Әлихан әлемі әлі де зерттеуді қажет етеді

220px-Әлихан_Бөкейхан_портреті

Егемен ел атанған жиырма бес жылдай уақыт көлемінде Алаш тақырыбы қазақ ғылымының жан-жақты зерттеу нысанына айналды. Соның ішінде Алаш арысы Әлихан Бөкейханның өмірі мен шығармашылығына қатысты көптеген мақалалар, зерттеу кітаптары жарияланды. Оның жазған еңбектері қайта жарыққа шықты. Біразы қазақ тіліне аударылды. Дегенмен, әлихантану тақырыбы толықтай зерттеліп, талданып, зерделенді дей алмаймыз. Өйткені, ашылмай жатқан тұстары әлі де баршылық.

ӘЛИХАН БӨКЕЙХАННЫҢ ОМБЫ КЕЗЕҢІНДЕГІ ҚЫЗМЕТІ

Әлиханның Омбы кезеңі жайлы сөз қозғағанда, Санкт-Петербордың орман институтын бітіріп келгеніне көп уақыт бола қоймаған, қылшылдаған жас жігіттің 1899 жылы Мәскеу императорлық ауыл шаруашылығы қоғамының Омбыдағы бөлімінің (МИАШҚОБ) ашылуына жергілікті ауыл шаруашылығы мамандары және зиялыларымен бірге белсене ат салысқаны кеңінен жазыла қоймағанын айтқымыз келеді. Өмірінің осы бір тұсын Омбының облыстық мемлекеттік мұрағатының деректеріне сүйене отырып тарқатқанды жөн көрдік. Аталған Қоғамның жарғысында қоғамның Ақмола облысының ауылшаруашылығын дамыту мақсатында да құрылғаны айтылады. 1899 жылы Ә.Н.Бөкейхан Мәскеу императорлық ауыл шаруашылығы қоғамының Омбыдағы бөлімінің ашылуына зор үлес қосады. 1900 жылдың 24 - қазанында қоғамның алғашқы мәжілісі өтіп, мүшелікке сайланған 50 адамның құрамына қазақ ұлтынан жалғыз Ә.Бөкейхан ғана кіреді. Әлихан осы қоғамға еріккеннен емес, алдына айқын мақсат қоя отырып кіргендігі ақиқат. Бұл қадамының болшақта қазақтың ауыл шаруашылығының дамуына, өркендеуіне елеулі түрде пайдасы болатынын болжай отырып, саналы түрде барған деп білеміз. 1901жылдың 26-қаңтарындағы қоғамның отырысында «Для собрания сведений по текущей статистике и постановлено просить Г.Е.Катанаева, А.Н.Букейханова и Л.К.Чермака, а также всех других членов Отдела сообщить правление к 1 марта 1901 года список лиц, которые по мнению, могли бы быть корреспондентами Отдела», – деп жазуы Әлиханның білімі мен беделінің айғағы, оған берілген жоғары баға деп есептеген жөн. Жергілікті тәжірибе (май шығаратын) стансасына байланысты комиссия сайлау туралы қаулы қабылданып, оның мүшелері болып сол кездегі белгілі мамандар мен ғалымдар В.Ф.Королев, П.Д.Подшивалов, Ф.Ф.Штумпф, А.Ф.Тале, С.Л.Тейтель, Л.К.Чермактармен қатар, Әлиханның да сайлануы көп нәрсені аңғартады. 1904 жылдың 3-4 қарашасында қоғамның ұйымдастыруымен Омбыда сүт шаруашылығы мен ірі қара мал шаруашылығы қызметкерлерінің съезі өткізілді. 62 адам қатысқан съездің жалпы жиналыстарының хатшылары болып П.И.Грибанов, А.Н.Бөкейхан және П.С.Мингалев сайланды. Оларға съездің еңбектерін редакциялау да тапсырылады. Жиналыстың екінші күні Әлихан сөз сөйлейді. Материалдары «Труды съезда деятелей по молочному хозяйству и скотоводству» деген атпен 1906 жылы Мәскеу ауыл шаруашылығы қоғамының Омбы бөлімінің қаулысы негізінде басылып шықты. Қоғамның беделді ұйым болғаны оның жиналыстарына Далалық генерал-губернатор Н.