырақ тоқталды. Мәмбет Қойгелдіні «Қазақ хандығына 550 жыл» естелік медалімен марапаттады.
qazaquni.kz