МЫРЗАБИДІ ӨЛТІРГЕН МҰСАБЕК БАТЫР немесе тарихи тұлғалардың шынайы бейнесі неге бұрмаланады?
2016 ж. 23 мамыр
9848
8
1858 жылы Ордабасыдағы Мырзабидің басы кесілген оқиғаға бірнеше кісі қатысқанымен, өлтіруші біреу-ақ. Ол – Мұсабек батыр!
Мұсабек батыр Қалдарбекұлы.
Суретті салған Мақсат Бексұлтан
Біздің кейбір жазармандар әлдебір тарихи уақиғалар мен тарихи тұлғалар туралы жазған кезде өткеннің қойнауына сүңгіп, бағзы заманның болмысына, әлгі уақиға мен тұлғаның шынайы бейнесіне терең үңіле алмай, үстірт деректермен өрілген деректемелерді келтіруге құмар-ақ. Болмаса, осылай екен делінетін ауызекі әңгімені шын тарихи дерек ретінде көлденең тартып, өзімбілермендікке салынып кетеді. Негізінде қандайда бір тарихи уақиға, тарихи тұлға туралы жазар кезде жазуым сәтті әрі жұртқа сенімді шықсын деген ниетпен мың ойланып, мың толғанудың қажеті шамалы. Өйткені мұндай мақалаға көркем сөзден гөрі нақты тарихи деректерді жатық сөйлемдер арқылы қолданып, жұртқа сенімді мәліметтерді келтірген дұрыс. Сонда жазылған дүние – қара оймен айтылатын жайдақ әңгімеден, болмаса импровизациялық екпін-шабытпен, одан қалды, көркемдік маңызға көбірек көңіл бөлініп, ұйқас қуалауға басымдық берілетін өлең-жырдан маңызды шықпақ. Мұндай үрдіс бүгінде тек мақала жазатын жазармандарға ғана емес, оларға ықпал ететін белгілі бір топтарға да тән болып алған. Себебі қазір тапсырыспен орындалатын шығармашылдық дүниелер – мақала, өлең-жыр, кітап, тіпті, нағыз өнер деп әспеттелетін айтыстағы төгілтпе жырлар, көбіне сол тапсырыс берушілердің ыңғайына қарай жазылады, айтылады. Қалай жасырамыз, қазір кітап көп оқылмайтын заман болды, жазба өлеңдерді оқып, тыңдаушылардың да қатары сиреді. Есесіне, жеңіл музыкаға, ібілістің сөзімен жазылған деуге келерлік шайтани әуендерге бас июшілердің қатары көбейді. Сонымен қатар, неге екенін қайдам, жастармен бірге есі бар, түсінігі мол делінетін үлкендердің де бір сәттік, көңіл көтеруге ғана жарайтын елітпе әуендерге, жырларға әуестігі артты. Ең қорқыныштысы, осындай ойсыз айтылған, жазылған шығармашыл дүниелерден тыңдаушылар тағылым алатын болды. Иә, қайсыбірін айтайық, бүгінгі қоғамда әттең-ай дегізетін жәйттер көп. Бұл тұрғыда әртүрлі деңгейде өтетін айтыстарда төкпе ақындар жырлайтын жырлардың мазмұны да көбіне шала-шарпы түрмен өріліп жүр. Осыған байланысты бүгінгі әңгімеміз сондай айтыстардың бірінде басты тақырып болған бір тұлғанының бейнесі қалай жырланғаны жөніндегі ойлардың негізінде өрбімек. Өйткені ондағы айтылған һәм кесімді де нақтылы пікір ретінде білдірілген ойлар қолымызға қалам алуға мәжбүр етті. Биылғы жылдың наурызының орта шенінде Шымкент қаласындағы «Түркістан» сарайында исі қазаққа белгілі Мәделіқожа ақынның 200 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысы өткізілді. Айтыс десе, делебесі қозып, маржан сөзді, тағлымды насихатты тыңдауға құмар қазақ бұл жолы да мың адамдық сарайды лық толтырды. Әлбетте, айтыстың көтерген тақырыбы да, оған көп жиналған халықтың қарасы да көңіл қуантарлық. Бірақ кейде игі бастаманың немесе жақсы іс-шараның