Н.Сухотин, Ақмола облысының губернаторы Н.И.Санников және Дума өкілдері қатысқаны туралы деректер айғақтайды. Ә.Бөкейханның Мәскеу ауыл шаруашылығы қоғамының Омбы бөлімінде қалай жұмыс атқарғанына барынша назар аударып жатқанымыз, бір жағынан, оның ауыл шаруашылығы мен жалпы экономика саласы бойынша білгір ғалым, тәжірибелі маман ретінде қалыптасуына ықпал еткен МИАШҚОБ қандай ғимаратта жұмыс істегеніне де көңіл аудару еді. Ол жағдай да тарих үшін қызықты. Алайда, ол туралы деректер, құжаттарды біз бастапқыда Омбыдағы мұрағат қорларынан таба алмаған едік. Ол туралы дерекке тек 2013 жылдың желтоқсан айында Омбы мемлекеттік А.С.Пушкин атындағы облыстық ғылыми кітапханасында кездейсоқ кездестік. Ғимарат туралы дерек «Омск. Карты городов России (Омск, масшбаб 1:20 600, центр Омска, масштаб 1:10 300). ФГУП «Омская картографическая фабрика», 2012 г.» атты 3,48 баспатабақты құрайтан картадан табылды. Соның «Памятники архитектуры» деген бөлігін қарап отырып, «Здание бывшего Омского отделения Московского сельскохозяйственного общества (1901) – ул.Лермонтова, 27» деген сөзді оқыдық. Елден сұрап жүріп ол ғимаратты да таптық. Облыстық тарихи-өлкетану музейінен онша алыс емес, екіқабатты, қызыл кірпіштен тұрғызылған ғимарат екен. Қабырғасына «Аймақтық маңызы бар мәдениет нысаны (ескерткіш) ағайынды Колмаковтардың үйі» деген тақтайша қағылыпты. Ол ғасырдан аса тұрса да жақсы сақталыпты, бүгінде Омбы облыстық кеден басқармасының қоршаулы үлкен кешенінің бір бұрышын алып жатыр екен. Кіруге мүмкіндік болмады. Сондықтан тек сыртынан суретке түсіріп алдық. Қазақ шаруашылығына да қатысты талай мәселелер қаралып, шешімдер қабылданып және Алаш арысы Әлихандай тұлға қызмет атқарған, сан мәжілістер өткен бұл ғимаратқа келешекте ескерткіш тақта орнатса деген ой келеді. Тағы бір олжа. Омбы мемлекеттік А.С.Пушкин атындағы облыстық ғылыми кітапханасынан А.Н.Бөкейханның белгісіз болып келген бір еңбегіне жолығудың сәті түсті. «Сведения о киргизском хозяйстве Степного края от 15 января 1902 года» деп аталған бұл еңбек наурыз айының 3-күні Сібір әскери округінің баспаханасында басылып шығыпты. Онда Әлихан аталған қоғам жұмысына атсалысқан Семей және Ақмола облыстарындағы тілшілердің жіберген ақпараттарына сүйене отырып, жер-жердегі қыстаманың қалай өтіп жатқанына тоқталыпты. Қорыта айтқанда, барлығы 8 бетті алған мақалада Әлихан 44 тілшінің 32-сі Семей облысынан екенін, оның ішінде Павлодар уезінен 18 тілші, Қарқаралы уезінен 12 тілші шаруашылықтарда қалыптасқан жағдай туралы барынша толықтай ақпарат бергені айтылады... Мақаланың соңында ол 39 тілшінің аты-жөнін, тұрғылықты жерін, олардың арасында Садуақас Шорманов (Аққелін болысы), Мұса Шынжин (Семейтау болысы), сұлтан Мұхамед Абылай Құдаймендин (Бұғылы болысы) секілді белгілі тұлғалар да бар екен. Қазақ шаруашылығы жағдайынан хабар беретін Алаш арысының бұл еңбегі тарихи-экономикалық тұрғыдан бүгініміз үшін де құнды деп есептейміз.

