Семейдегі Ленин көшесіне Әлихан Бөкейхановтың аты берілетін болды
2016 ж. 21 шілде
3935
10
Алаш арыстарының астанасы болған Семей қаласының Ленин және Интернационал көшелеріне Әлихан Бөкейхан мен Қайым Мұхамедханұлының есімдері берілетін болды.
Бұл туралы Baq.kz хабарлайды.
«Алаш арыстарына астана болған - Семей қаласының Ленин атындағы көшесіне Алаштың ардақты азаматы, туғанына 150 жыл толып отырған Әлихан Бөкейханның есімі, ал "Интернационал" атауының орнына Қайым Мұхамедхановтың есімі берілетін болыпты!» - деп жазды әлеуметтік желі қолданушысы Бауыржан Берікұлы.
"Бұл ақпараттың нақтылығын семейлік журналистер де растады. Алайда сенімді ақпарат көздерінің хабарлауынша көше атауларын алмастыруға мораторий жарияланған екен. Сол мораторийдің алынуын, шешімнің күшіне енуін күтіп отырған көрінеді", - деп жазады автор.
Сонымен қатар, Семейге қойылады деген Әлихан Бөкейханның ескерткішіне Көпір басқармасы маңайынан арнайы жер бөлініп, қалалық әкімшілік рұқсаттаған екен. Қазір бұл үкіметтің қарауына жіберіліпті.
Биыл Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл, Қайым Мұхаметханұлының туғанына 100 толды.
Еске сала кетейік, "Қазақ Үні" ұлттық порталы бұған дейін тұрақты түрде Әлихан Бөкейханның есімі Семейдегі Ленин көшесіне берілу керектігі жөнінде өткір мәселелер қозғап келді. Бұл игі іске біздің де қатысымыз барына қуана отырып, бүкіл қазаққа "Құтты болсын" айтқымыз келеді.