сәніне сай келмейтін пікірлер мен ой-толғамдардың байқалып қалатыны көңілге қаяу салатыны бар. Осы жерде айта кетейін және де бүгінгі айтыскер ақындар маған ренжімесін, қазіргі қайсы жыр сайысын алсаңыз да, оған қатысушылардың көпшілігі көтеріліп отырылған тақырыпты жете білмейтін немесе айтысқа арқау болған тұлғаның бейнесін біреулердің айтуымен ғана ұғып алатын сияқты болып көрінеді. Тіпті жасырмай айтсақ, осындай келеңсіздіктердің кесірінен бүгінде айтыстың сиқы қашты десек те болады. Кешегі төгіп айтар Тәушеннің, көсілтіп айтар Көпбайдың, асырып айтар Әселханның, есіп айтар Есенқұлдың, жалпы, тауып айтатын, болмаса қауып айтатын бұрынғы айтыскерлердің бүгінгі ізбасарлары тым ұсақталып кеткендей ме, қалай? Кейбірі айтыс үстінде өлеңнің жайы осылай дей ме, әйтеуір, жырға тән заңдылықтардан аттап, әуен ырғағына көнсе болды, жөнсіз бірдеңелерді ұйқастырып айта салады. Содан соң айтыс арналып отырған тұлғаның болмыс-бейнесін ашудан гөрі, бір-бірін сөзбен қажап, «баяғыда саған ғашық едім, уақытында сен қарамай кеттің» деген сипаттағы бүгінгі айтыстың жаттанды формасына айналған «өкпе-наздарын» көбірек жырлап кетеді. Одан қалса, әлгі өздері жырлап отырған тұлғаны бас-көз жоқ қисынсыз мадақтап, нақты тарихи деректерден алшақтап кетеді де, ол атқармаған істерді соған жабыстырып, кейіпкерді ертегінің батырындай немесе көсеміндей көктен бір-ақ шығарады. Көңілге қонымсыз деректермен жырланған айтыс жоғарыдағы Мәдәліқожа ақынның 200 жылдығына арналған жыр сайысында да орын алды... Сөз жоқ, Мәдәліқожа кейінгі ұрпаққа ақындығымен де, батырлығымен де танылған үлкен тұлға. Оның бар тараптағы қайраткерлігі Қоқан хандығының қазақтарға аса зәбір көрсеткен уақыты – 1855-64 жылдар аралығында көрінді. Ол сол кезде еңсесі езілген қазақтың ұлт ұраншысына айналып, батыл да өршіл өлеңдерімен ағайынның намысын жаныды, басқыншы қоқандықтардың зорлықшы билеушілерін ешнәрседен жасқанбай өткір өлеңдерімен сойды, керек десе, оларға қарсы да шапты. Оның аты әсіресе, оңтүстік қазақтарын билеген қоқандықтардың тарихында елеулі із қалдырған 1858 жылғы Ордабасыдағы айтулы оқиғадан соң алыс аймақтарға дейін дүркіреп кетті. Ол оқиғаны айтпай тұрып, Қоқан хандығы жайында аз-маз мәлімет бере кетейік. 1709 жылы Ферғана аймағында алдымен бектік ретінде құрылып, ал 1806 жылдан кейін хандық атанған Қоқан 1808-1816 жылдар аралығында қазіргі Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан жерін түгелімен, ал Алматы облысының батыс аудандарын жаулап алған. Өзінің 55 жылғы басқыншылығында ол қазаққа аса қатты қысымшылық көрсетті. Қарапайым халыққа негізі төрт түрлі, ал осы төрт тармақ малдан бастап, киізден үзеңгіге дейін 29 бапқа бөлінген салық салып, жергілікті халықты қай тараптан болса да, зор қыспаққа алды. Бұған шыдамаған қазақтар оқтын-оқтын бас көтерді. 1814 жылы Омар осы салықтардың бір тармағы етіп қыз салығын да салған. Бірақ оны 1824 жылы Мәдәлі хан жойып тастаған. Қоқан ханынан қатардағы аламанына дейін діндік міндеттемелерді қатаң ұстанған мұсылмандар болса да, ұлығынан кішігіне дейін сол діннің қағидаттарына жатпайтын аса зәбірлі әрі күнәлі істерге белшесінен батқан ел болды. 