САНКТ-ПЕТЕРБОРДАН ТАБЫЛҒАН ҚҰЖАТТАР МЕН ДЕРЕКТЕР

Санкт-Петербор – Әлихан жоғары білім алған, Мемлекеттік Думаға мүше болған қала. Сондықтан бұл шаhар Әлихан Бөкейханның өмірі мен шығармашылығынан ерекше орын алатыны да ақиқат. Оның 1894 жылы Санкт-Петербордағы орман институтын бітіргені белгілі. Ал оның қандай факультетте оқығаны, қандай мамандық иесі болып шыққаны турасында әркімнің әртүрлі жазып жүргені, ортақ пікірдің жоқ екені қынжылтады. Өйткені, алаштану тақырыбына қалам сілтеген көпшілік, оның ішінде журналист, жазушыларды айтпағанда, кейбір ғалымдар да Әлихан институтта экономика факультетінде оқып, оны экономист мамандығы бойынша бітіріп шыққан деп жазуда. Ал бұл шындыққа сәйкес келмейді. Өйткені, аталған институттың, яғни бүгінгі Санкт-Петербордың орман техникалық академиясының интернеттегі сайтына зер сала қараған адам ондағы «Факультет экономики и управления (ФЭУ) в 2010 году отметил 90-летие начала лесоэкономического образования в стенах лесотехнического университета и 85-летие создания факультета» деген жолдарды оқи алады. Ал бұл дерек аталған жоғары оқу орнындағы арнайы экономикалық білім берудің 1920 жылдан басталғанын көрсетеді. Осы жазылған жағдайды да нақтылай түсу үшін өткен қараша айында іс-сапармен Санкт-Петерборға жол түскенде орман техникалық академиясына да соғып экономика факультетінің деканы профессор А.И.Кораблевқа жолыққанда профессор жоғарыда келтірген деректердің дұрыстығын растаған еді. Сондықтан, тоқ етерін айтқанда Ә.Бөкейханның мамандығы Санкт-Петербордың орталық мемлекеттік тарихи мұрағатында сақталған оның жеке ісінде институтты бітіргенде берілген аттестатта көрсетілгендей II дәрежелі ормантанушы. Ал факультеті қандай десек, академия ғалымдарының айтуы бойынша оны бүгінгі орман шаруашылығы факультетіне жатқызуға болады екен. Алайда, бұл жағдай Әлихан экономист болған жоқ деген ұғымды білдірмейді, өйткені, оның атқарған қызметі, жүргізген зерттеулері, жазған шығармалары, жалпы өмір жолы Алаш арысының саясат пен шаруашылық мәселелерін қатар қойып, ұдайы назарында ұстағанын көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, Әлиханды қазақтан шыққан тұңғыш экономист ғалымдардың бірі болды десек артық емес. Ендігі бір құлаққа түрпідей тиіп жүрген жағдай Әлиханның әкесінің атының айтылып, жазылып жүргеніне қатысты. Оқтын-оқтын Әлихан Бөкейханұлы деп мінберде сайрап тұрған не болмаса осылай да осылай деп көсіліп жазып жүргендерді байқағанда еріксіз қынжыласың. 2014 жылы Орман техникалық академиясының кітапханасында 1903 ж. шыққан «Исторический очерк развития Санкт-Петербургского лесного института» атты кітап қолымызға түсті. Кіріспе мен төрт тараудан тұратын бұл көлемді кітап институттың 100 жылдығына байланысты шыққан мерейтойлық басылым екен. Онда институтты бітірген барлық студенттердің тізімі беріліпті. 1894 ж. түлектер арасынан Әлиханның аты да көзімізге оттай басылды. Сол жылғы бітірген студенттер саны 91 болса, ал Әлихан тізімде 11-ші тұр. Букей-Ханов Алиханъ деп жазылыпты. Бұл да біз үшін тарихи дерек. Өйткені, Әлиханға қатысты түймедей дерек те біз үшін құнды. Алайда, 100 жыл ішінде, яғни 1903 жылға дейін бітірген түлектер арасынан басқа бір де қазақтың аты-жөні кездеспеді. Жоғарыда айтқан Санкт-Петербор орталық мемлекеттік тарихи мұрағатындағы Әлиханның студент кезіндегі 40 беттен тұратын іс-қағаздарын қарап отырып, Қарқаралыдағы мектеп бітірген аттестатына назарымыз ауды. Өйткені, бұрын бұл құжат еш жерде жарияланған жоқ еді. Ә.Бөкейханға қатысты жоғарыда айтқан Санкт-Петербор орталық мемлекеттік тарихи мұрағатындағы оның іс-қағаздарынан басқа жаңа құжаттарды 2014 жылдың сәуір айындағы іссапарымыз барысында осы қаладағы Ресейдің мемлекеттік тарих мұрағатынан жолықтырдық. Ресей мемлекеттік тарих мұрағаты (РМТМ) – Еуропадағы ең үлкен және әлемдегі ең ірі тарихи мұрағаттардың санатына кіреді екен. Бүгінде онда Ресей империясына қатысты 6,5 млн. құжат сақталуда. РФ Президентінің 1993 жылғы Жарлығымен РМТМ Ресей Федерациясы халықтарының ерекше құнды мәдени мұрасының мемлекеттік тізіміне енген нысан болып саналады. Жалпы, оның қорларындағы жиналған мұрағаттық құжаттар 7,2 млн., асады екен. Міне, осындай алып мұрағаттар қоймасынан Ә.Бөкейханға қатысты деректердің табылуы үлкен олжа болды. № 387-ші қорда (24 бет. 1307 - іс) Ресей патшалығының Егіншілік министрлігі мен Мемлекеттік мүлік Орман департаментінің құжаттары бар екен. Әлиханның кезінде осы мекеме қарамағында істегені белгілі. Біздің қолымызға Орман департаменті 1-бөлімінің №100 – ісі – «Дело Ученого Лесовода Букейханова» деген папкасы түсті. Әділдік үшін айтарымыз, бізден бұрын биыл бұл құжаттармен Н.Дулатбеков есімді зерттеуші танысып, қолтаңбасын қалдырыпты. Бұл іс-қағаздар арасынан біз 2-беттегі Әлихан өз қолымен жазған сұраныс хатты толықтай бергенді жөн көрдік: «В Лесной Департамент Главного Управления Землеустройства и Земледелия Ученого лесовода Алихана Нурмухамедовича Букейханова прошение Имею честь просить Лесной Департамент об откомандировании меня на частную лесную службу в Донской Земельный Банк, где я в настоящее время состою на службе, производя оценки лесных имений, поступающих в залог этому Банку по губерниям Самарской, Симбирской, Казанской, Уфимской и Оренбургской, и в последующем уведомить меня по месту жительства, в г.Самару, в дом № 30, по Казанской улице. При семъ прилагаю две марки, по 1 рублю каждая. Самара, 3 – го января 1915 года.» Хаттың астына қолын қойыпты. Бұл құжаттың маңыздылығы А.Бөкейхановтың Дон Жер Банкісінде істегені туралы өзінің жазуы. Сондықтан осы мәселені тереңірек зерттеу үшін Самараға бардық.

