Республикалық «Алаш арыстары» қоғамдық қорының елін сүйген азаматтарға ҮНДЕУІ
2016 ж. 04 сәуір
2987
0
2016 жылы Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына ЮНЕСКО-ның 32-сессиясының шешіміне сәйкес әлем бойынша атап өтілмек. Яғни бұл қазақ халқы үшін үлкен, ерекше той. Әсіресе Семей қаласы Әлихан Бөкейханның есімімен тығыз байланысты. Сондықтан семейліктер үшін бұл мерейтойдың маңызы зор. 2017 жылы Алашорда өкіметіне 100 жыл, 1917 жылы 12 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен Алаш съезінде Алашорда Өкіметі жарияланып, астанасы Семей қаласы деп белгіленгені тарихтан мәлім. Осыған байланысты көптеген іс-шараларды өткізу үшін қаражат керек. «Ақ жол» Семей облыстық филиалы мәселені оңтайлы шешу үшін «Алаш арыстары» қоғамдық қорын құрды. Қоғамдық қордың алға қойып отырған негізгі мақсаттары мынандай:
1. Семей қаласы, яғни, бұрынғы Алаш қаласы бүгінгі Жаңа Семей бөлігі 1917 жылдың желтоқсан айынан 1927 жылдың 8 қазанына дейін ресми түрде «Алаш қаласы» деп аталып, тарихи құжаттарда да солай (Алаш қаласы) деп жазылып келген. Тарихи шындықты басшылыққа ала отырып, кезінде 10 жыл бойы Алашорда мемлекетінің ресми астанасы болған Семей қаласының атын арыстарымыз армандап, қол жеткізгенімен кеңестік саясаттың қыспағынан арманға айналған «Алаш қаласы» деп өзгерту.
2. ЮНЕСКО шеңберінде тойланатын Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойын Шығыс Қазақстан облысы көлемінде аудан әкімшіліктері мен ауылдық өңірлерде бір кісідей жұмылып, ерекше сипатта өткізу, ақпарат құралдарында жиі көтеріліп жүрген Шығыс Қазақстан облысына қарасты Курчатов қаласына Әлихан Бөкейханның есімін беру.
3. Алашорда Өкіметінің астанасы болған Семей қаласының көрнекті де, көрікті жеріне Әлихан Бөкейханның дара тұлғасын әйгілейтін ескерткіш орнату.
4. 2017 жылы өтетін Алашорда Өкіметінің 100 жылдығы қарсаңында Шығыс Қазақстан облыстық Білім бөліміне қарасты барлық мектептерінде шаралар өтіп, Алаш арыстарының есімдерін әр мектептерге бекітіп беру. Яғни осындай іс-шаралар арқылы патриоттық тәрбиеге үндеп, Елбасымыздың «Мәңгілік ел» идеясын насихаттау.
5. Алаш қозғалысының бұрын еленбей келген, бүгінгі күні ұмытыла бастаған мүшелерінің есімдерін іздестіру арқылы анықтап, олардың тарихи өмірбаяндарын қалпына келтіру. Осы деректер мен дәйектер негізінде тарихи-естелік кітаптар шығару.
6. Алаш ұлт-азаттық қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханның есімін мәңгілік есте қалдыру мақсатында Семейдегі Ленин көшесі «Әлихан Бөкейхан көшесі»- деп ауыстыру. Ертістің сол жағалауында орналасқан КГКП «геодезия және картография колледжі» білім ордасына Әлихан Бөкейхан есімін беру.
а) Семейдегі Интернациональная көшесін, 2017 жылы 100 жылдық тойланатын Алашорда Өкіметінің құрметіне «Алашорда көшесі» деп атау.
7. Сондай-ақ, Семей қаласының орталығында орналасқан Абай атындағы кітапхананы «Қарағайлы» мөлтек ауданындағы жаңадан бой көтеретін студенттер қалашығына көшіру. Сол мөлтек ауданынан заман талабына сай Абай атындағы жаңа кітапхана ғимаратын салу. Ал орталықтағы кітапханадан босаған ғимаратты «Алаш арыстары» мұражайына беру.
Осы ізгілікті істер жүзеге асқан жағдайда Сіз бен Біз келешек ұрпақ алдында өз азаматтық парызымыз бен аға буын өкілі ретіндегі міндеттерімізді орындаймыз. Кешегі Алаш арыстарының асыл мұраттарын жеткіншек ұрпаққа жеткізе отырып, Елбасымыз тапсырған «Мәңгілік Ел» идеясымен үндестіріп, өткенімізді осылай әспеттесек, келешек ұрпақ біздерді де дәл осылай құрметтер еді. Елім деген азаматтарды осы қорды қолдауға шақырамын. Көмек қолын созып, қарлығаштың қанатындай су себетін жандарға өз есеп шотымызды ұсынамыз.
Есеп шот: Общественный Фонд «Алаш Арыстары» БИН/ИИН 160140022684, ОКПО 53173982, КБе 18. №KZ756010261000258695 KZT
"Қазақ үні" газеті