1850 жылдардың соңына қарай замандық өркениетке қарай бір іс атқармаған және тұрақты мемлекеттік құрылым құра алмаған Қоқан хандығы, әртүрлі саяси тығырыққа тіреліп, ыдыраудың жолына түсе бастады. Соған қарамастан, қазақ жеріндегі билігінен айырылмауға тырысып, жергілікті халыққа деген қысымшылықтарын және олардан салық алудың мөлшерін бұрынғыдан бетер күшейтті. Бұның алдындағы жылдары қазақтар келісілген мерзім бойынша әр жылдың қазан айында салықтың барлық түрлерін өз еркілерімен жинап, Тәшкен қаласындағы құшбегінің құзырына апарып тапсыратын. Ал 1850 жылдардың аяғына таман салық жинаушы топтарды бастаған Қоқан бектерінің өздері қазақ даласына қарай ағыла бастады. Олар жай ғана салықты жинауға келмейді, өктемшіл әдеттеріне басып, қазақтарға ойына келгендерін жасауға ұмтылады. Сондай қылықтың бірін Тәшкеннен шыққан салық жинаушыларды бастап келген Мырзаби атты паруанашы көрсетеді. Тарихи деректерде үш жүз аламанмен жолға шыққан Мырзаби алдымен Келес, Қазығұрт, Түлкібас өңірлеріндегі қазақтардан көп мөлшерде мал мен мүліктен салық жинайды да, екі жүз жігітінің алдына жинаған малдарын салып, олжалаған дүниелерін теңдеп, Тәшкенге жөнелтеді. Өзі жүз жігітімен Арыс жағасындағы қоңыраттардан салық алуға келеді. Мұндағы қоңыраттардың Жәпек атты биі Ордабасы етегіндегі Қарабастау деген жерде оған арнап, он екі қанатты үй тігеді. Жортуылы жолында ешкімнен қарсылық көрмей мейманасы тасыған Мырзаби сол үйге түскен соң сонау Сыр бойында, Қаратау етегінде, Арыстың төменгі тарапында жатқан қазақтардың барлық датқа-билерін, ел жақсыларын, батыр-бағландарын түгел шақыртады. Әлбетте, олар бір күнде жиналмасы анық. Мырзаби олар жиналғанша осындағы Жәпекке: «Әр түні қойныма бұзылмаған бір қызды әкеп саласың! Содан соң мен аттанарда қыздан салық әкетемін. Оларды да дайындау сенің мойныңда!» – деп бұйырады. Мұны естіген ел қатты сасады. Алайда қыларға айла жоқ. Арада он-он бес күн өткенде Мырзабидің шақыруымен жолға шыққан әрі оның астамшылық қылығын жол-жөнекей есітіп, оған деген наразылықтары бойларына сыймаған игі жақсылар Қарабастауға жиналады. Келе сала, тілі өткір, жүректі дегендері Мырзабидің ісін айып көріп: «Мал-мүлік салығы мейлі, жан, қыз салығы дегенді қайдан шығардыңыз?! Шариғатқа жатпайтын мұндай жөнсіздікті баяғыда Мәдәлі хан жойып тастаған. Ал сіздің со бір харам тірлікті қайта бастағаныңыз, тіпті бассыздық!» деп реніш білдіреді. Бірақ Мырзаби айтқанынан қайтпайды. Қайтпағаны былай тұрсын, ел басшыларына аузына келгенін айтып, балағаттайды. «Өмір сүргілерің келсе, маған қарсы шығушы болмаңдар! Осы өлкеде басқалардан даңқы асып жүрген Сапақ дегендерің қайсың? Ә, сен де отырсың ба осында? Сен, Сапақ, ертең өз қызыңды қойныма өз қолыңмен әкеп саласың!» деп есіреді. Сол кезде қазақтардың тобында батырлығымен аттары шыққан Момбек, Мұсабек, Жаманқара, Тәнен, Байтоқ, Мәдәліқожа, Керімбек, Шоқай сияқты азаматтар не қылмақты ақылдасады. Бізге әртүрлі нұсқамен айтылса да, мазмұны бір