Алаш арыстары қазақ шекарасын қалай бекітті?
2016 ж. 12 қыркүйек
4863
2
26 тамыз – исі қазақ баласы үшін айтулы даталардың бірі болуы тиіс еді. Алайда, ол күннің маңызын дәл қазір бірі білсе, бірі білмейді деп жазады Айқын басылымы.
1920 жылдың 26 тамызында Қазақ автономиясын құру және оның жер көлемін белгілеу жөнінде декрет дүниеге келді. Кремльде өткен ұзақ тартыстан соң, қызыл пролетариаттың көсемі – Ленин арнайы қаулыға қол қойды. Бұл – жеке азат ел болуды аңсаған Алаш арыстарының жанқиярлық еңбегінің арқасы еді. Сол тартысы мол алқалы мәжілісте болашақта құралатын Қазақ мемлекетінің шекарасы межеленді.
Негізгі тартыс «Қазақ автономиясына қай жерлер кіреді?» деген мәселеге келгенде, қатты ушыққаны белгілі. Бірақ Алаш арыстары алға қойған мақсатына жетті. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков Қазақ мемлекеті алдындағы тарихи миссиясын осылайша орындап шықты. Сол кезде бар-жоғы 29 жастағы Әлімхан Ермеков Әлихан мен Ахметтің дем беруінің арқасында азулы топтың алдында Қазақ жерінің шекарасы жайында баяндама жасады.
Ол баяндамада Астрахан, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Закаспий, Самарқан, Ферғана облысы мен губернияларын қамтитын, жалпы көлемі 3 467 922 шаршы шақырым жерді Қазақ республикасының құрамына беруді сұрады. Көрсетілген жердің 81 пайызын саны 5,5 миллион болатын қазақтар пайдаланатын. Бұл сол аймақтардағы тұрғындардың 54 пайызы еді. Сол мәжілісте отырғандар Ермековтің айтқандарына толықтай болмаса да қосылатынын білдірді. Бірақ мұны жеңіс деуге ертерек болатын. Өйткені, ендігі кезек автономияның аумағы мен тұрғындары туралы ұсыныстарды Лениннің алдында қорғап шығу керек еді.
12 тамыз күні Лениннің төрағалық етуімен өткен мәжілісте Әлімхан Ермеков барын салды. Өйткені ол иісі қазақтың тағдыр-талайы шешілетін кез дәл осы тұс екенін жан дүниесімен сезінді және жағдайды аса жетік білетіндігі һәм шешендігі арқасында өз айтқандарымен Ленинді иландыра алды. Тіпті көзбе-көз сөйлесуден кейін, қазақтың уысынан шығып бара жатқан Атырау өңірін де алаш жұртына мәңгіге қайтарып берді.
Сібір ревкомы 1922 жылға дейін солтүстік облыстарды Қазақстанға қоспауға тырысып бақты. Бірақ ақыры көнген еді. Осылайша, Алаш арыстары тұңғыш рет Алаш жұртының шекарасын ресми түрде бекітіп алды.