САМАРАДА АШЫЛҒАН АЙҒАҚТАР Волга өзенінің жағалауында орналасқан Самарада Алаш көсемі Әлихан бірталай өмірін (1908-1917) өткізгендігі тарихтан белгілі. Зерттеушілер оның самаралық кезеңінде көбінесе саяси мәселелермен айналысып, кадеттер партиясының жетекшісі болды, Керенскиймен кездесті, жиналыстарға қатысты, масондық ложаның жергілікті басшыларының бірі болды, т.с.с. жағдайларды жазып жатады. Әрине, ондай пікірлерге ешқандай қарсылығымыз жоқ. Сонымен қатар, осы жылдар Әлихан үшін ғылым, журналистика саласында да жемісті болғандығы ақиқат. Сол жылдарда ол Ф.А.Брокгауз бен И.А.Ефронның «Жаңа энциклопедиялық сөздігінде» қызмет атқарды. «Киргизы» (Қазақтар – Ө.С.) атты тамаша еңбектерінің бірін шығарды. Әсіресе, соның ішінде 1913-1917 жж. аралығында «Қазақ» газетінде 200-ден астам мақалаларын жариялады. Алайда, Самарадағы оның негізгі қызметі – банк қызметкері болатын. Өкінішке қарай, Самара облысының «Мемлекеттік Орталық Мұрағат» қорында ол жұмыс істеген Дон Жер Банкісінің құжаттары болмай шықты. Сол замандағы басқадай банктер мен мекемелердің сақталған қорында да А.Бөкейхановқа қатысты деректер кездеспеді. Аталған банктің орталық кеңсесі Таганрог қаласында болған екен. Бәлкім, құжаттардың бәрін сол жаққа жіберген шығар деген ойда қалдық. Дегенмен, Әлихан жұмыс істеген Дон Жер Банкісі мен ол тұрған үйді тауып, айнала қарап, суретке түсіріп алудың реті келді. Ондағы бізге ең алдымен көмек болған Самарада шыққан кітаптар болды. Соның ішінде жергілікті өлкетанушы, жазушы С.Д.Севостьяновтың «Экскурсия по старой Самаре» (2013) кітабының пайдасы көп болды. Алайда, қазір онда Казанская деген көше жоқ екен. Ол 1932 жылдан Алексей Толстой атымен аталыпты. Мұндағы назар аударатын ең басты нәрсе Әлихан тұрдым деген үй – Казанская, 30, қазіргі А.Толстой, 30 емес екен. Әлихан кейбір зерттеушілер жазып жүргендей банк ғимаратында емес, онымен жапсарлас осы үйде тұрған. Келешекте бұл үйге ескерткіш тақта қойылатын күн келер деп сенеміз.

Өмірзақ СҰЛТАНОВ, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің доценті

"Қазақ үні" газеті