арнаға тоғысатын әңгіме түрінде жеткен деректерде қазақтардың сол кезде қалай ақылдасып, қалай айтысқанын бұл шағын мақалада келтірмей-ақ қоялық, ең ақырында намыс буған батырлар Мырзабиді өлтіруді шешеді. Және бұл істі атқаруды Мұсабек батырға жүктейді. Мырзабиді өлтірмес бұрын қазақ батырлары алдымен Мырзабидің жүз жігітін қолды қылып, байлап-матап тастайды. Мұны байқаған Мырзаби өзі отырған үйдің есіген ішінен байлап, тығылып қалады. Сол кезде Керімбек батыр есікке байланған жіпті қылышымен шаба бергенде Сапақ: «Керімбек, тоқта! Қазақта есікті, оған байланған жіпті қылышпен шабу – жаман ырым. Одан да біразың жабылып, киіз үйді төңкеріп тастаңдар!» – деп айқайлайды. Он шақты жігіт арқан тастап киіз үйді төңкеріп тастайды. Үйдің тура ортасында қорқыныштан тіл-ауыздан айырылып отырған Мырзабиге Мұсабек шауып барып, қылышымен тура желкесінен шабады. Соққының қатты болғаны соншалық, анау залымның басы денесінен бөлініп түседі... 1858 жылы Ордабасыдағы Мырзабидің басы кесілген атышулы оқиға осылай іске асқан. Оның өліміне бірнеше кісі қатысқанымен, өлтіруші біреу-ақ. Ол – Мұсабек батыр! Оған қазақ арасында ауыздан-ауызға жеткен әңгімелер де, Қоқанның соңғы тарихын тәптіштеп жазған өзбек зерттеушісі Асат Сапиевтің «Қоқан хандығының қазақ даласындығы соңғы күндері» атты еңбегіндегі деректер де, тіпті, оңтүстікті жаулаушы генерал Черняевтің жазбасы да, ең ақыры, сол оқиғаны көзімен көрген қариялардың аузымен айтылған әңгімелердің негізінде 1930 жылдары жазылған Т.Отарбаевтың «Мырзаби оқиғасы» атты әңгімесі мен Әбжаппар Жылқышиевтің "Дауылдан кейінгі жорық" повесі , Нәмет Сүлейменовтің жазбалары куә. Ең соңы: Мұсабек өтті қоңыраттан, Сары даланы шаң қылған, Қоқаннан олжа мол қылған. Мырзабиді өлтіріп, Батырлығын даңқ қылған, Мұсабек өтті Жандардан!» - деп Мәдәлінің жақын серігі әрі туысы Майлықожа ақынның жырлағаны бұған бұлжымас айғақ! Бұл туралы 2010 жылы Оңтүстік қазақстан облысы Шардара ауданында өткен Мұсабек Қалдарбекұлының 195 жылдығына арналға республикалық ғылыми конференцияда да толық айтылды. "1858 жылдың басында Қоқан хандығының езгісіне қарсы шығып, Мырзабиді өлтірген көтеріліс көсемі Мұсабек Қалдарбекұлы екені тарихи ақиқат. Бұны баса айтуымыздың себебі, анабір жылдары «қазір не айтсаң да, бола береді екен ғой» дегенге сүйенген «зейнетке шыққан тарихшылар» әртүрлі әңгіменің шетін шығарып, бұл баспасөзде біраз сөз болған. Мұсабек батырдың Мырзабиді өлтірген ерен ерлігі туралы күнгей әдебиетіміздің классигі, әр өлеңі шежіре әйгілі Майлықожа өзінің жырында нақты көрсетеді. Ол өзінің туған нағашысы Мәделіқожаны ауызға алмай, Мұсабек батырды мадақтап жырға қосуы – «Мырзабиді Мәделіқожа өлтіріпті-мыс» деп, әдейі қателесіп жүрген кейбір «мүдделі» жандарға дәл жауап болса керек"- деп жазады баяндама жасаған ақын Қазыбек Иса. ( "Қоқанға қарсы көтеріліс көсемі Мұсабек батыр" http://www.qazaquni.kz/?p=1381) Соған қарамастан, соңғы кезде Мырзабидің басын шапқан Мәдәліқожа деген сөз тағы да қайдан шықты және кім, не мақсатпен шығарып жүр? Әлбетте, Мырзабиге қылыш жұмсаған Мұсабек болса да, оны өлтіруді жоспарлаған, оған атсалысқан кісілердің саны мол болатын. Олардың әрекеттерін Мәдәліқожа өз өлеңдерінде әдемі жазып қалдырған. Десек те, осы оқиға Мәдәліқожаның 200 жылдығына арналған айтыста қалай көрініс тапты деңіз. Біздің бүгінгі мақаламыздың да басты мақсаты соны айту-тұғын. Соған көшейік. Айтыстың бас жағында сөз сайысына шыққан Түркістанның тумасы, бірақ Астана қаласының атынан түскен Еркебұлан деген жігіт арғы-бергі ақын-жырауларды сөз етіп келді де, Мәдәліқожаға ойысты. Алдымен Мәдәліқожаның Кенесарының қарындасы Қалипаға сөз салғанын, оған хан тұқымы қызының қойған шартын былай деп жырлады: «... Екіншісі қырғыздан, Кенесары ағамның, Сүйегін алып қатқайсың, Осыған уәде бер депті. Келісіп бұған екеуі, Қидырып алып некені, Ақбоз үйге төрлепті... Айтуынша шалдардың, Мәдәліқожа бабамыз, Кенесары денесін, Қырғыздан алып келіпті. Ордабасы тауының, оң жағына жерлепті...». Ақын, мейлі ол қай дәрежедегі сөз шебері болсын, көпшілік алдында айтар жырын нақты тарихи деректердің негізінде тізбелегені жөн. Әйтпесе, ол ақынның сөзіне тәнті боп әрі сеніп отырған жүздеген тыңдарманды тарихи ақиқаттан адастырады. Расында, Кенесарының сүйегін Мәдәліқожа қырғыз жерінен тауып, Ордабасы етегіне жерледі деген нақты дерек бар ма? Жоқ қой. Ендеше, бұлай «тапқырлық танытудың», жүздеген адамның алдында (оған миллиондаған телекөрермендерді қосыңыз) жалған мәліметпен жыр шашудың қажеті қанша? Біле білсек, мұндай пікір Мәдәліқожа сынды арынды ақынның қадірін түсіру ғой. Бәлкім, Еркебұлан баста айтқанымдай, осындай болымсыз мәліметті сыртекі біреуден есітіп алып, шабытын көсілткен шығар. Айтыс ортасында сахнаға көтерілген Павлодар облысынан келген Аспанбек Шұғатев Біржан ақынмен айтысында: «...Есіңе мен салайын, Қазаққа қырсық келтірген, Мырзабиді өлтірген, Мәдәліқожа бабаң-ды...», -деп соқса, Жарқынбек Наушанбеков деген бір айтыскер Еркебұланмен айтысында тіпті арқаланып: «...Зина үшін сендерге қыз бермейміз деп, Өлтірген Мырзабидің басын алып...», «Мәдәлі тайқазанды сақтап қалған... Қоқаннан қол келгенде қоқыранып, Жиналып қоңыраттан досы барлық...» -деп сілтеді. Бұл жерде бұл айтыс ақындары Оңтүстіктегі Мырзаби оқиғасынан мақұрым болған немесе тарихты әдейі бұрмалаушылардың тапсырысымен беталды шауып отыр... Бұндай бұрмалауға бұл оқиғаны шала білетін немесе мүлде білмейтін айтыскерлерді араластырудың астарында не бар? Біріншіден, қоқандықтар Түркістандағы тайқазанды алып кетеміз деп ешқашан әуреленбеген. Бұл туралы ешбір тарихи деректер де жоқ. Оның үстіне ол хандық мұсылмандықты қатты ұстанған және қазақ даласындағы ежелгі мұсылман әулие-әнбиелеріне арналып салынған ғимараттарға, олардың іші-сыртындағы бұйым-мүліктерге тиісуден қатты қорыққан. Қорықпаса да, қатты сыйлаған. Бірақ кез келген басқыншы ел сияқты қорғанған, өздеріне қарсылық көрсеткендерді аямаған. Тарихта Түркістан қазақтары 1818, 1842, 1856 жылдары қоқандықтарға қарсы үш рет қарсы көтерілген. Мәдәліқожа осы қарсылықтың соңғысына қатысқан. Бәлкім сонда қоқандықтар тарапынан тайқазан туралы әңгіме болған да шығар. Мәдәліқожа өз өлеңіне қосып жүрген оқиға да соған байланысты болса керек. Анығында, ол кезде Қоқан қазақ жерінде не істейміз десе де, қолдарынан келетін әрі оңтүстіктегі әр шаһарда мыңдаған санды тұрақты әскері тұрған басқыншы ел-тұғын. Тайқазанды алып кетемін десе, қолын қағатын қазақта күш болмаған. Осындай тарихи ақиқаттардың сырын түсінбей тұрып, Жарқынбектің күллі жұрт алдында әлгіндей жыр саптауы көңілге қонбақ түгілі, күдік ұялатады.. Мәдәліқожа мұрасын зерттеушілердің көпшілігі сол кездегі тарихты айқын білмейтіндігі жуырда ғана Шымкенттегі «Отырар» кітапханасында аталмыш ақынның 200 жылдығына орай өткізілген «Әділет деп соққан жүрегі» атты конференция жұмысында да көрініс берді. Сонда сөйлеушілердің көпшілігі жоғарыда айтылған айтыста болған әңгімелерді қайталаумен болды. Олардың бар жабысатыны Мәдәліқожаның мына екі өлеңі: 1). «Тұрмысың аман-есен, Ордабасы» жырындағы екі шумақ; «Тұрмысың аман-есен, Қотырбұлақ, Мырзаби зекет алды жаудай бұлап. Өлтіріп Мырзабидің өтін алып, Еліміз төмен ауды Арыс құлап... Арыстың суы ағады жарыменен, Байлар қозы тасиды нарыменен. Өлтіріп Мырзабидің өтін алып, Қолымның қан асадым қаныменен». 2). Мырзаби өлтірілген соң Тәшкен билеушісі Мырзахметтің алдына қазақтардан Мәдәліқожа бастаған бір топ адам кешірім сұрап барады. Сонда Мәдәліқожаның айтқаны: «Жазықсыз елді жазғырма, Айыптың тұр алдыңда. Мырзабиді өлтірген, басын кесіп алмадай. Кешсең – кеш, кессең, міне, бас, Шариғат жолын сара дер, Даңғыл жатқан сарнап-ай...» Енді осы шумақтарды өресі кең, пайымы жоғары адам ретінде саралап, талдап көрсек, 1-ші жырда Мырзаби өлтірілгеннен кейін Қотырбұлақ, Қарабастау маңындағы жұрттың қоқандықтардан үркіп үдере көшкенін байқаймыз. Расында, тарихта сондай үркіншілік болған. Ал өзі Мырзабидің өліміне қатысқан адам ретінде жалпы оқиғаны ақындық леппен өзіне алып тұр, яғни өлтірдік деген сөзді шабытты сезіммен өлтірдім деген мағынаға әкеп тіреген. Содан соң біреулер Мәдәліқожаның «өтін алып, қанмен бірге етін асадым» деген теңеулі сөзін тура мағынасында түсініп, ақын құдды бір сондай тірлік жасаған деп ұғынатын сияқты. Егер солай түсінетін кісілерге: «Немене, сонда Мәдәлі ақын адам етін жегіш «вампир» болғаны ма?» деп, күлкілі сұрақ қойсақ не дер еді. Расында, Мәдәлі қазақта, мұсылмандықта жоқ нәрсе – біреудің өтін жұлып, етін асаушы ма еді. Өйткені ол қанша жерден батыр, адуынды кісі болса да, бәрбір, ол алдымен бойына ізгілік жинаған ақын адам. Осыны ұмытпаған әрі баса ескерген жөн. Бұған қоса, қандай ақынға да, өлеңіне әсіре теңеу мен қияли дүниелерді қосып айтуға еркін шығармашылдық қақы бар және де оған жұрт атқарған істі өлең заңдылығы мен ырғақ, шумақ, ұйқас оралымдарына орай «біз» дегеннен гөрі «мен» деп жырлау оңайырақ соғады. Енді 2-ші жырындағы «Айыптың тұр алдыңда... Кешсең – кеш, кессең, міне, бас» деп Тәшкен құшбегісінің алдына кешірімге барғанда айтқан өлеңіне келейік. Мырзаби Тәшкен құшбегісі (билеушісі) Мырзахметтің немере інісі. Жоғарыда аталған Асат Сапиев өзінің жазбасында осы оқиғаны қысқашы былай келтіреді: «Құшбегі Мырзаның (Мырзабидің) өлімін естігенде жынды бурадай қатты ашуланды. Қазақтардың бәрін тегіс қырамын деді... Кешікпей қазақтар тараптан ғапу сұраушылар келді. Олар Мырзаға қылыш шапқан батырын тастап келіпті. Бас болып жүрген Мухаммад ғали һис уа салламның бір шайыр (ақын) ұрпағы Мырзахметтен ғазалмен (өлеңмен) кәтта ғапу сұрады. Сөзбен де гәп қылысты. Бұ шақта құшбегіге Мәллі ханнан «қазақтарды тыныш ұстаңдар» деген пәрман келген-дүр. Ақиқи, со шақта Қоқанға сан тараптан жаулар табылып тұрған... Мырзаның өзі жөнсіз кеткен паруанышы-тұғын. Шұ сибәптиргә бола (сол себептерге байланысты), Мырзахмет тақсыр оларға ғапулық қылды». Осы деректерден-ақ талай нәрсеге көз жеткізуге болады емес пе. Әсілі, бұрындары қазақ арасындағы қандайда бір дауды шешендер, билер шешкен. Елшілікке де сондай ділмәрлар жүрген. Одан соң ілкі жосық бойынша адам өлімі үшін кешірім сұрауға баратын тарапқа басты кінәлі адамды ертпеген. Ондай кешірімге бар айыпты мойнына алған, айыбы үшін ел атынан кешірім сұрауға дайындалған топ барады. Мәдәлі де Тәшкенге сондай топты бастап барған. Содан соң «Алдыңа келіп тұрмыз, кессең, міне, бас» тақылеттес уәж айтқан. Осындай өлеңнің астарын түсінбеген біреулер Мәдәліқожаны несіне асыра дәріптеуге құштар болып жүргені түсініксіз. Онсыз да, Мәдәлінің ақындығы, Мәдәлінің батырлығы бір басына жетерлік қой. Енді оны асыра мақтаймыз деп, ол істемеген істі жасатқаннан, біреудің жасаған батырлығын оған тели бергеннен, ол туралы қияли жырларды жырлағаннан ұтар пайда бар ма. Бұл Мырзабиді өлтірген Мұсабек батырдың ғана емес, алдымен Мәделінің өзінің әруағы алдында қиянат қой. Одан да ақын атамыздың Тәшкенге, Бұқар-Хиуаға барғанда көрсеткен дипломатиялық һәм батырлық қайраткерлігін әспеттеген дұрыс емес пе. Міне, сонда, ақын бабамыз туралы тың деректердің көзі ашылып, оның бейнесін танудың аясы бұрынғыдан бетер кеңейе түскен болар еді. Тағы да айтамыз, Мырзабиді өлтірген Мұсабек батыр екені хақ. Оған дәлел де, дерек те жеткілікті. Өткен конференцияда осы туралы баса айттық та. Бізден кейін сөз жарысына шыққан бір жігіт Мәдәлінің жоғарыда келтірілген өлеңдерін бір мезет мысалыға келтіріп өтті де, «Ағайын, осы бөлінгенімізді қашан қоямыз» деген сыңайдағы жарыссөзге қатыссыз уәждерді айтып, жиналғандарға «ақыл» айтып кетті. Оның пайымынша, тарихи деректі, яғни шындықты айтқанымыз үшін біз бөлініске түсіп жатыр екенбіз. Сірә, «сезікті секіреді» деп, оған тұлғалар жайындағы шындыққа негіздерген нақты деректер рушылдықтың, бұра тартушылықтың алғышарты боп көрініп кетсе керек... Мен өзім Мәдәліқожаның да, Мұсабектің де ұрпағы емеспін, бірақ нақты тарихи деректердің бұрмаланғанын, жалған тарих пен жалтақ тарихтың дәріптеліп кеткеніне жаным қас адаммын. Осы мақала да сондай пиғылдың әсерімен жазылды. Қай кезде де әрбір тарихи тұлғаны өз деңгейі тұрғысында зерттеп, өз болмысына сай зерделегеніміз жөн ғой.Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ,
жазушы, шежіреші,
Қазақстан педагогика
академиясының профессоры.
"Қазақ үні" газеті